ПОЛЬША ЖЕРІНДЕГІ ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ

ПОЛЬША ЖЕРІНДЕГІ ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ

ПОЛЬША ЖЕРІНДЕГІ   ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ
ашық дереккөзі
Альянс одақтастығының барлау қызметінің мұрағаттық құжаттарында да деректер өте аз кездеседі. Сондықтан «Түркістан легионы», оның шындық тарихы туралы толыққанды дүние жазу қиын іс болмақ. Біздің қолымызға түскен мұрағат деректері 1942-1943 жылдары Польша жерінде 14 Түркістан батальонының жасақталып, шығыс майдандағы соғысқа жіберілгендігін айғақтайды. Салыстырар болсақ, сол жылдары Польша жерінде 9 армян батальоны, 8 грузин батальоны, 8 әзірбайжан батальоны, 7 кавказ баталоны және 7 татар батальондары жасақталып, соғысқа жіберіліпті. Мұрағат деректеріне қарағанда, Польша жерінде құрылған  Түркістан легионының сарбаздары тек қана оқу-жаттығумен ғана айналыспаған, олар сондай-ақ соғыс барысында өз бөлімшелерінен ажырап, адасып қалған кеңес әскерилерінің шағын әскери топтарын іздестіру, ұстау операцияларына, партизан отрядтарымен шайқастарға да қатыстырылып тұрған. 8d2e2c4b1f5df70bbd4fc6c92662a588.png Өкінішке қарай, мұрағат деректерінде Түркістан легионының сарбаздары туралы жақсы сөздер айтылмайды. Оларды дөрекі, аяусыз, қатыгез адамдар ретінде еске алады. Әрине, бұл жерде біз соғыстың жан түршігерлік сұмдықтарын басынан кешкен ол азаматтарды табалаудан аулақпыз. Бәлкім соғыс жағдайы оларды сондай қатыгездік жасауға мәжбүрлеген  болар. Екінші жағынан неміс мундирін киген әр түркістандық үшін өзінің туып өскен Отанына қайту енді мүмкін еместігін сезінген сайын маңайындағыларға деген кекшілдік, өшпенділік те  болуы да әбден мүмкін жағдай. Қалайда соғыс өрті тұтанған Польша жерінде осылай екі жылдай өмірін өткізген «Түркістан легионы» кісілерінің  тағдырын аса қиын тағдырдың бірі деуге келеді. Олар неміс басқыншылығын бастарынан кешіп жатқан жергілікті поляк халқына әсте ренжитін немесе оларды жек көретін жағдайда емес болатын. Тіптен бір-бірін дұрыс түсінісетін, бір-біріне өз жағдайын айта алатын мүмкіндіктегі халықтар да емес еді. Поляктар да неміс басқыншылығын бастарынан кешіп жатқан бір ауыр  кезең. 4f084cec14db2695609d4cf68e8a206c.png Неміс армиясы 1941 жылы маусымның 22-сі күні Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс бастағанда, Қызыл Армияның соғысу қабілетінің осал болғаны соншалық кеңес армиясының қаншама дивизия, полктері ешбір қарсылықсыз, бірде-бір оқ атпастан немістерге жаппай  беріле бастаған. Шынында да, қарапайым қазақты жалғыз күнде орыстың Волоколамск немесе Вьязма батпағына апарып, жақсы қаруланған неміс армиясына қарсы салу дегеніңіз барып тұрған көрсоқырлық иә есерсоқтық нәрсе секілді. Не үшін ол бейбақ қазақтың үштен бірін аштан қырып, қалғанын тентіретіп шетел асуға мәжбүр еткен, қазақ халқының ең маңдайалды интеллигенциясын түгелдей атып тастаған,  1937-1938 жылғы саяси репрессияны шебер ұйымдастырушы мұртты көсем Сталин және оның Берия секілді қолшоқпарлары билік жасап отырған  Мәскеуді жаудан қорғауы керек еді?  Бұндай сұрақ  шалғай ауылдан майданға аттанған, өмірінде қолына қару ұстап көрмеген қарапайым қазақтың ғана емес, сондай-ақ «жүз ұлттың лабораториясы» аталған ұлы Отаны үшін еріксіз соғысқа кіріп, неміс тұтқыны болған сан мыңдаған  грузин, татар, украин және өзбектердің де ойында қалғаны рас. Вермахтың жақсы қаруланған армиясына қарсы майданның алғы шебіне жегілген олар үшін «тұтқын» болудан басқа жол жоқ еді. Қызыл төңкерістен кейінгі 20 жылдан астам уақыт өз халқына қарсы коммунистер қолынан жасалған террор, күшпен ұжымдастыру, аштық, кедейшіліктің зардабын әбден тартқан кеңес әскерилері неміс тұтқыны болған күннен бастап қатыгездік жағынан Гестапоның НКВД-ден асып түсетін адам сенгісіз сорақы қылықтарға баратындығына шынымен көздері жете бас­тады. Алғашында немістердің «большевиктерден қорлық көрген сендерге енді бостандық алып береміз, өздеріңнің ұлт дәстүрлеріңе берік болатын боласыңдар» дегені әншейін  бос сөз болып шықты. Бельгия, Голландия, Дания секілді Батыс Еуропа елдерін, одан соң Польшаны аз уақыттың ішінде тас-талқан еткен Вермахттың жақсы қаруланған армиясы Қызыл армияға қарсы шығыс майданда  аяусыз соғыс жүргізді.  Кейбір тарихшылар соғыс басталғаннан бергі 5-6 айдың ішінде, яғни 1941 жылдың соңына қарай неміс тұтқыны болған кеңес әскерилерінің саны 3 миллионға жеткен деген дерек келтіреді. Бәлкім солай да шығар. Неміс тұтқыны болып қолға түскен осы кеңес әскерилерінің батысқа қарай бет алып, баяу жылжыған шетсіз, шексіз саптары әскери техникалардың алға жылжуына бөгет жасаумен болады. Ал тұтқындарды бақылау, күзетуге соғыс  шебінен мыңдаған неміс әскерилері тартылады. Тұтқындардың аштан өлмеуі үшін неміс армиясы өз әскерилеріне бөлінген наннан да бөліп берулеріне тура келеді. 996bff59977de350523e83e7b29fab1f.png Қолға түскен неше миллион кеңес тұтқындары жайында естігенде, Гитлердің оларды қайда жіберерін білмей аласұрғаны бар. Әсіресе Азияның қиырынан шыққан түркістандық тұтқындарды Германияға әкелмеу жөнінде Гитлердің арнайы бұйрығы шыққан соң,  олардың барлығы алғашында Польша жерінде қалады. Польшадағы кеңес тұтқындарының жағдайы өте ауыр болғаны соншама бұл өлім лагерлеріне айналады. Осы қиын жағдайды өз көзімен көрген Мұстафа Шоқай Германия үкіметіне реніш хатын жолдап, түркістандық тұтқындарға дұрыстап қарау қажеттігін талап етеді. Бұдан соң, олардың жағдайлары сәл-пәл оңала бастайды. М.Шоқай  фашист лагерлерінде  зардап шеккен осы жандарды қайтадан қанды соғысқа айдап салу адамгершілікке жатпайтынын айтып, керісінше, саяси білімі таяз адамдарды Германиядағы фабрика, зауыттарға жіберіп, болашақ Түркістанға маман кадрлар даярлау идеясын ұсынады. Алайда қазақтың біртуар азаматы М.Шоқайдың бұл ұсынысы мен идея­сы оның өзінің кенет қайтыс болуына байланысты толық іске аспай қалады. Ол 1941 жылдың күзінен бастап Польша жеріндегі түркістандық тұтқындар лагерлері: Сувалки (Suwalki), Бустрау (Bustrau), Ченстохова (Czestochowa)  тұтқындар лагерін аралап, Берлинге қайтар жолында кенет ауырып, 1941 жылы желтоқсанның 27-сі күні Берлинде қайтыс болады. Кейбір тарихшылар 1941 жылдың күзінде Польша лагерлерінде 132 мыңдай азиаттардың болғанын, ал 1942 жылдың көктемінде олардың 22 мыңдайы ғана қалып, өзгелерді  қаза тапқанын айтады. Мысалы, Ченстохова (Czestohowа) лагерінде 1941 жылдың күзінде 32 мың түркістандық тұтқын болған, аштықтан, азаптан, аурудан қырылуы салдарынан 1942 жылдың көктемінде олардың 262-сі ғана тірі қалған. Бұл фашистердің азиаттарға  аса мейірімсіз қатал саясат жүргізгенінің айғағы. Кеңес тұтқындарынан шығыс легиондарын құру арқылы оларды Қызыл армияға қарсы қолдануға болатындығын  1941 жылы күзде түрік генералы Эркилет Берлинде Гитлермен кездескенде ұсыныс етіпті. Кеңестік тұтқындар проб­лемасын шешудің бір жолы ретінде неміс армиясының қолбасшылығы неміс әскери бөлімдеріне кеңес тұтқындарынан құралған еріктілер отрядын құруға, оны көмекшілік жұмыстарға пайдалануға рұқсат ете бас­тайды. 1941 жылы күзде шығыс майданда соғысып жатқан  неміс бөлімдері кеңес тұтқындарынан құрылған  «хивилер» (Hilfswillige) яғни еріктілер бөлімшелерін құра бастайды. Совет тұтқындарынан жасақталған бұндай топтағы еріктілер саны әсери бөлімдегі немістердің санының 15 пайызынан аспауы керек деген қатаң бұйрық шығады. Олар көбінесе ас-су дайындау, отын әзірлеу, тұтқындар лагерлерінде кезекші болу секілді шаруашылық жұмыстарын істеумен бірге кейде саперлік, шоферлық жұмыстарға да тартылады. Еріктілер тобына өз ынталарымен кірушілердің басым бөлігі өздерінің большевиктерді жек көретіндіктерін осылай дәлелдегілері келсе, ал кейбірі тұтқындар лагерінде аштан өлмеудің жалғыз жолы ерікті болу деп түсінеді. ef57dd06831d45a404bd353962b24802.png   Бұл фотосуреттер көшірмесі Польшаның Халық Естелігі Институтының мұрағатынан алынды.  ( Instytut Pamieci Narodowej-Archivum-IPN) Неміс армиясының басшылығы кеңес тұтқындарын этникалық және тілдік ерекшеліктеріне қарай 3 топқа бөледі. Бірінші топқа (немісше Osttruppen) орыс және украин ұлтынан құрылған славяндық еріктілер  (генерал Власовтың «Орысты азат ету армиясы» секілді), екінші топқа тегі славян болса да неміс әскери бөлімдерінде айрықша мәртебе алған казактар (олар ішінен Дон, Кубань және Сібір казактары деп бөлінді) ал үшінші топқа: тегі славян емес армяндар, грузиндер, әзірбайжандар, және кавказдық халықтар: абхаздар, шешендер, черкестер, татарлар және түркістандықтар: қазақтар, өзбектер, түркімендер, тәжіктер және қырғыздар енді. Басында генерал  Власов «постсоветтік» еріктілер батальондарын өзінің армиясының құрамына алуға немістермен келіссөз жүргізсе де, бұл нәтижесіз аяқталады. Әрине, генерал Власовтың бұл ойына кавказдық және түркістандық тұтқындардың көбі қосылғылары келмеді және оған мүлдем ынталы емес еді. Олар орыстардан бөлек болуды, бөлек жүруді жақтады. Немістердің өздері де кавказ легионы мен түркістан легиондарын славяндардан құрылған  Osttruppen-ге қосуды қолдамай, керісінше оған қарсы балама күш ретінде ұстағанды жөн санады. «Түркістан легионының» құрылуы Германия қарулы күштерінің Бас қолбасшылығы (OKW — Oberkommando der Wermacht) 1941 жылғы 22 желтоқсанда түркімен, өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, тәжік есебінен Түркістан легио­нын, әзірбайжан, ингуш, лезгин, чешен, дағыстан халықтарының өкілдері кіретін кав­каздық мұсылман легионын құру жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Польша жерінде легион ұйымдастыру 1942 жылдың жаз-күз айларында аяқталды. Түркістан легионы және кавказ легиондарын құруға байланысты ұйымдастыру-үйрету – жаттықтыру орталықтары 1942 жылы көктемге қарай  Польша жерінде орнай бастады. Бұл орталықтарды немістің «Польшадағы шығыс легион басшылығы» (Kommando der Ostlegionen in Polen) деген мекемесі басқарып тұрды. Түркістан легионы алғаш 1942 жылы 18 маусым күні Варшава қаласына жақын Легионовода (Legionowo) құрылды. Оның құрамында алғашында 3 әскери батальон болды.  Легионды неміс армиясының офицерлері:  майор Петр Еберла (Peter Eberla), кейін майор Андреас Майер-Мадер (Andreas Mayer-Mader) басқарды.  Сол жерде Түркістан легионының офицерлерін және кіші офицерлерін дайындайтын арнайы мектептер де ашылды. Бұдан басқа шығыс легиондарын оқыту орталықтары Польшаның Биала Подласка (Biala Podlaska), Янова (Janowа), Крушина (Kruszynа), Иедлна (Jedlnа), Весола (Wesolа) және Пулавы (Pulawy) секілді жерлерінде,  ал офицерлерді дайындайтын әскери арнайы мектеп Карпат тауының етегінде орналасқан Заславиу (Zaslawiu) қалашығында құрылады. Бұнда негізінде тұтқынға тұскен Қызыл армияның офицерлері таңдалып алынып, қайтадан  дайындықтан өткен. Әр батальон оқу-үйрету-жаттығудан өткен соң, бірден шығыс майданға сондағы неміс бөлімдерімен бірге соғысқа жіберіліп тұрған.

Мұрағаттық деректерге қарағанда, алғаш Түркістан легионының 450 және 452-ші деген  екі батальоны 1942 жылы көктемде соғысқа жіберілген. Сол жылдың күзінде 781, 782, 783 және 784-ші 4 батальоны соғысқа жіберілген. 1943 жылы көктемде 785, 786, 787, 788, 789, 790, 791 және  792-ші  8 батальон шығыс майдандағы  соғысқа қатысқан. Алайда немістердің айдауымен «жау» еліндегі оңай олжалардан да легион сарбаздары құр қалмады. 1943 жылы 25 қыркүйекте Вермахттың жаяу әскерилерінің бас қолбасшылығы (Obrerkommando der Heeren) шығыс легиондарын батысқа қарай орналастыру жөнінде шешім қабылдайды. Бұл әскери операция «Ілбіс қимылы» (Aktion Panther) деп аталады. Мұрағат деректеріне қарағанда, батысқа шығыс легиондарының 33 батальон әскерилері апарылған. Олардың басым бөлігі Франция жеріне апарылған, ал қалғандары Грекия, Голландия және Данияға орналастырылады. Франция жеріне апарылған Түркістан легионының әскерилері кейін жергілікті француз партизандарымен бірлесіп немістерге қарсы соғысады. Бұған қарап Түркістан легионының тағдыры аса қиын болғанын көреміз және оның тарихы ғылыми түрде терең зерттелуді қажет ететіндігіне көз жеткізе аламыз.

 

Досан Баймолда, саясаттанушы

Познань-Варшава-Вроцлав, Польша

.