10442
ҚАРҚАРА ЖӘРМЕҢКЕСІ
ҚАРҚАРА ЖӘРМЕҢКЕСІ
Қазақстанда сауда қатынасының, әсіресе жәрмеңке саудасының дамуы революцияға дейінгі қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық тарихында маңызды орын алатын мәселелердің бірі. Бұл мәселені қазіргі таңда зерттеудің тарихи маңызы жоғары, өйткені егемендігін алғанына аса көп уақыт болмаған еліміздің экономикасы нарықтық қатынас жүйесі бойынша дамып келе жатқан кезеңде халқымыздың өткен тарихынан сауданың даму жолын біліп, тәжірибесін пайдаланудың артықтығы жоқ.
Жәрмеңкелер қазақ даласына сауда капиталының енуіне қолайлы жағдай жасады және ол жәрмеңкеге қатысты уездердің ғана емес, округтардың да шаруашылық өміріне белгілі әсер етті. Жәрмеңкелерде дала қазақтарына айырбасқа Ресейге қарасты Тобыл, Том, Қазан қалаларынан, Орта Азиялық Бұқар, Ташкент қалаларынан халықтық тұтыну тауарлары әкелініп, сауда кең дамыды. Ресей мен Орта Азия хандықтарындағы сауда қатынастарының бір қалыпқа түспеуі қазақ жерінің транзиттік сауда көпірі ретінде ролін арттырды. Қытай мен Моңғолия саудагерлері де орыс-қазақ сауда байланысында елеулі рол атқарды. Көшпелі халық өзінің бар байлығы – төрт түлік малы мен одан алынған өнімдерін айырбас саудаға түсіріп, өзінің күнделікті тұрмыс қажеттілігін аша білді. Бірте-бірте Ресей, Батыс Қытай, Моңғолия мемлекеттерімен айырбас сауда байланыстары жанданып, бұл ХIХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласында алғаш заңды негіздері қалыптаспаған бейресми дала жәрмеңкелерінің өмірге келуіне әкелді. Сауда байланыстарының сан-салалы күрделі тамыры сонау ғасырлар қойнауында қалған Ұлы Жібек жолында да жатыр. Ұлы Жібек жолы күйрегенмен, оның маңыздылығы мен тәжірибесі қазақ даласы үшін өз мағынасын ғасырлар бойы жоймай, өз жалғасын тапты. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында қазақ халқының Ресей құрамына қосылу процесі аяқталды. Бұл процестің аяқталуы қазақ даласында патша үкіметінің тек саяси билігін ғана үстем етіп қана қойған жоқ, сондай-ақ, қазақ көшпелі қоғамының шаруашылығын капиталистік жолмен дамып бара жатқан Ресей экономикасымен тығыз байланыстыра түсті. Осылайша, қолөнердің, сауданың, жалпы алғанда ауыл шаруашылығының дамуына өте тиімді жағдайлар жасалынды. Белгілі зерттеуші С.Н. Велецкий өз еңбегінде «құлжалық қырғыздар өздерінің жетісулық руластарымен үнемі байланыста болды және қазіргі уақытта Қарқара жәрмеңкесін мал және мал өнімдерімен ірі қамтамасыз етушілер» –деп көрсетті. Сауданың дамуы халықтардың өзара араласуына әкелді. Қазақ жерінен пайда тапқан орыстар бірте-бірте қазақ жеріне қоныс аударып, тұрақтана бастады. Осы кезеңде жылдам бой алған орыс бекіністері сауда жандануының негізгі орынына айналды. Құлжамен сауда ісін дамыту үшін орыс көпестері оңтүстік жәрмеңкелердің көбеюіне күш салды. Сауда алғаш орыс қалалары мен бекініс пункттерінде және казак-орыс станицаларында ғана жүргізілсе, кейін орыс көпестері шағын керуенмен жақын жерлердегі қазақ ауылдарына шықты және тауарларын малға, мал өнімдеріне айырбастап отырды. Айырбас сауда баламасы – ісек қой болды. Оның бағасы 1 сом күміспен бағаланды. Қазақ байларының малы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көпшілігін рынокқа шығаруы, айырбас саудаға мықты ден қоюы және орыс көпестерінен ақшаға тауар алып, оны өз ауылдастарына арзан малға айырбастауы жергілікті жердегі маусымдық сауда айналымына қомақты үлес қосты. Кейінірек саудаға орта дәулетті шаруашылықтар да араласа бастады. Бекініс шептері салынған аумақтағы қалалар ірі сауда орталықтарына айналды. Қазақ жерінен орыс көпестері елтірі мен кілем, тері-терсек, жүн, май және басқа да мал өнімдерін айырбастап, әрі сатып алды. Жергілікті тоқымашылар тоқыған қазақ шекпені орыс көпестерінен үлкен сұраныс тудырды. Ешкінің салалы түбіттері де өтімді тауарға айналып, одан атақты «Орынбор шәлісі» тоқылды. Қазақтардың сұранысында Ресейдің балта, пышақ, қазан, темір ошақ, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, шай мен қант, кенеп, былғары, мақта-мата және металл бұйымдары, ине-жіп, айна, әшекейлік бұйымдар тәрізді заттар болды. Қазақстанға әкелінетін тауар мен шығарылатын тауар көлемі алғашқы кезеңде шамалас болғанымен қазақ тауарларының аздаған артықшылығы болған. Капиталистік қатынастар Қазақстан жерінде тереңдей түсті. Қазақстанның экономикалық жағдайы Ресеймен тығыз байланыста еді. Өнеркәсіптің дамуы, қалалардың экономикалық өмір орталықтарына айналуы, акционерлік қоғамдардың пайда болуы және ауылшаруашылық жүйесіндегі басқа да өзгерістер банктік мекемелердің желілік кеңеюін тездетті. Қала мен селоның арасындағы экономикалық байланыс сауда арқылы әсіресе, жәрмеңке саудасы арқылы орнады. Қазақ даласындағы жәрмеңке саудасының ролі туралы Дала генерал-губернаторы 1883 жылғы патшаға берген есебінде былай деп жазады: «Жалпы алғанда географиялық орналасуы жағынан біздің Орта Азиямен сауда жолымызда жатқан, мемлекеттің құрамына кіретін Дала генерал-губернаторлығы өте кең өлкені алып жатыр, Даланың көшпенді тұрғындары сауда керуендерін жүк тасымалдайтын көліктерімен қамтамасыз етіп, сауданың өрістеуіне жағдай жасайды, өздерінің қойларын, жылқыларын, ірі қараларын сату арқылы мемлекеттің азық-түлік қорын молайтуда. Ал мал шаруашылығының өнімдеріне Еуропалық Ресейдің шығыс губернияларынан, Сібірдің жақын маңдағы аймақтарынан зауыт өнеркәсібінің тауарларын айырбастап алады. Бір жарым миллиондай көшпелі тұрғындар Ресейдің ауыл шаруашылығы, қолөнер және мануфактуралық өнеркәсіптік өнімдерін өткізетін орасан зор тұтыну рыногы болып табылады» [ҚР ОММ. 64-қ.,1-т., 125-іс. 4-п.]. Жәрмеңке саудасы таза мал шаруашылығы дамыған қазақ даласы үшін басты маңызы бар сауданың түрі болды. Өйткені көшпелі қазақ ауылының тұрғындары үшін өте ыңғайлы болды. Олар мал мен мал шаруашылығының өнімдерін өздеріне аса қажетті галантериялық, мануфактуралық, темір және басқа бұйымдарға айырбастап ала алды. Алысқа бармай, жақын маңда ашылған жәрмеңкелерден бар қажетті бұйымдарын табуға тырысты. Қазақстанда сауда қатынасы үш түрлі жолмен жүргізілді: 1) тұрақты сауда – қалалар мен үлкен елді мекендер мен селолардағы дүкен, дүңгіршек, сауда үйлерінде жүргізілді; 2) қазақ ауылдарын аралап жүріп жасайтын айырбас сауда. Сауданың бұл түрімен көбінесе өсімқорлар айналысты; 3) маусымдық сауда – жәрмеңкелерде жүретін сауданың түрі. Қазақтар үшін де, сырттан келген саудагерлер үшін де жәрмеңкелердің маңызы ерекше болды. Өйткені, қазақ даласында өңдеу өнеркәсібінің нашар дамуына байланысты қазақтар өздеріне қажетті фабрика, зауыт өнеркәсібінің өнімдерін айырбас сауда арқылы таба алса, бұлармен сауда қатынасына түскен орыс, татарлар көшпелілерге өз заттарын өткізу арқылы кәсіпорындарына қажетті шикізаттарын тауып отырды. Жәрмеңкелер саудаға түсетін заттардың сипатына қарай көктемде, жазда, қыста, күзде өткізіліп тұрды. Тауар айналымының қуаттылығы жағынан жазғы жәрмеңкелер бірінші орында тұрды. Ал, бейресми мәліметтерге қарағанда, Қарқара жәрмеңкесі ресми ашылғанға дейін Жетісу өңіріндегі шұрайлы атырап – Қарқара малды, қалың ел дауылдаған жайлау болғандықтан қазақ ортасында пайда іздеген саудагерлердің жыл сайын базар ұйымдастыратын жері еді. Уақыт өткен сайын бұл базарға алыс қалалардан келген көпестер тауарлармен байытып, оның атын әр тарапқа таныта бастайды. Осыны ескере келе Жаркент уезінің басшылары Қарқара өзеніндегі сауда-саттықты заңдастыру мақсатымен жоғарғы орындардан рұқсат сұрайды. Оны мына хаттан байқаймыз: «Дала генерал-губернаторы мырзаға! 15-ші мамырдан 15-ші тамызға дейін Жаркент уезіне қарасты Қарқара өзенінде жыл сайын жабағы жүн, мал және басқа да тоқыма өнімдерін сатуға және алуға Верный, Ферғана, Жаркент және басқа да жерлерден қазақтар жиналып 200-ге дейін үй тігіліп, үлкен және ұзаққа созылған сауда қыза түседі. Саудагерлер осы жерден екі айға созылатын жәрмеңке ұйымдастыруды сұрайды. Жәрмеңкеге бақылау жасау Қарқара өзенінен 50-60 шақырым ғана жерге орналасқан Нарынқол учаскесінің бастығына өте ыңғайлы. Жоғарыдағыларды жеткізе отырып және 1876 жылғы Заңның 558-ші бабына сай, Сіздің жоғары мәртебеңізді жәрмеңке ашуға мейірім етеді деп сенемін. Сіздің жоғары мәртебелі Бас штабыңыздың жазбаша хабарлама хатын күтемін». Ал, өз кезегінде Омбы қазыналық палатасы Қаржы министрі А.Ермаков қол қойған және директоры В.Ковалевский бекіткен хат алады. Онда былай деп жазылады: «Министрлер комитетінің ұсынысына орай, осы жылғы қаңтардың 29-ында Император тақсыр Жетісу облысындағы Қарқара өзенінде екі айлық жәрмеңке ашу және онда сауда жасаушыларды баж салығын төлеуден босату туралы әмір етті». Жәрмеңке ресми түрде 1893 жылы 29 наурызда ашылып, жұмыс жасау мезгілі 15 мамыр мен 15 маусым аралығы болды. Кейіннен 15 маусыммен – 15 тамыз аралығына ауысады. Қарқара жәрмеңкесінің алып жатқан аумағы 2.567.46 десятина жерді құрады. 1897 жылғы мәліметтер бойынша Жетісу облысында ірі төрт жәрмеңке болды. Олар: Нарын-Сергиопол, Атбашы, Алмалы және Қарқара жәрмеңкелері еді. Лепсі уезіндегі Нарын-Сергиопол жәрмеңкесі ресми түрде 1885 жылдың 1 мамырында ашылып, 1 мамыр мен 15 маусым аралығында жұмыс жасады. Орналасқан жері Сергиопол станциасынан 8 шақырымдай жердегі Нарын өзенінің бойы болып, жәрмеңкенің жылдық айналымы шамамен 78 мың сом құрады. Ал, Пржевал уезіндегі Атбашы жәрмеңкесінің ресми жұмыс жасауы 1890 жылдың 12 қазанынан басталды. Жәрмеңкенің жұмыс жасау мезгілі 6-25 шілде аралығында, ал жылдық айналымы 5,2 мың сомдай еді. Қапал уезіндегі Алмалы жәрмеңкесі осы шамада жұмыс жасады. Жетісудағы ірі жәрмеңке – Жаркент уезінің Қарқара өзенінің бойына орналасқан Қарқара жәрмеңкесі болатын. 1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы 66253 сомды құрады. 1897 жылы Тобыл губерниясы, Қорған уезінің шаруасы Тимофей Козлов Қарқара жәрмеңкесінде спирттік ішімдіктер сатуға рұқсат сұрап, Жетісу әскери генерал-губернаторына хат жазады. Хатта акциздік басқармадан спирттік ішімдіктер сатуға арнайы патент алғандығын алға тарта отырып, «Жаркент уезінің бастығынан Қарқара жәрмеңкесінен сауда орындарын ашуға рұқсат сұрадым. Бірақ та уез бастығы жәрмеңкеде сауда жасауыма рұқсат бермей отыр. Сондықтан да менің аталған жәрмеңкеде сауда жасауыма мүмкіндік беруіңізді өтінемін» делінген. Т. Козловтың хатына 1897 жылдың 24 ақпанында Жаркент уезі бастығы былайша жауап жолдаған: «Үстіміздегі жылы 5 қаңтарда Тобыл губерниясы, Қорған уезінің шаруасы Т. Козловскийдің биылғы жылы Қарқара жәрмеңкесінде ішімдікпен сауда жасауға рұқсат сұрағандығы туралы №496-шы іске байланысты облыстық басқармаға төмендегідей мәліметтерді жеткізуді орынды деймін. 1. Жоғарғы жарлықпен тәжірибе ретінде және онда сауда жасаушыларды баж салығын төлеуден босатуды көздеп жасалғандықтан Қарқарадағы жәрмеңкені әлі де толық заңдастырылмаған деп есептеу керек, сондықтан да бұл жәрмеңкеде, басқалардағы сияқты, фискілік (мемлекет қазынасы) және өзге де қызығушылықпен түрлі орын ашуға мемлекет тарапынан рұқсат беруге болмайтыны жайлы жеткізгім келеді. 2. Бұл жәрмеңкені ашу жөнінде жоғары жарлықтың негізгі мақсаты сауда нүктелерінен жырақта жатқан көшпенді халыққа күнкөрісіне қажетті керек-жарақтарын сатып алуға және өз шаруашылығының бұйымдарын өткізуіне жағдай жасау болғандықтан Албан болысының жеріне жиналатын көшпенділердің арасына спиртті ішімдіктерді әкелудің негізі жоқ, жақсы қырынан көріне алмайтын іс болып көрінеді, қала берді басқа жерлерден де осындай орындар ашқысы келетіндердің қатарын көбейтіп, қазақтардың өзге болыстықтарға бөлшектенуін тудырады. 3. Аталмыш жәрмеңкеге мануфактуралық және өзге де бұйымдарды көшпенділердің бұйымдарына айырбастауға келетіндер спиртті ішімдік ішпейтін бұратана саудагерлер ғана, оларда араққа деген сұраныс мүлде жоқ, сондықтан да бұл жәрмеңкеде ішімдік үйлерін ашуға рұқсат беруге еш негіз жоқ. 4. Жәрмеңке өзге халық өкілдерінен көшпенді түземдіктердің экономикалық молшылығы мен өнегелілігі туралы ойлап отырған мемлекеттік саясатқа сай емес, қажеттігі шамалы цирк және ішімдік орындарын ашуды көздеген бірлі-жарым жеке адамдар ғана келеді. Облыстық басқармаға жоғарыдағы жағдайларды баяндай келіп, Козловскийдің өтінішін қанағаттандырмау керек деп білемін. Сонымен бірге мен Қарқара жәрмеңкесі кезінде қазақтардың қазыналық қарыздарын өндіріп алу және несиесіз ақшаны төлеуге мүмкіншілігі бар кезде Албандар болысының 1897 жылғы салығын және өзге де борыштарын жинамақ, қазынаға өткізбек ойда екенімді айта келіп, Қарқарадағы барлық көңіл көтеретін орындарды қисынсыз деп біліп қана қоймай, зиянды деп тану қажет деп білемін» деген. 1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінде 66 253 сомның әртүрлі тауарлары сатылды. Олар малмен әртүрлі заттарды айырбас түрінде жүрді. Ташкент пен Верныйға 64 546 қой, 4444 жылқы, 4191 ірі қара, 1718 ешкі сатылған. Ал, Семейге 141 түйе терісі, 20819 елтірі, 490 ешкі, 1621 қой, 314 тері, 522 жылқы, 18545 пуд жүн, 145 пуд жылқы қылы, 395 пуд ешкі жүні және т.б. сатылды. Ал, 1908 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы 1 миллион сомға жетті [Обзор Семиреченской области за 1908 год. Верный, 1910. с. 62.]. Қарқара жәрмеңкесінің 1897 және 1902 жылдардағы сауда айналымына қарасақ, былайша жүрген: [Обзор Семиреченской области за 1897 год. Верный, 1898. с.21.] Сатылған малдар: 1897 1902 Қой: 64546 бас 5466 бас Ірі қара: 4191 бас 67181 бас Жылқы: 4444 бас 3006 бас Кестеден байқағанымыздай мал саудасының өтімді уақтысы күз бен көктем кездері болған. ХІХ ғасырдың соңына қарай Жетісу облысы арқылы Қытай мемлекетімен сауда қатынасы қарқынды өсу жолында тұрған. Бұл елмен сауда Жаркент, Бақты, Ыстықкөл (Пржевальскі), Нарын кеден және Харгос кеден пункттері арқылы жүрген. Қытай тарапынан астық, күріш, көкөніс, жеміс-жидек, құс және құс өнімдері, балық, қант, арақ, шарап, сыра, дәрілік шөптер, иленген тері, шойын, темір, болат, сондай-ақ солардан жасалған бұйымдар әкелінген. Жәрмеңкелерде мал, тері, жүн және т.б. өнімдер сатылатын. Сонымен қатар мал және тері өнімдерін қазақ саудагерлері шамалы мөлшерде айырбастайтын. Әсіресе, орыс, еврей саудагерлері қолөнер, темір-терсек заттарды, шай-қант сияқты арзан қол бұйымдарын ішкі қазақ ауылдарын аралап жүріп, малға айырбастап, оны қайтадан жәрмеңкелерге алып келіп, үстемелеп сатып, бірнеше есе пайда табатын. Жетісу арқылы батыс Қытаймен де сауда жүргізілді. 1913 жылғы мәліметтерге қарағанда, Шыңжаң өлкесінен 8 миллион сомның тауары шығарылып, 12 миллион сомның тауары әкелінген [Обзор Семиреченской области за 1913 год. Верный, 1915. с.72.]. 1914 жылы Қарқара жәрмеңкесінің айналымы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай 762 мың сомға дейін төмендеді, жәрмеңкедегі дүңгіршектер саны 229 болды. Жәрмеңке құрылғаннан бастап, шекаралық аймақта болғандықтан 1915 жылға дейін Ресей империясы Ішкі істер министрлігінің бақылауында болып, одан кейін жер мәселелері жөніндегі министрлік құзырына өтеді. 1916 жылғы Қарқара жәрмеңкесі мен ондағы көтерілісті жазушы М. Әуезов былайша көрсетеді: «1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Ұшқарқара, Сырт, Лабас – жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік, молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті. Шалқыған, көрнекті, мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан. Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып солғындаған жоқ. Қайта күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент. Бәр-бәрінен неше алуан қазына шүмектеп құйғандай болып, Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан Алатаудан аққан селдей болып, сауда пұлы іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостармен келген мың-мыңдаған қойлар Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандар болған. Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау ел: Албан, Бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда, молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып, дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады… Баяғы заманнан бері Албан жайлауын обырдай обып, тәтті, дәмдісін сіміріп жұтып, жонданып тұрған жәрмеңке бүгін ең ақырғы сағатына, өлім күніне жетті. Көп заманнан бері үлкен көнтерілі кеңдікпен шыдап келген ел, енді бұлқынып кеп, қатты тулады. Астын-үстіне көтеріп тастағандай, дүниесін ойран қылғандай болып тулады. Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында тұншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың Албанның елі де үдере көшті. Салқар-салқар болып, айтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді» [Әуезов М. Қилы заман». Алматы, 1979. 3-5 бб.]. 1916 жылғы көтерілісте Қарқара жәрмеңкесің жұмысы тоқтап қалды. Көтерілген қазақтар мен патша әскерлерінің арасында болған қақтығыс салдарынан мұндағы қазына үйлері мен сауда үйшіктері түгелдей өртеніп кетті. Мұрағат деректері бойынша 1916 жылғы көтеріліс кезінде Қарқара жәрмеңкесінде 504 дүңгіршек (лавка) тауарымен және қазыналық құрлыстар жанып кетті. Шығын сомасы жарты миллион сомды құрады (ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 20070-іс. 142-143 пп.). Оның үстіне күші басым отаршылардың тегеурініне төтеп бере алмаған көтерілісшілер Қытай асып кеткендіктен жәрмеңке орны көпке дейін қаңырап бос тұрды. 1923 жылы Жетісу губерниялық мемлекеттік жоспарлау комитеті Қарқара жәрмеңкесін қалпына келтіру туралы мәселе көтереді. Тек 1924 жылдың 15 сәуірінде Түркістан Республикасының экономикалық кеңесі Қарқара жәрмеңкесін қайта құру туралы қаулы шығарды. Қайта ашылған жәрмеңкені Таңжарық Жолдыұлы былайша жырға қосқан: Қарқарада жәрмеңке-жаздай базар, Қайда барсаң базарға ауған назар. Аттан түспей сауда алып Албан атаң, Қызайыма қызық көп айта барар. «Әділ баға, бір-ақ сөз, түспей-ақ қой, Даяр болсын қоржының затты салар». Жәрмеңкеден қайтқан ел, кешкі жазық, Шымды тұяқ жол жасап кеткен қазып. Сабаласып, жарысып ахау-игай, Әттең-ай, мен соларды кетсем жазып. Немесе асау тұлпар ала қашып, – деп жырлады. Жиырмасыншы жылдардағы Қарқара жәрмеңкесі туралы көрнекті мемлекет қайраткері Д. Қонаев өз естеліктерінде: «Маған Қарқара жайлауы бала кезімнен таныс. 1924-1925 жылдары 13-14 жастағы баламын. Әкеме Қарқара жәрмеңкесіне келіп көмектесетінмін. Әкем үш қазақ үйді қоржын үй қылып тігетін де, ортаңғы үйден сауда жасайтын, мен әкеме тауарды тасып беретінмін», – деп жастық кезін есіне түсірді. Димекең: «Бұл – қасиетті Қарқара жазығы, анау дүрбімен көріп тұрған жер – жаңа мен айтқан Қарқара жайлауы, бұрын атақты Қарқара жәрмеңкесі болған жер. Бұл – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров тағы да басқа мәдениет, қоғам қайраткерлері келіп, өлең-жырларын төккен киелі жер. Патша үкіметінің «июнь жарлығына» қарсы көтерілісі болған жер. Сол оқиғаға байланысты ескерткіші – анау үлкен төбе, оны халық «Ереуіл төбе» деп атап кеткен. Осы оқиғалар туралы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романында жан-жақты жазылған», – деп айтады [О. Қауғабай Таңғажайып Қонаев. Алматы: Қазығұрт, 2008. 181 б.]. Дегенмен бірер жылдар бойы жәрмеңке онша жандана алмады. Себебі 1916 жылғы көтеріліс, Қазан төңкерісі халық шаруашылығын әбден есеңгіретіп кеткен еді. Жәрмеңкенің бұдан әрі жандануы 1926-1928 жылдарға сәйкес келеді. 1926 жылы шілде айының ортасында Қарқара жәрмеңкесінде мемлекет қайраткерлері О. Жандосов, Ы. Көшкінов, Ә. Жүнісов, т.б. ұйымдастыруымен Қарқара (Албан) көтерілісінің 10 жылдығы аталып өтіп, бұрын Көктөбе, Айттөбе делініп келген төбені Ереуілтөбе деп атау туралы ұсыныс қабылданды. Жиналған қалың жұртшылық төбе басына тас үйіп, белгі қояды. Сонымен қатар Қызылорда қаласынан Қазақстанның әдебиет және өнер қайраткерлері жалпы саны отызға жуық адам келеді. Белгілі өнер қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Зәуре Атабаева, Мәжит Дәулетбаев және т.б. өнер көрсетіп ән мен жыр төгілтеді. Бұл жөнінде Иса Байзақов: «Қарқараға келгенімізге үшінші күн. Жәрмеңке бастығының жәрдемімен ойын үйімізді тақтайдан шегелеп қалтитып, жарнамамызды таратып, ертең бастаймыз деп, бір дем алдық. Күн еңкейіп, намаздыгерге мінбелеп барады. Үйден шықсаң, оңтүстікте Қарқараның асқар Алатауы көрінеді. Алатаудың белуарына дейін көк шашағын желбіретіп, Қаратау асылып тұрған тәрізді. Шынтақтаған қараторы ару меңзес Қаратау, үлбіреген ақ бұлт торғынын жамылып тұрған іспетті. Түйе мойнақ иір таулар, батар күннің сәулесіне саңдақтана шомылып, аяқтарын алысқа созып, шіренеді. Жағалай біткен кенере таудың кең алқап, мидай жазық қойнауын Қарқараның қатты ағынды өзені жарып ағып, сылдыр қағады. Кешкі желмен үн қосқан дыбыс,таудың ескі ертегісін бейне бір еске салғандай болады. Ағаш, шымы аралас, қиқы-жиқы қаланың қақ ортасында, жәрмеңке мекемесінің жанындағы биік ағаш басында, қызыл ту желбірейді. Қала маңы қараша үйлі жатақтар. Жәрмеңке тараған… Қызылордадан барған артистердің даңқы жұртқа жайылды. Сауыққа халық жақсы жиылды. Көбінесе елдің ұнатқаны: ән, өлең, күлдіргі болды. Театр үйінің беті ашық, тақтайдан қоршап істеген еді. Ішіне сыймаған жұрт аттың үстінен сырттан тұрып қарады. Ойын түстен кейін болып отырды. Әміренің кешке қарай әні жәрмеңкенің алабын басына көтерді. Әміре дауысын көтеріп әкетіп, қайта қалықтатып, үзілтіп қайырғанда, отырған тамашашылдардың арасында қызып кетіп, көтеріп жібергендері де болды. 1916 жылғы қантөгіске он жыл толды деп, сондағы өлген азаматтарды еске алып, қаралы күнді өткізбек болған екен. Қызылордадан, Алматыдан келген басты қызметкер жолдастар Қарқараға келді. 16-жылдың оқиғасы туралы мағлұмат жиыстырып, іске кірісті» [Байзақов И. Шығармалары. Алматы, 1983.]. Қарқара жәрмеңкесін және жалпы Жетісу жерін І. Жансүгіров былайша жырға қосқан: Қарқара қалың қазақ кебесіндей, Албанның албырт – ерке енесіндей. Қарағай қапталдағы, жыныс арша, Қадырлы малдың құтты келесіндей. Текестің көкке өрлеген тік қиясы, Сымпиып сол маңайдың төресіндей. Мыңжылқы мыжырая жантайысқан, Өзгесі жүгініскен төрешідей. Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі Қатықтың жаланбаған тегешіндей. Қарқара – жарасымды жазық жайлау, Үй – күлше, құрттың жайған өресіндей. Алыстан ауыл әрпін абайласаң, Сүйекті баймөңкенің шегесіндей. Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара, Қорғасын қорып төстен келетіндей, – деп суреттейді. 1930 жылы 12 мамырда өлкелік жоспарлау комитетінің мәліметтерінде: «Қарқара жәрмеңкесі өлкедегі белгілі жәрмеңке болып, оның 29 жылығы жылдық айналымы 3 798 000 сомды құраған. Жәрмеңке Қытай мен арадағы сауда байланысында жетекші орынды иеленген. Ал 1930 жылы Қарқара жәрмеңкесі 15 маусым мен 15 тамыз аралығында өтеді деп белгіленіп, жәрмеңке туралы хабарландырулар Алматы, Фрунзе (Бішкек), Ташкент қалаларында шығатын газеттерге беріледі». Отызыншы жылдарда Қарқара жәрмеңкесінің құлдырауына шекаралық өткізу бекеттерінде яғни Қорғаста, Барахудзирда, Нарынқолда, Сүмбеде мал айырбастау пукттерініңашылуы себеп болды ашады. 1933 жылы 3 тамызда Алматы облыстық ОГПУ бөлімі бастығының орынбасары Шабанбековтың берген арнайы мәліметінде: «Қорғастағы мал айырбастау базасында 1932-1933 жылдың 15 шілдесіне дейін Кеңес-қытай саудасының айналымы 365.000 сомды құрады, оның 168 мыңы мал саудасынан, 64 мың сом жүннен, 108 мыңы ешкі мен ешкі жүнінен, 11 мың сом елтіріден және қалғандары басқа тауарларды сатудан түскенін көрсетеді. Қорғастағы базарда, қазір 15 қытай саудагері бар. Кейбір саудагерлер жәрмеңкеге қарсы пікір білдіруде, мысалы саудагер Төлентөбаевпен Кеңес-қытай саудасының қызметкері әңгімелескенде, ол Қарқара жәрмеңкесіне мал айдап апару бізге тиімсіз, керісінше Хоргоста өткізу тиімді деп айтты. Сонымен қатар қытай саудагерлері де жәрмеңкеге қарсы онда 7-8 ай уақыттарын жоғалтады. Ал Хоргос базасы шекарадан 30 шақырым жерде онда сауда жасау тиімділігін білдірді», – деп жазады. 1933 жылы 23 тамызда Кеңес-қытай саудасының (Совсиньторга – советской организации, торговавшей с китайской провинцией Синьцзян) төрағасы Жуковский Қарақара жәрмеңкесі туралы былай деп жазды: «Жәрмеңкені ұйымдастыру қате пікір, өйткені ішкі сауда ештеме бере алмайды. Сондықтан жәрмеңкені жабу керек, жәрмеңкедегі барлық тауарлар мен оның ұйымын Нарынқолдағы ұйымдастырылған базаға көшіру қажет». Сонымен қатар Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Құлымбетовтың келуімен жәрмеңкені жойып, оған сауда жасап келушілерге тыйым салу керектігін көтереді. Қарқара жәрмеңкесіндегі заттарды бес машинаға бөліп, ондағы заттардың жартысын Нарынқолға, ал қалған жартысын Барахудзирға көшіреді. Сондай-ақ, Литвин жолдасты шекараға жіберіп, онда ашылатын мал саудасы мен өнеркәсіп саудасы жөнінде мүмкіндіктерді пысықтауды тапсырады [АОММ. 685-қ., 6-т., 10-іс. 356-358-пп.]. Осы уақытта шекаралық аймақтарда Қорғаста, Барахудзирда, Нарынқолда, Сүмбеде Қытаймен арада мал айырбастау пукттері жұмыс жасап жатқан болатын. Осылайша Ұлы жібек жолы бойында қалыптасып дамыған Қарқара жәрмеңкесі 1933 жылдың күзінде жабылып, жұмыс істеуін тоқтатты. Сонымен, XIX ғасыр соңы – ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Жаркент уезіндегі Қарқара жәрмеңкесінің қалыптасуы мен дамуы өлкенің экономикалық дамуына өзіндік ықпал етті. Сол тұстағы көршілес елдермен сауда қарым-қатынастарында Қарқара жәрмеңкесі жетекші рол атқара алды. Қорыта келгенде, Қарқара жәрмеңкесінің тарихын зерттеп, ақтаңдақ беттерін анықтап, XIX ғасырдың ортасы – ХХ ғасыр отызыншы жылдардағы жабылуына дейінгі тарихын тағы бір еске алудың артықтығы жоқ.Р. Оразов,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері