«БАЗАРҒА ӨРТ ҚАСАҚАНА ҚОЙЫЛҒАН»,

«БАЗАРҒА ӨРТ ҚАСАҚАНА ҚОЙЫЛҒАН»,

«БАЗАРҒА ӨРТ ҚАСАҚАНА ҚОЙЫЛҒАН»,
ашық дереккөзі
244

Алматының «Барахолка» атанып кеткен базарының басына бұлт үйірілгелі қашан. Қала әкімдігінің арнайы нұсқауымен бір-біріне иық тірескен қара базарлар сүріліп, орнына жаңа заманауи сауда үйлері тұрғызылып, жол айрықтар салынуы тиіс. Бұл қағаз жүзінде шешіліп қойған. Енді мұны әкімдік іске асыруға шындап кірісіп кетті. «Барахолка» Орта Азиядағы сауда айналымы жағынан екінші орын алатын тұтас кешен. Мұнда жылына 1 млрд. АҚШ долларына тең сауда операциялары жасалады. Ал бірінші орындағы Қырғызстанның «Дордой» базарында бұл айналыс 2 млрд. АҚШ долларына тең.

Алайда, Алматы қаласының архитектуралық жоспарын жасаушы мамандардың шешімін құқық қорғау мекемелері орындауға бірнеше рет тырысса да, мұнысынан түк шықпаған еді. Нәпақасын қара базардан тауып жүрген саудагерлерге талай мәрте мүмкіндік берген. Бірақ күндердің артынан айлар, айдың соңынан жылдар сырғыды. «Барахолкада» саудасын жүргізген жұрт жылы орнын суытқысы келмеді. Соның салдарынан базардан үш айдың ішінде үш рет өрт шықты. Қаншама тауар өртке оранып, күлі көкке ұшты.
17 қараша күні болған өрттің залалы да көп. Саудагерлер қызыл өрттің арасынан тауарын аман алып қалуға жандәрмен кіріскен. Әрине, халықты да түсінуге болатын шығар. Бірі банк­тен несие алып, кәсіп жасауға кіріскен, енді бірі айналым арқылы ақша айырып жүр. Бірақ олар соңғы өрттің қасақана қойылғанын әу бастан білген сияқты. Күдіктері алдамапты. Алдымен от «Құлагер» базарына қойылғаны анықталып отыр. Яғни, қаскөйлер алдын-ала тыңғылықты әзірленген. «Құлагерден»  тұтанған тілсіз жау «Арал», «Еуразия» базарларын шарпып, 900 контейнерді  күлге айналдырды. Мамандардың айтуынша, мұнда сауда жасаушылардың әрбір үшіншісі ғана өз отандастарымыз екен. Саудагерлердің басым бөлігі – қырғыздар, одан соң өзбектер мен тәжіктер көрінеді.
Бастапқыда Алматы қаласының әкімшілігі базарлардың бірінен кейін бірінің өртенуіне базар әкімшіліктерін кінәлап, дәнекерлеу жұмыстарын дұрыс жүргізбегендігі себеп деген мәліметтер таратқан болатын. Алайда нақты мәлімет бұған мүлдем қарама-қарсы. Тілсіз жаудың себептерін анықтаған Төтенше жағдайлар министрлігінің қорытындысына сенсек, өрт бір уақытта бірнеше жерден қойылған. Өрт шыққан аумақтан жанармай қалдықтары мен жарылғыш заттар табылыпты. Әзірше саудагерлерге қастық қылғандардың кім екені белгісіз. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Данаев: «Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің зерттеулері бойынша, ҚР қылмыстық кодексінің өрт қою арқылы бөтен адамдардың мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру атты 187-бабымен 2 бөлімінің (а) тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тексеру, тергеу жұмыстары басталды», – дегенді айтты.
Ал құтқарушылар тілсіз жаудың таралуын дер кезінде тежейтін едік деп ақталса да, базар күзетшілері «101» қызметін кеш шақырған көрінеді. Бір өкініштісі, бұл жолғы шығынның есебі айтылмады. Саудагерлерді орасан зор шығынға батырып,  қастық қылғандардың кім екені де, анықталған жоқ. Тек дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігін сақтамаған сауда орталықтарын жаппай тексеруге көшті. Қазірдің өзінде еліміз бойынша 121 базарды «қара тізімге» енгізіп қойыпты. Қара тізімге өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып жұмыс істеп жатқан, әрі үстінен сотқа арыз түскен базарлар енгізіледі. Сөйтіп, министрліктің сайтында жарияланады. Осы арқылы қара халық қай сауда орнының өз өмірі үшін аса қауіпті екенін біле жүреді. Мамандар мұны соңғы кезде елімізде базар өртінің жиілеуінен кейін қолға алса керек. Өйткені жыл басынан бері сауда нысандарында 30 өрт оқиғасы тіркелген.


Владимир Красюковке  сенуге бола ма?


«Барахолкадағы» базарлардың көбі қызыл жолақтың үстінде орналасқандығы жөнінде талай рет ескерту жасалған. Мұның соңы саудагерлерді «Өжеттегі» базарға уақытша көшіру жұмыстарына жалғасып кетті. Жақында «Өжетке» көшіп барған «Құлагер» базарының саудагерлері мен жаңа сауда орнының басшылығы арасында кездесу ұйымдастырылды. Жаңа сауда орнының талаптары мен жағдайын көрген саудагерлер көңілдері толмайтынын  жеткізді. Олардың айтуларынша, базар күл-қоқысқа толы, ал сауда жасауға арналған контейнерлер іріп-шіріген. Сондай-ақ тұратын орынның құны да қымбат. Мұнда сауда жасауға келгендерге жаңа орынды жалға берушілер алты ай мерзімге алдын-ала төлеуді талап еткен. Мұнымен қатар, жалға алу құнының нақты бағасы да әлі бекітілмеген. Сол себепті баға күніне мың құбылады. Өз кезегінде «Өжет» базарының директоры Владимир Красюков контейнерлерді жалға беру ісіне алыпсатарлар мен алаяқтардың араласып кеткенін, алдағы уақытта бұл мәселе нақты шешіліп, жалға алу құнының нақты бағасы белгіленетінін тілге тиек етті. «Және де сіздердің алдарыңызда айтарым, бірде-бір саудагер 2014 жылдың 1 наурызына дейін жалға алу құнын төлемейтін болады. Сіздерге берер уәдем осы. Бұл сіздердің аяқтан тұрып кетулеріңізге септеседі. Ал контейнерлерді жалға бергендердің ісін заң жүзінде қарастырамыз. Әрбір саудагер контейнерді бір айға жалдау үшін 300 доллар көлемінде ақша төлеуі қажет. Бұл бағаны олар тек наурыздың бірінен бастап қана базар әкімшілігіне беретін болады. Қазіргі уақытта 1200 саудагер жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткен. Жалпы көлемі 17 гектар жерді алып жатқан аумаққа 5000 контейнер орналасатын болады. Ал тілсіз жау тұтанған жағдайда мұнда жеке өрт сөндіру көлігі дайын тұр.Біздің аумақта жеке өрт сөндірушілер мен машиналар бар. Олар тәулік бойы кезекшілікте тұратын болады. Мен ашығын айтсам, бұл жерде қауіпсіздік ережелері толықтай сақталған. Базар толықтай салынып бітпеген. Көптеген жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Десе де жақын арада сауда орны толықтай керек-жарақпен жабдықталып, колданысқа берілмек», – деді базар басшысы Красюков. Өз сөзінде ол базарда барлық санитарлық талаптар сақталғанын, бұдан өзге өрттің алдын-алу мақсатында базар басшылығы арнайы өрт сөндіретін көлік сатып алғанын айтып өтті. Келесі жылдан бастап ерекше сәнді павильондар орнатылатын болады. Директордың айтуынша, жаңа орындар саудагерлерге оларды жұмыссыз қалдырмау мақсатында берілген. Қазіргі күні базарда 1200 адам орын тапқан. Алдағы уақытта қосымша тағы 1500 орын бөлінбек. Бұл ретте шараға арнайы қатысқан ақпарат құралдары базардың ішкі тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.


Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары