Мұрын жырау һәм көшпелілер мәдениеті

Мұрын жырау һәм көшпелілер мәдениеті

Мұрын  жырау  һәм көшпелілер  мәдениеті
ашық дереккөзі
Себебі,  адамзат тарихында сирек кездесетін айрықша  дарынға ие жыраудың бағасын беруден кенже қалып келеміз. Өзгенің жылтырағын даңғаза етіп әкетуге құштар мінезіміз өзіміздікіне келгенде томсырая қалатынын жасырып қайтеміз. Әйтпесе, тынбай жырлағанда айдан астам уақытты алатын көлемді «Қырымның қырық батыры» жырын ауызша жаттап, жанашыр азаматтардың қағазға түсіруімен бүгінгі ұрпаққа қалдырған Мұрын жырау да, «Қырымның қырық батыры» циклді жырлары да қазақтың кімге, қалай мақтанса да мерейін асыратын асылдары… Жуырда Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де өткен «Мұрын жырау және Қырымның қырық батыры» жырлар циклі» аймақтық конференциясы – бұл бағыттағы тоң мен сеңді қайтсек жібітеміз деген ой мен ұсыныс-пікірлердің тоғысқан нүктесі болды. Маңғыстауда туып, мұндағы жыр мектебінің өзінен бұрынғы көрнекті жыр өкілдерінің тәлімін көріп өскен Мұрынның ерекшелігі – айрықша жадтың иесі екендігі. Оқу-сызуы осал түскен сол бір кезеңдерде ұланғайыр жырды ауызша жаттап айтқан ол өткен мен бүгін арасындағы рухани алтын көпір рөлін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлт мәдениеті мен әдебиетінің жанашырлары – Қ.Сәтпаев, Н.Сауранбаев, Е.Исмайылов, М.Хакімжановалар қарт жырауды Алматыға алдырып, арнайы күтушіге бабын жасатып, көне тарихи жырды жаңғырта жырлатып, қағазға түсіріп алған болатын. Қысылтаяң соғыс жылдарында осы ардақтылар жасаған үлкен істі қазір біз лайықты жалғастыра алмай келе жатырмыз деуге болады. Сөз ләмін Гомерді айтумен бастап, «Иллиада» мен «Одиссеяны», шығыс халықтарының «Мың бір түнін», қырғыздың «Манасын», орыстың «Игорь жасағы туралы жырын»  таңдайын тақылдата таңдана айтатын қазақ Мұрын жырау мен олардың ешқайсысынан да көлемі мен поэтикалық құндылығы жағынан кем түспейтін «Қырымның қырық батыры» жырын әлі еске алған жоқ. Көлемі жағынан «Қырымның қырық батыры» жырынан шағын болып келетін «Манас» жыры ЮНЕСКО қорғауына алынып, адамзаттың мәдени құндылықтары санатына ілікті, ал біз… Әрине, «Қырымның қырық батыры» бір ғана қазақ емес, татар, ноғай, қарақалпақ, өзбек, башқұрт, өзге де бірнеше түркі халықтарына ортақ поэтикалық туынды. Бірақ, оның толық нұсқасы қазақ жерінде, Маңғыстау өлкесінде ғана сақталған және оны айтушы да осы ұлттың перзенті. Марқұм ғалым Серікбол Қондыбай бұл жырлар циклінің дүниеге келген поэтикалық отаны Маңғыстау екенін дәлелдейді. Оған дәлел де жоқ емес, жырдың өн бойында айтылатын жер-су атаулары Маңғыстау жерінде сақталған, ал жырдың Қарасай, Қази, Манашы, Тұяқбай, Күйкен, Едіге, Қырым, (Қырымгерей, Қырымбек), т.б. кейіпкерлерінің де есімдері маңғыстаулықтар арасында жиі кезігеді. Конференция мақсаты – ноғайлы батырлары мен билері әулетінің бірнеше ғасырлық тарихи шежіресінің көркем баяны болып табылатын «Қырымның қырық батыры» жырлар циклін ауызша жырлаумен бүгінге жеткізген, сол арқылы жырдың тек түркі емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасына айналуына жол ашқан ұлы жыршы – Мұрын (шын аты Тілеген) Сеңгірбекұлын және аталмыш жырдың қазақ мәдениеті тарихында алатын орнына ғылыми талдау жасау, жыр бойындағы ұлттық құндылықтарды насихаттау. Мұндайда  салмақты  сөз бен маржандай ойды оқыған-тоқығаны мол ғалымдар ғана айта алмақ. Сол себепті конференцияға жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Ә.Кекілбай бастап, жазушы-ғалым Ә.Сарай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ж.Тілепов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі С.Қосан, Сырдария университетінің доценті Б.Қорғанбек, өзге де ғалымдар мен ұстаздар қостаған қонақтар қатысты. Маңғыстау облысының 40, Ақтау қаласының 50 жылдық мерейтойы аясында өткізілген конференцияның мәжілісінде жыраулық мектеп және Мұрын жырау, аталмыш жырдың қазақ әдебиеті тарихындағы орны мен ақпараттық-энергетикалық модулі, Едіге, Шора батырлар бейнелері, ескі жырдың зерттелуі туралы баяндамалар тыңдалды. «Қазақ тарихындағы Алтын орда мемлекеті және Ноғай ордасы»  тақырыбындағы дөңгелек үстелге жалғасқан  конференцияда тарихшылар мен өлкетанушылар аталған кезең тарихының зерттелуінің, зерделенуінің бүгінгі жай-күйі жөнінде әңгіме қозғады. Қонақтар Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау мұражайына барды. Ғалымдар мен ел азаматтары этнографиялық мұражай қорын қайта жаңғырту, «Қырымның қырық батыры» жырлар цикліндегі әкелі-балалы батырлар династиясын, олардың ноғайлы елінің аумақтық қана емес, рухани тұтастығын сақтау жолындағы күресінің кейінгі ұрпаққа үлгі болар беттерін бейнелейтін тың мазмұнмен толықтыру, мұражайды республикалық деңгейге көтеру жөнінде  пікірлерін ортаға салды. Біз және біздің ұрпақ рухани байлықты, ел мен жерді сүюдің, қорғаудың ерен үлгісін өзіміздің өткен тарихымыздан сіңіре алсақ – ол барынша құнарлы, қауқарлы болмақ. Маңғыстауда өткен конференцияда айтылған Мұрын жырау мен «Қырымның қырық батыры» жырын насихаттау тек бір өңірдің емес, тұтас елдің мәртебесін өсіріп, мерейін асырар іс. Осы ұлыларды ЮНЕСКО деңгейінде ұлықтап, күллі әлемнің көз алдына алып шыға алсақ қой деген ой әзірге арман күйінде қалып тұр.

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы