Заң – ортақ, оны тек орындау қажет!

Заң – ортақ, оны тек орындау қажет!

Заң – ортақ, оны тек орындау қажет!
ашық дереккөзі
273

«Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деп батыр Баукең ағамыз айтпақшы, тәртіп – адам өмірінің тыныштығы, адал еңбек етіп, оның жемісін көріп, алаңсыз демалуы, мемлекеттің қауіпсіздігі және басқа да жағдайларға кепілдік беру үшін орнатылады. Құқықтық тәрбие мен құқықтық жігерлі сана алдымен отбасынан басталады десек адамдардың барлығының мінез-құлқы, адамгершілік қасиеті, алған тәрбиесі бірдей емес. Біреулер момын да адал болса, екіншілері жалқау да арсыз, тағы біреулері қатыгез болып келеді. Арсыз адам адал да бауырмал адамның еңбегін жеуі, қанауы мүмкін немесе әлсіздерге күш көрсетуі мүмкін. Осындай жағдайдың алдын алу немесе әділдікті қалпына келтіру үшін мемлекеттік органдар жұмыс істейді.

Бұзылған құқықтың қайта қалпына келуін қамтамасыз етіп, заңның орындалуын қадағалайтын мемлекеттік биліктің бір тармағы – сотты құрметтемеу жәйттері соңғы кездері сирек болса да кездесе бастады. Ақмола облысы бойынша ағымдағы жыл басынан бері сот шешіміне келіспеген тараптардың наразылық акция ұйымдастырып, кран басына шығуының екі дерегі тіркелгені баршаңызға аян.
Ол екі оқиға бойынша да республикалық және жергілікті БАҚ жарыса жазды, нақтыласақ тек еріншек басылымдар ғана жазған жоқ. Бірінші оқиғада жас жігіттерді бопсалап, бір азаматты өзін-өзі өлтіру жағдайына дейін жеткізген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі А.Аязбеков есімді сотталушының анасы ұлына берілген жаза түрімен келіспей қылмыскер баласын босатуын сұрап, кран басына шыққан болатын. Атап айту керек, А.Аязбекованың бұл құқық қорғау органдарын алғашқы рет бопсалауы емес. Ол тергеу амалдары жүріп жатқан уақытта өзінің кіші ұлымен бірге Астана қаласындағы бу қазандығының тұрбасына кіріп алып, өзімізді-өзіміз өлтіреміз деп қорқытып, бір тәулік бойы шықпай қойған. Алғашында А.Аязбековке жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Кейіннен Ақмола облыстық сотының кассациялық сот алқасы істі қарап, 9 жыл жаза мерзімін 7 жылға дейін шегерген. Бұған наразы болған А.Аязбекова баласын мүлде ақтап шығаруды талап етіп, кран басында 7 тәулік бойы отырды. Құқыққорғау органдарының барлығының жұмысына күмән келтіріп, жақпаған жаласы қалмады. Соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты заңды күшіне енген сот актісін өзгерткен жоқ. Өйткені шығарылған шешім заңды болатын. Бүгінде сотталушы өзінің қолымен істеген күнәсін сезініп, жазаны мойнымен көтеруде.
Өмір қызық қой. А.Аязбекова Аста­на қаласында кран басына шығып отырған уақытта ондаған жәбір­ле­ну­шінің бірінің анасы С.Жаке­нова есімді көкшетаулық азаматша «…Аяз­бекова кранға шығып алып талап қоюда, осы заңды үкімнің күшінде қалуы үшін енді мен не істейін?» деп шыр-пыр болған еді. Тура үш ай өткен соң С.Жакенованың өзі А.Аязбекованың заңсыз әрекетін қайталады. Көкшетаудың орталық Абай-Біржан Сал көшелерінің қиылысында тұрған құрылыс кранына шығып алып, өзінің шартты түрде сотталған зайыбын керісінше түрмеге қамап қоюды талап етті. Сөйтіп кран басында 5 күн отырды. Өткен-кеткенге бұрынғы күйеуін қатыгез, қанішер қылып көрсеткісі келіп, өзін және баласын өлтіреді деп қорқытқанын айтып, өзінің әрекетін әділдік іздеп жүрген адамның амалсыз шарасы деп көрсетуге тырысты. Шындығында бұл уақытта адам өлтіреді деп қараланған күйеуі жүрегі ауырып, ауруханаға түскен екен (Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасында сол күні қаралатын сот мәжілісіне аталмыш азамат ауруханада жатуына байланысты келе алмайтындығын айтып, анықтамасын іске тіркеткен). Анасын жақтаған баласы да сотта әкесін даттады, кінәлады. Өзінің осы әрекетімен бала мен әкенің онсыз да күрделі қарым-қатынасын өршітіп қана қоймай, өз өмірін де қатерге тікті. Сондай-ақ, халықтың мемлекеттік билікке күмәнін тудыратын сөздер айтып, өзгелерді де заңсыз акция ұйымдастыруға үгіттеген. Тек заңсыздығы жағынан алып қарағанның өзінде осы әрекетімен С.Жакенова Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы 1995 жылғы 17 наурыздағы № 2126 Қазақстан Республикасының Заңының талаптарын бұзған. Жалпы Заң талабы бойынша наразылық акцияларын ұйымдастыру туралы жергілікті атқару органы Көкшетау қаласының әкімдігіне хабарлап, тіркелуі қажет болатын.
Таяуда Көкшетау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты С.Жакенованың заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырып, кран басына шығу дерегі бойынша әкімшілік іс қарады. Бірақ С. Жакенова сотқа келген жоқ, оның себебін де айтпады. Бұл да сотты құрметтемеушілікке жатады. Сот ҚР ӘІЖтК 373-бабы 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оның жасын, жеке мінездемесін, бұрын заң бұзбағандығын ескеріп, «ескерту» түріндегі әкімшілік жазасын ғана қолданды.
Әкімшілік жаза қолданудағы соттың мақсаты қоғамдағы әлеуметтік әділдікті сақтау, құлаққағыс жасау ғана. Азаматтар мемлекеттік билік өкілдері өркениетті, дамыған заманды жалғыз орната алмайтынын түсінулері керек. Оны бүкіл халық, қоғам болып орнатуға міндеттіміз. Ал мемлекет атынан үкім шығарып, халық атынан сөйлейтін сот жүйесінсіз демократиялық мемлекет орнату мүмкін емес. Оған қысым көрсету мемлекеттік билікке қарсы шығу. Жақында ғана өткен ҚР Судьяларының 6 съезінде Елбасы: «…Соттарға қысым көрсетіледі, болашақта мұндай әрекеттерге жол бермей Заң бұзғанды жауапкершілікке тарту қажет…»,– деп ашық айтты. Өйткені экономикалық дағдарыстарды бастан кешуге, оны еңсеруге болады. Ал бүкіл елді тәртіпсіздік жайласа, заңға бағынбау жиілесе, оның болар зардабын айтып жеткізу қиын. Бұл туралы ежелгі заманғы грек ойшылы Демосфен «Заң біз арқылы мықты, ал біз заң арқылы мықтымыз» десе, Цицерон «Тәуелсіз болғың келсе заңның құлы бол…» деп нақтылаған. Платонша айтсақ «заңнан ақылды болудың қажеті жоқ». Заң – ортақ. Оны тек орындауға тиіспіз.

Айсұлу Рүстембек, Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары