Қазақ жастарын серпілткен «Жас тұлпар»

Қазақ жастарын серпілткен «Жас тұлпар»

Қазақ жастарын серпілткен «Жас тұлпар»
ашық дереккөзі

Кеңестік идеологияның солақай саясатының арқасында төл тарихымызды «айнаның» бер жағынан ғана танып өстік. Тіпті, осыдан елу жыл бұрын Мәскеуде оқыған бір топ жастардың «Жас тұлпар» атты ұйым құрғанын, бұл ұйымның қазақтың санасын сілкуге серпіліс болғанын біреулер білсе, біреулер білмейді. Бұл да тарихтың қырық қатпарлы қойнауында жасырын қалып қойды. Аталмыш ұйым туралы жан-жақты зерделеп, зерттеп жүрген жазушы Әміржан Әлпейісов «Жас тұлпар» дүбірі» атты деректі повестін жазыпты. «Жас тұлпар» ұйымының құрылғанына елу жыл қарсаңында жарыққа шығатын аталмыш еңбектен үзінді беруді жөн көріп отырмыз. 

Редакциядан


«Жас тұлпар» ұйымы бұқара халықпен тығыз байланыс жасауының арқасында ел сеніміне ие болды. Жастұлпарлықтар ары үшін арпалысатын, елі үшін жан қия алатын қазақтың балаларының әлі де бар екенін дәлелдеді. Әрине, олар социалистік идеямен уланған қалың ұйқыдағы, күнкөрістің күйбеңімен көлеңкеге айналған көпшіліктің есін жинатқызу оңайға түспейтінін білді. Әлемді қаптап тұншықтырып тұрған социалистік идеядағы мемлекеттік жүйені бірден қирата алмады. Бұл мүмкін де емес еді. Бірақ өз елі, өз жерінде тұрып мәңгүрттеніп бара жатқан ұлтының санасын сілкіндіріп, зердесін ашуға бар күш-жігерін салды. Жастұлпарлықтардың еңбектері еш кетпеді. Істеген істері елді біржолата құлдық, бодандық санадан арылтуға негіз болды. 

d6536f339b0f94c24a23246bc6a099d1.jpg

Алаш идеясы жастұлпарлықтарды дүниеге әкелді, ал олар қазақ жастарын оятты. Тәуелсіз, бостандықтағы ел болу үшін ұлтының көзқарасын өзгертіп жаңа болмыс, ойлы санаға жетеледі. Жастұлпарлықтар әсіресе, Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжан қазақ жастарын мектептен кейін сыныбымен ауылда қалдырып, мал баққызуды геноцидтің бір түріне санады. Салпаңдап мал соңында жүре берсе аштан өлмес, бірақ көштен қалып қоятыны айдан анық. 

«Ой еңбегін ұршықша иіретін қазақта қабілет жетеді», – деп Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтерді мысалға келтіріп жүрді. Ұлы Далада сонау сақ замандарынан бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы, бабалар жалғастығы үзілмеген, ата-тек тумысы ажырамаған қазақты бұратана, білімсіз, мал бағудан басқа ештеңе қолдарынан келмейді деген қағидамен жастұлпарлықтар келіспеді. Әсіресе Болатхан Тайжан барлық кездесулерде ауылды жерде мектеп бітірген балаларды сыныбымен комсомол ұйымдарының қой бағуға жіберетінін әшекерелеп, «бұл адам құқығын бұзу» деп айтып та, дәлелдеп те жүрді. «Бәріміз бірдей қойшы болсақ, құл болармыз, бәріміз бірдей тойшыл болсақ, жын болармыз» деп айтудан жалықпады. Шынында да жас түлекке аттестатын бермей, қой баққызып қою барып тұрған надандық еді. Мұндай көрсоқырлықтар ұлттың дамуын тежеу үшін әдейі істелінді.

Жастұлпарлықтардың жастарға жасаған жанашырлық істері «ұзынқұлақтан» ауыл-ауылға тез тарап, ата-аналардың балаларын қорғауға себепші болды. Жастұлпарлықтар көпшілік қауым, әсіресе жастар арасындағы кездесулерге жауапкершілікпен қарап, жоғарғы деңгейдегі дайындықпен келді. Тарихи оқиға, ұлттық ерекшеліктерді бүгінгі күнмен салыстырып, жастарға ой салды. 

Жастұлпарлықтар ұлтының бақытты болашағына өздері ғана сеніп қойған жоқ, басқаларды да сендіре алды. Қоғамнан өзіңе тиісті орынды алу үшін табиғат берген ақылмен бірге ұлы сезімге жетелейтін жүрегінің бар екенін көрсетті. Далада өскен қазақ баласы жан дүниесінің тазалығы арқасында ғана өзін еркін, бостандықта сезінетінін айтып түсіндірді. Бөтеннің ала жібін аттамайтын, жанын арының садақасы қылған ұлттың өмірге көзқарасының басқа екенін дәлелдеді. Бұндай болмыстағы халықтың ұлт болуға міндеттілігін көрсетіп бере алды. Қазақ болашағының бақыты үшін жан сала ізденіспен ұмтылысқа толы еңбек етті. Жастұлпарлықтардың жүректерінен шыққан қуатты ойлары жастарға кәусар боп құйылып, қанына сіңіп жатты.

Олардың өмір жолдарындағы талпыныстары зерделі жастардың кеудесінен саңылау ашты. «Мен кіммін?» деген сұрақ туғызды. Өз қасиетін өзі бағалап, өз тізгініне өзі ие бола алмаған, өз жоғын өзі жоқтай алмайтын халық тарих сахнасынан өшетінін білуіне себепші болды. «Егер де қоғамды өзгерткің келсе өзіңнен баста, жамбастап жатып қиялға беріле берме» деген ұран да жастардан қолдау тапты. Кеңес өкіметі қанша қатаң тәртіп ұстанса да, ерте ме, кеш пе, әділдік орнайтынына сенді. 

b53305b4f0586bfe9d9dc93d27dfadda.jpg

Жастұлпарлықтар оятқан ұлттық болмыс қазақ жерінде өз нәтижесін бере бастады. Тәуелсіздікке жетелейтін іс-әрекеттер жастарды рухтандырды. Жастұлпарлықтардың үгіт-насихаты негізінде бірлестіктер, жасырын ұйымдар құрылды. Жастар өздерінің өмірлерінің мәнсіз, қызықты емес екенін, ауылдарда мәдениет ошақтарының, кітапханалардың жоқтығын ашық айтуға кірісті. «Нантабарлық» енді жастарды қызықтырмады. Есесіне тарихқа қызығып, өткенге көз салуы, мәдениетіміздің ұлағатты жақтарын білуге ұмтылуы көбейді. «Жас тұлпар» ұйымының Қазақстаннан тыс жерлерде оқып жүрген қазақ жастарына тигізген әсерінің күштілігі сондай, елдеріне келген жастұлпарлықтар үгіт-насихат жүргізумен шектелмей, жасырын ұйымдар құруға тырысты. Жастардың сана-сезіміне ұлтшылдықтың дәнін септі. Алаш зиялыларынан кейін қазақтың санасына ұлтшыл ұғымның тарихи орнын, өз бағасын қайтарған жастұлпарлықтар болды. Олар ұлтшылдықтарын жасырмай мақтан тұтты. Бастың амандығы, жанның тыныштығы, қарынның қамын ғана ойлағандардың қасіреттің қара жолы – рухсыздануға, ұлтсыздануға түсері сөзсіз екенін батыл айтты. 

Мұндай іс-әрекеттер ХХ ғасырдың басында алаш зиялылары ұйымдастырғаннан кейін қазақ жерінде болып көрмеп еді. Алаш қозғалысынан кейін жастұлпарлықтар жалпы қазаққа «Аттан!» салып, ұлттық бірлікке, жаңаша тірлікке, азаттық үшін күресуге шақырды. 1966 жылы мектеп реформасының нәтижесінде 10-сынып пен 11-сынып балалары мектепті бірге бітірді. Қазақ мектебін бітірген түлектердің білімін одан әрі жалғастыруы екі есе азайды. Бұл да отқа май құйғандай әсер етті. 

Жастұлпарлықтар осы тірліктердің бәріне қарсы шықты. 1963 жылдың қараша айынан 1965 жылдың шілде айлары аралығындағы екі жыл көлемінде «Жас тұлпар» идеялық, құрылымдық жақтарынан толық қалыптасып, Қазақстаннан сыртта оқитын студенттер арасында филиалдар құрып болып, елмен тығыз байланыс орнатып үлгерді. Жастұлпарлықтар туған ауыл, өскен жерлерінде жәй үгіт-насихат жасап қоймай, Қазақстанның барлық жерінде болашақ құрылымдарға негіз жасады. 1965 жылдың күзінен бастап, 1966 жылы ақпанда Алматыда өтетін «Жас тұлпар» ұйымының республикалық мәжілісіне дайындықтар жүргізді. Елді мекендерде «Жас тұлпар» ұйымының жақтастары, қолдаушылары жартылай құпия жиындар өткізіп, өздерінің Алматыға баратын өкілдерін дайындады. 

Бұл жылдары Кеңес Одағының саяси жүйесінде де өзгерістер болды. 1964 жылдың қазан айында Никита Хрущев экономикалық кемшіліктері үшін қызметінен босатылды. 1961 жылғы ақша реформасы, одан кейінгі екі жыл астықтың шықпауы ауыл шаруашылығында қиыншылықтар туғызды. Хрущевтің өзі де Сталиннің «жеке басқа табынуын» әшкерелеу бағытының желісін азайтып, авторитарлық билік жүйесіне бет алған еді. Бұл саясатқа елдегі шығармашылық зиялы қауым қарсы шықты. Елде коммунистік жүйеге қарсы «диссиденттік» ағым пайда болды. Хрущев биліктен кетісімен құқық қорғау органдары жоғалтқан билік құзырларын қайтадан қолдарына алды. КГБ тіріліп, қайтадан тарих сахнасына шықты. 

Жастұлпарлықтарға «коммунистік аға буынды» арқа тұтқан, ұлттық санадан жұрдай, өліп-өшіп билікке ұмтылған «комсомолдық буын» қарсы тұрды. Жаттанды сөздер айтқан, ұлттық, рухсыз жас­тар легі «Жас тұлпар» ұйымының іс-әрекеттеріне кедергі жасап бақты. Бұл комсомол беделділерінің ақыл-кеңесшісі құдіретті КГБ еді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті арнайы шешім қабылдады, Мәскеуге, ұйым мүшелерінің жиналыстарына қатысуға арнайы тыңшылар жіберді. Қазақстанда жиналыстар, кездесулер өткізуге кедергілер жасады. «Хрущевтік жылымық» дәуірі болғандықтан үндеместер жастұлпарлықтарға қарсы ашықтан-ашық репрессияға бара алмаса да, ұйым мүшелерінің аяқтарын қия бас­тырмай аңдыды. Құпия деректер жинап, шабуылға шығуға ыңғайлы сәтті күтті. 

Ел билігіне Л.И. Брежневтің келуімен демократиялық үрдіс саябырлап, «хрущевтік жылымық» тарих сөресіне көшті. Бірақ қозғалған саяси сең өз жүрісін баяулатқанымен, тоқтаған жоқ. 

«Жас тұлпар» ұйымының ұлттық мүдде, ұлттық мәдениет, қазақ тілі жөнінде жүргізген жұмыстарын бұқара халық та әртүрлі қабылдады. Кейбір зиялы деген ел ағалары Компартияның Орталық комитетіне алашордашылардың ұрпақтары Кеңес өкіметін құлатуға шақырып жатыр деп «домалақ арыз» жазды. Енді біреулері бұны әдейі істелініп отырған арандатушылық деп үрейленіп, ат-тондарын ала қашты. Бұл интернационалистік тұрғыдан тәрбиеленіп қалған, бойында өткеннің үрейі бар дүбәралар саны күннен-күнге көбейген кез болатын. 

Тек, ұлттық сезімнің құндылығынан нәр алған қазақ жастары «Жас тұлпар» ұйымының мақсат-бағдарын болмыстарына сіңіре алды. Жастұлпарлықтар айтып жүрген қазақ халқының тарихи ұлт екендігіне сеніп, оларды жаппай қолдады. Бұл қазақ ұлтының ерекше көріністері мыналар еді: 

біріншіден, қазақтардың ерте заманнан тұрақтаған ата-қонысы бар; 

екіншіден, қазақ мемлекет құрған ұлт;

үшіншіден, тарихи-мәдени құндылықтар жасап, материалдық қажеттілігін өз жерінде, өз күшімен қамтамасыз еткен; 

төртіншіден, ата дәстүр, әдет-ғұрпы қалыптасып, сабақтастығы жалғасқан ұлт; 

бесіншіден, рухының күштілігі, сөз құдіреті, далалық демократиялық үрдісінің күшті дамуы; 

алтыншыдан, бауырмалдық, батырлық қанға сіңген қасиет; 

жетінші, кеңдік, еркіндік, ұлттық ерекшеліктер негізінде Ұлы істерге бейімділік. 

Жастар ұлттық ерекшеліктен қазақ халқының ұлылығын көрді. Ауыз әдебиетіміздің, шежіре тарихымыздың, тіліміздің, өнеріміздің байлығы оларды шаттандырды. Ұлт сана-сезімдеріне серпіліс әкелген жастұлпарлықтарға жәй сеніп қойған жоқ, қолдап, соңдарынан ерді. 

«Жас тұлпар» ұйымының беделін, ұйымдастырушылық қабілетінің қаншалықты болғанын 1966 жылы ақпан айында Алматыда өткен ашық мәжілістен көреміз. Жастұлпарлықтармен кездесуге Қазақстанның барлық облыс­тарынан жастардың арнайы өкілдері қатысты. Бұл жәй кездесу емес, ұлттық сананың оянып, жаңа белеске жеткені еді. Жастұлпарлықтарға Қазақстанның Орталық комсомол комитетінің хатшысы Ибрагим Аманғалиев көп көмек көрсетті. Жастардың жол қаражаттарын айырды, материалдық көмек көрсетті. Ол кейін осы іс-әрекеттері үшін жұмыстан қуылды.

Қазақстандағы ақын-жазушылардың арасынан Жастұлпарлықтар өздеріне жақтастар тапты. Елдегі келеңсіздік, ұлттық құндылықтардан айырылу қазақ зиялы қауымына да ой салды. Жазушылар одағының басшылары жастұлпарлықтарға жанашырлық жасады. Шамаларынша қолдау көрсетті. «Жас тұлпар» қозғалысының екі күндік жиналысын Жазушылар одағы аясында өткізбекші болды. Ұлтшылдық бағыттағы қозғалыстың жиналысы жазушылардың қара шаңырағында басталуы қазақ рухының әлі де қуатының бар екенінің көрінісі.

Жазушылар одағындағы жиналыстың бірінші күні Мұрат Әуезов пен Болатхан Тайжановтың өте мазмұнды ұлт тағдыры бағытындағы баяндамаларымен басталды. Жастардың сөздерінде ой деңгейлерінің жоғарылығы, жан-жақты терең білімділіктері, ең бастысы, ұлтының болашағы үшін отқа да, суға да түсуге дайындықтары айқын көрініс тапты. Баяндамашылардың репрессияға ұшырап, атылған ақын-жазушыларды ақтау, ауылдағы жастардың жағдайы, қазақ мектептерінің жабылуы туралы келелі мәселелерін қолдап Әнуар Әлімжанов, Сәкен Жүнісов, тағы басқа жазушылар сөз сөйледі. Жиналысқа қатысушы көпшілік қауым жастарды бірауыздан қолдады. Бірақ, қазақтың кертартпалығы таусылған ба, жас­тарды«Бүлікші, Алашорданың күшіктері өсіп, Кеңес өкіметін құлатпақшы», – дегендер де болды. Белгілі классик жазушымыз сол жиынның аяғына қарамай, шыққан бетімен алаңды қақ тіліп, жүгіре басып өкімет үйіне барып арыз айтты. Бұл ол кісінің 1937 жылдан қалған бойындағы үрейінен де болар. Бірінші болып естігенімді тиісті орнына жеткізбесем, өзім де қармаққа ілініп қалармын деп қорыққан сияқты.

Тиісуге сылтау іздеп отырған билікке керегі де осы еді. «Айт!» дегенде арс етіп қабатын КГБ-ның иттерінің тұмылдырығы алынып, басы босатылды. КГБ қызметкерлері керекті ақын-жазушылармен түні бойы «тәрбие» жұмысын жүргізді. Нәтижесі бесенеден белгілі. Келесі күні жастұлпарлықтарға Жазушылар одағының есігі жабылды…

КГБ талабы орындалып, жастұл­парлық­тардың жиналысының екінші күнгі мәжілісі тоқтатылды. Бұл іс-әрекет жігерленіп, намыстың атына мінген жастұлпарлықтарға кедергі бола алмады. Жиналыстың жұмысын жалғастыруға шарқ ұрып мекеме іздей бастады. Қазақтың атар таңын жоқтаған Алаш зиялыларын ұзақ жылдар бойы датталып, қараланып келгенімен келіспеген, жан дүниелерінде жас болса да, социалистік жүйенің ұлт зия­лыларына қара жағуына іштей жиркеніш қалыптастырған. Алаш азаматтарының тұлғаларынан үлгілі өмір өрнегін тоқыған жастұлпарлықтар КГБ қызметкерлерінің құзырынан қаймықпады. Елінің ертеңі үшін ештеңеден тайынбай, ерлік жасай алатын азаматтарға қазақ топырағы бағзы заманнан бері кенде болып көрмеген. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар қашанда шығып отырды. Жастұлпарлықтардың ақсақалдардың кесірінен тығырыққа тіреліп, қиналып тұрғанын көрген КазГУ-дің аспиранты, кәсіподақ төрағасы Мырзатай Жолдасбеков жауапкершілікті өз мойнына алып, жиналысты университеттің үлкен мәжіліс залында өткізуге ұсыныс жасады. Бұл нағыз көзсіз ерлік еді. Ұлтының болашағы сөз болғанда қара бастың қамымен шектеліп бұғып қалмай, жұмыстан шығып, тамырыма балта шабылады-ау деп жалтақтамай, жауапкершілікті мойнына алу, кім болса соның қолынан келетін іс емес. Социалистік жүйенің қамшысы төбеңнен үйіріліп, КГБ аяғыңды аттатпайтын заманда ұлтшылдарды ашық қолдау жау қолына жалғыз шапқандай жүректілік болатын!

Мырзатай Жолдасбеков қай жерде, қандай қызметте жүрсе де сол жастұлпарлықтарға деген ой-сезім, көңіл қалауын кейін де өзгертпеді. Өзі де «Жас тұлпар» қозғалысының Қазақстандағы белсенді мүшесі болды, ұлттық болмыстың шыңдалуына ат салысты.

Жиналыс кешеулетіп КазГУ-дің 500 адам сиятын үлкен мәжіліс залында жалғасын тапты. Сөз жарыстар зұлматты күндердің бет-пердесін аямай ашты. Жиналысқа қатысушы жастар халқының қасіретін сезініп, ғибрат алды. Республикалық кең көлемдегі саяси шараға жастұлпарлықтар Москвадан, Петербургтен, Киевтен, Рига, Харьков, Одесса, Саратов қалаларынан келді. Олар студент жатақханаларына, суретшілердің ұстаханаларына, зиялы қауым арасына барып, өз ойларын ашық айтып, жұртты әділдік үшін бейбіт күреске шақырды. Жастұлпарлықтар екінші күнгі жиналыстың алғашқы сөзін Алаш зиялыларының соңғы көзі Хамза Абдуллин ақсақалға берді. 

Хамза Абдуллин – тарихи тұлға. Мағжан Жұмабаевтың немере інісі, ең соңғы серіктес-атқосшысы, шәкірті болған азамат. Абдуллин Отан соғысы кезінде Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінде қызмет атқарған. Ұлтшылдығы үшін неміс фашистері өлім жазасына кескен, бірақ атылмай, Демблин қамалында концлагерьде жазасын өтеген. Соғыстың аяғында Америка әскері тұтқыннан құтқарып, елге оралған. Елге келген соң Түркістан ұлттық комитеті мүшесі, жау ретінде 10 жылға сотталып, Сталин өлгесін ақталған. 

Хамза Абдуллин университеттің үлкен дәріс залының төрінде тұрып: 

– Не көрсем де, Алаш үшін көргенім, 

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер, 

Істей берсін қолдарынан келгенін, 

– деп, өз сөзін Мағжан Жұмабаевтың өлеңімен бастады. Халық жауы аталып, атылып кеткен сүйікті ақынының өлең жолдары 30 жылдан кейін қазаққа қайта оралды. 

Хамза Демблин қамалында түрмеде отырған кезінде өскен елін, қазақ жерін сағынып жазған өз өлеңдерінен де үзінді оқыды: 

– Ашшы – мынау қараңғылық сарайын, 

Бой жазайын, бостандыққа барайын. 

Қайда менің еркін өскен кең далам?

Көз жіберіп, биік шыңнан қарайын. 

Жастұлпарлықтар 1966 жылы Алматы қаласында қазақ зиялы қауымы және студент жастармен өткізген кездесулерінің бәріне Хамза Абдуллинді бойтұмар қылып ертіп жүрген. Алаш идеясының соңғы көзі, тірі азаматы ретінде алғашқы сөзді беріп отырған.

Олар ұлттық идея нәр алатын мәдениет пен өнер, тіл мен діл, салт пен дәстүрді жандандырайық деп үндеу тастады. Алаш зиялыларын ақтау, ашаршылық жөнінде шындықты айтуды талап етті. Ұлы Абайдың «Адам бол!» принципі негізінде рухани-адамгершілік жағынан жетілген, білімді, озық ойлы, ұлтына жаны ашитын жаңа қазақ тәрбиелеу керек деді. 

  Жастұлпарлықтардың бір ерекшелігі, көпшілік зиялы қауым өкілдері сияқты қазақтың ұлт ретінде жойылып кетуінен қорқып жәй байбалам салу болмады. Ұлтына деген сүйіспеншілік оларды рухтандырды, халқының болашағына сендірді. Қазақтың соңғы дауылпазы Махамбет те, қазақтың соңғы ханы Кенесары да азаттық үшін басынан айырылса да, бүгінге дейін ұлт рухының біз жете алмай жүрген алып шыңы екенін де кездесулердің бәрінде баса айтты. Әр қаладан келіп, өз пікірлерімен бөліскен жастұлпарлықтардың сөздері өтімді болды, келтірген мысалдары тыңдаушылардың көкейлеріне жақты. 

Бұл – жастұлпарлықтардың маңдай­ларына жазылған тарихи мүмкіншілікті мүлт жібермей, өз өсу деңгейі, мәдени биіктігіне сай заманы арқалатқан жүкті межелі жерлеріне жеткізгенінің нақты көрінісі болды. Мұрат Әуезов естелігінен : 

«Жиналыс екі күнге жоспарланған болатын. Бірінші күні менің баяндамам тыңдалды. «Жас тұлпардың» Ленинградтағы бөлімін басқаратын Сәрсенғали Құспанов дейтін азамат сөйледі. Сол сияқты біраз жігіттер сөз алып, алдағы уақытта не істеу керек деген сауал төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Қазақтың тағдыры хақында көптеген мәселелер көтерілді. Бұл нәрсе біреулерді риза етіп, енді біреулерді қатты шошындырды. Әнуар Әлімжановтың «Нас мало, но мы в тельняшках» дегені әлі күнге есімнен кетпейді. Әлдекімдерге назаланғаны ғой…

Екінші күні қайтадан жиналдық. Қаладағы студенттер біздің бір күн бұрынғы басқосуымыздан құлақтанып үлгірген екен. Жазушылар одағын басып қалды. Алайда жиын өтетін зал есігіне қара құлып салынды. Белсеңді жігіттер жай іздеп, жан-жаққа шауып кетті. Бізді бұл тығырықтан Мырзатай Жолдасбеков алып шықты. Бұл азамат ол кезде КазГУ-дың аспиранты, кәсіподақ төрағасы екен, оқу орнының басшыларымен келісіп, барлық жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, студенттер аудиториясында бас қосуымызға үлкен азаматтық көмегін берді. Кешкі алтыда басталған жиын қызу пікірталаспен түнгі сағат он бірден өткенде барып тарқады. Ең соңында жиналғандар орындарынан тұрып, бірнеше қазақ әндерін орындады. Олардың бар дауысымен жаңғырта салған әндері мүлгіген түнгі Алматының аспанына сіңіп жатты. Біз сол жиында мәдениетіміз бен тарихымызға қатысты 20 шақты мәселені қағазға түсіріп, оны Өзбекәлі Жәнібековтың қолына тапсырдық. Ол кісінің жылы шыраймен қолымызды қысқаны әлі күнге есімнен кетпейді».

Жазушылар одағында өткен жастұл­парлықтардың жиналысына «Лениншіл жас» газетінің тілшісі болып қатысқан жазушы Дулат Исабеков алған әсерін былай сипаттайды: ««Жастұлпарлықтар» Жазушылар одағындағы кездесуге тың өлкесін аралап, ондағы кәриялармен, жергілікті қазақтармен сөйлесіп, олардың ұлттық тұрғыда мүшкіл хәлін көріп, ойға түйгендерін ерекше күйінішпен тізіп шықты. Мұраттың сөзі әр адамның көңіл түкпірінде сары сем болып қатып жатқан ар мен намысты оятты, іште қамалып келген ұлт болашағы жайлы уайымына қозғау салды. Оның ойлары мен өткір топшылауларын жиылған жұрт уыздай жас жігіттің албырт эмоциясы деп қабылдаған жоқ, мейілінше ақыл тоқтатқан, ұлт болашағын білімдарлықпен батыл қозғай білген толысқан азаматтың сөзі деп айрықша қабылдады. Ұлттың ассимиляцияға түсіп, ертеңгі болашағы бұлыңғыр екенін ол кезде трибунадан ашық айтпақ түгілі сыбырлап сөйлесуден жасқанатын кезеңде Мұрат Әуезовтің сөзі билік басында отырғандар үшін ашық күнгі найзағайдай қабылданды. Көлеңкесінен қорқып үйренген кейбір жазушылар осы сөздерді үреймен тыңдап, кейбір ақсақалдардың залдан шығып кеткенін де көрдік.

Мұраттан соң Болатхан Тайжанов сөйледі. Оның сөздері де ыстық ықыласпен қабылданды. Қазақстанның ен байлығы, қазақ игілігіне емес, өзгелердің игілігіне жұмсалып отырғанын, тың игерудің салдарынан Арқадағы қазақ ауылдарының жойылып, қазақ мектептерінің жабылып жатқанына күйзеле тоқталды. Жазушылар жағынан да сөйлеушілер көп болды. Ұлт мәселесі тұңғыш рет ашық айтылды. Оған мұрындық болған – Мұрат Әуезов, «Жастұлпарлықтар» еді. Бір ғажабы, ұлт мәселесін осында жүрген қазақ тілді «ұлтшылдар» емес, қазақы ортадан алыста, барлық білім мен тәрбиені орыс тілінде алған өрімдей жас жігіттердің алғаш рет батыл көтергендері кеудесінде намысы бар барша қазақты жігерлендіріп, ұйқылы-ояу жүргендерін оятып, өздерінің кім екендерін, ертең кім боларын ойлауды естеріне сап, көңіл көздерін ашып кеткендей болды».

Адамзат тарихында не істелінсе де Ұлттық мүдде үшін істеледі. 

Жас тұлпардың тұяғының дүбірінен оянған Ұлы дала төскейіндегі қазақ жастары ештеңеден тайынбауға айналды. Әділеттілік жөніндегі пікір-ойлар, жастұлпарлықтарды көріп, сөздерін есту елдің түкпір-түкпірінен келген жастарды бұрынғыдан да қатты рухтандыра түсті. Адам өз еркіндігі үшін талпынып, аянбай күреспесе болашағының күмәнді, көмескі бола беретіндігіне көздері әбден жетті. Қазақ жастары жастұлпарлықтардың ықпалымен қоғамдық өмірге белсене араласып, болашақтары үшін күреске шықты.

Дайындаған Гүлзина Бектас