«ҮЛКЕН ЖЕРГЕ» АШЫЛАТЫН ҚАҚПА

«ҮЛКЕН ЖЕРГЕ» АШЫЛАТЫН ҚАҚПА

«ҮЛКЕН ЖЕРГЕ» АШЫЛАТЫН ҚАҚПА
ашық дереккөзі
249

Өткен аптада Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. «Ыңғайсыз сұрақтардың бәріне жауап беруге дайынмын», – деді әкім. Сөйтті де, «ыңғайсыз сұрақтардың бірі болуы мүмкін-ау» деген жорамалмен Жаңаөзен қаласының бүгінгі даму қарқыны жайлы, жаңаөзендіктерге көрсетіліп жатқан әкімшілік көмек жайлы айтып өтті. Жергілікті азаматтардың біріне әкімшілік пәтер алуға көмектессе, бірінің несиесін өтеуге сеп болыпты. Сонда да журналистер аймақтағы ауыз су, азық-түлік, тұрғын үй сияқты әлеуметтік түйткілді мәселелер бойынша «ыңғайлы да ыңғайсыз» сұрақтарды жаудырды. 

ЖАҢАӨЗЕН ХАЛҚЫ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

«Бүгінде қалада жағдай тұрақты. Ең бастысы да осы!» деген әкім Жаңаөзен қаласының 2020 жылға дейінгі кешенді даму жоспары жүзеге асырылып жатқанын баяндады. 

Бір кездері «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының жұмысшы елді мекені ретінде пайда болған қала халқы ұдайы көбею үстінде. Халықтың саны 60 мың болғанда, кәсіпорын 16 миллион тонна мұнай өндірген екен. Ал қазір тұрғындар саны екі есеп өсіп, 120 мыңға жеткенде, өндірілетін мұнай көлемі  5 миллионға дейін құлдыраған. Сондықтан да жылдан жылға өсіп келе жатқан халықты жұмыспен қамту өзекті мәселе екені түсінікті.  

Бір қуанарлығы, Жаңаөзен хал­қының саны көшіп келушілер есебінен ғана емес, жас нәрестелер санымен де толығып жатыр. Бұл қалада жыл сайын үш мыңнан астам сәби туы­лады екен. Аймақтағы туу бойынша ең жоғарғы көрсеткіш те – осы. 

Сондықтан да әкім Жаңаөзенде балабақшалар мен мектептер санын арттырып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы, жол салу мәселелерін жіті назарда ұстау керектігін айтып өтті. 

«…КӨРЕМІЗ ӘЛІ!»

Журналистерді алаңдатқан тағы бір сұрақ – азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі болатын. Маңғыстау облысына азық-түліктің 80 пайызы сырттан тасымалданады. Жергілікті нарықтағы бағаның шарықтауы, тұрмыстың қымбаттығы – мұның салдары ғана. Облыс әкімі осы жағдайды түсіндіре келіп, «Маңғыстау облысында ауылшарушылығының дамымағанын өздеріңіз де білесіздер. Оның себебі су қорларының тапшылығы, сондай-ақ мал шаруашылығы үшін қажетті жайылым мен шабықтың жоқтығы», – деді. Дегенмен, Ақтау қаласы шөбі шүйгін, суы мол аймақтарға жақын орналасқандықтан, тасымал мәселесін дұрыс шешу үшін жолдар сапасын жақсарту керектігін айтты. Оның үстіне, облыс аумағында азық-түлік сақтау қоймаларының аздығы сырттан тасымалданатын көкөніс, жеміс-жидек, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға мүмкіндік бермейді. Маңғыстау облысындағы қым­бат­шы­лықтың бір себебі осында жатыр. Осындай түйткілдерді жасырмай айтқан әкім қоймаларды ашу, логистиканы жолға қою үшін қарекет етіп жатқан көрінеді. «Бейнеу-Шетпе» жол құрылыс келесі жылы аяқталады. «Болашақта транзитік жолдар ашылып, оңтүстіктен ағылған жүк көліктері оңтүстіктен Қазақстаннан тыс жерлерге бағыт алған кезде, азық-түліктің қай жерде арзан болатынын көреміз әлі» деді А.Айдарбаев.

Әкімнің бұл сөзі уәдедей естілді.

ТУУДАН – БІРІНШІ ОРЫНДА

2012 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша аймақтар рейтингісінде Маңғыстау облысы 4-орында тұр. Ал әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша – 9-шы орында.  

Маңғыстау облысының бір ерекшелігі – оның жер қойнауы бай­лықтары, оның ішінде «қара алтынға» бай мекен екені. Десе де, әкім мырзаның «Ең әуелі, аймақтың ең үлкен байлығы туралы айтатын болсақ» деп бір тоқтап, сосын «Яғни, оның тұрғын халқы туралы» дегені ұтымды әрі көңілге қонымды шықты. Иә, облыстың ғана емес, Қазақстандағы ең үлкен байлық – оның халқы екені Ата Заңда айтылған. Бүгінгі таңда облыста 580 мың адам тұрады. Күн сайын аймақта 50 бала дүние есігін ашады. Шындығын айтқанда, Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша республикада 1-ші орында тұр екен.

Мақтануға тұратын көрсеткіш екені даусыз.

ДОНОР ОБЛЫСТЫҢ ДІҢІ – «ҚАРА АЛТЫНДА»

Аймақтың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалын айту үшін ресми статистикаға жүгінбей болмайды. Соңғы үш жылда облыстың жалпы өнімі 1 триллион 600 миллиард теңгеге жетіпті. Ал осы аймақтағы әрбір жанға шаққанда оның үлесі 19,6 мың долларды құрайды. 

Әлбетте, облыс экономикасының негізгі ұстыны – мұнай. Жарты ғасыр бұрын өндіріле бастаған «қара алтынның» арқасында Маңғыстау облысы республикалық бюджеттің доноры атанып отыр. Яғни, Алматы қаласы, Атырау облысымен қатар мемлекет қоржынын толтырып отырған санаулы облыстардың бірі.  Қазақ жеріндегі мұнай қорының төрттен бір бөлігі, табиғи газ қорының 12 пайызы – осы облыс иелігінде. Донорлықтың жақсы мысалы, биылғы жылдың тоғыз айында Маңғыстау облысы мемлекеттік бюджетке 662 миллиард теңге құйған екен. Ал осы мерзім ішінде Ұлттық қорға аударылған қаражаттың 38 пайызы – маңғыстаулықтардың еңбегі. 

Дегенмен, мұнда мұнай өндірісімен ғана өркендеп жатыр деуге болмайды. Республиканың өнеркәсіптік өнімінің 13 пайызы осы облыста өндіріледі. 

Елдің Индустриаландыру картасына енген 34 нысан Маңғыстау жерінде орналасқан. Жалпы құны 280 млрд. теңге болатын жобаның екеуі Республикалық картаға енгізілген.  Әкім сүйіншілеген жаңалықтардың бірі – жыл соңына дейін екі зауыт іске қосылуы тиіс. Оның бірі – «Каспий битум», екіншісі – «Каспий цемент». 

ӨҢІРДІҢ ГҮЛДЕНЕР ШАҒЫ АЛДА


«Ақтаудың болашағы бар ма?» деген сұрақа әкім: «Әрине, Ақтау өсе береді. Біз жаңа шағын аудандар салып жатырмыз. Тұрғын үй құрылысы да жалғасады» деп нық сеніммен жауап берді. Соңғы үш жылда облыс аумағында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Оның 180 мыңнан астам шаршы метрі мемлекет есебінен салынған. 

Шын мәнінде, облыста 9787 адам тұрғын үй алу кезегінде тұр. Биыл жыл соңына дейін 340 мыңдай шаршы метр үй салынып, пайдалануға берілуі тиіс. Ақтау қаласының өзінде олардың саны 5415 адам. Сондай-ақ жеке үй салу үшін жер телімін алуға деген сұраныс та өте жоғары екен. Мұның бәрі осы өңірдегі тіршіліктің қайнап жатқанын көрсетсе керек. Аймақтың болашағына күмәндануға негіз жоқ. Тек әлеуметтік мәселелер шешілсе болғаны. 

«Бұрын Маңғыстаудан қоныс аударғандар «Үлкен жерге барамыз» дейтін», – деді әкім өз сөзінде. Өңірдің шалғайлығын, жолдың алыстығын меңзегені. Шындығында, Маңғыстау облысы Шығыс пен Батысты жалғаған керуен жолдарының түйіскен тұсында орналасқаны белгілі. Сондықтан да көлік пен логистика саласын дамыту облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын әлдеқайда жақсартуға ықпалы зор болмақ. «Бейнеу – Жезқазған» темір жол құрылысы, «Атырау – Ақтау» автокөлік жолы құрылысы толық аяқталған кезде Маңғыстаудың гүлденер шағы келер. Жақында ғана «Теңізшевройл» компаниясымен Ақтау теңіз порты арқылы 4 миллион  тонна мұнай тасымалдау туралы келісімшартқа қол қойылған. Осылайша, Маңғыстау «Үлкен жерге», яғни Қазақстанның басқа аймақтарына ғана емес, әлемдік нарыққа ашылатын  қақпа болмақ. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары