КОМПЬЮТЕР СИНДРОМЫ ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ БЕ?

Тасқа қашалып жазылған дүниенің ешқашан құны жоғалмайды. Ол біздің тарихымыздан белгілі. Егер оның құны мәңгілік болмаса, сонау Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштеріндегі жазулар неге соншама ғасыр сақталып қалды?! Газет пен журнал да сондай. Мәңгілік. Сарғайған парақтардағы сарғайған жазуларды кез келген сәтте тауып алуымызға мүмкіндік бар. Сонау 1870 жылы шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті, «Дала уәлаяты» газеттері немесе революциядан кейін Алаш азаматтары шығарған «Қазақ», «Айқап» сияқты басылымдар осының дәлелі. Алаш арыстары жазып қалдырған рухани дүниелеріміздің бәрі «тасқа қашалып жазылғандай» күні бүгінге дейін сақталып қалды. Бұл да газет пен журналдың құдіретінің арқасы. Замана көшіне ілесіп, өркениетті қоғамда ақпараттық кеңістік адам ілесе алмайтын шапшаңдықпен қарыштап дамып келеді. Бүгінде газет пен журналдың орнын көбіне интернет-ресурстар басып келеді. «Интернет сайттардың көбеюі газет пен журналдың қоғамдағы ролін бәсеңдетіп жібереді» деген пікірлер де жиі айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?! Шын мәнінде, газеттің орнын интернет-сайттар алмастыра ала ма? 

1.Компьютерленген қоғамда қағаз бен қаламның күні өткен. Енді газеттің де күні біте ме деген қауіп бар. Интернет-ресурстардың көбеюі газет-журналдың қоғамдағы ролін бәсеңдетіп жіберді. Шын мәнінде, қазақ журналистикасы өтпелі кезеңде тұр ма? 

2.Кеше «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған газеттердің бәрі жабылып, бүгін олардың орнын сайттар баса ма?

Аманхан Әлім,ақын:

4d50ef95803448326aeb3a7e5d3687d3.JPG

1. Егер билік газет-журналдар оқылмайды деп, электронды компьютерлерге иек артса, онда олар қатты қателеседі. Өйткені осыған дейін де, алғаш ғылыми-техникалық прогресс дамыған кезде, әдебиет пен журналистика өледі деген пікір болған. Өкінішке қарай, олай емес. Белгілі бір кезеңдерде басылымдар ауыр дағдарысты басынан өткеруі мүмкін. Бірақ, өлмейді. Ертең, компьютер синдромы басылғаннан кейін, халық қайтадан билік өлтірген газет-журналды іздей бастайды. Сол кезде олар оқырманға не деп жауап береді? Олар осыны ойлауы керек. Әрине, қазір компьютердің жолы болып, үлкенді-кішіні компьютер синдромы иектеп алған. Оның қызуы қайтқаннан кейін, қағаз газеттер мен журналдар алға шығады. Мысалы, техникасы ең озық жапондар мен Кореяны немесе сол Еуропаны алайық. Оларда қағаз басылымдар, яғни газеттер мен журналдар өлді деп кім айта алады? Бір ғана Токиода екі мыңнан астам газет-журнал шығады екен. Компьютері дамыған сол елде, газет пен журнал құрыса, құрыр еді ғой. Ол неге құрымай тұр? Өйткені күнделікті БАҚ өзінің құндылығын ешқашан жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Сондықтан, билік асығыс шешім шығарып, «қағаз басылымдарына» қиянаттық жасамауы керек. Қазіргі компьютер синдромы өтпелі кезең. 

Шархан Қазығұл,

публицист:

015ffb42437d802824cfd492e05a8a98.jpg

1. Қазақ мерзімді баспасөзінің бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары туралы соңғы кездері жиі айтыла бастады. «Нұр-Медиа» холдингіне қарасты біраз газеттердің порталдық нұсқаларға көшірілуі, бұл әңгімені онан сайын ушықтыра түскені рас. Әлемде бұл үрдістің көптен белең алғаны тағы белгілі. «Вашингтон пост» газетін қазір сатып алушылар өте аз. Есесіне, оның сайттық нұсқасын күніне 5 млн. адам оқиды. WWW – нағыз әлемдік шырмауық екенін түсінетін кез әлдеқашан келді! Әлемдік заманауи жаңалыққа ілесетін уақытымыз туды! Бірақ, қаламын тістемесе, шабыты келмейтін, біздің буын қағазды қолына ұстап отырмаса, көңілі көншімейді! Дәл осы жерде есіме «Москва слезам не верит» фильмі түсіп отыр. Есіңізде ме, оператор жігіттің айтқаны? Олай болса, кез келген өнер құрып кетеді дегенге өз басым сене бермеймін. Газет те қанша жерден кәсіп дегеніңмен өнерге жатады. Өнердің элементтері онда толып жатыр. Сондықтан да газет құрып кетеді деген әңгімеге әзірше мотивация көріп тұрған жоқпын. Астын сызып айтайын дегенім, бізге газет ісінде үлкен реформа керек! Жылтыр сөзді құрту керек. Қазір ой керек! Қысқа сөздің қауызына әп-әдемі қондыра салатын ойды меңзеп тұрмын! Ой болғанда да, ешқайда бұра тартпайтын ортадағы ойды айтамын. Мен 2008 жылы «Айқара» деген жеке газетімді өз серіктестеріммен бірігіп жарты жыл шығардым. Сол газеттің концепциясын қазіргі мерзімді баспасөзге ұсынар едім. Шын мәнінде, қазіргі заманғы газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың. Газет структурасы біздің заманымызда танымдық-сараптамалық мақалаларға құрылуы керек. Сонда ғана біз газеттерді қорғап қала аламыз. Сонда ғана біз басқалармен бейбіт қатар өмір сүру құқына ие боламыз!

Нұртөре ЖҮСІП,  «Айқын» газетінің 

бас редакторы:

e85c9a169a035bf29f7fdbc196ac1479.jpg

1. Қағаз бен қаламның күні өтті деп ойламаймын. Қай заман, қай қоғамда болса да қағаздың құдіреті күшті: қағаз – қоғамның қозғаушы күші, біз қанша «компьютерлендік» десек те, қағаз азайған жоқ, кез келген мемлекеттік іс тек қағаз бетінде құжаттанады. Қағаз бен қалам қандай заман орнаса да қолданыстан шықпайды. Қойылған сұрақтың түпкі төркінін түсінемін. Интернет-ресурстардың көбеюі басылымның газеттік нұсқасы мүлдем жойылады деген сөз емес. Өркениетті елдердің бәрі де қағаз бен компьютер жетістігін қатар қолданып отыр. Бұл жерде екі саланы бір-біріне қарсы қою немесе бірін зор, екіншісін қор ету әсте дұрыс нәрсе емес. Адамдардың талғамы деген бар: кім қай нұсқаны қалайды, қайсысын қолайлы көреді, соны қолдануы керек. Бірін екіншісінен артық санау, сол арқылы қазақ журналистикасын жікке бөлу жақсылыққа апармайды. Қазақ журналистикасы өтпелі кезеңнен өткен. Нарықтық реформалар тұсында жабылмаған қазақ газеттері еліміз өркендеп, дамудың жаңа сатысына түскен шақта жаппай жабылуы мүмкін деген мәселені көз алдыма елестете алмаймын. Қазақ тіліндегі интернет ресурстардың саны артуы – заңдылық. Одан қорқуға болмайды. Бұл газет атаулы құрып кетеді деген сөз емес. Менің ойымша, екеуі де қатар дамиды. Кезінде кино шыққанда, театр құриды деген пікір болған. Сол секілді нәрсе ғой. 

Әйтсе де бүгінгі таңда бастарына «вирус» кіріп кеткен азаматтар аз емес. Олар «газет-журналдың күні бітті, интернет басылымдардың дәурені келді» деп біржақты байлам жасап жүр. Қазақстан – әлемдегі озық елдердің қатарына кіруге талпынып отырған ел. Ал сол озық деген елдерде газет-журнал нарығы соншалықты бейшара күйде ме? Ең алға кеткен Жапония мемлекетінде күнделікті газеттер миллиондаған данамен шығып жатыр. Газеттен бас тартса, ең бірінші сол Жапония бас тартар еді ғой. 

Бұл жерде бір ғасырға жуық қағаз басылымдарды оқу мә­де­ниеті қалыптасқанын ескергісі кел­мей­тіндердің бар екенін айту керек. Біздің қазақ тасқа басылған сөзге қатты сенеді. Интернет басылымдар не жазса да, қандай өткір мәселе қозғаса да, қалың қазақ ондағы жарияланымдарға жүз пайыз сеніммен қарай алмайды. Бұл қалыптасқан менталитет. Оны өзгертуге талпыну опынудан өзге ештеңе де бермейді. 

«Газеттерді шығару шығыннан бас­қа ештеңе де бермейді» деген де пікір бар. Ал салыстырып көрелік. Сіз бір жылға 5000-6000 теңгеге газетке жазылсаңыз, ол жыл бойы поштаңызға келіп тұрады. Интернетті пайдаланғаныңыз үшін айына бес-алты мың теңге кетеді. Бір жылға шақсаңыз, 50-60 мың теңге шығады. Бұл қаржыға бір емес, бірнеше қазақ газетерін жаздыртып алып оқуыңызға болады. Айырма бар ма? Бар.

Интернеттің де өз артықшылығы бар. Жедел ақпарат алғысы келген адам одан өзіне керегін тез табады. Бірақ қажетті дүниеңізді табу үшін қанша уақытыңызды сарп ететініңіз тағы бар. Газет тігіндісін кез келген уақытта тауып алып, қарауға, іздеген мақалаңызды жүз жыл өтсе де, тауып алуыңызға болады. Қазақстанның тым шалғай орналасқанын, интернет желісі барлық жерде орнықпағанын ескерсек, газеттің маңызы мен мәнін таяу онжылдықтарда жоя қоятынына сенгім келмейді. Сондықтан құстың қос қанаты секілді журналистиканың екі саласы да бір-бірімен қанаттаса дами береді деп ойлаймын. Бәлкім, біздің еліміз алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына шындап енген кезде интернет басылымдардың бәсі артуы мүмкін де шығар. Алайда, газеттердің күні бітеді деген пікірмен үзілді-кесілді келісе алмаймын.

2. Сайт деген сайтанның кенже баласы секілді. Оның жыл санап, ай санап емес, сағат санап, сәт санап жетіле беруі күмән тудырмайды. Қазақтың ақпарат кеңістігі алдағы уақытта да жаңа сайттармен толығады. Одан үркіп, қорқудың қажеті шамалы. Бір кезде коммерциялық видеоны бүкіл халықтың жаппай, таласа, тармаса көргені естеріңізде болар. Қайда сол кинолар? Сайт та сол секілді күй кешуі ықтимал. Озығы қалады, тозығы кетеді. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған газеттер, айтқан жерден аулақ, жер бетінен қазақ халқы құрып кеткен кезде ғана жойылуы мүмкін. Ал Қазақстан Президенті 2050 жылға қарай бұл елдің Қазақ Мемлекеті атанатындығын, Қазақ Елі деген еркін де тәуелсіз елдің аршындап алға басатындығына сенеді. Президент сенген кемел келешекке біздің сенбейтіндей не жынымыз бар?!. Сол себептен, не болса да ертеңгі күнге сенейік. Не болса да, елмен бірге көрейік. Арбаның алдына түсіп, ойбайлай берудің қажеті шамалы деп есептеймін.

Серік Әбікен, 

журналист:

cd1e558798a6b31237793e9b9c44c7d9.jpg

1. Ғаламтордың екпіндеп келе жат­қанын көріп отырсақ та, «газет пен кітап келмеске кетеді» дегенге сенбейтіндер санатынанмын. Себебі, монитордан оқыған мақаламен бояу иісі сіңген қағазды сапырылыстырып отырып оқыған материалдардың әсері екі бөлек. Оның үстіне, Қазақстандағы интернеттендіру жұмыстарының қарқынына қарап алдағы 30-40 жылдан қауіптенбесек те болатындай. Десе де, интернет-газеттер қағаз басылымдарды толайымымен ысырып тастамаудың амалы қазірден қарала бастауы керек. Осы күні барлық басылымдардың сайттары бар. «Түркістан», «Жас Алаш», «Жас қазақ», т.б оқығысы келген адам тінтуірмен түртпектеп отырып-ақ керегін тауып алады. Енді қазақ журналистері осы сайттар арқылы пайда табуды үйренуі керек. Күллі ақпарат, тұщымды материалдарды тегін оқу мүмкін болса, болашақта оқырман ғаламторға ауып кетері анық. Мәселен, өз еліміздегі түрлі жарнамалық, ғылыми жұмыстарға арналған интернет-порталдар ақылы қызмет көрсетуді меңгеріп келеді. Электронды-әмиан да қолданыста жүр. Осыдан жазарман да, оқырман да ұтылмайтындай жол табылуы керек. Сол кезде газет-журналдың да басына төнген бұлт ыдырайды. Монитордың магнитті әсерінен қашқақтағандар қағазға басылған газетті сатып алып оқиды. 

2.Шынын айтқанда, ғаламтор арқылы жұмыс істеу журналистер үшін өте тиімді болар еді. Жұмыс жеңілдейді. Баспаханаға тәуелді болу, жазылым маусымында әр әкімге жалтақтап, көмек сұрау, байланыс бөлімшелерін үлеске алу секілді көптеген жүйкеге тиетін шаруалар сап тиылады. Бірақ, дүңгіршектің терезесіне үңіліп, «Маған ана басылымды беріңізші» дейтін сәттер де келмеске кетеді. Сондықтан… сенбеймін. Газет-журналды қолына ұстап оқығанды жақсы көретіндер қай заманда да болған, бола да береді. 

Асылхан Мамашұлы,

журналист:

1460895b9a9a7c03d8f165cdfef3be25.jpg

1. Газет-журналдардың рөлінің тө­мен­деуі интернет ресурстардың кө­бею­іне ғана байланысты емес. Қазақ газеттерінің негізгі оқырманы ауылда. Шалғай ауылдарды айтпағанда, аудан орталықтарында интернет таралымы төмен, жылдамдығы нашар. Мәселен, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облысының түкпірдегі ауылдары интернет дамып кеткендіктен газет оқуды қойды десек, күлкілі естілер еді. Уақыты келгенде, оларға да интернет жетеді, сонда интернет ресурстар толық үстемдік етеді. Оқырманға шындық керек. Газеттер саясаттағы, экономикадағы, бизнестегі шындықты жет­кізсе, рөлі төмендемейді. «Айт­қыз­басы айтқызбайтын, жазғызбасы жаз­ғызбайтынын» және оның кейінгі кез­дері көбейіп кеткенін әр газеттің іші сезетін болар. Міне, дәл осы тұр­ғы­дан келгенде қазақ журналистикасы өтпелі кезеңде тұр деп есептеймін.

2. Сайттар басатынына сөз жоқ. Қа­зірдің өзінде артында қалталы де­меу­шісі жоқ болса да, кейбір қазақша сайттар мемлекеттік тендерлерден, демеушілерінен миллиондап ақша алып отырған газеттерден көбірек оқылады. Өйткені оқырманға газет сатып алмай-ақ интернеттен оқи салған ыңғайлы. Ақпараттық бәсеке бұл. Апталық газеттің берген жаңалығын жарты сағат бойы жаңарып отыратын сайттар баяғыда таратып, талқылатып, жамбасын жерге тигізіп тастайды. Бұл тұрғыдан сайттар газеттен көш ілгері, тіпті салыстыруға келмейді. Ал жұрт іздеп жүріп оқитын материалдар шығара алатын газеттер, егер оның интернет нұсқасы болмаса, өз сүрлеуімен жүре беретін шығар.

Сәкен СЫБАНБАЙ, 

журналист:

a63ce1c27d046a7805fd916ec01229d4.jpg

1. Интернеттің дамуы газеттер мен журналдардың қоғамдағы рөлін сәл бәсеңдете бастағаны рас. Бірақ қағаз бен қаламның, газеттің күні өтті деп айта алмаймын. Елдің оқып жүрген басылымдарының бәрін жауып тастасақ, интернеті жоқ оқырмандардың құқығын қайда қоямыз? Мүмкіндігі болса да, «балаларым ертелі-кеш компьютерге шұқшиып отырмасын» деп әзірге интернеттен саналы түрде бас тартып отырған отбасыларды да білеміз. Өзі ұнатқан, немесе алдағы уақытта өзіне, болмаса ұл-қызына қажетті деп тапқан материалдарды қиып алып, сақтап жүретіндер де азайған жоқ. 

Мәскеуде жасы жетпістен асқан Аксель Вартанян есімді ардагер журналист бар. Спорт статистикасының білгірі. Сол бүкіл жинап жүрген қажетті дерек-мәліметтерінің бәрін қағаз күйінде сақтайды. Себебі, бір рет компьютерінің жүйесінен ақау шығып, бірнеше жылғы еңбегі із-түзсіз күйіп кеткен. Содан бері, «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, компьютерде тұрған мұрағатының бәрін әрі қағазға да басып шығарып қоятын болған. «Сақтықта қорлық жоқ», қазір мен де сөйтемін. Демек, қағаздан құтылуға асықпаған жөн.

2. Меніңше, бұл қазір бізде мүмкін емес. Өйткені елімізде интернет түгілі компьютері, компьютері түгілі электрі жоқ, бар болса да тұрақсыз жерлер аз емес. Ноутбук, айфон, планшет деген бұйымдар да екінің бірінің қолына көшті дей қою қиын. Оның үстіне, бұл құралдардан жылт еткен шағын ақпарат, жедел хабар қарамасаңыз, ауқымды сұхбат, сүбелі мақаланы тұшынып оқи қоюыңыз неғайбыл. Ұзақ уақыт компьютерге үңілу көзіңізге де зиян… Демек, енді газеттер жылдам ақпар беру жөнінен интернетке, радиоға, телеарналарға ілесе алмайтынын ұғынып, болған оқиғаның лезде себеп-салдарын анықтап, жай-жапсарын зерттеп, сараптап жазуға көшуі керек. Сонда қоғамдағы өздерінің салмақты орнын сақтай алады. Бүгінгідей екі күн бұрын болған жайтты ақпарат сипатында беріп отыруға болмайды. Материал көлемін шектеп, аз сөзбен көп мағына жеткізуге тырысқанымыз жөн. Осы тұрғыдан келгенде, өтпелі кезеңде тұрсақ, тұрған да шығармыз.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, публицист:

32046531da5cf49fbb2c65b9fb3e892c.JPG

1. Иә, қоғам өміріне компьютер енгелі бері көп өзгерістер болып жатыр. Енді міне, интернет-газет деген шыға бастады. Кез келген адам өзінің сайтын ашып, қоғамға өзінің көзқарастарын білдіре алады екен. Тіптен бұлар неше ғасырлық тарихы бар баспасөздердің қоғамдағы ролін бәсеңдетіп жіберді деген пікірлер де ара-кідік айтылуда. Сол интернет газеттің пайдасы мен зияны қайсы? 

Біріншіден, Үкімет тарапынан оған бөлінген қаражат газет шығаруға дегеннен гөрі арзанға түсері анық. Демек шығын аз. Екіншіден, интернет-га­зет­тің жеделдігі сонша онда жа­зылған дүниелердің сапасы газет­тегідей болмайтыны тағы бар.­ Неге? Қазірдің өзінде бай­қап жүргеніміздей сөйлеу ті­лінде жазылады. Ой-пікірлер асы­ғыстықтан үстірт айтылуы неғай­был. Бұл тіл мәдениетіне нұқсан келтіреді. Ал газет осы уақытқа дейін сол тіл мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оны жетілдіріп келеді. Сондықтан интернет-газеттен гөрі қоғамда кәдуілгі газеттің орны жоғары. Оның үстіне интернет-газеттің мақалалары уақытша ғана сақталады. Ал газет материалдары мәңгілік. Тарих үшін шежіре болып қалады. Үкімет осыны бағалауы керек. Дамыған шет елдерде, Америка, Жапонияда газеттердің ролі әлі жоғары. Тіптен Жапонияда газеттер күніне екі рет шығып тұрады. Демек, олар газеттің мән-маңызын жоғары бағалайды. 

Жарқын Түсіпбекұлы, Aynaline.kz сайтының 

бас редакторы:

464f12ddb1fecd93b215a70f3ca140de.jpg

1. Иә, өтпелі кезеңде тұрмыз. Бірақ бұл процесс көпшілік ойлап жүргендей жылдам жүре қоймайды. Басқасын білмеймін, біздің елде өзіңіз «өтпелі» деп бағалап отырған осы бір кезең кемі бес жылға созылатын сияқты. Электронды БАҚ дәстүрлі ақпарат құралдарының орнын дәл қазір баса қоюы екіталай. Біріншіден, интернетпен толықтай, әрбір шаңырақ қамтамасыз етілген ауылдар жоқтың қасы. Екіншіден, халықтың тең жартысының компьютерді меңгеру жағы шабандау. 2001 жылы жеткен компьютерлерді экрандағы жазуын «дірілдетіп» әлі қолданып келе жатқан ауылдың ағартушылары – ұстаздардың өзі жаңа технологиядан бейхабар. Егер әлемдік даму көшінен қалыс қалмауды ойласақ, ең алдымен коммуникация және т.б. инфрақұрылымдарға баса назар аударған жөн. Егер ол жағы тек әкімдер есебіндегі сияқты «бәрі керемет» болып, дәстүрлі ақпарат құралдарын жауып тастасақ, ауыл халқын барлық дүниеден мақұрым еткен болар едік. 

Конвергентті журналистика бізге жаңалық болғанымен, Батыс елдерінде, тіпті Ресейдің өзінде дәстүрлі БАҚ мультимедиялық жүйеге көшіп жатыр. Бұл интернетке қолжетімді халқы бар елдерде жылдам жүріп жатқан процесс. Біз де одан қалыс қала алмаймыз. Тіпті бізде де басталып та кетті. Бұрындары журналистиканың мүлде басқа мәселелерін талқылайтын жиындар өтетін болса, байқасаңыз қазіргі кездегі ақпарат құралдарына қатысты басқосудың бәрі осы интернеттің төңірегінде. Демек, қоғамдық қозғалыс басталды деген сөз. Егер «өзгем келісіп, дәл осы мәселе қалса», онда газеттен сайтқа көшудің тиімді жақтары өте көп. Ақпаратыңызды жылдам жеткізе аласыз, тіпті түрлі құрылғылар арқылы оқиға орнынан оқырманыңызға жолдай бересіз. Газет бүгін берген ақпаратты елеп-екшеп ертеңінде ұсынып жатады, ал ол ақпаратты халық сол мезетте көріп, біліп алған… Және баспа шығындары мен таратуға да аз ақша кетпейтіні белгілі. «Қазақтілді БАҚ-тың әлеуеті жете ме?» деп қорқақтап отыратын уақыт емес. 

2. Иә, тіпті менің замандаста­рым­­ның арасында «газетті қолға ұстап, қағаздың иісін алып, қолына ұстап оқып үйренген халық бұл жаңалықты қабылдамайды» деп пікір айтқандар болды. Алайда, сіз білесіз бе, қазір тәулік бойы ақпарат тарататын телеарналар көп. Және олар ауылдық жерлерге жетіп қойды. Ал журналистер жанын салып әзірлеген газеттер аптасына бір рет жиналып бір-ақ барады. Өзектілігін жойған мәліметтерге уақыт жоғалтуды өз басым өзін-өзі қорлау деп есептеймін. Бұл бізде әлі күнге дейін коммуникациялық құрылымның дұрыс жұмыс істемейтіндігін көрсетеді. Ал бұрынғы «Нұр-Астана» газетінің оқырмандары жастар болатын. Интернетте икемді қауым тұрғанда, меніңше, бұрын басылым болған қазіргі aynaline.kz сайтымыз өз оқырманын жоғалтпайды, керісінше, бұрынғыдан да қызықты бола түседі. 

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС

Back to top button