670
Оян– Сана, Жайна– Жас!
Оян– Сана, Жайна– Жас!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 20 жылдығына орай өткен халықаралық форумда: «Естеріңде болсын, кім жұмыс істейді, сол ешқашан жастығын жоғалтпайды. Кім жұмыс істеуді қойса, ол отызында-ақ қартаяды. Біз барлық нәрседе үлгі болуға тиіспіз. «Қазақстан-2050» – біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. «Болашақтың» негізінде «Қазақстан-2050» қозғалысын құруды ұсынамын. Жаңа қозғалыс адамдарға еліміздің негізгі міндеттерін түсіндіруі керек. Әрбір азамат Стратегияны, оның міндеттері мен мақсаттарын түсінуге тиіс. Барша қазақстандықтарға бірлік, топтасу және мақсатқа беріктік қажет. Соның барлығын жүзеге сендер асыруға тиіссіңдер. Біздің күшіміз – бірлікте», – деген еді. Елдің келешегі де жастардың қолында. Әрбір жас мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Ол бәлкім, қарапайым қара жұмысшы да, шаруа да болуы мүмкін. Ал, қазақ поэзиясында өзіндік орындары қалыптасып қалған жас ақындар еліміздің дамуына өз жырларымен үлес қосып келеді.
Бұлар – поэзия патшасының жас өкілдері. «Сөз патшасы» өлеңнің құдіретін түсінген, өлеңі өзіне, өзі өлеңіне айналған ақындарымыздың жыры бұл! Ендеше, поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбалары бар ақындардың асау жырына тағы бір құлақ түрелік!
Ерлан Жүніс
1. Өткенде…
Өткенде…
өмірді бастарда,
көктеуге ынтыққан өмірмен,
көктемге ынтыққан көңілмен,
тап келдім,
тап келдім сенің мен,
әлемің,
аспаның,
жаныңа,
көп келдім көктемгі бағыңа,
бұйығы, балауса шағыңда,
шашыңа көк гүлдер тағына,
сен жүрдің,
сен жүрдің ішінде ен гүлдің,
«Махаббат бар ма?» деп мен
жүрдім,
сендіргің келетін,
күн өпкен жүзіңнен мен өпкім,
жаныңды жанымның төрі
еткім,
тәніңді тәнімнің төрі еткім
келетін,
о, бәлкім, сен білдің,
мен сонда білмеген екенмін,
ертерек бүрлеген екенмін,
бір баққа бөлене бермесін,
бір бақта гүлдеген екеудің,
өткенде…
өмірді бастарда…
2. Дәл қазір…
Дәл қазір… тек басқа қалада,
Сен жайлы ойланды бір адам,
қалаға,
жымиған, жылаған,
дәл қазір арылған күнәдан,
дәл қазір күнәға бататын,
қарады ол:
сен жайлы ойланды,
терезе алдына байланды,
есіне түсірді жайдарлы,
кезіңді,
кезіңді жабыққан,
оның шын сүйерін жаңа ұққан
кезіңді,
кезіңді
сүйікті болудан жалыққан,
сүюге ұмтылған өзгені,
өзгеге арналған сөздерің,
өзгеге қараған көздерің,
мұңайтып тұрғанын сезбедің,
дәл қазір… тек басқа қалада,
сен жайлы ойланған адамды,
өзіңе айналған адамды,
өзіңе байланған жанарды…
Дәл қазір… тек басқа қалада…
3. Күні ертең…
Күні ертең… көк пен жер
есенде,
Алқоңыр күздер
Мен
Көгілдір көктемдер есенде,
Сол сәтке адаспай жеткендер
Есенде,
бір ақын,
Сен жайлы жыр оқып тұратын,
Ел жайлы жыр оқып тұратын,
Жер жайлы жыр оқып тұратын,
Есіңе түскенде,
дәуірлер, замандар көшерде,
қалалар, адамдар көшерде,
О, бәлкім дәл сенің көшеңде,
О, бәлкім орталық алаңда,
Арманшыл, адасқақ сол жанға
Далалар, өзендер, ормандар,
Жолдар да, таулар да, қорғандар,
Уақыттар, халықтар, белдеулер,
Гүлзарлар, нөсерлер, желдер де,
Құлдыраулар менен өрлеулер,
Ең ұлы сезімге сенгендер,
Ескерткіш қойғанда,
Ғарышпен тыныстап жүректер,
Атқақтап, тыныш қап жүректер,
Саған кеп ұсынса, таң қалма,
Қолына гүл ұстап жүректер,
Күні ертең… көк пен жер
есенде…
Тоқтарәлі Таңжарық
Адасқақ
(Ә.-ге)
…Білерсің, қалқам,
егілтер жанды ескі бір күй бар –
«Кертолғау»,
керіне кеткен кезімнің мұңын
қиын екен ғой шерте алмау.
Өксікке толы өзек ішінде күйіп
бір батқан күндердің
сүлдерін сүйреп,
Кербездеу сенің кеудеңе үнсіз
енсем бе-ау?!
Қажет болса егер
Хантәңірдің де терер ем аппақ
лаласын
Көзіңді жұмып,
Естірте көрме көзсіз сезімнің
қазасын.
Түбі жоқ мұңның түкпірін
кездім
Қолыма жасыл шырақ ап…
Сезім толқыны ұрады шулап,
Шағалалы көл жағасын.
Көгілжім сәуле көгершіндерін
көзінен пыр-пыр ұшырған…
маздатып ойдың қоламталарын,
құсни қалам-құсыңнан.
Алысқа бастар жетелеп мені
айдарыңдағы шоқ жұлдыз,
Алайда, жаным, көруші болма,
Айымды бағзы тұтылған…
Жолайрық
Бітпейтін менің ертегім едің,
Бақытқа бірақ жетпеген.
Қанша жыл өтті…
Көз жасыңменен көгілдір таулар көктеген.
Салмағы батпан ымырасыз
бұл сәт
ымыртқа қалай ұйыған?..
Сырғыған жасты шыт
орамалмен
сүртесің баяу еппенен.
Неге үнсіз қалдың,
Сарғайған жұрттың
сағымын аңдап,
мұңданып,
Баяғы ескі әніңді айтшы,
Қайтадан, қалқам, тыңдалық.
Біз терген гүлдің қауашағына
үскірік салып өрнегін,
Біз жүрген жолдың сүрлеуін
қымтап,
Леппенен мүлгір шырмауық…
Қайда сол інжу сезімдеріміз,
Алданған біз бе, арман ба?
(Көне жұрттағы кәрі теректің
жапырағы желмен саулауда).
Мұңсыз кездердің мүрдесін
жерлеп,
Көз көрмес жаққа кетерміз,
Обалымыздың отына күйген
Үміттей бейуаз жалғанда…
Жанар ӘБСАДЫҚ
Беу, туған жер
Түнгі аспаны шоқ-жұлдыздар маздайтын,
Қиялдағы әсерліңді қозғайтын.
Ыстық лебі үп етсе шаңқай
түсте,
Жүрегіңді өртеп кете
жаздайтын…
Арман түстес үлбіреп бір
гүлдейтін,
Жиделері жұпары аңқып
бүрлейтін…
Сиқыр көшкен жұмақтан бұл
мекенге,
Жан баласы сырын ұға білмейтін.
Әзелгі бір тұмсалықты
жырлайтын,
Мұң-шалықты құстар сазын
Қырлар мүлгіп тыңдайтын.
Топырағыңда тұз басқан
иірім бар,
Көкіректен шерді-мұңды
ұрлайтын.
Қоңыраулы шеңгелі
күмбірлейтін,
Жусаны мен жыңғылы би
билейтін.
Сағымды өбіп самалы ән
салғанда,
Баянсызын дәуреннің
білдірмейтін.
Бұйра құмы аңыздар көші ме екен,
Таңы ерекше бұл жердің, кеші
бөтен.
Айы сүйіп оятқан сәби-жырды,
Желі тербеп жұбатар бесік екен.
Талдап сірә, берер ме екен бір
ғылым,
Құрсағыңнан қуат алған тірлігім.
Жұмыр жерді байлап тұрған
тартылыс,
Таралатын бір өзіңнен – кіндігім.
Ақ қозыдай ақ уызға тойдырған,
Кеудеме – өлең, көмейіме – ән
құйған.
Мейір, Сезім, Медет болып
жаныма,
Мына мені
Патшалардың патшасынан бай
қылған,
Беу, туған жер!
Сені жоқ дегенге…
Кеше де жоқсың, бүгін де…
Ал ертең?
Мендегі жүрек – жауқазын
гүлдей бастаған бір өртең.
Еш бақсы емін таппаған
бұл ғажап дертіме,
Өзіме-өзім жазған
ішірткі жырыммен күнелтем…
Жақыным, жатым да көрмеді,
сезбеді сені ешкім,
Жұбатып жанымда, жұптасып
жүрген де емессің…
Сен сірә, мендегі
айна-жүректен өзіңді-өзің
қызықтап,
Қағаздың бетіне көшкен
бір қызық елессің…
Шыныма емес, мұңыма
Күйреуік, бәлкім қаһарман
сыңарсың,
Өңіме емес, мазасыз
түсіме құмарсың.
Сен сірә, осынау жер бетінде
емес,
Тек менің кеудемде ғана
өмір сүретін шығарсың?!.
Періште жырларым
бейнеңді өбектеп қорғаса,
қолдаса,
Мінсіз бір мүсіндей
затыңды мәрмәрдан сомдаса…
Селк етіп
жаздың бір жауынды кешінде,
Сені Жоқ деген
қаталдау шешімге
сенер ем –
есімің Сағыныш болмаса!
Ербол БЕЙІЛХАН
Шимай-шимай…
Шимай-шимай ақ қағаз – тарихымның беттері,
Жұлым-жұлым қауырсын…көңілімнің кептері…
Баба – ғұмыр туралы балбал
тастар сөйлейді,
Өзім – Қазақ! Түркімін… арғы
тегім Көкбөрі.
Ұмыттыра жаздапты: дінім,
тілім, ділімді,
Ұмыт қыла жаздапты –
күмбірлеген күйімді.
Арғымағын ұлтымның
көлеңкеден үркітіп,
Таспен жауып қойыпты, ақиқат
пен шынымды.
Мақтай-мақтай өлтіріп, Ұлтты қырған ұлықты,
Жасқай-жасқай өзгелер киіп
алдық құрықты…
Ердің құны есі ауған бөтелкемен
өлшеніп,
Қыздарымыз боп кетті, етегімен
қылықты…
Сол заманға түкірдім! Кешір
мені, кешірме,
Қайран ұлтым қор болдың,
кесапат пен кесірге…
Әппақ қағаз арыңды
шимайлатып өзгеге,
Бәрін көрдің сойқанның туған
жердің төсінде.
Енді неден жасқандық Күн
шыққанда көгіне,
Көрген қорлық, босқан жұрт
көрінбей ме көзіне?
Ұлтарақтай жер үшін: мұз
жастанып, қар құшар,
Қайсар ұлан өссе екен, тартып
туған тегіне.
Болашақтан күтеміз! Ұшпас
бақыт, баянды із,
Оян – Сана, Жайна – Жас!
Көгімізде арай жүз!
Шыңды аңсаған, бірақ та,
шимай-шимай көңілді,
Өмір өзі өшірмей, өшіреміз
қалай Біз?..
Қоңыр қозым-ау!..
Қоңыр қозым-ау, маңырамашы,
жоғалтып алып енеңді…
Қоңыр ойларым жамырамашы,
тоналтып алып көнеңді…
Қобыз кеудем-ау, аңырамашы,
Шерімді қозғап шемен-ді?..
Домбыра – ғұмыр әуенің қайда,
Тарихым жатыр пернеңде.
Әділ сөйлейтін «мәуелім» қайда,
Арғымақ қайда белдеуде?
Ұл болып емген мәйегің қайда,
Бөрілік қайда кеудеңде?
Алмас мінезім, майырылдың ба,
Жау орнына – боқ шауып…
Кереге қанатым қайырылдың ба,
Сеңгіріңнен бақ тайып…
Туған тілімнен айырылдым ба,
Ауа орнына – от қауып…
Құмға сіңген құмыра – жылдар,
Ерте бермеші елеске?
Отарлық өткен рухсыз құлдар,
Түсе алмайды егеске!
Қарнын күйттеген қулар мен
сұмдар,
Бақытсыздығың емес пе?..
Қоңыр қозым-ау, маңыра тағы,
Иесіз менде жетіммін.
Оралдым міне, қағыма тағы,
Оралдым ерке кекілдім.
Қоңыр мұңдарды жүрекке
артып,
Өтеді-ау, қайран есіл күн!..
…Қоңыр қозым-ау, маңырашы?..
Жарас Кемелжан
Басынан Ойқарағай...
Басынан Ойқарағай ой көшеді,
Оюлы, ораулы ши той көшеді.
Бораны отыз үштің борағанда,
Орағы қанға бөккен ой деседі.
Басынан Ойқарағай оқ ұшады,
Опасыз отыз үште ой құсалы.
«Орысқа ұл бергенің – құл
болғаның», –
Түрілген елдің анты, соғыс әні.
Басынан Ойқарағай ел көшеді,
Ошаған отсыз, сусыз өрге өседі.
Сартауды сағалаған сайран
жұртым,
Сансырап, сағы сынған жер
кешегі.
Басынан Ойқарағай бұлт
аунайды,
Бұл елді бұғау емес, құртар
қайғы.
Құланы жортқан белден кісі
аса алмай,
Жыланы жыра-жонын жырта
алмайды.
Сартаудан сары қорым керіш
аққан,
Қаңтардай қалтырайды беріш
ақпан.
Басынан Ойқарағай балбал еріп,
Баурынан балқып Текес теріс
аққан.
Мағаз – жыр
Махамбеттің шертпесі –
Мағаз – жырдың бұлағы.
«Өлі қойдың өкпесі»,
«Тірі қойдың тылағы».
Қаңқу-қаңқу – жыр кеуде,
Құлағымда құм әні.
Базары кем дүние
Бастан кеміп барады.
Ажары кем дүние
Беттен көшіп барады.
Белдеуі жоқ қу жалған,
Белден асқан көштейін,
Көлбең-көлбең қағады.
Көйлегі тозған арудай,
Көзге қораш жамалы.
Етекте қалған елім бар,
Төсекте талған жар әні.
Туып-өскен жерім бар,
Төскейде қалды тауаны.
Текестің басы – мекенім,
Сартаудың бойы сарқамыс.
Сарқамыс жаққа кетемін,
Қанатым қысқа, жалғап ұш.
Көдектің төккен жырындай,
Көксеген жерден өтемін.
Кекіреймеген көршіге,
Көде басындай бетемін.
Тарихымды тастан қашадым,
Құмнан санадым.
Бабамның ізін таба алмай
Санамда сан ағым.
Шәлкөде бардым,
Мекені бабамның.
Көңілім күрт өсіп,
Жарқ етті жанарым.
Айғайтас елестеп көзіндей
Томирис анамның.
Үзілген үміттің сөзіндей,
Орыны жазылмай жарамның.
Қансырап қалған ел –
Санам – мұң.
Бойымды тоғытты мөлдірің,
Бәлкім, болмайды енді мұң.
Шәлкөде, шалдықсам мен бүгін,
Болмай ма боркемік ендігім.
Ұлтымның сұраған теңдігін,
Даламның кеңдігін
Қорғаған ұландар ерлігін,
Елейді енді кім?
Аяқтан шалады
Жағамды жыртады –
Жаңғырып құлаққа жұт әні.
Бабалар, болса екен баянды
Білекпен қорғаған елдігің.
Аллаһуәкбар!
Бауыржан Халиолла
Жан тебіреніс
Сен мені ойлаймысың?
Талмаусырап тағатың
таусылғанда
Қайғы жұтып, уайымға
жаншылғанда.
Жұлдыз жауған түндерде
жалғыз қалып,
Қара мақпал жер бетін
қаусырғанда.
Сен мені аңсаймысың?
Жаның жүдеп жалғаннан
жабыққанда,
Қарс айрылып көкірегің,
қамыққанда.
Жанарыңнан сырғанап
жып-жылы жас,
Жүрегіңе жүк түсіп,
тарыққанда.
Сен мені күтемісің?
Таңғажайып дүниеге
тамсанғанда,
Ақбоз таңды асыға қарсы
алғанда.
Барлық әлем бақыттан басы
айналып,
Бақ-бақ ұшып, бақ іші ән
салғанда.
Тағдыр қашан еншісін тең
бөледі,
Сезім неге адасып сенделеді.
Алдануға жетеді соның өзі –
Сағынсаң ғой дәл мендей, Сен
де мені!!!
Ғұмырыма ұқсас мұң
Еске алып мезгілдің күзгі айын,
Жапырақ жылап тұр.
Жаңбырға жуынған қыз-қайың
Мұңына құлақ түр.
Бір мезет қайтадан жұбанып,
Түседі күйге мың.
Бұлбұлдар ән салса, бұралып,
Бастайды билеуін.
Жас талға жолықса қапалы,
Көрсетіп қарсылық.
Жел үріп, жер құшса, жатады
Табанға жаншылып.
Сәл-пәл күн суынса сән қашып,
Түңіліп, түршігіп,
Өмірі өтуде алмасып,
Жалғасып тіршілік.
Тіземнен бүгіліп, иіліп,
Қақырап қаламын.
Жапырақ – мен де ертең,
қиылып,
Топырақ боламын.
Рухыңмен жебей жүр
Құйса да жанға қорғасын,
Қайсар едім ғой, қайтпадым.
Әжемнің ұлы болғасын,
Әкем деп сені айтпадым,
Балам деп мені айтпадың.
Қыз-жалған құшып мойныңды,
Қолыңды бұлғап кеттің сен.
Қызықтап, Құдай, ойныңды,
Қайтеді мен де көп күлсем.
Шөліркеп сусыз таңдайың,
Сазарды тағдыр қасарып,
Дәл көздеп дию маңдайын,
Атқым да келді тас алып.
Жылады шешең, қарғады
Жүрегін жұтқан ажалды.
Жоқтау қып және арнады,
Қайғылы, мұңлы ғазалды.
Ертегі тыңдап қасыңа,
Еркелей сөйлеп бармадым.
Ер жеттім, бірақ басыңа
Ескерткіш қоя алмадым.
Өзіңе қайтып қоса ма,
Он екі көктем бір тұтас.
Далиған дала, Қособа,
Мөлиген мола, құлпытас.
Тентегің қалай тауысар,
Тарту қып текті өлең-жыр.
Келмеске кеткен сары шал,
Рухыңменен жебеп жүр.
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС