БАЙҚОҢЫРДА БӨТЕН ЕЛ БИЛІК ҚҰРАДЫ

БАЙҚОҢЫРДА БӨТЕН ЕЛ БИЛІК ҚҰРАДЫ

БАЙҚОҢЫРДА БӨТЕН ЕЛ БИЛІК ҚҰРАДЫ
ашық дереккөзі
184

Қазанның 7-сінде ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкімет сағатын өткізген Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа депутаттар біраз шүйлікті.

Оның басты себебі – Байқоңырдан ұшырылатын улы гептилді «Протон» зымыран тасығыштарының қазақ халқының денсаулығы мен ел экологиясына келтіріп жатқан зияндары және Ресейдің сол зиянға орай нақты өтемақы төлемей отырғандығы. 

«ПРОТОНДАР» САНЫ АЗАЯ МА? 

Жоғарыдан берілген тапсырма солай ма, жоқ әлде «Протонның» ызасы өтті ме, біраз депутаттар Ресейде кеткен өшін Нұрлан Қаппаровтан алуды жөн көрді. Олай етпей қайтсін, Қазақстанның сөзін сөйлейтін атқамінер осы ғой. Сонымен Қоршаған ортаны қорғау министрі Ресей тарапымен бірнеше келіссөздерді бастап кеткендігін жеткізді. Оның ең бастыларының бірі, Қазақстанның экологиялық кодексінің Байқоңыр аумағында өз күшіне енуі. Өйткені, 2 шілдеде Қызылорда өңіріне құлаған «Протон» зымыран тасығышының салдарын зерттеуге Қазақстан жағы қауқарсыз болған. Ондағы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге де құқы жоқ. Сол себепті де «Протон» зардабының халыққа қаншалықты зиян келтіргенін дәп басып айтып беру қиын. Қазақстан осы ретте екі мәселені «Роскосмостан» талап етіп отыр. Біріншісі, Қазақстанның Экологиялық кодексінің Байқоңырда салтанат құруы болса, екіншісі, улы гептилмен ұшырылатын «Протон» зымыран тасығыштар санын азайтып, мүмкіндік болса, улы гептилден гөрі экологиялық таза отындармен ұшыру жағын қолға алу. 

Қаппаровтың мәліметіне сүйенсек, бұл мәселелер «Роскосмоспен» және Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведевпен бұған дейін талқыланған:

– 2 шілдедегі «Протон» зымыран тасығышы құлағаннан кейін, біздің Байқоңыр аумағында ешқандай юридикциямыз жоқтығы айқындалды. Ғарыш айлағы Ресейге жалға берілгендігіне қарамастан, біздің Экологиялық кодекс осы аумақта таралуы тиіс. Ресей тарапы біздің бұл ұсынысымызға ықылас танытып отыр. Сонымен біге, Ресейге улы гептил отынымен ұшырылатын «Протондар» санын азайту мәселесін де қойып отырмыз.  «Келісім-шартқа қосымша енгізу» жобасы Ресейге Сыртқы істер министрлігі арқылы жолданды. Мәселе қаралуда. Біз оның оңды шешілетінінен үміттіміз, – деген ол.  


АҚБӨКЕНДЕРДІҢ ҚЫРЫЛУЫ ЖӘНЕ «ПРОТОН»


Жақында Қорғалжың қорығында 800 ақбөкеннің қырылғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Кейбір экологиялық ұйымдар мен депутаттардың пікірінше, бұған да «Протондардың» ұшырылуы кінәлі делінген. Алайда, экологиялық министр ақбөкендердің қырылуымен «Союз» кемесінің ұшырылуы арасында қандай да бір байланыс бар дегенді жоққа шығарды. 

– Біз «Протонның» ұшырылуы ақбөкендердің өліміне себепші болмағандығын айқындадық. Бұл спекуляция, –  деген ол ақбөкендердің пастереллёз атты жұқпалы ауруға шалдыққандығын жеткізді. 


ӨТЕМАҚЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?


Қоршаған орта министріне шүйліккендердің бірі, депутат Рауан Шаекин:

 – Биылғы апат бойынша, жерге төгілген гептилдің 400 тоннаға жеткені мәлім. Жұртты тыныштандыру үшін ауа ластанбады, бәрі жанып кетті деп жатырмыз. 1999 жылы Қарағандыға құлаған «Протон» үшін, Ресей тарапынан 10 миллион доллар өтемақы төленіп еді. Қазір 400 тонна гептил үшін, бір тиын төленбеді. 

Депутаттар апат салдарынан тек бірнеше елді мекеннің тұрғындары ғана емес, жердің құнарлы қабаты да зардап шеккендігін ескертті. Сол үшін Ресей өтемақы төлеуі тиіс деген пікірде олар. Алайда Қоршаған ортаны қорғау министрі депутаттардың бұл сауалын жауапсыз қалдырды. Өтемақының көлемін айқындау туралы мәселені тек бір күннен кейін ғана, Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингінде сөз етті Нұрлан Қаппаров мырза. 

– Шілденің 2-сінде құлаған «Протон-М»  зымыран тасығышының келтірген залалы қазір есептелуде. Қоршаған ортаны қорғау министрі экологиялық зиянды есептейді, Денсаулық сақтау министрінің өз талаптары болуы керек. Есептеулер жақын күндерде дайын болады және көрші мемлекетке жолданбақ. Ресей тарапы өтемақы төлейтіндіктерінен хабардар, –  деген ол.  

P.S. Шілденің 2-сінде құлаған «Протон» зымыран тасығышынан кейін, Қазақстан қауымы улы гептилді ғарыш кемесін ұшыруға тыйым салуға және екі ел арасындағы Байқоңырды жалға беру келісім-шартын қайта қарауға қол жеткізу мақсатында біршама қарсылық акцияларын ұйымдастыруды мақсат еткен болатын. Байқоңырдағы белсенді топтың рұқсат етілген шеруге шығу туралы талаптары қанағаттандырылмады. Қыркүйектің 30-ында Байқоңырдан улы гептилі бар «Протон» тағы ұшырылды. Оған наразылық білдірген топ – Астанада, Парламент үйіне және Алматыда БҰҰ ғимаратына хат тапсыру барысында әкімшілік жазаға тартылды. Биліктен енді үміт үзіле бастаған кезде Нұрлан Қаппаровтың Парламентте  өткізген үкімет сағаты көңілге біраз медеу ұялатып, күпті көңілдерді серпілтті. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ 

Серіктес жаңалықтары