Саяси жауапкершілік: Кім қалай түсінеді?
Саяси жауапкершілік: Кім қалай түсінеді?
Латвияның
Премьер-министрі Валдис Домбровскис отставкаға кетті. Ол Ригадағы ірі сауда дүкенінің
шатырының құлап түсуіне орай болған қайғылы оқиғаның саяси жауапкершілігін өз
мойнына алып отыр.
Естеріңізде болса, Латвияның астанасы Ригада қаладағы
ең ірі супермаркеттердің бірі – «Maxima» дүкенінің шатыры аяқ астынан құлап,
үйінді астында 100-ге жуық адам қалған. Оқиға 21 қарашада, шамамен кешкі
қарбалас уақыт – 6-лар кезінде болған. Ресми ақпаратқа қарағанда, қаза
болғандардың саны – 54 адамға жеткен. Тағы 40-қа жуық адам зардап шеккен.
«Maxima» – қаладағы
ірі сауда орны және онда кемінде 100-ге жуық адам болған деседі ақпарат көзі.
Бір таңданарлығы, дүкен шатыры құлап түсерден жарты сағат бұрын дабыл іске
қосылған. Алайда дабылдың дабылдатқанына қарамастан, қызметкерлер өз жұмысын
жалғастыра берсе керек. Супермаркет қызметкерлері, куәгерлердің айтуынша,
олардың жұмыс орнына тастап шығуына басшыларының рұқсат бермегендігін және
есікті жабуға асықпағандығын, күзет қызметкерлерінің болмағандығын сөз етті. Аталған
ғимаратты салған «RE and RE» компаниясы Латвияда 1993 жылдан бері жұмыс
істеп келеді. Осы жиырма жыл ішінде бұл құрылыс компаниясына ешқандай шағым
айтылмапты. «Максима» сауда орны – елдегі ең әдемі және ең жақсы ғимарат
ретінде танылғанына да көп уақыт болмаған. Бұл ғимараттың аумағы –5000 шаршы
метрді алып жатыр, жерасты автотұрағы – 130 машинаға арналған. Оның үстіне
сауда үйінің жанынан алып тұрғын үйді тұрғызу жоспарланған. Сауда үйі
ашылысымен, тұрғын үй құрылысын жүргізу қолға алынған. Сонымен бірге төбеге қысқыбақ
салу көзделген. Латвия басшылығы қателіктің неден кеткенін, қайдан жіберілгенін
анықтауға кіріскелі он күннен асқан. Олардың алдын ала жасаған қорытындысы
бойынша, орталықтың төбесіне салына бастаған қысқы бақтың не тұрғын үй
құрылысының кесірі тиген. Ғимарат үш рет опырылып түскен. Төбесі және жерасты
автотұрағы да аман қалмады. Рига қаласының мэрі қайғылы жағдайға құрылыс
жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік шараларын сақтамау себеп болған деген пікірде.
Оның айтуынша, топырақ толы ірі-ірі қаптар төбеде бір жерде үйіліп қалған. Қала
мэриясы құрылысшылардың қауіпсіздік шараларын неге үнемі бұза бергендігін, дүкен
құрылыс жұмыстары кезінде жұмыстарын неге тоқтатпағандығын, дабылдан кейін
дүкен қызметкерлеріне дүкенді тастап кетуге неге тыйым салғандығын зерттеуде.
Латвияда осы оқиғаға орай үш күн қатарынан «қаралы күн» деп жарияланды. Рига Думасы
қаза болғандардың отбасына 10 мың лат (20 мың доллар) көлемінде, зардап
шеккендердің отбасына – 5 мың лат (10 мың доллар) көлемінде өтемақы төлеуге
уәде берді.
Латвия Республикасының президенті Андрис Берзиныш арнайы мәлімдеме жасап,
бұл оқиғаны кінәсіз адамдарды жаппай қыру деп бағалады:
«Бұл кінәсіз адамдарды жаппай қыру. Кінәлілер сазайын тарту керек. Бұған
кінәлілердің тергеу изоляторына қамалғанын қалар едім», – деп қамықты.
Бұл оқиғаның соңы Латвия Премьер-министрі Валдис Домбровскисдің бүкіл
кабинетімен отставкаға кетуімен аяқталып отыр. Ол Латвияда 2009 жылдың 12
наурызынан премьер-министр лауазымында болған. «Жаңа уақыт» және «Бірлесу»
партияларының жетекшісі. Тәуелсіз Латвия тарихында Министрлер кабинетін ең ұзақ
басқарған адам.
Премьер-министр өзіне жүктелген жауапкершілікті жан-тәнімен түйсінген.
Түйсіне отырып, бұдан ары қарай билікте қала беруді жөн санамаған. Латвия
премьерінің осы қадамы біздің шенеуніктерге үлгі болса қанеки. Дәл осындай
қайғылы оқиғалар Қазақстанда да бірнеше рет орын алды. Айталық, Қызылағашта – ондаған
адам қаза тапты, Жаңаөзенде – ондаған, ұшақ апатынан – 50-ге таяу адам өмірімен
қош айтысты. Алайда, осы қаралы оқиғалар кезінде Министрлер кабинетін былай
қойып, осы салаға жауапты министрлердің өзі отставкаға кеткен жоқ.
Қызылағаштағы топан судың саяси жауапкершілігін Алматы облысының әкімшілігі,
Жаңаөзендегі бейбіт тұрғынға оқ атқандардың саяси жауапкершілігін –Ішкі істер
министрі және Маңғыстау обысының әкімшілігі, бірінен кейін бірі құлаған ұшақ
апатын – Қорғаныс министрлігі мойнына алып, дер кезінде отставкаға кеткенде,
саяси жауапкершіліктің салмағы да ауырлай түсер еді. Алайда, біздің
шенеуніктердің көбі өздерінің жылы орынтағын сақтап қалуды ғана мақсат етеді.
Сөйтіп елге қызмет ету, елдің мүддесін ойлау мәселесі кейінге шегеріле береді.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ