ЖАТАҚХАНА ЖАЙЫ ЖАНҒА БАТАДЫ

ЖАТАҚХАНА ЖАЙЫ ЖАНҒА БАТАДЫ

ЖАТАҚХАНА ЖАЙЫ ЖАНҒА БАТАДЫ
ашық дереккөзі
218

Жаңа оқу жылының басталғанына көп өткен жоқ. Барлық білім ордаларында ырду-дырду тірлігі енді басталып жатқаны аян. Содан болар, студенттердің жатақхана алып үлгергені құтты орнына жайғасқанына шүкіршілік етсе, жатақхана тимегендері екіұдай күйде секілді. Жатақханадан орын тие ме деп үміт үзбегені абзал ма, әлде баспанасын басқа жақтан тапқаны жөн бе? 

Жатақханаға жайғасу бүгінде қиын-ақ. Әсіресе, Алматының жайы бөлек. Қала шетінде тұратындарды айтпай-ақ, шет аймақтардан білім іздеп келгендердің өзі әуре-сарсаңға түскелі қашан. Ақылы оқуға түскендерге ілуде бір болмаса, жатақхана жоқ. Онымен қоймай, жығылғанға жұдырық деп оқу ақысы қымбаттап кетті. 

Алматы қаласының ішкі істер басқар­ма­сының мәліметінше, шаһарда 200 мыңға жуық студент болса, соның 15 мыңға жуығы жататын орынға жарымай келеді. Еліміз еге­мендік алғаннан кейін көптеген оқу орын­дарының жатақханалары жекеменшікке өтіп кеткендіктен, жатақхана жайы «азалы» жырға айналды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, жатақхана салу ісін қолға алынып жатыр дегенді құлағы шалғандар қуанбаса, өзгелер өз қотырын өзі қасуда. Қалай десек те, жатақхана жетіспеушілігінен барар жер, басар тауы жоқ студенттер білімнен бұрын пәтер іздеп сенделіп жүр. Соның бірі – Мерхат есімді 4-курс студенті. Ол Алматыға Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданынан білім алуға келгеннен бері жатақхана бұйырмай, пәтер жалдап келеді. «Алатын шәкіртақым пәтерақы төлеуден аспайды», – деген ол қыс кезінде пәтерақының қымбаттай түсетінін қынжыла айтады. Пәтерақысын дер кезінде төлеу үшін студенттер жұмыс істеуге мәжбүр. ҚазҰТУ-дің 1-курс студенті Орынбасар Рысбек те баспана жайын басынан баз кешіп айтқан жайы бар: «Биыл ғана студент атандым. Алматының студенті болудың оңай еместігін түсініп жатырмын. Нақтырақ айтсам, баспана мәселесінен қиналып жүрмін. Мынадай қымбатшылық кезде 15 мың шәкіртақы ештеңеге жетпейді». 

Үкіметтің «Студенттер баспанасы» бағдар­ламасы қолға алынғаны белгілі. 2015 жылға дейін республика бойынша 32 жатақхана салынып, 54 жатақхана күрделі жөндеуден өтетіндігі жөнінде бастама осы бағдарламаның жоспарында іске асуы тиіс. Сондай-ақ «2015 жылға дейін студенттердің әлуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуымыз қажет», – деген бұрынғы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жатақхананың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында салынатынын айтып өткен. Қазір студенттерге жатақханадан орын жетіспеушілік ЖОО-ның бәрінің бас ауруы болғанымен, Алматыда тіптен ушығып тұр. Алыстан арман арқалап келген жастардың дені пәтер жағалап жүр. Екі қошқардың басы бір қазанға тоғысса, жатақхана жайын оңтайландыру мүмкін екенін айтқан ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов: «Әрине, студенттерді жатақханамен қамту өте-мөте күрделі. Оны шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау болмаса, ЖОО-лардың өздігінен жатақхана салуға шамасы жетіңкіремейді. Егер мемлекет пен ЖОО-лар бірігіп жұмыс атқаратын болса, онда бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табатын болады», – дейді. Алдағы уақытта дегенмен, студенттердің бүгінгі жайы алаңдатады. Осы жылғы оқуға түскен түлектерге ақжолтай болып, гранттың санының артуы жұртқа жағымды жаңалық болғаны рас. Дегенмен, оқу ақысының жылдан-жылға өсіп отыруы әсіресе, ауылдағы ата-ананың қалтасына салмақ екенін бәрі біледі. Бірақ қолдан келер қайран жоқ… Әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов жатақхана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдаудан кейін, ЖОО-лардың өздері бастамашы болуы керек екенін айтады. Әлеуметтанушының сөзіне құлақ ассақ, жыл сайын әр нәрсені сылтауратып оқу ақысын қымбаттатуды білсе де, студенттерге тиімді жағдай жасауды білмейтін оқу орындарының басшыларына жатақхана салу туралы міндеттеме берілуі керек. Барлық ЖОО-на түскен бірінші курс студенттеріне бірінші кезекте жатақхана беріледі екен. Олардың арасында мемлекеттік грант иесі, көп балалы отбасынан шыққан немесе ата-анасы жоқ балалар мен олимпиада жеңімпаздары кедергісіз ала алатынын көп жағдайда кездестіруге болады. Студенттердің жатақханада тұру мүмкіндігі қаншалықты екенін білу үшін ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаманбалаева Шолпан Ерболқызын сөзге тартқан едік: «Қала бойынша бір бөлмеде 3-4 баладан тұратын жайлы да, ыңғайлы жатақхана ҚазҰУ қалашығында бар. Өкінішке қарай, жатақханаға өтініш білдірген 15 мың студентке орын жетпейді. Сондықтан жатақхана беру ережесіне сай, 5 мыңнан астамы жатақханамен қамтылуы тиіс. Соның ішінде 1-курс студенттеріне бірінші кезекте беріледі. Содан кейін қалған отыз пайызы екінші және үшінші курс студенттерінің жатақханада тұруына қарастырылған. Олардың арасында төрт пен беске оқитындар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді студенттерге жатақханадан орын беріледі», – деп егжей-тегжейлі баяндап берді. Бір қуанарлығы сол, көп кешікпей жеті жүз студент пен бес жүздей магистрант, докторанттарға арналған жатақханалар күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа енетін күн алыс емес. Бұл жағымды жаңалық жатақханаға зәру студенттердің көңіліне майдай жағатынына күмән жоқ. 

Алтын Бейімбет

Серіктес жаңалықтары