Апрымов қазақ ауылын ұнатпай ма?
Апрымов қазақ ауылын ұнатпай ма?
Бұл фестивальге қатысуға әлемнің
60 елінен 4500 өтініш келіп түскен екен. Сол 4500 өтініштің қатарында,
«Бауырдың» да болғаны баршамызды қуантқан. Міне, көп ұзамай, өзінен бұрын
дақпырты жеткен фильмді тамашалауға
мүмкіндік туды.
Еуразия кинофестивалі аясында көрсетілген «Бауыр»
фильмінде ине шаншар орын жоқ. Жұрт тез құлақтанып үлгерген бе, әйтеуір
«Бауырды» көремін деп жиылған
көрерменнің қарасы көп. Залға жиналғандардың көпшілігі түрегеп көрді. Экранның
алдында жайғасқандар да табылды. Көрерменнің көп жиналғанына сүйсініп, «әй, осы
бір тәуір фильм шығар» деп ойлағанбыз. Сөйтсек…
«Қазақ
киносы тоқырап тұр», «Қазақ киносы мәдени дағдарысқа ұшырады» деген
әңгімелердің бәрінің ауылы алыс қалды. Құдайға шүкір, қазақ киносы құлаштап
болмаса да, едәуір дамып келеді. Жылына
бірлі-екілі сапалы фильмдер де топ жарып, көрерменін қуантуда. Бірлі-жарым
сапалы фильмдер шыққанымен, қазақ киносының деңгейі жоғарылап, сұмдық нәтижеге
қол жеткіздік деп, ауыз толтыра тағы айта алмаймыз. Ел тәуелсіздік алған алғашқы
жылдары қазақ киносында «біртүрлі»
жанрдағы «біртүрлі» фильмдер қаптап кеткен еді. Қирап жатқан ауыл, құлайын деп тұрған үй көрінетін
кинолардан. Қазір ептеп болса да, жағдай түзелді. Қираған ауылды көрсету
жаңалық болмай қалды. Сан бар жерде, сапа болатыны белгілі. Жекеменшік
студиялардың көбейгенінің арқасында, ептеп
сапалы фильмдер де шыға бастады. «Қазақфильм» киностудиясы киноиндустрияны
дамытуды мықтап қолға алды. Дами бастады дегенімізбен, қазақ киносының кемшін
түсіп жатқан тұстары әлі де аз емес. Оған дәлел, күні кеше өзіміз көрген
«Бауыр» фильмі.
Анасынан
ерте айрылған, әкесі тастап кеткен, жалғыз бауырынан басқа қамқор ешкімі жоқ
жетімектің тағдыры туралы баяндалатын фильм. Кіп-кішкентай баланың ролін сомдаған
баланың ойынына қояр кінә жоқ. Бала өз ролін ғажап ойнап шыққан. Мәселе,
кейіпкердің ролді дұрыс ойнауында емес, мәселе фильмнің көркемдік деңгейінде.
Серік Апрымовтың фильмдерінің көбі кинофестивальдерге
арналып түсірілетін сияқты. Аталмыш
фестивальдерде «жабайы ауыл» тұрмысын көрсеткен фильмдер жоғары ұпай жинайтын
болуы керек. Өйткені көбінде фестивальдерге ұсынатын қазақ киноларының сиқы
осындай болып келеді.
«Бауыр» фильміндегі кейіпкерлердің тұрмыс-салты
еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдармен сәйкес келеді. Өспеген, дамымаған,
өркениеттен кешеуілдеп қалған. Жалғыз баланың ойынынан басқасы, нанымсыз.
Көрерменін сендіре алмайды. Көркем фильмнің деңгейі деректі фильмнің
деңгейінде. Фильмді тамашалап, әділ сынын айтатын ағылшын әділқазының біреуі
дәл біздің қасымызда отырған. «Әділқазымыз» фильмнің жартысына жетпей, ұйқыға
кетті. Жан-жағында отырғандар оған әрі қызыға, әрі түсіністікпен қарады. Әсілі,
«Бауыр» фильмінің сапалық деңгейі ұйқыдағы «қазымызға» аса ұнамаған болуы
керек.
Мектеп мұғалімдерінің көбі сыныпта тұрып, махаббатпен
айналысатынын көріп пе едіңіз. Көрмесеңіз, «Бауырдан» көруіңізге болады.
Балаларға дәріс оқитын мұғалима апай мен мұғалім ағайдың арасында қып-қызыл
«махаббат». Мектеп директоры ауру жүрегіне қарамастан, бильярд ойнаудан қолы босамайды. Орыс тілінің
мұғалімі «араққа» әуес. Қаладағы жалғыз бауырының сиқы анау. Кіп-кішкентай
бауырының кесек сатып тапқан ақшасымен күн көріп жүр. Ауылдағы жалғыз имамның түрі анау. Пайызға
ақша берумен айналысады. Оның жалғыз бауыры ұрлық жасайды. Жетімектің
қорасындағы жалғыз қойын ұрлап сойып жейді.
Фестивальге ұсынған «Бауырдың»
ұзын-ырғасы осы. Мына фильмді көрген шетелдіктер Қазақстанды өркениет
көшіне ілесе алмай артта қалған, алғашқы қауымдағы тайпалардың біріне ұқсатуы
сөзсіз.
Бір режиссердің «Тарихта не жазылса да, кім жазса
да маңызды емес, өйткені халық санасында тарихты қалай қалыптастыру, қалай
көрсету біздің қолымызда» дегенін оқығаным бар еді. Тарихты қалыптастыратын да
кино екені даусыз. Кез келген адамның тарихты шегелеп, түбегейлі білмейтіні
белгілі. Олар кинода нені көрсе, соны тарих деп қабылдайды. Кинодан нені
байқаса, соған сенеді. Кино – елді
тәрбиелеуші негізгі фактор. Біздің
бүгінгі ұрпақтың көпшілігінің Голливудтық фильмдер арқылы санасын қалыптастырып
жатқаны жасырын емес. Телеарналарда көрсетіліп жатқан фильмдердің 70-80 пайызы
өзге елдің туындысы. Өзіміздікін көрсетуге мүмкіндік жоқ. Бар болған күнде де,
«Бауыр» сияқты шалажансар дүниелерді кино деп қабылдаймыз.
Естеріңізде болса, Ресейде «Адмирал» атты фильм
түсірілді. Ол фильм біздің елімізде де ұлттық телеарналардың бірінде
көрсетілді. Киноның құдіреті осында, «Адмирал» арқылы Ресей халық санасында
жауыз ретінде сақталған Колчакты батыр, ержүрек, нағыз ер азамат ретінде ақтап көрсетті.
Колчак туралы жүздеген кітап жазылса да, дәл бұлай қызығып оқымас едіңіз. Тіпті,
Сталин мен Гитлерді де ақтап, қаһарман ретінде фильм шығарса, оны да қабылдауымыз
мүмкін.
Сол себепті де, кез келген режиссердің өз пікірім,
өз құқым, «өз Абайым» немесе «Өз Мұстафам» деп қабылдауына болмайды. Мемлекеттің
қаржысына түсірілген фильмнің мемлекеттің идеологиясын насихаттауына құқығы
бар. Кино – халықты тәрбиелейтін құрал
деп танитын болсақ, сол кино арқылы өзінің жеке көзқарасын, жеке пікірін
тықпалауды қою керек. Бұл жерде бүткіл мемлекеттің, ұлттың құқығы жатыр. Бізге жеке мүддеден гөрі ұлттың мүддесін
жоғары қойған маңыздырақ. Серік Апрымов үшін кино дейтін ұғым басқаша қалыптасқан шығар. Мүмкін, оның кино туралы
көзқарасы да солай болуы мүмкін. Бірақ ол
бір ұлттың идеологиялық құралын өзіне қарсы қару етіп отырған жоқ па?
Жеңіл, арзан күлкіге құрылған фильмдердің де
деңгейі аса жоғары емес. Жекеменшік студияларда түсіріліп жатқан фильмдердің көпшілігі
дерлік, шалажансар, сапасы сын көтермейді. Мұндағы басты проблема сол, кейбір
режиссерлеріміздің бойында ұлттық рухтың жоқтығы. Таза сауатты, ұлттық
тұрғыдағы киноны түсіру үшін де, рух керек. Ұлттық рух болмаған жерде, сапалы
дүние шықпайды.
Кез келген елде мәдениет пен өнердің көш басында
бүгінде көгілдір экран тұр. Ол экран
сені де, келешек ұрпақты да тәрбиелейді. Киноэкран дұрыс болмаған жағдайда,
мәдени-идеологиялық майданда жеңіліс табасың. Онымен санаспаған елдің дамуы да
болмайды. Адами факторларды ойласақ, кино өндірісін, мәдени-идеологияны
дамытқанымыз жөн. Жаңа ғасырдың негізгі құралы да осы – кино экран. Мұны білген
өзге мемлекеттер киноиндустрияға қыруар қаржы құйып жатыр. Сол қыруар қаржыдан
миллиондап табыс тауып жатқандары да жоқ емес. Сол себепті де, қазақ киносын
өркендетуіміз керек. Сондай-ақ, кинофестивальдерге «Бауыр» сияқты фильмдерді
апару қаншалықты ұтымды? Сол жағын да ойланғанымыз абзал.
Айна Хасанова