ТІЛДІ БІЛУ — ПАТРИОТТЫҚТЫҢ ДӘЛЕЛІ

ТІЛДІ БІЛУ — ПАТРИОТТЫҚТЫҢ ДӘЛЕЛІ

ТІЛДІ БІЛУ — ПАТРИОТТЫҚТЫҢ ДӘЛЕЛІ
ашық дереккөзі
313

«Жүз қазақ отырған жерде 10 орыс отырса, орысша сөйлейміз»,– деді Елбасы. Санасы құлдық психологияның құрсауында қалған қандастарына ашынғаны анық. Ұлттың мерейін үстем етуге үндейтін, намысты қамшылайтын осы сөз Ана тілінен безгендерге әсер етті ме? «Қазақстан – мәңгілік Отаным» деп үздігетін өзге ұлт пен ұлыс қандай ой түйді?

Әлемдегі бір де бір дамыған немесе дамушы елді мемлекеттік тілден бөлек қарастыру мүмкін емес. Бүгінде 17 миллионнан асқан Қазақстан халқының 11 миллионнан астамы – қазақтар. Уақыт өткен сайын саны артып келе жатқан қандастар арасында орысша білмейтін, оған намыстанбайтын, тіпті, орыс тілін қажет етпейтін жас буын қалыптасып келеді. Бұл адамдар бойындағы кеңестік кезеңнен қалған құлдық санадан арылуға сеп. Бүгінде қазақ тілінде білім беретін мектептер көбейіп келеді. Дәл осы мәселені жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед те көтерді: «Тіл – біздің елімізде, әсіресе, зиялы қауым мен қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қозғалатын тақырып. Мен де, өздеріңіз сияқты, қазақ тілінің жанашырымын. Салыстырып көрейікші, қазір бүкіл Қазақстан бойынша қазақ мектептері мен аралас мектептерде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны еліміздегі мектепке баратын барлық оқушылардың 71 пайызын құрайды. Мен кездесу алдында тура осы деректі республикалық Статистикалық агенттік басшысынан нақтылап алдым. Айтыңызшы, осыдан 20 жыл бұрынғы жағдай қандай еді?! Жаңағы мен айтқан пайыздық көрсеткіштен екі есеге жуық төмен болатын. Тіпті Қазақ ССР-нің кейбір облыс орталықтарында жалғыз ғана қазақ мектебі, оның өзі ауылдан келіп оқитын балаларға арналған мектеп-интернаттар болатын. Бүгінгі жағдай мүлдем басқаша».

Өзгелерге өктем саясатын жүргізген кеңестік режим кезінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі тек орыс тілінде хабар таратқаны белгілі. Тәуелсіздіктің 22 жылдығында қазақ тіліне басымдық берілуде. «Осыдан 10 жыл бұрын республикамыздағы кейбір телеканалдар мен радиостансалар ішінде қазақ тілінде жарты минут та хабар таратпайтындары аз болған жоқ. Қазір солардың бәрі заң шеңберінде кемінде 50 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға міндетті. Әрине, олардың сапасы мен көрсететін уақыты жөнінде қоятын талабымыз да жоқ емес. Қазақ тіліндегі газет, журналдардың таралымы да артып келеді. Оның көш басында 200 мыңдық тиражбен «Егемен Қазақстан» тұр. Республикамыздағы бірде-бір орыстілді газет осы көрсеткішті маңайлай да алмайды», – деп мәлімдеген министр мырза Қазақстандағы мемлекеттік және жекеменшік БАҚ-та таратылатын қазақша хабарлар көлемі 50 пайыздан кем болмауын міндеттейтін заңға бағынбайтындар бар екенін айтты: «Меншік формасының қандай екеніне қарамастан, қазақтілді контенттің еліміздегі кез келген телеарнада 50 пайыздан кем болмауы керектігін білдіретін заң бар, осыны анық жүйелеп берген заңнама нормалары бар. Біздің саламызда жұмыс істейтіндердің бәрі бұл норманы бұлжытпай орындаулары керек. Мен әлдекімдерді жазалауға құштар болып отырған жоқпын. Бірақ аталмыш салада заңнаманың анық бұзылып жатуына көзді жұмып қарай алмайтынымды да ашық айтамын. Біз осы кезге дейін барлық тәртіп бұзушыларды екі реттен ескертіп шықтық, соңғы рет мұндай әңгіме 22 қазанда көтерілді. Сол кезде бәрі жағдайды 1 желтоқсанға дейін түзейтіндерін айтып, уәде берді. Біз осы кезге дейін әріптестерімізге сеніп келдік. Ал ендігі жерде заң талабын өрескел бұзушыларға лицензиясын алып қоюға дейінгі шараларды қолданатын боламыз». 

Санаулы күндерден кейін БАҚ басшылары министрдің алдында есеп бермек. Бір айға жуық уақыт ішінде елдегі жағдай өзгеріп кетті ме? Әлі күнге мемлекеттік тілде таратылатын бағдарламалар мен хабарлар саны басым. Әсіресе, балаларға арналған сапалы әрі қазақша мультфильмдер, көркем фильмдер мен деректі фильмдер жоқтың қасы: телеарналар көбінесе орысшаға аударылған шетелдік дүниелерді ұсынады. Соның салдарынан, балаларымыз бесіктен белі шықпай жатып, орысша шүлдірлеп жүр. Бүлдіршіндердің еліктейтін қаһармандары да – шетелдік персонаждар. Мұны да айта, айта жақ талған жай бар. Қит етсе, бар қиындықты қаражат пен маман тапшылығына тіреп қойып, қол қусырып отыратын телеарна басшыларына заң шеңберінде, басқаша шара қабылдау керек сияқты. Өйткені келешек ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды Ана тілінде сіңіру қажет. Бұл тек қазақтың қарадомалақтарына ғана емес, Қазақстан азаматтарының барлығына қатысты. Өткенде Қазақстан халықтары ассамблеясының отырысында Елбасы Қазақ жерінде тұратын бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдеріне мемлекеттік тілді білуді міндеттеді. АҚШ, Германия, Франция т.б. елдерді мысалға келтірген Н.Назарбаев Қазақстанда тұратын халық түгел қазақша сөйлеуі тиістігін айтты. Аға буынға мемлекеттік тілді меңгеруге кеңес берген ол жас ұрпақтың қазақша білуі міндетті екенін ескертті: «Бізге мүмкіндігінше үйренгеніміз дұрыс. Ал балаларымыз бен немерелеріміз – қазақша білуге міндетті. Сонда ғана біртұтас халық қалыптасады». Елбасы қазақ тілінде сөйлемейтін қандастарын да жиі сынға алады. 

Бүгінде қазақ тілін мазақ пен қорлаудың нысаны еткендер де кездеседі. Мәселен, жуырда ғана елімізге танымал тұлғалардың бірі Нұрлан Ерімбетов отандық телеарналардың бірінен: «Қазір түрмедегілер мен жезөкшелер де қазақша сөйлей бастады», – деді. Бұл Қазақ қоғамында, әсіресе, әлеуметтік желілердегі қазақтардың ашу-ызасын тудырды. Өйткені саясаттанушының қазақ тілін насихаттауда заңға бағынбаған қылмыскерлер мен жезөкшелерді үлгі еткенін түсіне алмағандар көп. Оқырмандар есінде болса, бір кездері Қызылорда халқының орыс тілін ұмытып бара жатқанына алаңдап, аттан салған да осы Ерімбетов мырза болатын. Қазір қазақ тілін менсінбейтіндер қатарында экс-бас банкир Марченко бар. Ұлттық банкті басқарған тұста мемлекеттік тілді білмейтінін, білгісі де келмейтінін, өйткені үйреніп жүрмегенін айтқан Марченко кеше төл теңгеміздің 20 жылдық мерейтойына орай өткізген салтанатты жиынға қатысты. Алыстан, анығында, Швейцариядан ат арытып арнайы келген ол өзінің кәсіби біліктілігі жоғары әрі сұранысқа ие маман екенін айтып мақтанды. «Өскен ортам, талай жыл нанын жеп, суын ішкен, талай лауазымды қызметті атқарып, азды-көп беделге ие болған әрі өзім азаматы саналатын Қазақстанның мемлекеттік тілін үйреніп жүрмін» деп мақтанған жоқ, өкінішке қарай. Журналистердің тілге қатысты қойған сауалына да Швейцарияда ағылшын, неміс және француз тілін білу жеткілікті екенін айтты. Анығында, Қазақстанның мемлекеттік тілін менсінбейтіндігін ашық байқатты. Тағы бір жаңалық, жаңадан шығатын 20 мыңдық теңгеге Марченко мен Ұлттық банктің қазіргі басшысы Қайрат Келімбетовтің қолы қойылмақ. «Ұлттық құндылықтар қатарындағы қазақ тілін менсінбеген Марченко теңгеге қол боймасын!» – деп ешкім талап еткен жоқ. Талап етпейтін де шығар. Өйткені өзге тұрмақ, өзіміздің арамызда Ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін қандастар бар. Жыл өткен сайын азайып келеді олардың қатары. Бірақ қазақ тілінің күшеюіне кедергі келтіруге тырысып, жанталаса әрекет ететіндердің арасында сол қандастар да бар. 

Негізі Қазақстандағы орыстіл­ділердің қазақ тілінің күшеймеуіне мүдделі болуы – табиғи заңдылық. Қазақшаға шорқақ олар мемлекеттік тіл күшейіп кетсе, нансыз қаламыз, ешкімге керегіміз болмайды деп қауіптенеді. Ел тәуелсіздігін алғалы 22 жылда бір емес, бірнеше шет тілін емін-еркін меңгеріп алуға мүмкіндік барын жақсы білсе де, қазақша үйренуге құлықсыз. Тағы бір «әттеген-ай», өзі қазақша жақсы білсе де, балаларын орыс мектебіне тықпалайтын қазақтар бар. Олар әлі күнге орыс тілін ақсүйектер тілі деп ойлайды. Бұл туралы Елбасы: «Өз балалары қазақша сөйлемейтіндердің қазақ тілі туралы айтуға қақы жоқ!», – деп сынға алған. Сорақысы сол, қазақша жазған шығармасын туған баласы оқи алмаған, түсіне алмайтын жазушы мен ақындар, зиялы қауым өкілдері жетерлік. 

Соңғы кездері Ресей посткеңестік елдердегі орыс тілін күшейтуге кірісті: бюджеттен қыруар қаражат бөле отырып, әр елде орыс тілінің сойылын соғушыларды қаржыландыруда. Бейресми дерек көздері, Кремль ТМД елдерінде орыс тілі үстем болып қала беруі үшін жыл сайын 2 млрд. доллар көлемінде ақша бөлетінін айтады. Демек, ұрдажық саясатқа жүгінетін Кремльдің саясатын орыс тілімен бірге насихаттайтын отандастар жүр арамызда. Бұл – ұлттық тұтастыққа, мемлекеттік қауіпсіздікке төнген қатер деп алаңдайтындардың жағдайын түсінуге тиіспіз. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары