Картадан жойылатын қайран ауыл!

Картадан жойылатын қайран ауыл!

Картадан жойылатын қайран ауыл!
ашық дереккөзі
388

Бұл туралы Үкіметтің сейсенбі күнгі отырысында айтылды. Үкімет басшысы аймақ басшыларына келешегі жоқ ауылдарға бұдан былай бюджет қаржысы бөлінбейтіндігін айта келіп, ол ауылдардағы жергілікті тұрғындардың орталықтарға көшірілуі керек екендігін ескертіп өтті. 

Сонымен бірге, Үкімет отырысында сөз болған мәселе, өз беттерімен жерді басып алу оқиғасының жиілеп кеткені. Үкімет басшысы мұндай жағдайларды «төтенше оқиға» ретінде бағаланатындығын да ескертті. Мұндай оқиғалар туындаған жағдайда, онда оқиғаға жол берген адамдар жауап беретін болады.

Елбасы ауыл шаруашылығы және жеке тұрғын үй құры­лысына берілген жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізу туралы арнайы тапсырма берген еді. Сонымен бірге, «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысы айтылған еді. 

Жиынға қатысқан әкім­дердің бірі шағын ауылдарға су құбырын тартудың өзін-өзі ақтамайтындығын жеткізген. Шалғайдағы ауылдардың кө­бінде су құбырлары жүр­гізілмеген. Ауызсудың тап­шылығын көріп отырған елді мекендер де жоқ емес. Түкпірдегі әлеуметтік жағдайы төмен ауылдардың мәселесін шешудің жолы бар ма? Әлде, ауылдардың көбі ауызсусыз, энергия көздерінсіз, табиғи газсыз жүре бермек пе? 

Осыған орай, Серік Ахметов: «Әлеуеті төмен елді мекендерге ешқандай бюджет қаржысы құйылмайтын болады, мұны есте ұстаңдар! Әлеуметтік нысандар салуға да,  инфрақұрылым  құрылысына да бюджет қаражаты бөлінбейді. Бұл туралы Экономика, Өңірлік даму министрліктері жақсы біледі. Ал орта және жоғары әлеуетке ие елді мекендер ауызсумен қамтамасыз етілуге тиісті», – деді.

Елді мекендер санын оңтайландыру мәселесі қолға алынғаны белгілі. Бұл жұмыс көп ұзамай аяқталуға тиіс. Отырысқа қатысқан Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев оңтайландыру жұмыстары жүріп жатқанын, алдағы бір-бір жарым ай ішінде аяқталатынын жеткізді. Оңтайландыру жұмыстары біткеннен кейін, қандай ауылдардың еліміздің картасынан жойылатындығы белгілі болмақ.

Үкімет отырысында сөз болған тағы бір мәселе – елімізде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы әзірленбеген жер телімдеріне жекеменшік тұрғын үй құрылысын жүргізу мәселесі заңмен тыйым салынғаны белгілі. Бірақ, кейбір әкімқаралар бұл талапты мойындап жатпаған сыңайлы. Бұл жөнінде Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев: «Қазақстанда баспананың басым бөлігі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген жерлерге емес, жеке үй шаруашылығын жүргізуге арналған жер телімдерінде салынады», – дейді. 

Министрдің пікіріне құлақ түр­сек, жеке тұрғын үй құрылысына ұсынылған жер телімдерінің бүкіл рес­публика бойынша жалпы саны 379 мың телімді құраған екен. Олардың арасында 305 мың телімі инвентаризациялау жұмыстарымен қамтылған. Ал қалған 74 мың телімнің қолданысқа енгізілгендігін айтады министр. Жер телімдерін түгендеу қорытындысында жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерде 44 мың 31 пайдаланылмай жатқан жер телімі табылыпты. Министр өз сөзінде: «Соның 1 мың 750,5 гектар аудандағы 17 мың 232 жер телімі мемлекеттік меншікке қайтарылды, оның ішінде 1,56 мың гектар аудандағы 16,35 мың телім жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің күшін жою және алған адамдармен арендалық келісімшартты бұзу жолымен қайтарылды. 47,9 мың гектар аудандағы 514 жер телімі сот органдарының шешімімен қайтарылды», – деді.

Жер телімдерін түгендеу мәселесі, жекеменшік тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді бүге-шүгесіне дейін анықтап берген министрдің сөзінен кейін, Үкімет басшысы жерді заңсыз алу оқиғаларына жол бермеу қажеттігін айтып өтті. Енді жерді өз бетімен басып алуға болмайды. Заңсыз басып алған жерлер қайтарылуы тиіс. Жерді басып алу оқиғалары «төтенше жағдай» болып саналатындығын қатаң ескертті Серік Ахметов. Бұл, әсіресе, Алматы мен Астанаға қатысты. Бұдан кейін еліміздің ірі екі мегаполисінде бұл мәселелер айрықша бақылауда болмақ. 

Сондай-ақ, Премьер-министр елордаға жақын маңайдағы елді мекендерді дамыту мәселесіне қатысты арнайы жоспар әзірлеу қажеттігін айтып өтті. Өйткені, Астананың маңайындағы шағын ауылдардың да елорда ажарына сай болғаны дұрыс. «Астана құрамына ендігі кірген ауылдық елді мекендердің, кенттердің Бас жоспарға сәйкес жеткілікті түрде белсенді абаттандырылып жатқандығын білемін. Оларға жолдар салынуда, инженерлік-коммуникациялық желілер ауыс­тырылуда. Бірақ Астана айна­ласындағы 30 шақырымдық аймақтың да кезең-кезеңмен осы өріске тартылатын күні алыс емес, – деп атап өтті Үкімет басшысы.  – Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке және Ақмола облысы мен Астана әкімдеріне Астана қаласының 30 шақырымдық қала маңы аймағын игерудің кешенді жоспары бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізуді тапсырамын! Астана айналасындағы барлық елді мекендер елорда бейнесіне сәйкес келуге тиісті», – деді.

Елорда көркіне сай өркениетті ауылдардың көші түзілетін күн алыс емес. Тек, ауылдарымыз ұлттық нақышынан, табиғи қал­­пынан ажырамаса болды. Қарапайым қазақ ауылдарының өркениетке қолы жетсе, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болары сөзсіз. Ауыл халқы үшін басты қажеттілік – таза табиғи ауыз су мен көгілдір отын. Түрленген, нұрланған қазақ ауылдары келбетін өзгертіп жатса, құба-құп! Ауылдағы ағайынның қамын әзірден ойлағанымыз жөн! Ауылды абаттандырса, халықтың әлеуметтік тұрмысы да түзелер еді. Ойы да өзгерер еді. Халықтың жағдайын ойлайық десек, тек қана ауылға, тағы да ауылға бет бұрғанымыз дұрыс. Ауыл көркейсе, қазақ көркейеді деген сөз. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары