Қадамы қарышты, әр күні табысты Маңғыстау

Қадамы қарышты, әр күні табысты Маңғыстау

Қадамы қарышты,  әр күні табысты  Маңғыстау
ашық дереккөзі
273

Соңғы кездері Маңғыстауда облыс әкімі орынбасарлары мен салалық басқармалар, департаменттер басшыларының БАҚ өкілдерімен брифинг өткізуі дәстүрге айналып келеді.Атқарған жұмыстарының есебін жариялап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берудің біраз мәселенің бетін ашып, талай жәйтке көз жеткізуге себі бар. Бүгін біз Маңғыстау облысында журналистермен өткізілген бірқатар брифингтерге шолу жасамақпыз.


Құрылыстардың қарқыны


 Өз кезегінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев журналистермен жүздесіп, өңірдегі құрылыс саласының ахуалы туралы хабардар етті. Биыл облыста құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 25 млрд. теңгенің 7 млрд. 500 млн. теңгесі  білім беру нысандарын салуға арналған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 9 мектептің 7-уі биыл, 2-уі келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Облыс басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, 4 млрд. теңге денсаулық сақтау нысандарын салу үшін бөлінгенмен, бұл сала  нысандарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама алуда келеңсіздіктер бар екен. Республикалық бюджеттен облыстық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығына 2 млрд. 200 млн. теңге бөлінген, бірақ жобалық-сметалық құжатының мемлекеттік сараптамадан келуі күтілуде. Мұндай құжатқа қатысты қиындық сонымен қатар  Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы мен Жаңаөзен қаласындағы терапевт корпусына да тән екен.

Журналистер тарапынан қойылған «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының орындалу барысына жауап берген С.Тасеменұлы: 

– Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысын салуға 6 миллиард 580 миллион теңге бөлінген. Оның 1 миллиард 50 миллион теңгесі  арендалық тұрғын үй салуға арналған. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу аудандарында жүруде. Сонымен қатар 3 миллиард 100 миллион теңге тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша бөлінді. Оның 2,6 миллиард теңгесі тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі, ал 500 миллион теңгесі жас отбасыларға бағытталған. Осы бағытта Ақтау қаласындағы 32 «б» шағын ауданда 40 пəтерлік 5 үй, яғни, 200 отбасылық үй салынып жатыр. Мұнда бұдан басқа жас отбасылар үшін 100 пəтерлік тұрғын үй салынуда. 10 млрд. көлеміндегі қаржы тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына басқа үй салу үшін республикалық бюджеттен бөлінді. Мұндай мәселе әсіресе Ақтау, Жаңаөзен қалалары үшін қарастырылған. Ақтаудың 3шағын ауданындағы барынша тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ 32а шағын ауданнан 28 гектар жерге жаңа тұрғын үйлер салу үшін жобалау жұмыстары аяқталуға жақын, – деді.


 «Жұмыспен қамтудың» жәйі


Бұл мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова баяндады.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ауылдарда дəрігерлік амбулаториялар салуға 1 млрд. 123 млн. теңге бөлінген. Бейнеу, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында құрылысы жүріп жатқан 9 дəрігерлік амбулатория биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жыл басынан бері 9 мың жарым адам жұмыспен қамту органдарына тіркелген болса, қазіргі таңда  олардың 6 мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ оқу орнын бітірген жас мамандар жастар тəжірибесі бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап есептегенде, өңір кəсіпорындарында кəсіпкерлік субъектілерінде 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Ал өткен жылы осы уақытта  14420 жұмыс орны ашылған болатын. Салыстырмалы түрде айтар болсақ,  ашылған жұмыс орындары саны жағынан Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, Қарақия, Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау аудандарында өткен жылғыдан көп, ал Түпқараған ауданында 800-ге азайған. Әйтсе де, Қашаған жобасының іске қосылуынан үміт көп, – деді басқарма басшысы.

Маңғыстауда жұмыссыздық деңгейі 6 пайызды құрайды. Ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуға арналған «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында фельдшерлік-акушерлік пункттер мен автокөлік жолдарының құрылысы, мәдениет үйлерін, балабақшаларды күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған 87 жоба жүзеге асырылуда. Биылғы қараша, желтоқсан айларында бөлінген қаржыны толық игеруге тиіс болса, былтыр мемлекеттік сатып алу бойынша 45 млн. теңге үнемделген. Бұл қаржыны енді  ауыл, қалалар əкімдіктері игеруі қажет.

2013 жылы шағын несиелеудің бір бағыты бойынша 200 млн. теңге қарастырылған. «ҚР ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ның өкілдігі Маңғыстауда 80 адамға 200 млн. теңге несие берді. Осы 80 адам 177 жұмыс орнын ашады деп күтілуде. Құны 118,9 млн. теңге тұратын 48 жоба агроөнеркəсіптік кешенді дамытуға, 14 жоба жеңіл өнеркəсіпке бағытталған. Түпқараған ауданында өткен жылы қаржы мезгілінде жеткізілмеуі  салдарынан 30 отбасыға арналып салынып жатқан тұрғын үй құрылысы бітпей қалған болса, биыл жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған ол қазан айында пайдалануға берілмек.


Аймақтың экономикалық тынысы


Елбасының халыққа Жолдауында аймақтарды дамытуға айрықша мəн беріліп отырғандығына  облыс əкімінің орынбасары Ш.Илмұханбетова тоқталды. Республикалық көрсеткіш бойынша Маңғыстауда өндірістің өнеркəсіптік үлесі 12,5 пайыздан келеді, яғни біздің облыс алдына тек Атырау облысы ғана түсе алған. Ел Үкіметі 2011 жылы қабылдаған «Аймақты дамыту» бағдарламасы туралы айтқан облыс әкімінің орынбасары, бұл бағыттағы жұмыстарға тоқталды. Бағдарлама аясында республикалық бюджеттен облыстағы қалалардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 2130,6 млн. теңге бөлінді. «Жергілікті өзін-өзі басқару» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерді көркейтуге 216 млн. теңге бағытталса, 40 жоба елді мекендердің еңсесін көтеруге арналған. Ш.Лазарқызы одан әрі Жаңаөзен қаласындағы жасалып жатқан жұмыстар туралы мәлім етті. 2013 жылы «2012-2020 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласын дамытудың кешенді жоспарын» жүзеге асыру үшін оның ішінде республикалық бюджеттен 8,7 млрд. теңге (жоспар – 12,9 млрд. теңге), жергілікті бюджеттен – 795,8 млн. теңге (жоспар – 1,5 млн. теңге), барлығы  9,4 млрд. теңге бөлінген. Шағын қалалар санатындағы Жаңаөзенге республикалық бюджеттен бөлінген 1,2 млрд. теңге мұнайлы қала мен оның маңайындағы Теңге кентін, сондай-ақ  Қызылсай селосын абаттандыруға, кəсіпкерлікті қолдауға және ауылдардың инфрақұрылымы құрылысы жобаларын жасауға жұмсалуда. 


Ауылшаруашылық ауқымы


Маңғыстау – малды өңір. Кеңес Одағы кезінде кейбір кеңшарлары қызыл туды дүркін-дүркін жеңіп алып, байрақты бермеген даңқты шаруашылыққа айналған, талай саңлақ малбегілер Мәскеу асып, делегат боп  танылған еді. Негізінен түйе, қой мен ешкі, жылқы шаруашылығы дамыған. Облыс ауыл шаруашылығында физикалық көлем индексінің төмендеуі байқалған. Бұл облыстағы  аудандарда  мал санының азаюы салдарынан болса керек. Малды тірілей етке өткізу 21,16 тоннаға азайып, өткен жылдың осы мерзімінің көрсеткішімен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеуге соқтырған.

Биыл Маңғыстау облысының  мал шаруашылығын дамытуға республикалық жəне жергілікті бюджеттерден 77 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік ветеринарлық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру үшін 216,1 млн. теңге бөлініп, қазір жабдықтар жеткізілуде. Қалалар мен аудандарға арнайы ветеринарлық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 38 «Нива» ветеринарлық автокөліктері берілді, жуырда тағы да  7 «УАЗ-ДУК» арнайы автокөлігі, сонан соң 7 «Сан-Ионг» автокөлігі берілмек. Маңғыстаудың жергілікті Адай жылқысының Ресейден қатарынан үш жыл бойы ТМД кубогын иеленіп оралғаны мәлім, сонымен қатар Астана қаласында Қазақстан Республикасы  Президенті кубогын да иеленді. Алда оларды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Қазіргі таңда өңірде жылқы тұқымы мен өнімділігін арттыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес. 19 асыл тұқымды мал өсіру субъектісі жұмыс істеп тұр.  

Облысымыздың суармалы жерінің жалпы алаңы 1200 гектар, оның 750-770 гектары көкөніс-бақша өнімдерін өсіру үшін игерілуде. Аймағымызда өсімдік шаруашылығын ұлғайту жаңа технологияларды енгізу мен дақылдардың жоғары өнімді түрлерін өсіру жолымен іске асырылады. Қазір аймақта 6,2 гектар алаңға орналасқан  6 жылыжай тұрғындарды көкөніспен қамтамасыз етуде. Ауылшаруашылығы саласының ахуалымен таныстырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы К.Ерғалиев келешекте мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын одан əрі дамыта беру үшін жұмыстар жалғаса беретіндігін айтты.


Қошқар ата улы көлі: үрей мен үміт


Маңғыстау десе айтылмай қалмайтын Қошқар ата улы көлі тақырыбы да брифингке өзек болды. Улы көлдің қазіргі жағдайы, оны тұмшалау бағытында жасалған жұмыстар жайлы Маңғыстау облысы əкімінің орынбасары Ә. Шөжеғұлов баяндап, журналистер сұрақтарына жауап берді.

1965 жылдан бастап бұрынғы Кас­пий аймақтық  тау-кен комбинатының химия-металлургия, күкірт қышқылы жəне азот-түк зауыттарының қалдықтар қоймасы ретінде пайдаланылған Қошқар ата көлінің ауданы 77 шаршы шақырымды құрайды. Мұнда сол кезеңдерде, яғни қойма ретінде қолданылған кездері 51 млн. 790 тонна радиациялық қалдықтар төгілген. Ғалымдардың есептеуінше, олардың жиынтық белсенділігі 11242 кюри- ге  тең. Қазіргі таңда 105 млн. тонна улы жəне радиоактивтік қалдықтар  шоғырланған.

Ә.Шөжеғұловтың айтуынша, көлдің радиациялық қалдықтар төгілген ауданы 6 шаршы шақырым. Ал ашылып қалған жағажайдың көлемі 40 мыңдай шаршы шақырымға созылған. Көлде нитраттар, нитриттер, аммонийлер, темірлер, фосфаттар, фторлар, мырыштар, молибдендер, марганецтер, қорғасындар, урандар, радийлер, торийлер жəне тағы да басқа химиялық заттар сақталған. Қазақстан, Ресей ғылыми-зерттеу институттары Қошқар ата көлі теңіз деңгейінен төмен жатқандықтан оның жерасты суларына, Каспий теңізіне зардаптары жоқ дегенді айтады. 

 Улы көл суының төмендеуінен  жалаңаштанған жерлер аймағы артуда. Шаңы мен желі өткір Маңғыстауда бұл жердегі улы жəне радиоактивтік қалдықтардың ауаға таралу қаупі мол. Суды қалпына келтіру мақсатында жыл сайын 6,3 млн. текше метр тазартылған суды Қошқар ата көліне айдау жұмысының нәтижесі көңіл көншітерлік емес.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қошқар ата көлін залалсыздандырудың маңызы зор. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстың  техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып,  мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бұл жоба бойынша  66 шаршы шақырымды залалсыздандыруға 25,9 млрд. теңге қажет. Бұл он жылдың жұмысы. Ал бірінші кезеңінде, яғни алдағы бес жылға белгіленген 41 шаршы шақырымды  залалсыздандыру үшін 14,80 млрд. теңге керек, – деді Ә.Аманқұлұлы. 

Түйін. Бұл – республикада әлеуметтік-экономикалық даму бойынша ойып алар орны бар, іргелі облыстардың бірі – Маңғыстауда жасалып жатқан жұмыстардың қысқаша баяны. Баспасөз мәжілісінде сөз алып мінбеге көтерілген басшылар барды бар деп, жоқты жоқ деп айтты деп сенсек, есептер мен баяндаулардан өңірдің даму демі аңғарылып тұр деп ойлаймыз. 

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы

Серіктес жаңалықтары