«СКИФТЕРДІҢ АЛТЫН МҰРАСЫ»
«СКИФТЕРДІҢ АЛТЫН МҰРАСЫ»
Көрмеге жиналғандар ҚР
Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра»
мемлекеттік бағдарламасы аясында табылған ғажайып алтын раритеттерді
тамашалауға мүмкіндік алды. 2004 жылдан жүзеге асырыла бастаған аталмыш
бағдарлама аясында 40-тан астам археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде бабаларымыздың тарихынан мәлімет беретін мыңдаған жәдігерлері
ғылымды одан әрі байыта түсті.
Көрменің ең басты әрі
құнды жәдігері – 1969-70 жылдары Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған
«Алтын адам» бейнесі. Бұл құнды жәдігер еліміздің басты символдарының біріне
айналған.
Сонымен бірге көрмеде
Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік мұражайы «Алтын адамның» киім
элементтерінің көшірмесін ұсынып отыр. Жауынгердің киімінде жануарлардың
нақышымен: жолбарыс, бұлан, қар барысы, жылқы, арқар, бүркіттердің үлгісімен
бейнеленген төрт мыңнан астам алтын қаптама мен пластиналар бар. Металл
өңдеудің түрлі әдістерін қолдану, яғни құйма, соғу, қалыптау, шекіме, түртпе,
сіркелеу, бедерлеу және оймалау әдістері байырғы скифтердің зергерлік өнері
биік деңгейде болғанын танытады. Сақ жауынгерінің алтын әшекейлері б.з.д. V-IV
ғасырларға жатады.
Сондай-ақ, Пазырық
қорғандары, Берел обалары және Солтүстік Үстірттегі (Хорезм-Еділ), Қызыл-Уық
ғибадатханасы «Скифтердің алтын мұрасы» залында бірегей экспозиция
ретінде берілген. Пазырық әлемі көрерменді сол дәуірге тән скифтік, нақты
айтқанда, алтайлық аң стилімен таныстырады. Пазырық мәдениетінде өмір сүрген
адамдардың тұрмысынан хабар беретін заттардың осы күнге жеткені ғажап. 1993
жылы Новосибирск археологтары Пазырық қорғандарынан әйел мен еркектің
мумияларын тапты. Олардың киімдерін қайта қалыпқа келтіріп, көрерменге ұсыну
ғылымда ерекше маңызға ие.
Бүгінде скиф
мәдениетінің зергерлік өнері әлем мәдениетінің алтын қазынасы, қымбат мұрасы
болып табылады.
Едіге БЕКТАС