«Нұр Отанмен» – нұрлы болашаққа!»

Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Нұр Отан» партиясының қабылданған жаңа саяси Доктринасына қолдау білдіру мақсатында «Нұр Отанмен» – нұрлы болашаққа!» атты акция өткізілді. «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткізілген ХV съезінің басты мақсаты – «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты жаңа саяси Доктринасын қабылдау. Халықтық партияның ХХІ ғасырдағы басты миссиясы айқындап беретін, 5 бөлімнен тұратын тарауларда мақсаттары анық көрсетілген саяси Доктрина тәуелсіз Қазақстанның нұрлы болашағы үшін қызмет атқармақ. Құжат кемел келешектің қамы үшін қолға алынып жатқан әрбір бағдарлы жоспарлардың жүзеге асырылуы үшін бірлесіп әрі жұмыла кірісуге үндейді. Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы жағдайларын толық қамтыған саяси Доктрина – ұрпақтар сабақтастығы мен ел тұрақтылығын сақтауға негіз болатын ірі саяси оқиға.

Мемлекет дамуына қозғаушы күш болатын Доктринаға Қыздар университетінің студенттері барынша қолдау танытып отыр.  Саяси сауатты қыздар флешмоб ұйымдастырып, «Доктринадағы басымдықтар орында­лсын!» деген түрлі игі тілектерін шарлардың ішіне салып, әуеге ұшырды. Өйткені, олар үшін Доктрина «Қазақстан – 2050» Стратегиясында межеленген әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену бағытындағы басты бағдар болып саналады.

Шара барысында ҚазМемҚызПУ-дың Әлеуметтік мәселелер және тәрбие ісі жөніндегі проректоры З.Қ.Сабырова жарқын болашақтың нышаны болар жаңа саяси Доктрина жайлы өз пікірін білдірді: «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси құжаты қабылданған съезде Елбасы біздің жастарымызға көп үміт артатынын білдірді. Демек жарқын болашақ жастар қолында. Ал ол үшін біздің жас толқын өте білімді болу керек. Республикамыздың Парасат мектебі болып саналатын Қыздар университеті кеше өткен келелі жиындағы айтылған барлық мақсат тілектерге қосылады». 

Астанада өткен ХV съезге қасиетті қара шаңырақтан «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық саяси бюросының мүшесі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева, «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Ғазиза Камалова, Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Жансая Жақсықұлова делегат ретінде қатысты. Бұл ЖОО араларындағы алдыңғы қатарлы көрсеткіш.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» жаңа саяси Доктринасының жобасы Қыздар университетінде жан-жақты кеңейтілген ауқымда талқыланған болатын. Алқалы отырысқа сәйкес, университет жанындағы Бастауыш партия ұйымының қаулысы қабылданып, онда Бастауыш партия ұйымының алдағы жұмысын жоспарлау, бірізділігін қадағалау, факультеттер арасында «Қазақстан–2050» Стратегиясының маңызын түсіндіру, «Жас Отан» Жастар қанатының студенттер арасында белсенділігін арттыру мәселелері бекітілген.

Шара соңында Қыздар университетінің белсенді жастары Астанада өткен ХV съезге қарашаңырақ атынан қатысып келген құрметті делегаттарды 2-ші теміржол вокзалынан ерекше қошеметпен қарсы алды. Алдағы аптада оқу орнында студенттер арасында арнайы жиын өткізіліп, онда делегаттар Елордасы Астанада өткен ХV съезден алған әсерлерімен бөліспек.

«Түркістан-ақпарат»

Back to top button