ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕНШІГІ

ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР – МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕНШІГІ

ҚЫЗМЕТТІК ПӘТЕР –  МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕНШІГІ
ашық дереккөзі
Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменовтің: «Шенеуніктер қызметтік көлікпен әйелдерін базарға тасуды әдетке айналдырды», – деп қынжылғаны есте. Ол сол кезде бюджет қаржысына сатып алынған құны қымбат темір тұлпарларды бас пайдасына жарататындарды айыптап, «таңертең балабақшалардың, мектептердің маңайында, кешке тойханалардың маңайында қызметтік нөмірлері бар мемлекеттік көлік тұрса, ол мемлекеттік қызметшінің әдептілік нормаларына сай емес. Осыны сол мемлекет қызмет көлігін берген басшылардың да санасына сіңіруіміз керек», – деген болатын. Ал сейсенбіде Парламент мәжілісінде «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң жобасында қызметтік пәтерлерді жекешелендіруге тыйым салу мәселесі қарастырылды. Заң жобасы бойынша, бұдан былай кейбір адамдарға қызметтік пәтерлерді жекешелендіруге тосқауыл қойылмақ. Бұл жоба сондай-ақ әбден тізгінсіз кеткен ПИК (КСК) төрағаларын әкімшілік жазаға тартуды да көздейді. Қазақстанда бүгінде кондо­миниум­дердің небәрі 10 пайызы ғана тіркеліпті. Яғни бүгінде еліміздегі ПИК-тердің (КСК) 90 пайызының пәтер иелерімен ара­сын­да­ғы келісімдері заңсыз болып табылады екен. «Тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қор­ғау одағының» басқарма төрағасы Вик­тор Сыздықов ондай үйлердің тұрғындары тіп­ті сотқа жүгініп, өздерінен бұған дейін жи­нап келген қаржыларды ПИК-тен кері қай­таруды талап ете алатындығын айтады. Өйт­кені «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы­ның 32-бабына сәйкес, кондоминиумді тір­кеусіз кез келген келісім заңды күшіне мін­бейді. Сондықтан да жаңа заң жобасы «кондоминиум объектісін тірке­ме­гені үшін» оны басқарушы органға қатысты әкім­шіліктік жауапкершілік енгізгелі отыр. Бұған қоса, «кондоминиум объектісін бас­қару туралы ай сайынғы есеп беру мер­зімін бұзу» да бұдан былай әкімшіліктік қуда­ла­натын қылмысқа жатқызылады. Өңірлік даму вице-ми­нист­рі Серік Нокин: «Аталған құ­қықбұзушылықтарды жасағаны үшін әкім­шіліктік ескерту енгізу қарастырылады. Ал егер ай сайынғы есепті ұсыну мерзімін қай­тара бұзса, жеке тұлғаларға 7-ден 10 ай­лық есептік көрсеткішке дейін, ал заңды тұл­ғаларға 15-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл са­лынады», – дейді. Ал мемлекет еліміздің ірі қалаларынан бірнеше пәтер сатып алып, жалға беріп, ақшаға кенеліп отырған азаматтардың барлығын жаңа заң жобасын қабылдауға міндеттейді. Бұл бойынша Үкімет «жеке тұр­ғын үй қорындағы баспананы жалға беру­дің типтік келісімін» бекітуге кіріседі. Типтік келісімде ұзақ мерзімге жал­ға алушының ол баспанада тұру шарт­тары, атап айтқанда, тұру мерзімі, жалға алу ақысы, жөндеу бойынша міндеттерді бө­лісу, жалға алушыны пәтерден шығарып тас­тау негіздері, жалға алушыға жалпы жиында пәтер қожайынының мүдделерін ұсыну өкілеттіктерін беру және басқалары нақты көрсетілетін көрінеді. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша Қазақстан аума­ғын­да жекеменшіктегі немесе ипотекаға ал­ған басқа баспанасы бар адамдарға «мем­ле­кеттік тұрғын үй қорынан берілген бас­­­пананы жекешелендіруге» тыйым са­лынбақ (13-бап). «Бұл әділетті деп санай­мын. Өйт­кені сізде басқа қалада болсын, өз бас­па­наңыз бар. Әйтпесе, бізде құқық қор­ғау жүйесінде, басқасында кейбіреулер қа­ладан қалаға көшіп жүреді және де бір­неше мәрте – солардың әрқайсысына бер­­ген пәтерлерді жекешелендіріп алып жа­­тады. Біз міне, осыған тыйым салмақпыз. Сонымен бірге, егер сіз соңғы 5 жыл ішінде басқа елді мекендегі баспанаңызды сатып жіберсеңіз, онда қызметтік пәтерді жеке­ше­лендіре алмайсыз», – деді Серік Нокин. Біреулер баспанаға зар болса, мемлекеттік шенеуніктер қызметтік пәтерге қос-қостан ие болуда. Өңірлік даму министрлігі заң жобасын әзірлеу барысында бюд­жет қаржысына салынған пәтерді жеке­шелендіруге мүлдем тыйым салу туралы бап енгізген екен. «Бұл бір шет-шегі жоқ үдеріс: үй кезегіндегі адамға баспана бе­ріледі, ол оны жекешелендірген соң, са­тып жіберіп, 5 жылдан соң қайта кезекке тұ­рады, осылай айнала береді. Өмірінде бір рет мемлекеттен баспана алған екен, осы­мен «нүкте» қою керек. Сондықтан біз тиісті бап­ты енгізіп едік, бірақ барлық мемор­ган­дардан өткізе алмадық, бірде-бір орган бізге келісім бермеді» дей келе, Өңірлік даму вице-министрі депутаттарға жұмыс то­бының отырыстарында осы бапты тал­қылауды ұсынды. Қызметтік пәтер дегенде еске түсетін тағы бір мәселе бар. Бүгінде көптеген тұрғын үй­лерді құрылыс компаниялары өз­де­рінің меншігінде сақтап қалып, оны қоныстанушылардан базбір кәсіпорын қатарлы миллиондап пайда табады.  Бірінші қабатта­рын жалға береді, дәмхана, караоке залда­­рын салады, сөйтіп, тұрғындардың жүй­кесін жұқартады. Ал заң бойынша салушы компания, үйдің құрылысы аяқталған соң, оны ПИК-ке (КСК-ға) тапсыруы керек. Сон­да тұрғындар ол үйге басыбайлы иелік етпек.

Динара Мыңжасарқызы