МҮДДЕЛЕСТЕР ЖИЫНЫ
МҮДДЕЛЕСТЕР ЖИЫНЫ
Кеше Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы хатшылығының он екінші жиыны өтті. Он жыл бұрын дәл осы күні Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш басқосуы өткен екен. Сол кезде алғашқы жиынға келген делегаттардың бірқатары осы жолы да Астанадағы Тәуелсіздік сарайының төрінде отырды. Қонақтардың ішінде төрт бірдей съезге қатысқан өкілдер де бар.
Он жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт бірдей құрылтайы, ал оның хатшылығының он бір жиыны өткізілген екен. Жылдан – жылға, бір жиыннан – екінші жиынға қарай Құрылтайдың саяси салмағы да, делегаттардың сандық және сапалық құрамы да арта түскені байқалады.
2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өткен Бірінші құрылтайға 13 елден белгілі діни жетекшілер, қайраткерлер мен құрметті меймандар қатысқан. Құрылтай хатшылығы бірінші съезден кейін құрылды.
2006 жылы өткен екінші құрылтайға 20 елден 43 діни делегация қатысты. Бұл жолы «Дінаралық диалогтың принциптері» атты маңызды құжат қабылданған.
2009 жылы өткен үшінші съезд жұмысына 77 мемлекеттен келген 77 делегация атсалысты. Осы жолы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дін көшбасшыларының кеңесін құру жөнінде ұсыныс тастады.
Былтыр Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші құрылтайына 40 елден келген 87 делегация қатысты. «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» деген тақырып аясында өткен басқосу нәтижесінде Дін көшбасшыларының кеңесі құрылды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайы хатшылығының 12-ші отырысына Қазақстан Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Бас мүфтиі Ержан қажы Маямеров және құрметті қонақтар ретінде Папа Кеңесінің дінаралық диалог жөніндегі төрағасы, кардинал-протодьякон Жан-Луи Торан, Заратуштра мәдени мұрасы Әлемдік кеңесінің президенті Хоми Дхалла, Индология мен дінаралық диалогты зерттеу институтының төрағасы Самир Сомайя, Ресей еуропалық бөлігінің Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Ресейдің Мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин қатысты. Хатшылықтың қазіргі басшысы – Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, съезд осы жылдары белгілі бір қалыптасу сатыларынан өтіп, әлемдік қауымдастық мойындаған пікірталас алаңқайы ретінде танылды.
Хатшылық мүшелері дінаралық жағдайды реттеу үшін түрлі ұсыныстар айтып, өз ойларын ортаға салды. Мысалы, Кавказ елдері мұсылмандар басқармасы Гаджи Аллахшүкір Пашазаде құрылтайдың қаржылық қорын құруды ұсынды. Оның айтуынша, қорға ақша жинап, ол қаржыға арнайы жиындар өткізіп, діни кітаптар шығаруға болар еді. Дінбасы осындай форумдарды өткізу үшін Қазақстанда қаржылық көмек көрсету қажет екенін де айтып өтті.
Хатшылық отырысы аяқталған соң, делегаттар түстен кейін «Өркениеттер үнқатысуындағы астаналық дінаралық форумның ролі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына атсалысты. Конференцияда баяндама жасаған Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы әрі хатшылықтың басшысы Қайрат Мәми жиынға қатысушыларды құрылтай кезінде ғана емес, күнделікті өмірде діндер мен өркениеттер арасында диалогты жақсартуға белсенді түрде атсалысуға шақырды. «Конфессияаралық диалог – дінбасыларының кездесуі ғана емес, ең әуелі біздің қоғамымыздағы адамдардың күнделікті өмірінде өзара түсіністік пен ынтымағын жақсартуға бағытталған, ұдайы жүргізілетін тыңғылықты жұмыс», – деді ол.
Үш күн бұрын Астанада Қазақстандағы әлемдік және дәстүрлі діндердің қалыптасу және даму тарихын түгел қамтыған «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесері өткізілген еді. Жинақ туралы пікір білдірген Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркіт Аяған: «Кітап еліміздегі діни қатынастар туралы толыққанды ақпарат береді. Әсіресе, тәуелсіз Қазақстанда діндердің қазіргі жағдайын көрсетуі өте маңызды. Бұл жинақта соңғы он жылдағы дін саласындағы барлық оқиғалар қамтылады, елдегі діни сана-сезімнің қалыптасуы, қоғамның дінге бет бұруы, қазіргі замандағы руханияттың жағдайы туралы да айтылады», – деді. Жалпы алғанда, бұл жинақта он жылдағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары құрылтайлары қатысушыларының мақалалары жарияланған.
Хатшылық мүшелері келесі отырысты 2014 жылы, ал Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V құрылтайын 2015 жылы Астанада өткізу жөнінде ортақ ұйғарымға келді.
Гүлбиғаш ОМАР
Астана