МҰНАЙҒА ҮМІТ АРТҚАН СОҢ...

МҰНАЙҒА ҮМІТ АРТҚАН СОҢ...

МҰНАЙҒА  ҮМІТ АРТҚАН СОҢ...
ашық дереккөзі
210

Қазақстандағы мұнай қоры кемінде 50 жылға жетеді. Сейсенбілік Үкімет отырысында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қара алтынның белгілі кеніштердегі қоры 50 жылда таусылуы ықтимал деді. Сондай-ақ, Үкімет отырысында Қазақстанның «Табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасының» жобасы мақұлданды. 

Еліміз мұнай қоры бойынша әлемдік ондықтың қатарына енген. Алайда «осы ондықты ұстап тұра аламыз ба?» деген сауал туындайды. Өйткені соңғы жылдары ешбір жаңа мұнай көздері ашылмаған. Министрдің айтуынша, Қазақстанда жаңа мұнай ошақтарын анықтаудың мүмкіндігі зор екен. Десек те геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаржының жеткіліксіздігі іске қолбайлау. Осы орайда «ҚазЭнерджи» қауымдастығы Үкіметке геологиялық барлауға жұмыла кірісу керек деген ұсыныс айтты. Бұл шара жарты ғасырдан соң қара алтын қорын көбейтудегі басты үміт. 

– Қолда бар кен орындарының барлығы дерлік сонау Кеңес кезіндегі геологиялық барлауға инвестиция салудың нәтижесі. Геологиялық барлау жұмыстарын қазіргі қаржыландыру – өте төмен деңгейде! Табиғи ресурстарды сатудан түсетін табыстар қажетті инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ минералдық-шикізаттық базаны толықтыруға жұмсалуы тиіс деп санаймыз, – деді «ҚазЭнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем Жүрсінов. 

Расында, еліміздегі пайдалы қазбалар қорының 80 пайызы Кеңес одағы тұсында ашылған. Қарабалин мырзаның айтуынша, жер қойнауын зерттеуге қаржыландырудағы келеңсіздіктер кінәлі көрінеді. Сондай-ақ зерттеу-барлау жұмыстарында әлі күнге дейін монотехнологиялар қолданылатын көрінеді, яғни «кешенді концентраттарды алу және өңдеу технологияларын жүйелі түрде ілгерілету» жоқ. Осылайша кен орындарында мұнаймен бірге және басқа да қазбалармен ілесе шығатын пайдалы қазбалар ауаға кетіп, ысырап болуда. 

Соңғы он жылда мұнай бағасының өсімі 3 есеге артқан. Ал соңғы 5 жылда 2 есеге қымбаттап отыр. Оған түрлі себеп бар. Соның бірі – қаржылық дағдарыс болса, екінші ұшы – мұнай өндіру құрылғылары мен жұмыс жағдайының күннен-күнге қиындап бара жатқаны. Мұнай бағасының өсуі мұнай өнімдері мен мұнай химиясы құнының күн санап көтерілуіне әкеліп соғуда. Алайда 2030 жылға қарай мұнай қоры азайып, жоспарға қойылған жылдық 150-180 миллион тонна өндіру жүзеге аспай ма деген қауіп бар. Бүгінде еліміздегі мұнай өндірісі жылына 110 миллион тонна ғана. «Оптимистік болжамдар Қашаған және басқа да кен орындарын ары қарай дамыту жобаларының қалай бекітілетіндігіне байланысты болады. Бұған қоса сол уақытқа қарай басқа да жаңа кен орындары іске қосылуы мүмкін», – деді министр. Жылдық мұнай өндіру көлемінің ұлғаймайтыны анық секілді. Десе де Қашағанға иек артатындар да баршылық. Министр мырза Қашағаннан қанша мұнай қотарылатынын нақтылады. Кен орнын дамытудың алғашқы жоспарында тәулігіне 1,5 миллион баррель өндіріледі деп белгіленген. «Бұл Қашағаннан алынатын мұнайдың ең жоғарғы көрсеткіші. Қашаған ендігі жұмыс жасауда, онда мұнай өндірілуде», – деді Ұзақбай Қарабалин. 

Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түскен табыстарды пайдалану тұжырымдамасын таныстыру барысында шикізат өндіру, сату мәселелерін арттыру қаралды, сондай-ақ еліміздің ішкі нарығын өзіміздің төл, отандық жанар-жағармайлық материалдармен қамтамасыз ету көзделуде. Осы орайда «Қазақстанда жасалған» таңбалы ЖЖМ өнімдері жаңа экологиялық стандартқа сай болмақ. Сонымен қатар елімізде «көмірсутек шикізатының стратегиялық резерві» құрылады. Мұның барлығы тұжырымдаманың 8 басым бағыты бойынша жүзеге асырылмақшы. 

Солардың бірі – балама энергия түрлерінің өндірісін дамыту. Өндіруші кәсіпорындардың тек қана экологиялық зияны жоқ өндірістерді енгізуі. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі «Отын-энергетикалық кешенін дамыту стратегиясының» жобасын әзірлеу үстінде екен. «Бүгін қарастырып отырған Тұжырымдама, осы стратегиямен бірге салада бар проблемаларды шешудің тиімді, прагматикалық жолдарын анықтауға мүмкіндік береді және ел экономикасына жаңа серпін береді» – дейді «Қазэнерджи» атқарушы директоры Р.Жүрсінов. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары