Любовь Отарова, тіс дәрігері: ТІС ТАЗАЛЫҒЫНА АТА-АНАЛАР ЖАУАПТЫ

Любовь Отарова, тіс дәрігері: ТІС ТАЗАЛЫҒЫНА АТА-АНАЛАР ЖАУАПТЫ

Любовь Отарова, тіс дәрігері: ТІС ТАЗАЛЫҒЫНА АТА-АНАЛАР ЖАУАПТЫ
ашық дереккөзі
267

Ақтарылып сырын айтты, кәсіби саладағы түйткілдерді тізбеледі, жас мамандарға кеңес берді, тіпті, балаларының денсаулығына немқұрайды қарайтын ата-аналарға не істеу керектігі туралы ақыл қосты. Қырық алты жылдық тәжірибесі бар білікті маман, балалардың тіс дәрігері Любовь Отарова ханыммен өткізілген сұхбатта бүгінгі медицина саласы сөз болған еді.

– Любовь Азретқызы, әңгімемізді өткен күндерді еске алудан бастасақ…

– Қырық алты жылдан бері тіс дәрігерімін. 1968 жылы Алматыдағы медициналық институтты үздік бітіре салысымен Алматының іргесіндегі кезінде “Алатау” совхозы деп аталған ауылдағы емханаға жұмысқа кірдім. Ол кезде тәжірибеден өтпесең, қолыңа дипломды бермейтін. Маған жеңілдік жасалды. 

– Бүлдіршіндерді дер кезінде дәрігерге көрсетуге, олардың тісін таза ұстауға ата-аналар қаншалықты ұқыпты қарайды? 

– Тіске жанашырлықпен қарайтындар кемде кем. Кейбір ана баласының тісіне қара нүкте түскеннен-ақ, дәрігерге қарай жүгірсе, енді бірі ауру әбден асқынып кеткенше бейғам жүре береді. Жаңа ғана балабақша жасындағы қыз баланы қабылдадым. Бесіктен белі шықпай жатып, 5-6 тісі шіріген. Анасы баланың тісін емдетуді ойламаған да, тек балабақшадағы тәрбиешілер «Қызыңызды дәрігерге апарыңыз» дегесін ғана бүгін әкеліпті. Тіпті, бала бірнеше күн бойы тісі ауырып қиналса да, немқұрайды қарайтын аналардың бар екені жасырын емес. 

– Бүгінде балалар арасында тіске брекет киетіндері көбейген сияқты. Бұл неліктен? 

– Ондайлар өте көп. Бұрын балалардың сүт тістері сәл қозғасаң, өзі-ақ оңай түсіп қалатын. Қазір олай емес. Сүт тістері ауысқанда кешігу бар. Мәселен, ескі тіс түспей жатып, астынан жаңасы қылтияды. Мұндайда ескісін жұлып тастауға тура келеді. Шынымды айтсам, себебін түсіне алмадым. 

– Қазір сапалы қызмет көрсететін стамотологиялық емханалар ақылы. Қалтаға салмақ түсіретіндіктен, көпшілік тіске күтім жасауға да құлықсыз…

– Басқаларды қайдам, бірақ мен осы емханада балаларды тегін емдеймін. Жарты ставкадамын, міндетім – тек балаларды қарау, жалақыны да сол үшін аламын. Алайда, ауруы жанына батып келген ересек ауылдастарды қалай қабылдамайсың? Біреуі жұмыссыз, бірінің зейнетақысы басына тартса, аяғына жетпейді, енді бірінің әлеуметтік ахуалы төмен дегендей. Дертті жандарға немқұрайды қарай алмайтындықтан, оларды да қабылдаймын. Бірі құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдас, енді бірі күнде көретін ауылдас. Бас тартпастан, бәрін емдей беремін. 

– Қазақстандық медицинаның бүгінгі жағдайын қалай бағалайсыз?

– Медицина саласы заманауи техника мен технологияның арқасында өсіп, дамып келеді. Жаңалық пен жетістік көп. Дәрігерлер қауымының арасында кәсіби біліктілігі сын көтермейтіндері кездесетіні жасырын емес. Бірақ білімі мен білігі жоғары мамандар да бар. Іздесеңіз, табасыз. Студент кезімде жанымдағы жастар білуге, көруге, үйренуге құштар еді. Ондай жастар қазір де бар, бірақ өте аз. Білмегенін сұрауға арланады, ұялады. Сонымен қатар білмейтін, білгісі де келмейтіндер кездеседі. Бұл дұрыс емес. Тәжірибесі мол мамандардан бірдеңе үйреніп қалуға тырысу керек. 

– Сонда отандық медицинаның басты түйткілі не?

– Қалай айтсам екен… Меніңше, мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Мысалы мына тіс жөндейтін машинама 43 жыл болды. Көмектесетін медбике бірде бар, бірде жоқ. Ақылы емханалар заманауи құралдармен жабдықталған, ауруларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жоғары. Бірақ біздің ауданымызды басқаратын стамотолог өте іскер әйел. Сол кісінің арқасында биыл бюджеттен бірнеше дәрі-дәрмекті тегін алуға қол жеткіздік.

– 46 жылдық тәжірибесі бар кәсіби мамансыз. Ақылы мекемелерге кеткіңіз келмеді ме?

– Барлығы да менің тағдырыма байланысты… Алдымен ұзақ уақыт төсек тартқан анам, сосын мені бағып-қағып өсірген тәтем, сосын ағам… бірінен кейін бірі о дүниеге аттанды. Солардың жағдайын жасаймын деп жүріп, уақыттың қалай өткенін сезбей қалдым. Анам ауырып жатқанда алысқа ұзай алмадым. Әйтпесе, институтта ерекше қабілетпен көзге түскен мені ғылыммен шұғылдануға, жоғары сапалы мекемелерде қызмет етуге шақырғандар баршылық. Кезінде шет тілінен, философия­дан кандидаттық минимум тапсырдым, сосын Семейге барып, біраз уақыт ғылыммен айналысуым керек еді. Оған да отбасылық жағдайым кедергі болды. Бірақ сонда да Алматыда білімімді бағалағандар табылды. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясына жұмысқа шақырғанда бас тартқанмын. Бірақ ұсыныс айтқан генерал сол орынға тура бір жыл күтті. Қаны бір туғандарым жоқ, есесіне, мені сыйлайтын, жақсы көретін жандар көп. 

– Осы қырық алты жылда сіздің үстіңізден шағымданғандар болды ма?

– Тіпә-тіпә, болған емес. 

– Ендеше, неге қазір адамдар медицина қызметкерлерінің үстінен жиі арыз айтады?

– Қазір адамдардың көпшілігінің жүйкесі жұқарған. Сәл нәрсеге шамданып, ашулануға дайын тұрады. Мүмкін дәрігер үйдегі не түздегі қиындықтармен басы қатып, жұмысқа шаршап келген шығар? Мүмкін ызаланып тұрып, келген адаммен жөнді сөйлеспеген шығар? Әрине, жеке басқа қатысты бүкіл проблеманы кабинетке кірерде босағаның арғы жағына тастап кету керек. Бірақ дәрігер де адам ғой. Неге оған түсіністікпен қарамасқа? Мүмкін сіздің мейіріміңізге, рухани қолдауыңызға зәру шығар? Адамдар мейірім мен қайырымдылықтан алыстап бара жатқандай көрінеді кейде. Тырнақ астынан кір іздеп, кінәлауға бейім тұрады. Әлбетте, кейде ақ халаттылар тарапынан жіберілетін өрескел қателіктерді жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, туберкулездің ашық түрімен ауыратын азаматты бірден ауруханаға қабылдап, дені сау адамдардан алшақтатудың орнына жан-жаққа шапқылатып, әуре-сарсаңға түсіретіндер бар. Кейде ондай аурумен ауыратындарды дәрігерлік тексеруден өткізуге жиіркенетіндер де жолығады. Бұл дұрыс емес. Маска киіңіз тұмсығыңызға, қолыңызға – қолғап. Жаны мен тәні ауру адамды тұқырта бермей, өз міндетіңізді адал атқаруға тырысыңыз. Жиіркенгеніңізді білдірмеңіз. Есесіне, қауіпсіздік шараларын қарастырыңыз. Өз басыма келсем, кез келген адамның басына түскен қиындықты өте жақын қабылдаймын. Мүмкін бұл дұрыс емес те шығар. Бірақ қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Күнде таңертең ондаған адам күлімсірей амандасады. Кейде тіпті «бала кезімде анам сізге апарған, тісімді емдеген едіңіз» деп алғысын айтатындар бар. Осындайда көңілім марқайып қалады. Қазір көшеге шығып, осы маңайда тұратын кез келген адамға жағдай айтсам, менің өтінішімді жерге тастамайтынына сенімдімін. Бұл да талай жылғы еңбегімнің, жұртқа жақсылық жасасам деген ниетімнің жемісі. 

– Балалардың тісін дұрыс күтуге қатысты үлкендерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, балаларды ауызды дұрыс тазалауға үйрету қажет. Тістің бір қуысында қалған кіп-кішкентай тамақ қалдығы тістің шіруіне әкеп соғады. Екіншіден, сәби кезінен бастап қағаз қалталарға құйылатын, концентраттарға толы шырындардан, чипсы, кириешки тағы басқа жасанды тамақтардан баланың бойын аулақ салған жөн. Үшіншіден, қазір сағыз шайнау ересектер мен балалар арасында сәнге айналған. Сағызды тісінде пломбасы жоқтар шайнайды. Өйткені бірнеше рет пломбаға тиген резеңке міндетті түрде оны суырып алады. Жалпы сағызды ауызға салып алып, шайнаңдап отыру – мәдениетке жат нәрсе ғой. Кейде үріп ауызға салғандай, әп-әдемі қыздар көшеде шайнаңдап бара жатқанда біртүрлі ыңғайсызданасың әрі оның әлгі сұлулығы адыра қалады. Тағы бір келеңсіз жайт, үлкендер тамақты шайнап-шайнап, кішкентайлардың аузына тыға салатын кездер болады. Бұл тіпті қорқынышты. Өйткені ауыз қуысында, тісте түрлі инфекция мен ауру болады. Гастрит сияқты асқазан ауруы да осындайдан жұғады балаға. Сондықтан гигиенаның қарапайым ережелерін сақтаған жөн. Сосын қазір неге екені белгісіз, балалар сүт тағамдарын пайдаланудан ат-тондарын ала қашады. Бұл дұрыс емес. Сүт тағамдарының құрамында адам ағзасына керекті тұз бен кальций мол. Демек, сәби кезінен сүт тағамдарын жеуге үйрету керек. Кальций жетіспеген балада тіс пен сүйек әлсіреп, кариес пен оның асқынған түрлері пайда болады. Бастысы, тым болмаса анда-санда балалардың аузын ашып, тісінің қандай жағдайда екенін қарап тұрған жөн. Осының бәрін алдыма келген кез келген ата-анаға айта-айта кейде жағым ауырады. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары