ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯ
ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯ
Жиналыста еліміздің Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасына орай ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы, оған қоса ғылым мен жоғары білім тарихы» атты дөңгелек үстел-конференциясы өтті. Сонымен қатар ҚР ҰҒА президентін сайлау (қайта сайлау) және ҚР ҰҒА төралқасының жаңа құрамын (мүшелерін) сайлау мәселелері жүргізілді.
Жиналыста белгіленген тақырып бойынша ғалымдар арасында ұлт тарихының өзекті мәселелерімен қоса, еліміздегі ғылым мен жоғары білімнің жай-күйі қызу талқыға түсті. Дөңгелек үстел конференцияны ҚР ҰҒА-ның президенті, академик Мұрат Жұрынов кіріспе сөзбен ашып, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Хангелді Әбжанов «Отандық тарих ғылымы: межелер мен міндеттер» атты тақырыпта қысқаша шолу жасады. Содан кейін сөз алғандар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің кафедра меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның құрметті мүшесі Қалқаман Жұмағұлов «Қазақстанның ерте тарихы және Батыс Еуропа дереккөздері», Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова «Шығыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», Абай атындағы ҚазҰПУ кафедра меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Мәмбет Қойгелді «Қазақ КСР Ғылым академиясы сталиндік қуғын-сүргін жылдарында», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетінің деканы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Жәкен Таймағамбетов «Отандық археология саласындағы инновациялар» атты тақырыпта қысқаша баяндамалар жасады.
Қазақстан Ғылым академиясы 1946 жылы ашылған. Оның негізін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қалады. 2003 жылы бұл ғылым орталығы республикалық қоғамдық бірлестік болып қайта құрылды. Қазір Ұлттық ғылым академиясында 150 академик пен 109 корреспондент мүшесі бар. Мұрат Жұрыновтың айтуына қарағанда, олардың жас шамасы 75 жастан 65 жасқа дейін. ТМД ғылым академиялары арасында ең жасы болып есептеледі. ҰҒА-ның алдында үш маңызды міндет тұр. Бірінші, жыл сайын ғылым туралы ұлттық баяндаманы дайындап басып шығару. Екінші, әлемнің 73 елінің ғылыми кітапханаларына таралатын, ғылыми жетістіктерді насихаттайтын 8 академиялық журналды басып шығаруды жалғастыру. Үшіншіден, ғылыми жобалар мен бағдарламалардың тәуелсіз сараптамасын іске асыру. М.Жұрынов: «Биылғы жылдан бастап Ұлттық ғылымдар академиясы ұлттық баяндамасын ҚР Президентінің бекітілген Жарлығының жаңа ережелеріне сәйкес дайындайтын болады», – деді.
Академик Мұрат Жұрынов ҰҒА-ның 2003 жылдан бері президенті болып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаражаттың жетіспеуінен Ұлттық ғылым академиясының басына қиын жағдайлар туған еді. Алайда Жұрынов академияны сол жағдайдан жол тауып, алып шықты. Содан бері он жыл өттті. Оның президенттік өкілеттілігі 31 қыркүйекте мерзімі бітетіндіктен ҰҒА-ның Төралқасы сайлау туралы хабарландыру жариялап, сайлауға бір ғана өтініш түскенін, академик М.Жұрыновты ҰҒА-ның президенті етіп қайта сайлауды бірауыздан ұсынды. Оның кандидатурасын талқылауда академик Сұлтан Сартаев бастап, бірнеше ғалым жарыссөзге шығып, М.Жұрыновтың ұйымдастыру қабілетін жоғары бағалады. Академик М.Жұрынов бірауыздан ҰҒА- президенті болып қайта сайланды.
К.АДЫРБЕКҰЛЫ