КӨШКЕ ІЛЕСЕ АЛМАҒАН ЖУРНАЛИСТИКА

КӨШКЕ ІЛЕСЕ АЛМАҒАН ЖУРНАЛИСТИКА

КӨШКЕ  ІЛЕСЕ АЛМАҒАН  ЖУРНАЛИСТИКА
ашық дереккөзі
361

 Интернет журналистикасы енді ғана дамып келе жатқан шақта қалам иелерін қазіргідей атүсті қарамай, толықтай жазылып отырған жайтты ашып, нақты фактілерге сүйенуге үйрету қажет. Қызыл сөзден сақтанып, тіл жатық та, әрлі болуын қадағалауымыз қажет.

Оқытудың ерекшелігі сол, басқа мамандық иелері секілді емес, журналистерді ұқыптылыққа, «төртінші билік» болған соң төрге шығарып төре атандырмасақ та, төрешілікке баулыған өте дұрыс болады. Төреші болғанда да төтесінен кететін емес, бәрін саралап, сараптап барып төрелігін айтатындай етуіміз шарт. Халықпен үкіметтің арасындағы алтын көпір болғандықтан заң шеңберінен шықпай, екі тарапқа да қолайлы түрде қорытынды шығаратын маман иесі болып шығуын қадағалауымыз қажет-ақ. 

Жалпы, сабақ барысында студенттермен байланысты нығайту үшін мінез, актерлік шеберлік керек екені кез келгенімізге тайға таңба басқандай ап-айқын нәрсе.

Ендеше, осылармен қатар аудитория ішінде оқытылатын сабаққа, өтілетін тақырыпқа қарай құрал-жабдықтар да қажет. Оны көрнекілік дейміз бе, әлде басқалай атаймыз ба, белгісіз. Бірақ, мектеп, класс іші дегенде көз алдымызға алдымен тақта мен бор келер болса, заманауи журналистиканы оқытатын жер дегенде әрине, көзімізге интерактивті тақта, әр студенттің алдындағы бір-бір ноутбук, ерекше дыбыс өткізбейтін қабырға, әрқилы микрофондар елестеуі кәдік. Елестеуі керек те!

Журналистке білімді тек теория жүзінде беру аздық етеді. Олай болды деген сөз, онда келешекті өз қолымызбен тұншықтырғанымыз. Адиторияда отырып, екі көзін, қолын талдырып, ақ қағазға телміртіп, кешке дейін лекция жаздырғаннан ұтылмасақ ұтарымыз жоқ. Күні кеше армандап, қиялын қияға самғатып келген шәкірт тар аудиторияда қамалып, күні ертең ойы таяз, көкірек көзі соқыр маман болып шығады. Ол бізге керек пе? 

Қазір не көп – әлеуметтік желілер, сайттар, блогтар көп. Әлеуметтік желі журналистер үшін таптырмайтын қатынас, одан қала берсе ақпарат құралы. Сол жерде жарияланған материалдардан немесе «дос» адамдарының көмегі арқылы оқырмандар жердің қай шетінде не болып жатқанынан хабардар бола алады. Әрі сол оқиғаны көппен бөлісе алады. 

Бірақ, бұл жерде айта кететін бір жайт, қазақ журналистерінің жалқаулығы, бей-жайлығы. Тіпті, жақсы деген мақалалар дер кезінде өз бағасын ала алмай, көптің көкейінде жүрген көрікті ойлар сол көкіректерде қалыс қалып та қалатын кездер аз емес. 

Демек қазақ журналистерінде ізденіс өте төмен. Біздің БАҚ қазіргі таңда көңіл көншітпейтін деңгейде. Оны көзіміз көріп те жүр. Жай ғана қара базардың өзінде орыстың орта деңгейдегі болса да газет-журналдары самсап тұрады, әрі көп өтімділер де солар. Интернет бетінде де солай. Мысалға, біздің көптеген газетте немесе журналда сайт жоқ. Сайт жоқ деген сөз даму жоқ деген сөз. Алғаш шыққанда жұртты елең еткізіп, оқырман жинағанымен, соңынан сол оқырмандарын жоғалтып алатын газет-журналдар аз емес.

Оқырманды ұстап тұру үшін не қажет? Сатып алуға үлгермей қалып, сайтқа кіріп оқитындай жағдайға жеткізу үшін қалай жұмыс істеу керек? Әрлендіріп отыру қажет пе? Көрермен немесе тыңдарман, оқырман нені қалайды? 

 Ендеше, оқу барысында сол сұрақтарға жауап іздеп, әрі дәрістің сапалы өтуін қамтамасыз ету керек!

Фотожурналистика ма? Фотоаппарат бірінші кезекте! Біреу емес, әрине. Ең алғашқы фотоаппараттан бүгінгі түріне дейін болуы тиіс. Екінші, альбом міндетті түрде болуы керек. (Жалпы, телевизиялық құралдар мен фотожурналистиканың құралдары негізінен ұқсас болып келеді). 

Үшіншіден, әртүрлі кескінде түсірілген суреттер қатары болуы керек. Жалпы, айтқанда жыл соңында студенттер өздігінен фотоаппаратты жоғары деңгейде білетін дайын фотожурналист болып шығуы тиісті. 

Ең бастысы, әрбір студенттің суреттеріне баға беріп, сын айтылуы тиіс. Сын әуелі, студенттің студентке сынынан басталуы керек. Содан соң барып мұғалім қатесі болса, дұрыс-бұрыстығын қарап отырып бағалағаны жөн. 

Студент қазіргі таңдағы фотолардың сапалы болуына бірден-бір көмегін тигізіп жүрген «fotoshop» программасында жұмыс істей білуі шарт. Ол да сол фотожурналистика сабағында бір бөлек тақырып ретінде өтілгені дұрыс. 

Баспасөзде жұмыс жасағысы келген студенттерімізді де дәл солай, ең әуелі күнделікті газет-журналдарды парақтатып, күнделікті дәстүрлі түрде мақала, эссе, фельетон, ақпарат жазғызып төселдіруіміз керек. ЖОО-ны бітіргенде әркім өз стилін тауып шығуы шарт. Газет-журналдардың күнделікті шыққаны күнде аудиторияда жатуы тиіс. 

Аптасына бір газетке мақала беріп отыру студентке міндет етіліп тапсырылу қажет. Ол үшін факультет газеттермен келісім-шарт жасауы тиіс. 

Телевизияны да дәл солай оқытуымыз керек. Камераның алдында журналист өзін-өзі қалай ұстауы шарт, түр, мимика, сөз, бәр-бәрін қандай қалыпта ұстауы қажеттігін үйрету керек. 

Камерамен қалай түсіру қажет, видео қандай формаларға бөлінеді, жарық қалай қойылу керек, монтаж, осының бәрі қамтылуы тиіс. 

Радиожурналист даярлау үшін де осы аталған дүниелер толық қамытылуы керек болады. Дыбыс өткізбейтін студиядан бастап микрофон, аппаратура, компьютер, диктор дауысы керек болады. 

Медиажурналистика да да дәл осындай үлгімен жүргізілсе. 

Біріншіден, мұнда ноутбук, нетбук, интерактивті тақта қажет болады. Екіншіден, әртүрлі сайттар мен әлеуметтік желілерді қарастыра отырып сабақ өрбуі керек. Өздері хаккер, өздері блоггер, өздері программист болып шығуы үшін еңбек керек. 

Оқушы өзі көзбен көріп, ұстап көрген дүниесін ғана есінде сақтай алады. 

«Мың рет естігенше бір рет көрген артық» деген нақыл бар емес пе? Сондықтан, теорияны практикамен ұштастырғанда ғана бізде мықты маман қалыптаспақ!

Десе де, бәрін саралап, жүйелей келгенде : 

Ең алдымен журналистерді Қазақстан Республикасының заңымен сусындатып, Конституцияны жаттату керек. Одан соң барып, өзін кез келген ортада қалай ұстау этика-эстетикасын оқыту қажет. Одан соңғы кезекте тіл үйренулеріне жағдай туғызу керек. Заманға қарай үш тілді емін- еркін сөйлей алуларын ойлау дұрыс болады. Өйткені тіл білген адам еш жерде кем болмайды. Одан кейінгі кезекте компьютерді жақсы меңгеруі тиіс. 

Ең бастысы, осыларды міндеттеп оқытар болсақ, қазақ журналистері әлемнің ең алдыңғы қатардағы журналистері болып шығар еді. Арада әрине, халықтық педагогиканы да араластыру қажет. Онсыз патриот тәрбиелей алмаймыз. Жалпы, міне, білім беру жүйелері осындай сатыда болғанын қалар едім. 

Менің жеке пікірім, болашақ ұстаздық көзқарасым осылай. 

 Сайдахмет Айбек,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 

 журналистика факультетінің 2-курс магистранты

Серіктес жаңалықтары