ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ 5 ОБЛЫСТЫ БАСЫП АЛМАҚ

ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ 5 ОБЛЫСТЫ БАСЫП АЛМАҚ

ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ 5 ОБЛЫСТЫ БАСЫП АЛМАҚ
ашық дереккөзі

Кедендік одақтан ши шықты. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кедендік одаққа Түркияны енгізуді ұсынуы және алкогольді сусындардың Қазақстан аумағына емін-еркін кіруіне (Кедендік одақ елдерінен) тыйым салуы секілді бұлқыныстары Ресейге ұнамай қалған секілді. Бұған дейін саябырсып қалған Ресей ұлтшылдарының Қазақстан туралы мәлімдемелері қайта өрши бастағаны осыны аңғартады.  
Бұл соңғы жылдары ұлттық, шовинистік пиғылдағы қозғалыстардың өрши түсуімен байланысты болып отыр. Қазір берресми ақпарат құралдары скинхедтік қозғалыстарды былай қойғанда, құқық қорғау органдары өкілдерінің өзі азиялық нәсілдерді халықтың көзінше ұрып-соғудың бірнеше фактісін жазып үлгерді. Алайда, Ресейдің ресми үкіметі бұл жөнінде ешқандай шара қолданбайды және ресми ақпарат құралдары да бұған қатысты жұмған аузын ашпайды.
Бирюлевода болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында (алаңға жиналғандардың дені жастар) шерушілер кавказдықтарға тас атты және «Ресей орыстар үшін, Мәскеу – мәскеуліктер үшін» деп ұранға басқаны мәлім. Ал өздерін «Русские европейцы» деп атайтын жаңа ұлтшыл күштер таяуда Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге қайтаруды талап ететін мәлімдеме таратты. Олардың Facebook әлеуметтік желісіндегі «Спутник и Погром» атты парақшасында Қазақстанның солтүстік бес облысындағы славян нәсілдердің саны келтірілген карта жарияланған. Бұл парақша «Русские европейцы» ұйымы лидерлерінің бірі – Егор Просвиринге тиесілі.
Біріншіден, Қазақстанның Солтүстік 5 облысын Ресейге қосу туралы әңгіменің көтерілуі бір бүгін емес. Оны өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачевтан бастап, жазушылар Солженицын, Дугин секілділер қолдаған еді. 2001 жылы бүгінде Ресейде тыйым салынған ұлттық-большевиктік партияның жетекшісі Эдуард Лимонов казактардың қолдауымен Көкшетауда көтеріліс ұйымдастырмақ болған. Алайда Қазақстанның арнайы қызмет өкілдері оларды дер кезінде баса алған еді.
Дегенмен соңғы жылдары бұл әңгіменің бәсеңсігені аян.
Алайда қазір бой көтерген жаңа орыс ұлтшылдары күн санап күш алуда. Қазір Ресейдегі гастарбайтерлардың, тіпті сол елдің азиат пішінді азаматтарының көрген күні қиындап кетті. Ең қауіптісі сол, бұндай бассыздықтар ресейлік құқық қорғау органдары тарапынан астыртын қолдауға ие сияқты. Олай деуімізге скинхедтердің немесе ұлтшылдардың ашықтан ашық азиаттарды өлтіре бастауы дәлел.
«Русские европейцы» ұйымы – Ресейді еуропалық құндылықтар негізінде қайта қалауды мақсат етеді. Және ол мемлекет – Путинсіз мемлекет болуы тиіс. Парақша авторлары «Орыстың ұлттық мемлекетіне тиесілі шекараларды қалпына келтіру мәселесі туындағанда – Қазақстанның бес облысы туралы әңгіменің неге қозғалатынына таң қалатындар көп. Бұл белгілі жағдай ғой» депті. Қазақстандық www.total.kz порталының тілшісі Егор Просвиринге хабарласып, бірнеше сауалдар қойған. Журналистің «Болашақ орыс мемлекетінің құрамына Қазақстанның солтүстік өңірлері енуі қажет деген екенсіз. Бұл қандай негізге сүйеніп айтылып отыр?» деген сауалына жауап берген ол солтүстік Қазақстанның Сібірдің географиялық және және демографиялық жалғасы болғанын айта отырып, бұл аумақты орыстардың ата-бабасы кезінде басып алғанын, тек оны бөліске салу барысында белден басып, Қазақстанға заңсыз қосқанын айтады.
«Павлодар бекінісі салынған күннен бастап, Павлодарда тұрып жатқан орыс не үшін қазақ тілін үйренуі тиіс? Қазақтардың бұл өңірде қандай шаруасы бар?» – деп күйінген ол бұл өңірлерді Қазақстаннан қайтарып, Ресейге қосу үшін бүкілхалықтық референдум өткізіп, соңынан күш қолдану қажеттігін сөз етеді. Оның пікірінше, Қазақстан сөз жүзіндегі ғана мемлекет. «Оның өз армиясы жоқ. Қазір бұл өңірге Қытайдың ықпалы жүре бастады. Егер біз Оңтүстік Сібірді жайына қалдыратын болсақ, жанымызда бейбіт көрші болады дегенге өз басым сенбеймін. Керісінше, қытайлық қолшоқпарға айналған ірі аймақ пайда болады. Ол саяси және экономикалық тұрғыдан Аспан асты еліне байланған мемлекетке айналып барады. Сол үшін Оңтүстік Сібір мәселесі – орыстың ұлттық сезімінен ғана туындап отырған жоқ, сондай-ақ, Путин билігі тұсында Қытайға берілген аймақтағы орыс ықпалын тез және қатал түрде қайтару тұрғысынан да туындап отыр» дейді ол.
Демек, Ресейдің жаңа ұлтшылдарының көздегені біреу – өзімен шекаралас аймақтардағы орыс ұлты тұратын өңірлерді түгелдей Ресейге қосып алу. Бұл ретте Егор Просивириннің айтар уәжі – Қазақстанды болашақта Қытай басып алады, тілден, ділден жұрдай болады.
Бір өкініштісі, қазақ билігі әдеттегідей үнсіз. Мемлекетті бөлшектеу, сепаратистік пиғылды үдету – қай кезеңде де қылмыс болып саналған. Қазақстанның Конституциясында Қазақстанның территориялық тұтастығын күшпен бұзуға шақыратын әрекеттер заңмен қудаланады делінеді. Бірақ қазақ билігі өзінің халқы, мемлекеті және ұлты туралы арандатушылық мәлімдемелерге көз жұма қарап үйренген. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасатыны бір Аллаға ғана аян.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ