Сұлу Жібек – суицид жасаушы ма?
Сұлу Жібек – суицид жасаушы ма?
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырза тарихымызды қайта зерделеуге тиісті екенімізді тілге тиек еткені баршаға мәлім. Бұл – қысқа уақытта орындала қоймайтын қиын міндет. Тарихымызды түбегейлі қайта қарастыруымыз қажет. Оңай тие қоймайтын сияқты. Әсіресе, бүкіл әлемдік революцияны жақтайтын кеңестік идеологияның шынайы тарихымызға тигізген зияны шаш-етектен. Яғни, кір шайылған сумен бірге күресінге лақтырылған нәрестені табу, оны адам қатарына қосу оңай емес. Осы орайда оқырмандарымыздың назарына ұсынылып отырған мақала ешкімді бей-жай қалдырмайды деп үміттенеміз.
Редакциядан
Неше жылдан бері жиналып жатқан қағаздарды ақтарып отырып, қолыма дүниядан өткеніне бірер жыл ғана болған көрнекті ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың бір жазбасына көзім түсті. Марқұм өлеңдері де, радиодан сөйлеген сөзі де, қоңыр үні де, жүріс-тұрысы да бір бөлек сырбаз еді. Ол осы жазбасында: «Қыз Жібек» операсын да, «Қыз Жібек» фильмін де көрдім, білемін» деген баласына: «Жоқ, балам, ол жеткіліксіз. Опера да, кино да нағыз «Қыз Жібек» емес. Оның (жырдың–М.К.) жөні бөлек» дей келіп, «ең бастысы оларда (опера мен фильмде –М.К) нағыз қазақ тілі жоқ,– дедім» деген екен.
Бір жағынан ақын ағам есіме түсіп, бір жағынан «Қыз Жібек» операсы мен фильмі туралы көптен көкейде жатқан ашу-ызасы аралас реніш пен наладан тағы да іші-бауырым алай-дүлей болды. Әсіресе, Қыз Жібек апамыз бен Төлегеннің қосылуына тілекші болған, Жібектің жақын ағасы Бекежанға жабылған қаракүйе қазақтың кешелі-бүгінгі ұрпағын ақиқаттан адастырып келе жатқаны ұлан-байтақ еліміздің көзі ашық адамдарының жанына батар жәйт еді. Ал Сансызбай ше? Өзім жастайымнан көп жерін жатқа соғатын «Қыз Жібектегі» Төлегеннің:
Онан арман өткенде
Малға таман жеткенде,
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді оттасым,
Таласып емшек еміскен,
Бір төсекте жатысқан,
Көп қызыққа батысқан,
Тай құлындай тебіскен,
Асық ойнап алысқан,
Өлгенін ағасын көре алмай,
Бақылдаспай, қоштаспай,
Ажалым жетті алыста-ай,
Жалғыз інім, бауырым –
Қанатымда қияғым,
Табанымда тұяғым,
Жылжымас жерден ауырым,
Алдыңнан шығып Сансызбай,
«Көкешім менің Төлеген,
Көрдің бе?» десе, не дейсің?
…Қособаның жонында,
Қоса кетті дегейсің!
Маңдайынан аққан қан,
Жоса да кетті дегейсің! – деп ақтық рет аспанға қарап аһ ұрып жатып, алты қазға зар еңіреп, атын атап қоштасатын Сансызбайы ше? Не операда, не фильмде ол да жоқ! Әрине, фильм төлтумаға, яғни, шығарманың түпнұсқасына бағынбайды деген жазылмаған заң бар екенінен де хабардармыз. Бірақ солай екен деп, еш халықта теңдесі жоқ жырдың арудың ақ төсіне таңған інжу-маржандай көркем тіліне, жазықсыздан-жазықсыз кешегі-бүгінгі ұрпақ алдында қанішер қып көрсетілетін Бекежанға, не операда, не фильмде аты аталмайтын Сансызбайға жасалған қиянат осылай ұрпақтарымызды мәңгі-бақи ақиқаттан адастыра бермек пе?
Сол секілді асылдар –
Кебіні жоқ, көрі жоқ,
Ит пен құсқа жем болып,
Мұратына жете алмай,
Арманда болып кетіпті, – деп жырда айтылғандай мәңгі бақи арманда кете бере ме? Әуелі жырдың маржаннан кесте төккендей сұлу тіліне, көз салыңызшы. Әне, Ақ ерке Жайықтың түгі тауыс құстың қанатындай құлпырған түбегінен түріле шығып, толқындай тербетіліп келе жатқан көш, бірінен бірі өткен он үш ару қыздың сән-салтанатты жиһаз-жасауы көз алдыңыздан көлбең қағып барады. Қызғалдақтай құлпырған сахара-сұлуларының бірінің бетінде нұр сәулесі ойнайды, екіншісі ағарып атар таң алдындағы ақ Шолпан дерлік, енді бірі мына жалған дүниеге пейіштен шығып келген хор қызы. Он бесінде толған айдай толықсып, ақбауыр сары сазандай былқылдап, бұлықсып, бұраң қаққан сұлулардың жетегінде «мұрындығы сары жез, бұйдасын ескен жібектен» отыз түйе. Немесе келесі көштің алдында «Ақ маңдайы жарқырап, танадай көзі жарқылдап», «он қыз нөкер қасында, өзі он бес жасында, қазыналы қырық нарға жібектен арқан тарттырған» көрініс, одан әрмен «Қара торқа кигені, қара жорға мінгені, сексен түйе қомдаған, сексені бірдей боздаған, алтынды жағдам, асфаһани кілем жабылған» көшке ілесіп кете бересіз. Осы күнгі кейбір шонжарлар «язык застолья» деп кемсіткен қайран қазақ тілі – сол қазақтың ғашықтық жырларының ең бір балқаймақ тілді, көркем-көрікті әрі көлемді жыры «Қыз Жібектің» тілі міне, осылай жетелей береді, жетелей береді. Бұл енді жырдың тілінің ғажайыптығы туралы бірқыдыру ғана сөз. Енді оның бүкіл мән-мағынасы, мазмұны қалай «не жаздым?» күйге түскені туралы.
Бұл жыр 1876, 1905, 1909, 1911 жылдары Қазанда Хұсайыновтар баспасында бірнеше мәрте жарық көрді. Кейін Ташкенде, одан кейін 1933 жылы Қызылордада, ақыр соңында барып 1930 жылы Алматыда басылды.
Кеңес заманында «Қыз Жібек» жыры біресе ойдан шығарылған, біресе аңыз, біресе тарихта болған уақиға, бірақ қай заманда болғаны белгісіз делініп келді. Ал Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай да, Бекежан да мұрағаттарда аты-жөні бірнеше жерде кездесетін, 18-ғасырдың орта шенінде өмір сүрген адамдар. Сырлыбай Кіші жүздің беделді биі ретінде Ресей елшісі Тевкелевтің бүкіл «шаруасы» қайткенде де қазақ жерін Ресейге қосу саясатын жүзеге асыру екенін түсініп, оған ашықтан ашық қарсы шыққаны туралы деректер бар. Ол бөлек әңгіме. Мәселе аталмыш опера мен фильмдегі Төлеген өлгеннен кейінгі Жібектің тағдыры қалай болғандығында. Бүкіл қазақ ұрпағының санасын ұлттық санадан басқа жаққа бұру осы Сансызбайдың атын өшіруден басталып, Жібекке өзін-өзі өлтірту арқылы-ақ бүкіл бүлдіргілік міндетін атқарып шыққан. Ал жырдың екінші бөлімінде Қыз Жібектің Төлеген өлгеннен кейінгі өмірі баяндалады. Яғни, Қорен қалмақтың Жібекті алмақ болуы, Сансызбайдың «ат тұяғын тай басар», «аға өлсе, іні әмеңгерлік» рөлі жайында. Міне, жырдың осы бөлігі кеңес кезінде үлкен сынға ұшырады. Бұл қазақтың жабайы үрдістерінің бірі ретінде түсіндірілді. Оған себеп те осы әмеңгерлік болатын. Аржағы Мәскеу, бержағы соның қас-қабағына қарап, жәутеңдеген Қазақстан басшылығының ескінің қалдығы, қазақтың жабайылығының бір түрі деген қорлық қорытындысына сол кездегі аузы дуалы Ғабаң, Сәбеңдер де қыңқ етіп бір ауыз қарсылық сөз айта алмады. Ең болмаса, «ау, біз осы әмеңгерлікті көрсету арқылы да сол ескілік көзқарасты әшкерелейік те» деген бір сынық сылтау да айтылған жоқ. Әйтеуір, осы фильмді түсіру кезінде осынау киелі жырдың не көркемдік, не ұлттық дәстүрлік мән-мағынасы мүлде ескерілмеді. Ұлттық дәстүр аяққа тапталды. Енді жырдың құрылымына сәл тоқтала кетелік: Жалпы, «Қыз Жібек» жырының бірінші бөлімінде лиро-романтикалық сарын басымырақ болса, екінші бөлім батырлыққа, жаугершілікке, отаншылдыққа толы пәрменді пафоспен жырланады. Міне, бүгінде тәуелсізбін, азатпын деген қазақ ұрпағының тәрбиесіне нағыз мықты арқау болатын да осылар еді. Алайда Мәскеуге қазақтардың өз елін, өз жерін, ұлттық намысын қорғайтын жаугерлігі, отансүйгіштігі көк тиынға керек емес болатын. Мәскеу ол саясатынан әлі айныған емес, ешқашан айнымайды да. Сондықтан фильмдегі бүкіл қайшылық, бүкіл тартыс тек Бекежан мен Төлегеннің ортасындағы жағдаят төңірегінде өрбиді де отырады. Одан әріге бармайды.
Иә, қазақ жыр-қиссаларының ішіндегі ең бір озығы осы «Қыз Жібек» болса, оның бұлайша адам танымас күйелеш күйге түсуіне ең басты екі себеп бар. Оның біріншісіне тарихшы, не әдебиетші, не соларды зерттеуші ғалым емес, сонау 60-шы жылдары халықтың ауыз әдебиетін жинау қызу қолға алынып, оған қыруар қаржы бөлінген шақта өзі туып өскен аймақтан Сегіз Сері дегенді әлде естіп, әлде өз қиялынан шығарып, оны «Қыз Жібекті» жазған адам етіп шығарған Қаратай Биғожиннің әрекеті еді.
Әрине, «Қыз Жібек» жырын жұлған торғайдай қылған екінші бір ең басты кесапат – кеңестік идеология және оның өз ішімізден шыққан «Айтақ!» десе тұра шабатын жандайшаптары. Жырдың екінші бөлігі туралы сол жандайшаптар мен ұлтжанды қазақы қайраткерлер арасында талай рет шекеқызбайлар да болды. Басты себеп – жырдағы әмеңгерлік, яғни Төлеген өлген соң, Жібектің Сансызбайға «жеңгелей тиюі» еді. Ақырында жырдың батырлық, жаугершілік, Қорен қалмаққа қарсы күрес сияқты керемет көркемдікпен суреттелген тұстары ұмыттырылды. Өйткені эпостан да, операдан да, фильмнен де Сансызбайдың «көзін құртқасын» олардың да қажеті жоқ болып шықты. Сонымен, қазақтың ең бір ұрпақшылдық, тәрбиешілік қасиетінен туындаған үлгілік, өнегелік үрдісі, яғни, әмеңгерлік үрдісі барып тұрған оңбаған, кертартпа, «ұлы орыс халқы» бастаған кеңестік ұрпақтың ілгері басқан аяғын кері тартатын, қазақтың жабайылығының бірі деп түсіндірілді. Осылайша қазақ ұлтының намысынан, ұлттық санасы мен ұлттық үздік ерекшелігінен айыруға, адастыруға Мәскеудің қылышымен «Қыз Жібек» жырының алтын арқауын бір-ақ шабудың өзі-ақ молынан жетіп жатты. Қазіргі ұрпақ Бекежан деген қанішер, ол Төлегенді өлтірген, Қыз Жібек Төлеген өлгесін өзін-өзі өлтірген деп білсе, ел үшін, жер үшін жанын жалау етіп, Қоренмен соғысқан Сансызбай деген есімді естімейтін де болды. Бүгінгі ұрпақ Сансызбайдың «Құлан өтпес, құс ұшпас Қособаның жонында, кебіні жоқ, көрі жоқ көкеші Төлегеннің» сүйген жарын, Жібек жеңгесін қыздай алып, одан нәрестелі болғанын да білмейді. Сөйтіп, қазақ қызының көзі көрмек түгіл құлағы естіп көрмеген өзін-өзі өлтіруі осынау көркем дүниенің ақтық шешіміне айналды. Осы күнгі теледидар «жаңалықтарының» тілімен айтқанда, Қыз Жібек суицид жасаушы болып шықты. Егер қазақтың осы күнгі кейбір режиссерларының қолына «Қыз Жібекті» берсе, Бекежан педофил болып шығуы да әбден мүмкін. Өйткені қазақтар тек Кеңес заманында ғана емес, жаратылысынан қашанда жаңалықшыл, жаһанданғыш, халық қой! Сөйтіп, сол жылдары қазақтың ата-баба салты – әмеңгерлік, дәстүрге адалдық, отаншылдық тұстар не сахна арқылы, не экран арқылы көрсетілмей, кейінгі ұрпақ санасынан мүлде аласталды. Жырдың трактовкасы өте күмәнді түрде, ащылау айтсақ, ұлттық болмысқа жат түрде бүгінгі жастарға жеткізілді. Бұл жерде біз бірыңғай «Қыз Жібек» операсы мен фильмін кінәлағалы отырған жоқпыз. Әңгіме біздің замана желі қалай қарай соқса, солай қарай балдырған шөптей майыса кететін жағымпаздығымыз туралы. Әйтеуір, сол кезде жырдың осы екінші бөліміне әсіресе, әмеңгерлікке, Сансызбай мен Жібектің тағдырына қатысты тұсына келгенде биліктегі қазақтан бастап кез келген әдебиетші, кез келген сыншы қақпанның исін сезген түлкідей қыңырая жөнелетін күйге түсті. Осындайда олардың өз ұлты алдындағы азаматтық, адамгершілік, намысқойлық деген талаптарды кез келген сәтте аттап өте шығуға даяр екені олардың айтқан пікірлері мен жазған сызғандарынан, жиындарда сөйлеген сөздерінен ап-анық көрініп тұрады. Өзіміз пір тұтатын, аса қадырман Мұхтар Әуезовтің өзі сол заманда «Қыз Жібек» жайлы бұл феодалдық қоғамның шындығы, ескіліктің наным-сенімін, сол артта қалушылықты дұрыс деп мойындаған жыршылардың түсінігінен туған дүние. Жырдың негізгі түйіні ескі салттың көрінісі болып шыққан. Бұл – феодалдық дәуірдің салтынан туған ғашықтық жыры депті. Замана құрсауының темір қыспағынан зәрезап болған Мұхаң кемеңгер ойшыл, тілінен өлеңмен маржан төккен Әбубәкір Кердері туралы да, Ресей отаршылдығына қарсы күрескен Көтібар батыр туралы да сыңаржақтау пікір айтқаны белгілі. Әрине, әділ сөз бен тура биліктің қадірі кетіп, ақиқаттың құны қашқан заман ол кісілерді солай сөйлеуге мәжбүрлегенін де білеміз. Әйтпесе, «Қыз Жібектің» ең бір шырайлы да шынайы, әрі бүкіл уақиғаның келіп тірелер асыл діңгегіндей әмеңгерлікке қатысты тұсынан сонша шошынудың реті мүлде жоқ еді ғой. Біле білген адамға жырдың бұл тұсы оны аласартып емес, керісінше ең бір шырқау биікке көтеріп тұрған еді. Қазақтың лиро-эпостық жырларының көбінің бірнеше нұсқасы (варианты) бар. Ал «Қыз Жібектің» нұсқасы жалғыз-ақ! Өкінішке қарай, Мәскеу мен оның Алматыдағы жандайшаптары жаңа бір «Қыз Жібекті» «жасап» шықты. Сөйтіп, бұл қазақ ұлтының бүкіл жаратылысына, бүкіл дүниетанымына, үрдіс-дәстүріне жат Жібек, өзіне-өзі қол салған қыз Жібек болды да шықты. Бұл шындығына келгенде ешқандай да кедей, шаруа таптың мүддесін қорғау емес, қазақ ұлтын өз кескін-келбетінен айыратын арам пиғылдың жемісі болды.
Иә, «Қыз Жібектің» басқа жырлардан өзгеше жалғыз-ақ нұсқасы болуының өзі де оның халықтың жүрегіне берік ұялағанының айғағы емес пе? Бұл жерде әмеңгерліктен шошыған халықты да көре алмайсыз. Әмеңгерлік тек қазақта емес, әр заманда, әр елде, әр ұлтта, талай-талай қоғамда болып келген дәстүр. Оны жоғарғы жақтағылардың жандайшаптары білмесе, бұл – олардың надандығы. Ал біле тұра істеген болса, ол олардың Мәскеуге деген итаршылығының және қазақтың діліне, дініне, тіліне, дәстүрлеріне ғасырлар бойы Ресей жасап келе жатқан қастандыққа қосыла шабатын құлмінездіктің айқын көрінісі. Мәселен, белгілі ғалым В. Шкловский «Энергия заблуждения» деген кітабында: «Інжілде мынадай бір әңгіме бар: Христос бірде егер бір әйелдің күйеуі қайтыс болса не істеу керек дегенге жауап іздейді. Сөйтсе, заң бойынша ол әйел өлген күйеуінің бауырласына, яғни оның ағасына, не інісіне әйел болуы керек екен. Бұл сол әулеттің ұрпақ жалғастығы үзіліп қалмауы үшін қабылданған арнайы қалыптастырылған дәстүр көрінеді. Бұл дәстүр левират деп аталыпты», – деп жазады. Бұл дәстүр кейін басқа елдерде сақталмай, ұмыт бола бастаған, ал сақталса, жария емес жасырын түрде жүргізіліп отырған. Сөйтіп, әлем әдебиетінде кездесе бермейтін бұл көне дәстүр қазақтың «Қыз Жібек» жырында көркем, әрі ұлтқа қажетті үйлесімін тапқан еді. Мұндағы Қыз Жібек алып-ұшқан албырт, жастықтың алаулы сезімін тек ғашықтыққа, ең ақыры Төлегенге қосылуға ғана тіреп қоя салған, тайыз ақылдың иесі емес. Ол – ел намысын, ұлт намысын, Сансызбайдай азамат намысын қорғай алатын, ұрпақ келешегін ойлайтын парасатты жан.
Ал Сансызбай ше? Кейде адам баласы өзіне әлдебір ажалдың жақындап тұрғанын сезеді дейді. Сол рас па, қайдам, әйтеуір Төлеген Жібектің еліне Жайыққа соңғы аттанарда Сансызбайға:
Алтын балдақ, ақ семсер
Саған арнап соқтырып,
Салдырып қойдым қынапқа,
Аш беліңе ілгейсің.
Тоғыз қабат көк сауыт
Будырып кеттім кілемге,
Оны үстіңе кигейсің.
Алалы жылқы ішінде
Көкала бурыл тұлпар бар.
Былтыр құлын, биыл тай
Міне-тұғын атың сол
Қарағым, саған сайма-сай, – деп әлдебір қауіп-қатерді сезгендей, мен сорлыға әлдеқандай жағдай бола қалса деп бір бәлені ескерткендей болады. Одан әрі Сансызбайдың садақ тартысы, тәніне сыймай тасып-төгілген күш-қуаты суреттеледі. Бұл бөлімде Жібек сайын даланың самалына елтіп, гүлін теріп, көбелегін қуалаған ерке сұлу емес. Ол енді тағдыр тоқпағының соққысы тиген, есін жиып, ер-азамат пен ел намысын қатар қойып шешім жасайтын ел аруы. Төлегеннің шаңырағын жерге түсірмей, ошағының отын жаңаша жандыруды ойлаған болашақ от-анасы. Ол енді біз көзін байлап, ақиқаттан адастырып қойған бүгінгі ұрпақ ойлағандай қаралы сұлу, өзін-өзі өлтіре салатын жеңілтек біреу емес. Ол енді Сансызбайдай тастүлек жас батырға, азаматқа ақылман, әрі жаугер, әрі рух беруші арқасүйер әйел. Ал Сансызбайдың жүрегінде Жібекке деген берік, киелі, ел мүддесімен тығыз байланысты махаббат орнаған. Екеуі ақыры ел дұшпаны Қореннің арамза ойын адыра қалдырып, барша мұратына жетеді.
Сондықтан да қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған, әрқашан аңсары болып қала беретін ең қасиетті де, ең киелі мақсат-мұратын басты дәйек, табан тірер тиянақ ретінде ұстанып-ақ, олай бір, бұлай бір талапайға салмай-ақ «Қыз Жібектей» пәкизат жырды сахнада да, экранда да пәк күйінде сақтап қалуға болар еді ғой деген ой көкейден кетпейді.
Исі мұсылман халқында «обал» деген ұғым бар. Ондай қасиетті ұғым орыста да, ағылшында да, ешбір еуропалық ұлтта жоқ. Обал сөзі осы күнгі орыс тіліне де аударылмайды. Біз осы жырға сол обалдың ең үлкенін жасадық. Әрине «Қыз Жібек» фильмін төменқол дүние деп те айта алмайсыз. Ол өз заманының туындысы. Бүгінгі ұрпақ көріп жүрген бұл «Қыз Жібектегі» желке шашы шудаланған Төлеген, әлі үйленбесе де қабасақал қойып, қамшысын көлденеңінен тістеп, алақ-жұлақ еткен Бекежандар осы дәуірдің өзіне лайықталған кейіпкерлері де шығар. Бірақ қанша жерден заманнан-заман, қоғамнан-қоғам озып, дәстүр мен салт саптан шығып қалып жатса да өзінің асылзада қалпынан таймай, нағыз пәкизат күйінде сафтығын сақтап қалатын шығармалар болады. «Қыз Жібек» сол қасиеттің бәрін сақтаған, тарихи шындыққа құрылған киелі жыр. Біреу қолдар, біреу қолдамас, бірақ тарих шындығын, оның өзіне сай мәдени де, өзіне сай тәрбиелік те мән-мағынасын бүгінгі ұрпақтың мәдени айналымына тағы бір рет жаңғыртып қосу – тәуелсіз ұлттың талантты азаматтарының үлкен бір парызы дер едік. Әйтпесе, ұлтымыздың үздік жырына, ата-баба рухына да, сол ата-бабаның озық дәстүрінен махрұм осылай бейхабар қала берсе, ұрпағымызға да обал болады!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ