ҚОЗҒАУСЫЗ ЖАТҚАН ҚАРЖЫ
ҚОЗҒАУСЫЗ ЖАТҚАН ҚАРЖЫ
«Бірсалалы шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы шаруасы шатқаяқтаған шағын қалалардағы ең маңызды салаларды дамытуға көңіл бөлуде. Оның ішінде қаланы абаттандыру, көріктендіру, қалпына келтіру жұмыстарымен қатар, тұрғындарды еңбекпен қамту, өз бизнесін ашуына көмек беру тетігі де кеңінен қарастырылған.
Биыл Қаратау қаласын гүлдендіруге аталған бағдарлама аясында 891 850,4 мың теңге қаражат бөлінді. Оның біршама бөлігі бизнес бастамаларды қолдауға арналғанын атап өту керек. Онда жеке кәсіпке бет бұрып, нәсібін көрем деушілерге несие, субсидия, грант секілді қаржылық қолдау түрлері түгел қамтылған. Алайда соның игерілу деңгейі көңілден шықпай тұр. Мәселен, 45 миллион теңге кәсіпкерлердің банктегі несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталып отыр. Бұл механизм «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының алғашқы бағытына өте ұқсас, тек мұнда субсидияланатын мөлшерлеме жоғары – 10 пайыз. Бір сөзбен айтқанда, банктен 12-14 пайызбен алынған несиенің 10 пайызын мемлекет өз мойнына алып отыр! Мұндай мүмкіндік бұрын-соңды болмаған шығар. Дегенмен, бұл көмекті әзірге қаратаулық бір ғана кәсіпкер пайдаланып үлгеріпті. Аталған соманың 30 пайызы, яғни 13,5 миллионы ғана игерілген. «Екінші деңгейлі банктер субсидиядан үміткер жобаларды қабылдайтын кезде өте ұзақ «ойланады». Кейде бір жылға да созылуы мүмкін. Ал, өздерінің пайызы жоғары, қымбат кредиттерін беретін кезде бір аптада мақұлдайды. Міне, сол үшін уақыт жағынан ұтылудамыз. Бүгінде банк қарауында 6 жоба жатыр, соған үміт артып отырмыз» дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Айдар Шүрекенов.
Демек, қаладағы бизнестің ахуалы көмекті қажет еткенімен, оны тиімді пайдалануға келгенде банк немқұрайды, кәсіпкер белсенді емес деген сөз. Мәселен, бұл шаһарда кездеспейтін ерекше инновациялық өнім шығаратын кәсіпорындар үшін 8 миллион теңге грант, яғни қайтарымсыз қаражат бөлінді. Оның да иелері әлі табылмай тұр.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында талаптанған азаматтарға несие беріп, өз бизнесін ашуға жәрдемдесетін бағыт бар. Өкініштісі, оны тек ауылдағы ағайын ғана пайдалана алатын да, қала халқы шет қалып қоятын. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырып, жаңадан кәсібін бастаушыларға 70 миллион теңге қарастырды. Ол кез келген бизнес түрін қолдауға беріледі, ешқандай шектеу жоқ. Пайыздық мөлшерлемесі – жылына 6 пайыз. Әр адам 3 миллион теңгеге дейін несие алуына болады. Тек кепілдікке жылжымайтын мүлкіңді қоюың керек. Бірақ, бүгінгі күні бұл несие де өз мақсатына жұмсалмай, кәсіпкерлерге жетпей отыр.
Шағын несиені алуға үміткерлердің өтініштерін қабылдаймыз. Ол туралы естіп, келіп жатқандар баршылық. Қуантатыны да сол. Өйткені бұрын кәсіпкерліктің қайта өңдеу, өндіріс салаларына көбірек көңіл бөлінетін де, дүкен, қонақүй, шаштараз, асхана ашам дегендер мемлекет қолдауына онша үміт арта алмайтын. Қысқасы, сұраныс мол. Алайда бұл ақша әзірге аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің құзырында. Олар несиені үлестіретін микрокредиттік ұйымды анықтап, тезірек кірісуі тиіс. Соған қарамастан, біз өтініштерді қабылдап, қажетті құжаттарды жинатып жатырмыз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Роман Қырықбаев.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы өзінің де шарасыз екендігін айтады. «Біз ұзақ уақыт осы бағытқа қатысты қаулыны күтуге мәжбүр болдық, ал, қаулы енді ғана қабылданды. Жуық арада микрокредиттік ұйымды анықтау үшін конкурс жариялаймыз», – дейді бөлім басшысы А.Шүрекенов. Жалпы, 70 миллионның қашан қаратаулықтардың игілігіне айналарын ешкім тап басып айта алмады.
«Қаратауға «Еврохим» келеді, іргелі өндіріс ошағы қалаға жан бітіреді», – деп қуанған халық сол күнді әлі де бес жыл күтуге мәжбүр. Өйткені компанияның қазіргі жоспарына Жаңатас қаласы ғана кіріп отыр, ал, мұндағы жергілікті кешен тек 2018 жылға қарай іске қосылуы мүмкін. Шаһардың ендігі үміті – «Talas Investment Company» cеріктестігінде. Жақында серіктестікке қарасты натрий цианидін шығаратын өндіріс орны іске қосылады. Жобалық құны 7 миллиард 500 миллион теңгені құрайтын алып зауытта 255 адам жұмыс істейді деп болжанып отыр. Жоспар бойынша, мұнда жылына 13500 тонна өнім өндіріледі. Бұйыртса, «Talas Investment Company» Қаратаудың «зәкірлік» жобасына айналуы тиіс.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Дадабаев қалада осындай негізгі өндіріс орны болмағандықтан, бизнестің де дамуы тежеліп тұрғанын айтады. Оның ойынша, тұрғындарды жаппай еңбекпен қамтып отырған іргелі кәсіпорын болса, оның айналасында шағын кәсіпкерлік қанат жайып өркендей бермек.
Қаржы игерілмей қалмайды. Бізде осындай қолдауға мұқтаж кәсіпкерлер көп. Ресми жұмыстар реттелсе, ақша дер кезінде үлестіріледі. Болашаққа да жоспарлар көп. «Talas Investment Company» зауыты жұмысын бастаса, келешекте қалаға бөлінетін ақшаның көлемі де, игерілу деңгейі де өсетіні анық, – дейді С.Дадабаев мырза.
Биылға бөлінген нысаналы даму трансферттері толық көлемде өз мақсатына жұмсалғанда қаншама адам еңбекпен қамтылып, қаншама бизнес нысандары іске қосылар еді. Дейтұрғанмен, жыл соңына дейін біршама уақыт бар екенін ескерсек, қалғаны жергілікті басқару органдарының жедел әрекетіне байланысты болып тұр.
Жанат ҚАПАЛБАЕВА,
Жамбыл облысы,
Талас ауданы