«ЮПИ-ГЕЙТ» ОПЕРАЦИЯСЫ

«ЮПИ-ГЕЙТ» ОПЕРАЦИЯСЫ

«ЮПИ-ГЕЙТ»  ОПЕРАЦИЯСЫ
ашық дереккөзі
199

Қырғызстанның тәуелсіздік күні – 31 тамызға байланысты мерекелік күндер өтер-өтпестен 2 қыркүйекте, мереке сенбі күніне тұс келіп, дүйсенбі күні жұрт дем алып жатқан шақта Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҚҰҚҚ) алдымен үкіметті ықтаған телеарналарды (ресми түрде елде мемлекеттік телеканал жоқ) пайдаланып, сосын басқа да телеарналар арқылы таңқаларлық бейнехабарды қайта-қайта экранға шығарды. 24 тамызда өлкенің Ыстық-Көл облысымен шектес Нарын облысының ең көркем жайлаулы жерлерінің бірі – Соңкөлде оппозицияның жиналысы өткен болатын. Сол жиынның жүргізушісі болған Ерлан Өмірәлиев деген азамат бейнетаспадан 50 минут бойы әріптестерін әшкерелеп, олардың мемлекеттік төңкеріс жасауға әзірленгенін айтып берді. Бейнетаспа 27 тамызда жазылып алыныпты. 8,9,10 қыркүйек күндерінің бірінде Қырғызстанның мемлекеттік билігін оппозициялық күштер басып алмақ екен. 35 жастағы заңгер-саясатшы Ерлан Өмірәлиевтің айтуынша, көтерілісті ұйымдастырушылардың жоспары былай: «Ыстықкөл облы­сының оңтүстігінде орналасқан «Құмтөр» алтын кенінің баурайынан өтетін Нарын өзеніне олардың адамдары улы ұнтақты төгеді (оның тағы бір сөзінде у емес, ЮПИ бояуы төгілетіні айтылды). Сол күні өзеннің төменгі сағасында балықшыларға арнап арнайы ойын-сауық – балық аулау сынағы өткізіледі. Сынақ басталарда алдын ала әзірленген, ауыздарына у (алтын өндіруге қолданатын цианидті) егілген бес-алты қап үлкенді-кішілі балықтар көлдің балық ауланатын тұсына жеткізіліп, суға салынады. Өлі балықтарды көріп, балықшылар айқай-шу көтереді. Бұл оқиға елге тез жайылып, Ыстықкөл облысының халқы «бұл «Құмтөрден» шыққан у» деп жиналып, билікке қарсы көтерілісті бастауы тиіс. Олар Бішкекке қарай беттейді. Ыстықкөлдің Бішкек бағыты жағындағы ең шеткі Балықшы қалашығына ереуілшілердің керуені жеткенде, оларға облыстың солтүстік тарабындағы ел де қосылып, адам саны 2 мыңнан астам болады. Олар Бішкекке жеткенде қала халқы да оларға қосылады».

Мерекелік күндердің соңғы күнін­де үйлерінде дем алып жатқан Қыр­ғыз­стандықтар өлкенің басты телеар­насынан берілген биліктің арнайы қызметінің бұл ақпаратына бірі сенді, бірі сенбеді. Өйткені, Ерлан Өмірәлиевтің сөздерінде ақылға сыймайтын нәрселер көп болатын. Мысалы, Нарын өзеніне у төгу – бұл Нарын, Сырдария өзендерінің және Арал көлінің жағаларындағы елдің (Орта Азия аумағын) бәрін уландыру деген сөз. Халықаралық деңгейдегі өте ауыр қылмыс. Тағы бір жәйт – Е. Өмірәлиев атаған «ұйымдастырушылар» әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес қызметтерде істеген, партиялардың жетекшілігінде жүрген қырғыздың «мен» деген ұл-қыздары. Олар мұндай әдістің өз халқына қастандық екенін түсінетін жандар. Осыған іліктес, елде «Егер оппозиция мұндай жоспарды жасап жатса, арнайы қызметтер оны алдын-ала жария етпей, қылмыс үстінде қолға түсірмей ме?» деген пікірлер пайда болды. 

Ерлан Өмірәлиев «төңкеріс жос­парының» басында кімдердің тұрғанын атын атап, түрін түстеп берді. Олар белгілі саясатшылар Садыр Жапаров, Әлікбек Жекшенқұлов, Талант Мамытов, Қуанышбек Қадыров, Мұқар Шолпанбаев және жастар қозғалысының лидері Шыңғыз Қапаров екен. Уландыру ісімен айналысатындардың ішінен «Хизбут-Тахрирдің» мүшелерінің бірі аталды. Оппозициялық «Ақиқат» партиясының лидері, бұрынғы сыртқы істер министрі Әлікбек Жекшенқұловты және Жоғарғы Кеңештің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты хабар тараған күннің ертеңіне Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметіне сұраққа шақырды. Екеуі де өздеріне қиял-ғажайып жала жабылып жатқанын айтқан. Сұраққа шақырылғандар тергелу үшін қамауға алынған жоқ. Мұны ҚҰҚҚ-нің оларға бұлтартпас дәлелдерді қоя алмағанымен түсіндіруге болады. Ә.Жекшенқұлов баспасөз мәслихатын өткізіп, Ерланның сөздерінің бәрі жалған екенін, өзінің Конституция ережелеріне қарсы келетін ешқандай әрекеттерді жасамағанын білдірді. Сондай-ақ, Ерлан Өмірәлиев атаған «төңкерісшілердің» барлығы еркін газеттерге сұхбат беріп, өздеріне жала жабылып жатқандығын мәлімдесті.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қыз­метінен басқа ресми билік өкіл­дері бұл шатаққа байланысты өз көз­қа­растарын білдірген жоқ. Хабарды бірінші болып әуеге шығарған Қырғызстанның ең басты, таралымы бүкіл республиканы қамтыған телеар­насы «Қоғамдық телерадио корпорация» деп аталатындықтан ондағы мәлімет ресми деп есептелінбейді.

Қайткен күнде де, «ЮПИ-гейт операциясы» деген атқа ие болған бұл оқиға Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының ке­зектегі саммитін өткерейін деп жат­қан кезде Қырғызстанға оңайға ти­меді.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары