ЖАРҚЫРАҒАН КҮН БОЛМАСАҢ ДА, ЖЫЛТЫРАҒАН АЙ БОЛ

ЖАРҚЫРАҒАН КҮН БОЛМАСАҢ ДА, ЖЫЛТЫРАҒАН АЙ БОЛ

ЖАРҚЫРАҒАН КҮН БОЛМАСАҢ ДА,   ЖЫЛТЫРАҒАН АЙ БОЛ
ашық дереккөзі
218

«Қазақ балалары дарынды»


– Ілияс мырза, әңгімені әкімдіктегі қызметіңізден бастасақ?

– Стамбұл қаласы Зейтүнбұрны ауданы әкімінің орынбасарлығы міндетін 1999 жылдан бері атқарып келемін. Басты міндетім – әлеуметтік, қоршаған орта, денсаулық т.б. мәселелермен шұғылдану. Ауданымыз орталықта орналасқан әрі ескі тарихи ескерткіштер бар, армяндардың ғибадат ететін мекені мен зәмзам суындай қастерлейтін бұлақ көзі тағы бар. Сондықтан келімді-кетімді кісі көп. Түнде адамдар саны 300 мың болса, күндіз бұл көрсеткіш 500 мыңнан асады. 

– Білуімізше, стамбұлдық қазақтардың дені осы Зейтүнбұрны ауданында шоғырланған екен. Олардың ата кәсібі не? 

– Бұл жердің қазақтары 1980 жылға дейін тері саласында тер төгетін. Яғни, тері зауыттарын салды, теріні өңдеп, одан киім тікті т.б. Алайда, 80-жылдардағы Түркиядағы инфляциядан кейін қазақтар кәсіптерін өзгерте бастады. Үйде отырып, қолөнермен айналысатын кісілер сол кезеңдегі қолөнердің құны қатты түсіп кеткендіктен нәпақа табудың басқа тәсіліне көшті. Әрі сол кезде еуропалық озық үлгідегі техника мен технологияны өндіріске енгізуге үлкендердің мүдделі болмауы, жер бағасының тым төмендеуі қазақтардың ата кәсібі – тері өнеркәсібіне кері әсер еткені анық. Әсіресе, жастардың көпшілігі сауда саласына бет бұрды. Оған дейін үлкендер жағы балаларына білім беруге немқұрайды қараған. Көпшілігі жеке кәсіптеріне қарай баулитын. Бірақ өндіріс тізгінін кейінгі буынға беруге аға буын құлшына қоймады. Осы себепті, жастар өз бетінше білім іздеуге көшті. Қазір де балаларымызды оқудан бас алмауға үндейміз. Менің үлкен қызым орта мектепті бітірген, бұйыртса, дәрігер мамандығын алып шығады, ортаншы қызым 12-сыныпта, ал кіші қызым 5-сыныпта оқып жүр. Байқағаным, қазақ балаларының бойында Алла берген ерекше бір қабілет бар. Оны осындағы түрік мұғалімдерден де жиі естиміз. Олар үнемі: «Қазақ балалары өте зерек келеді, ізденімпаз, білімге құмар», – дейді. Түріктер еліндегі басты қиындық – бастауыш мектепті бітіргеннен кейін балалардың көпшілігі оқудан шет қалады. Ата-аналары оларды ары қарай оқытуға құлықсыз. Бірақ біз, қазақтар жастарымыздың білімді болғанын қалағандықтан, үздіксіз білім алуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Себебі, Түркияда 75 миллионнан астам халық бар. Жұмыс орындары шектеулі болғандықтан, бәсеке өте күшті. Демек, бәсекеге қабілетті болу үшін балаларымыз кәсіби біліктілігі жоғары маман болуы шарт. Бүгінде балаларымызға қосымша білім беруде қаражатымызды да аямаймыз. Менің балаларым жекеменшік мектептерде оқиды. Ақылы болғандықтан ол мектептерде қойылатын талап күшті. Егер арнайы сынақтардан балаң өте алмаса, ақшаң да, атағың да көмектесе алмайды. Есесіне, дарынды балаларға тегін білім беріледі. 

– Қазіргі балалар қандай мамандықты көп таңдайды?

– Көбінесе, техникалық мамандықтар, айталық, инженерлікті таңдайды. Сондай-ақ, дәрігерлік, заңгерлікті де жиі таңдайды. Менің кіші қызым бастапқыда дәрігерлікті қалаған, соңынан шешімін өзгертіпті. Ол кісінің айтуынша, бұл өмірде әлі жасалмаған, игерілмеген нәрсе көп көрінеді. Соларды орындау үшін инженерлік мамандықты таңдапты. (Күледі). Балалардың қадамына, алға ұмтылған құлшыныстарына көңіл сүйсінеді. Олар тәуліктің 12 сағатын білім алуға жұмсайды. Күн сайын! Себебін айттым, еңбек нарығындағы бәсекелестік күшті. Бұл мәселеде Қазақстанда жағдай жақсы. Халқының саны небары 17 миллион болғандықтан, нан табу, күн көру аса қиын емес Түркиядағыдай. Әрі жоғары білім алуда да жастарға кедергі аз. Тек білімің жетсе болды. Атажұртпен хабар алысып тұрамыз. Қазақстанның экономикалық тұрғыда дамып келе жатқанына, саяси ахуалының тұрақтылығына қуанамын. Орталық Азиядағы Өзбекстан, Түркіменстан сияқты өзге елдермен салыстыра отырып, бағалаймыз ғой сырттай. Оның үстіне, мен Түркия мен Еуропаның әр елінен келген ғалымдармен жиі пікірлесемін. Олардың айтуынша, орталықазиялық аймақтағы ең озық ел – Қазақстан. Алла қаласа, Қазақстан одан ары дами береді. 

– Зейтүнбұрны ауданында қашаннан бері тұрасыз? 

– Зейтүнбұрны ауданына біз 1966 жылы көшіп келдік. 1967 жылы әкем дүниеден қайтты. Төрт ер бала, бір қыз баланы жастайынан жесір қалған анамыз жалғыз өзі аяқтандырды. Анам рухы мықты қазақ апаларға ұқсайды. Қиналғанын білдірмей жүріп, балаларын ержеткізді. Менің жастайымнан білімге, оқуға құштар болуыма да анамның ықпалы зор. Стамбұл университетінде саясаттану ғылымын игеруде де анамның көп көмегі тиді. Бесінші сыныпта жүргенде-ақ: «Әлемнің саяси бағыты қандай? Түркия ұстанған бағыт қайсы?» деп «бас қатырған» адаммын. Қолым қалт етсе, саясатқа қатысты еңбектерді оқитынмын. Қызметімді енді бастаған кезде-ақ Стамбұлдағы ірі шараларда алдыңғы қатардан орын алатынмын. Бірде он бес мыңдай кісі жиналған үлкен стадиондағы бір жиналыста кеудемнен бірі жылы леп есіп өтті. Ішімнен «бұл не болды екен?» деп ойлай келе, «Алланың нәсібі шығар, сосын анамның ақ батасы» дедім. Шынында да, шешемнің ақ тілегі мен батасының арқасында бірнеше жылдан бері осы қызметті атқарып отырмын. Менен де ақылды, менен де білгір, кәсіби білікті мамандар бар. Жастай жесір қалған анам қолөнердің арқасында асыраған балаларын. Ешкімге жағдайын айтып бармаған, ешкімнен көмек сұрамаған. Бүгінде сыр шертіскенде: «Елге қарап күліп отырдым, қабырғаға қарап жылап отырдым», – дейді. Қазақта «сыртым күліп, ішім жылады» деген сөз бар ғой. Бұл да қазақтың бойындағы намысшылдық қасиеттен. Екі жыл болды, 85 жастағы анам төсек тартып жатып қалды. Алла разы болсын, келіншегім енесінің жағдайын жасап отыр.

– Балаларыңыз да сіз сияқты жастайынан саясатқа үйір болды ма?

– Меніңше, кез келген адам саясаттанушы не саясаткер болмаса да, саясаттан хабардар болуы тиіс. Өйткені, әлеуметтік-саяси ахуалдан бейхабарлар елдің алдыңғы қатарынан орын алмайды. Балаларыма «елдің алдында жүрмесең де, ортасында жүр, соңында қалма» деп үйретем. «Жарқыраған Күн болмасаң да, жылтыраған Ай бол. Жаныңдағыларға жол сілтейтін жарығың болсын», – деймін. Сауатты, көзі ашық кісіден қоғамға пайда көп. Жастайымнан қоғам өміріне белсене араластым. Бүгінде елді елең еткізер бәтуалы сөз айта алатын шығармын деймін. Мейірімділік пен қайырымдылыққа үндеймін балаларымды. Маған үлкен қызым айтады: «Егер емханамды Зейтүнбұрнынан ашсам, көк тиын пайда таба алмаймын. Өйткені мұнда сендердің таныстарың, туыстарың мен сыйласатын кісілерің көп. Олардан ақша алу ыңғайсыз. Мен тіпті, жалға алған жердің ақысын да таба алма­уым ғажап емес», – деп қалжыңдайды. Мұны естігенде іштей қатты риза болдым әрі қуандым. Өйткені біздің елге жасаған еңбегімізді жариялап айтпасақ та, іштей көңілдеріне тоқып жүр екен. Әрі олардың ешқайсысы «әкеміз жоғары лауазымда отыр» деп шіренген емес, қарапайым. Қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созуға тырысатын мейірімді де. Бұл да қазақтың қанында бар асыл қасиеттер ғой.


«Стамбұлда қазақ балабақшасы ашылды»


– Түркияда қазақтар мем­лекеттік қызметке жиі араласа ма?

– Егер Зейтүнбұрны ауданын алсақ, осы әкімшілікте менен басқа екі қазақ – бір ініміз бен бір қарындасымыз жұмыс істейді. Бірі техникалық қызметкер болса, екіншісі – мемлекеттік қызметкер. Сонымен қатар Түркиядағы жоғары оқу орындары мен бастауыш мектептерде ұстаздық ететін қандастарымыз да көп. Құдайға шүкір, жауапкершілігі жоғары міндеттерді атқаратын білімді қазақтардың саны артып келеді. Қазақ мәдени қоры, Шығыс Түркістан қоры, Қожа Ахмет Йассауи қоры т.б. барлығы осындағы қазақ балалар мен жастарға 24 сағаттың 10-12 сағатын ізденуге, білім алуға жұмсауға үндеуден жалықпайды. Себебі, онсыз Түркиядағы сапалы университеттерге түсу мүмкін емес. Тағы бір жағымды жаңалық, Қожа Ахмет Йассауи атындағы қор Стамбұлдағы орта мектептің балаларына тегін қосымша сабақтар өткізуді қолға алды. Сондай-ақ, Қазақ мәдени қорының өкілдері бір жылдан бері қазақ балабақшасын ашты. Бес-алты жастағы 30-40 бала тәлім алады мұнда. Өзіңіз білесіз, түркиялық қазақтар Ана тілін меңгеруде, қазақы салт-дәстүрді ұстануда кейде кенжелеп қалатын жайымыз бар. Ал қазақ балабақшасында қарадомалақтарды кішкентай кезінен қазақша сөйлетіп, салтымызды бойларына сіңіруге атсалысады. Қазақстаннан түскен бір келініміз осы балабақшада қазақ тілінен сабақ беруді қолға алды. Алатын жалақысы мардымсыз. Бірақ оның Ана тілін үйретсем деген патриоттық сезімі мен құлшынысын қаржылық мүддеден биік қойғанын аңғартады. Сол үшін де келінге дән ризамыз. Әлбетте, осындағы аға буын мен орта буын өкілдері кезінде ата-аналарынан алған қазақы дәстүрді шама-шарқы жеткенше өскелең ұрпаққа үйретіп келеміз. Бірақ жаңадан ашылған қазақ балабақшасы ұлттық тәрбие беруде анағұрлым сапалы болатынына сенімдіміз. Сәбидің тілі қай тілде шықса, ол өмір бақи санасында жаңғырып қалады ғой. Менің інімнің 2 кішкентайы Қарағандыда туған. Қазақшаға судай. Тілдері Қазақстанда, қазақша шыққан ғой. Түрікшені осында келгесін барып қолға алды. Әзір түрікшесінен қазақшасы таза. Түрік мектебіне 1 жыл барса да, Ана тілі басым түседі бәрібір. Сондықтан қазақ балабақшасының саны мен сапасын арттыруды қолға алдық. Осы мәселеге орай құрған жоспарымыз бар. 

– Стамбұлдық қазақтардың демографиялық ахуалы қандай?

– Орташа есеппен алғанда, әр қазақ түтінінде 3 баладан бар. Меніңше, әр отбасындағы бала саны кем дегенде үшеу болуы тиіс. Ал 5-6 болса, тіпті жақсы. Түркия премьер-министрі Реджеп Тайип Ердоған «Келіндер минимум 3 баладан тапсын, 5-6 балаға дейін жеткізуге де болады», – деді. Өкінішке қарай, бүгінде бала саны азайып бара жатыр. Бұл бүкіл әлемге тән құбылыс. Кез келген мемлекет қуатты болуы үшін халқы жас, демографиясы мықты болуы шарт. Қазақстан – жас мемлекет. Территориясы өте үлкен, жерас­ты байлығы орасан, бірақ халқының саны өте аз: небары 17 миллионға жуық. Меніңше, бұл көрсеткішті кем дегенде 50 миллионға дейін өсіру қажет. Геосаяси ахуалы күрделі Қазақстанға сырттан көз алартатындар да жеткілікті. Солженицынның: «Қазақстанды Одақ құрамына кіргізіп алыңдар, қалған мемлекеттер қала берсін» деген сөзі есімде. Қазақстан – стратегиялық тұрғыда аса маңызды мемлекет. Сондықтан демография мәселесі мұнда күн тәртібінен түспеуі тиіс. Мәселен, Түркия Қазақстанның үштен бір бөлігіндей ғана. Ал халқының саны 75 миллионнан астам. Мұнай мен газға да Қазақстан сияқты бай емес. Көмірсутегіні сырттан тасымалдайды. Сонымен қатар Атажұрттағы білім сапасын көтеруге де көңіл бөлінуі керек. Білімді адамның ақшасы көп. Ұлтарақтай жері бар Израиль әлемдік саясаттың тізгінін ұстап отыр әрі шылқыған бай. Неге? Өйткені, олар білімді бірінші кезекке қояды. Қазақстанның осындай алпа­уыт ел болуы қазақтар үшін ғана емес, түркімен, тәжік, әзірбайжан, қырғыз бен өзбекке де пайдалы. Орталық Азиядағы саяси тұрақтылықтың жауапкершілігі де Қазақстанның мойнында. 

– Түрік билігінің түркиялық қазақтарға деген көзқарасы түзу ме?

– Әрине, түзу. Түріктер еліне Пәкстан арқылы 1953 жылы табан тіреген қазақтарды түрік ағайындар жылы қабақпен қарсы алыпты. Олар «Атажұрттан келгендер, түбіміз бен түбіріміз – бір. Ата-бабамыздан қалған аманат» деп білген. «Сыйға – сый» қағидасын ұстанған қазақтар әп дегеннен-ақ билікке, түрік халқына салмақ салмаған, нан сұрап, алдарына алақан жайып бармаған. Өз күндерін өзі көрген қазақтар тәртібі жағынан да көпке үлгі болған. Басбұзары көп ұлтты кім жақтырсын? Бірақ жігері мықты қазақтарға себепсіз соқтығысудан көп адам ығып жүрген. Өйткені төбелескенде анау-мынауыңды атқа теріс мінгізіп жіберуге қауқарлы қазақ жігіттері намысын ешкімге таптатпаған. Полицияда тізімде тұрған қазақтарды таппайсыз. Сондай-ақ, қазақтардың арасынан арызқойлардың шыға қоюы екіталай. Өз басым осы елу жасқа дейін ешкімнің үстінен шағым айтып көрмеппін, ешкіммен жүз ша­йысып, жаға жыртысқан да емеспін. Әлбетте, арасында бірді-екілі мысықпиғылдылар кездескенмен, жалпы түріктердің қазақтарға деген ниеті мен көзқарасы әлі күнге түзу. Өкінішке қарай, көпті көрген көнекөз қариялар азайып бара жатыр. Мен осындағы өзге ұлттың өкілдерінен қазақтар туралы көп сұраймын. Олардың айтатыны: «Қазақтар – еңбекқор, досқа адал да сенімді, мәрт әрі жомарт, өсек пен өтірікке жоқ, қызғаныш пен бақталастықтан ада, мейірімді де қайырымды халық». Яғни, тек жақсы қасиеттер мен жағымды қылықтар. Кейде бізге күледі: «Сендер әке-шешелеріңе ұқсамағансыңдар, жалқаусыңдар», – деп. Зейтүнбұрныдағы Балқаннан келген түріктер, қырғыздар, өзбектер тағы басқа да ұлттар мені қатты жақсы көреді. «Сен – біздің әкімдіктегі өкілімізсің», – деп жандарына жақын тартады. Бұл да қазақтың бойындағы жақсы қасиеттердің әсерінен деп білем. Он бес айға әскерлік міндетті өтеуге барғанда да шені жоғары офицерлер: «Бұлар – түркістандықтар. Өте сенімді, тәртіпті, тегі мықты кісілер», – деп өте жоғары бағалайды. Қысқасы, 80-жылдардағы аста төк байлығы болмаса да, қазақтар тектіліктен тайған емес, беделді де рухани тұрғыда күшті. Әке-шешеміз салып беріп кеткен сара жолдан таймай келеміз. Көңілге медет болатыны да осы. Әрі Жер шарының қай түкпіріне барсаңыз да, қазақ халқы туралы жағымсыз пікір айтқан жан баласын кездестірмейсіз. Өйткені қазақ – текті халық. Англия, Франция, Швейцария не Германияға барыңызшы, сондағы қазақтар үйінен бір шәй ішкізбей қайтармайды сізді. Бұл да – қазақтың ежелден келе жатқан қонақжайлық қасиеті. Стамбұлдағы көршілерімізді анда-санда үйге дәм татуға шақыратыным бар. Сонда олар қонақ қып сыйлағанымызды, төбемізге хан көтере күткенімізді ауыз­дарынан тастамай айтып жүреді. Менің Швецияда тұратын бір ағам көршісін қонаққа шақырса, ол қатты таңғалып әрі қатты риза болыпты. Бір рет дастарқандас болғанын әлі күнге жыр қылып айтып жүр екен. (Күледі). Негізі ағам өте қарапайым кісі. Еңбекқорлығы мен мейірімділігі тағы бар. Швецияда қар жауғанда су ағатын құбырларды қар мен мұздан тазалап беруді әдетке айналдырған көрінеді. Жыл сайын қарға кептетіліп қалған сол құбырларды тазалауға мойындары жар бермейтін шведтер менің ағамды күтеді екен. 

«Стамбұлда бір сары баламыз бар деп білсін»


– Әңгіме арасында Атажұрт туралы айтып қалдыңыз. Қазақстанға қатысты пікіріңізді білсек?

– Мен 1997 жылдан бастап, үш жарым жылдай Қазақстанда тұрып қайттым. Кейде осындағы қандастар Атажұрттағы келеңсіздіктерді айтып, ренжиді. Алайда, сол үш жарым жылдың ішінде маған бірде бір полицей келіп, төлқұжатымды тексеріп, ретсіз тиіскен емес. Бұзақылар шылым не оттық сұрап, мазамды да алған жоқ. Парақорларға да кездеспедім. Әлгі наразы ағайынға айтар уәжім: «Демек, сенің жүрген жерің дұрыс емес». Мен әсіресе, Алматыны жақсы көрем. «Алматы – Стамбұл, Астана – Анкара», – деймін. Алматы мен Астанада сол кездерде танысқан қандастарымыз бар. Құдайға шүкір, байланысымыз әлі күнге үзілген емес. Қазақстаннан ала келген жақсы үрдісіміз – үйге қонақ келсе, «шәй ішесіз бе?» деп сұрамай-ақ, дастарқан жаямыз. Кешке келген қонақ астан кейін жайлана отырса, «Ә, бұл кісі қонуға қалады екен» деп, көрпе-жастығымызды дайындай бастаймыз. Кейде басына қиындық түскен, көшеде сенделіп қалған ұлты басқа ағайынды көрсем, түйткілін шешіп бере алмасам да, үйге ертіп келем. Яғни, далада қалдырмаймын. «Атқарып отырғаным – керемет жұмыс» дей алмаймын. Жоғары лауазым иесі де емеспін. Бірақ мен – қазақтың сары баласымын. Қазақы салт-дәстүрді ұстанып, бойымдағы қазаққа тән қасиеттерді сақтап қалғым келеді. Егер мен жаман болсам, «Ілияс жаман» демейді, «қазақ жаман», – дейді. 

– Таксимдегі оқиға мен қазіргі саяси ахуал түркиялық қазақтарға қалай ықпал етті?

– Қазақтардың ешқайсысы Таксимдегі наразылық шараларына қатысқан жоқ. Мұндағы қандастардың 90 пайызы сайлау кезінде оңшылдарға, яғни, Әділет және даму партиясына дауыс берген. Қалған 10 пайызы MHP партиясын қолдайды. Негізі Таксимдегі оқиға ауыз толтырып айтарлықтай шара емес. Шап-шағын алаңқайдағы айқай ғана. Түркияда демократия жақсы дамыған. Бір нәрсеге көңілдері толмаған азаматтың көшеге аттандап шығуы – қалыпты жағдай. 

– Бірақ ақпарат құралдары таратқан деректерде сол оқиға аса ірі көлемдегі шара секілді көрсетілді ғой…

– Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының мүддесі мен саясатына сәйкес жасалған шаруа. Таксим алаңынан 500 метрлік жерде Бейоғлы жатыр. Алаңда шу боп жатқан кезде сіз сол көшемен емін-еркін жүре аласыз. Сөз бостандығы мен адам құқығы деген ұғым бар. Кім не айтқысы келсе, соны айтсын. Бір жағынан, бұл дұрыс та. Өйткені билік қате шешім қабылдаса, наразы топтың айқайынан кейін үкіметтегілер ойлана бастайды. Қай жерде қате жібердік деп. Бірақ менің түсінбейтінім, CNN арнасы сол жерде сегіз сағат бойы тапжылмай отырып, хабар таратты. Неге? Әлемнің басқа жерлерінде Таксимнен де маңызды жайттар бар ғой. Мәселен, Мысырда, Сирияда ондаған, жүздеген жазықсыз жан қынадай қырылуда. Неге солар жайлы айтпайды? Сондықтан Таксим жақтан хабар таратқандар арасында арандатушылардың болғаны анық. Егер Түркияда тыныштық болмаса, сіз Стамбұлда дәл осылай емін-еркін жүре алмас едіңіз. Оның үстіне, алаңдағы оқиға басталған кезде әлемнің бірнеше елінен келген жиырма шақты қонақты шара өтіп жатқан жердегі қонақүйге түсірдік. Оқиғадан бұрын қонақүйден орын алып қойған едік. Ешкімнің басы жарылып, көзі шыққан жоқ. Алаңдағы оқиғаның ешқандай кері әсері болған жоқ. Тағы бір маңызды жайт, сол Таксимдегі Гези бағына бұрын әйел адам түнде жалғыз кіруге қорқатын. Қараңғы түсе сол бақта неше түрлі қылмыскерлер мен бұзақылар сайран салатын. Қазір Гези бағы тіпті, түнде де самаладай жарық. Көңіліңіз қалағанша қыдыруға мүмкіндік бар. Әрі ағаштың түр-түрін отырғызып, жасыл желекке бөлеп қойған. Тайип мырзаның о бастағы жоспары сол жерден мұражай ашу болатын. Бірақ қоғамдағы наразылық шараларынан кейін құзырлы органдар рұхсат берсе де, әліптің артын бағып үнсіз отыр. Өйткені Түркия билігі қоғамдық пікірмен санасады. 

– Билік басындағы Әділет және даму партиясына халықтың көзқарасы қандай?

– Негізі АКР парламенттік сайлауда 52 пайыз дауыс жинаған. 2014 жылдың наурызында жергілікті мәслихаттар сайлауы өтеді. Зейтүнбұрны ауданында АКР өкілдері қызмет етуде. Да­уыс беру процесінде бізге бәсекелестер тарапынан ешқандай қауіп жоқ. Сайлаушылардың басым бөлігі тағы да бізге, яғни, АКР өкілдеріне сенім білдіреді деген ойдамын. Жинайтын дауысымыз 47-52 пайыз арасында болады деп болжадық. Саяси науқанда басты қарсыласымыз – MHP мен CHP. Бүгінде осындағы өзбектер мен қырғыздардың 100 пайызы АКР-ға дауыс бергендер қатарында. Қазақтарға келсек, 90-95 пайыздың арасы болмақ. Ескеретін жайт, қазақтар ешқашан солшылдарды жақтамаған. Бұған дейін Демирелге, Мендереске, Өзалға дауыс берген қазақтар бүгінде Ердоғанды іштартады. 

– Атажұртқа айтар дұғай сәлеміңіз бар ма?

– Ата-бабамның кіндік қаны тамған жерге деген ізгі тілегім бар. Мен кімді көрсем де, әрдайым жақсылық ойлап тұрам сол адамға. Жаңадан ашылған бір дүкенді көрсем, «Алла мына дүкенге жақсы табыс бергей», – деймін. Айдаладағы біреуге осындай жанашырлық танытқан адамның өз қазағына не тілеуі мүмкін? Қазағым әрдайым аман-есен жүре берсін деймін. Тәуелсіз елдің көк байрағы халықаралық деңгейде желбірей берсін. Сыртта жүрсек те Қазақстанды ойлаудан бір тынған емеспіз. Атажұрттағы әр қандасқа сәлем айтыңыз. Шешем мені «сары бала» деп еркелетеді. Стамбұлда бір сары баламыз бар деп білсін. Құшағымыз да, есігіміз де әрдайым ашық. Қазақстанда елім, жерім, ұлтым дейтін азаматтар жетерлік. Егер сол азаматтар аман болса, сырттағы сан қазақ та аман. Жуырда Қазақстан жаққа барып қайтқан бір ақсақалдан не көргенін сұрағанмын. Ол кісі: «Жан-жағымдағы адамдардың барлығы қазақша сөйлей бастағанда ет-жүрегім елжіреп, ерекше бір рахмет күйге бөленем», – деді. Бұл жылдар бойы қордаланып қалған Атажұртқа деген сағыныштың сазынан болса керек. Сол қарияның тағы бір айтқаны: «Біз Түркияға еріккеннен келген жоқпыз. Егер Қытайда қалғанда қалың қытайға жұтылып, жоғалып кетер едік. Жағдайымыз, әл-ауқатымыз жақсы болды. Бірақ қарынның қамын емес, ертеңгі күнді ойладық. Келешек ұрпақтың тексіздікке ұрынуынан сескендік. Өлсек өлейік, бірақ Түркияға жетіп жығылайық» деп тәуекелге бел буғанымыз да сондықтан». Біз үшін бейбітшілік жолымен көк байрағын көк аспанда желбіретіп, тәуелсіз ел атанған Қазақстан – кеше мен бүгіннің асқақ арманы. «Қазақстан егемен ел болды» деген хабар жеткенде ақсақалды қарттарға дейін жас балаша егіліп тұрып жылады. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Осындағы бір қария молда болатын. Көз жұмардың алдында: «Туған жердің топырағы бұйырса», – деп өтініш айтыпты. Сол өтініш бойынша қарияны балалары Қазақстанға жерледі. Лайым, қазақы салт-дәстүрді ұстанған қандастарымыз бен ұлтшылдарымыздың саны арта берсін. Маңыздысы, бүкіл әлем бас қатырған «мәдениет империализмі» деген кедергіден қазақ сүрінбей өтсін. Білім мен білікті жетілдіре отырып, сауаттылықты қазақы құндылықтармен ұштастыру қажет. Мен Қазақстанның келешегі жарқын екеніне кәміл сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз әрдайым жемісті болғай!

Әңгімелескен 

Нәзия Жоямергенқызы

Алматы – Стамбұл – Алматы 

Серіктес жаңалықтары