Қырмызы Игісінова: Дәрігердің аласы да, құласы да болады

Қырмызы Игісінова: Дәрігердің аласы да, құласы да болады

Қырмызы Игісінова:   Дәрігердің аласы да,   құласы да болады
ашық дереккөзі

Еліміздің медицина саласы жыл санап даму үстінде. Соңғы кезде емханалар мен ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталып, қызмет көрсету сапасын жақсартып келеді. Әрине, бұған денсаулық сақтау саласында енгізіліп және қабылданып жатқан жаңа жүйе мен бағдарламалардың септігі тиетіні анық. Соның бірегейі саналатын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған шаралар жөнінде Алматы қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Қырмызы Игісінова әңгімелеп берді.

– Медицинада бұған дейін түрлі реформа енгізіліп, шама-шарқынша жүзеге асырылды. Ал 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының көтеретін жүгі көп. Еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсартуды көздейтін бағдарламаның мақсаты да айқын. Азаматтардың денсаулығын сақтау және  санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылды күшейту; Бiрың­ғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн дамыту және жетiлдiру; медициналық және фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметтi дамыту басты жоспарда.
– Бүгінде бағдарламаны іске асыру мерзімінің бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Нәтижесі қандай?
– Бағдарламаның бірінші кезеңі – 2011-2013 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2014-2015 жылдары жүзеге аспақшы. №3 емхана ұжымы да халықтың өмір сүру ұзақтығын 2013 жылы 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғайту мәселесіне барынша күш салуда. Одан бөлек ана мен бала өліміне жол бермеу күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, бағдарламаға сәйкес, өлiм-жiтiмнiң 100 мың тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылы 28,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейiн төмендеуi;  ана    мен  нәресте өлiм-жiтiмiнiң 1000 тiрі туылғандарға шаққанда 2013 жылы 14,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейiн төмендеуi; жалпы өлiм-жiтiмнiң 1000 адамға шаққанда 2013 жылы 8,14-ке дейiн, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейiн төмендеуi; туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98,1-ге
дейiн, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейiн төмендеуi; 15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6  шегiнде ұстау керектігін естен шығарған емеспіз.
Бағдарламаны iске асыру медициналық қызмет көрсетудiң шығыны аз нысандарына өту үшiн жағдай жасау, саланың профилактикалық бағыттылығын қамтамасыз ету, медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгi мен сапасының деңгейiн арттыру арқылы денсаулық сақтау жүйесiн қарқынды дамытуға, арнайы әлеуметтiк қызметтердi енгiзуге, сондай-ақ халықтың өзiн-өзi сақтау мiнез-құлқының дәйектемесi, медицина персоналының кәсiптiк және жеке өсуi, денсаулық сақтау жүйесiн қоғамның қазiргi талаптарына және нарықтық жағдайларына бейiмдеу үшiн жағдай жасауға ықпал ететiн болады.
– Ал Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің де енгізілгеніне үш жылдың жүзі. Бұл үрдісті халық қалай қабылдады?
– 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi кезең-кезеңмен енгiзiлді. Бұл пациенттерге дәрiгер мен медициналық ұйымды еркiн таңдауды қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудiң бәсекелестiк ортасын қалыптастыруды, медициналық ұйымдардың түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткiзуге бағытталған жұмысын және нақты шығындар бойынша медициналық қызметтерге ақы төлеудi көздейдi. Алайда, «Мына емхана жақсы, анау емхана жаман» деп айтуға болмайды. Тұрғындар басқа емханаға тіркелуге келгенде ойлану керек. Кейде дәрігерді үйге шақыртуға тура келеді. Ол басқа емханадан келем дегенше уақыт өтеді. Әсіресе, екіқабат әйелдерге сол тұрғылықты жердегі емханаға қаралғаны дұрыс. Әрі жақын, әрі үйреншікті. Сондықтан жұрттың сөзіне сеніп, айдаладағы емханаға тіркеліп жүргендер баршылық. Қайда барсаң да, сол мәселе. Дәрігерлердің ішінде де аласы да, құласы да болады. Кейбір емхана 50 мың адамға лайықталса да, қазір сонда 100 адам қаралуда. Дәрігерлердің ішінде жүктемеден шаршап, жұмыстан шығып жатқандары да бар. Тіпті, ұзын-сонар кезек те орын алуда. Негізгі идеология былай болған. Егер сіз бір емхананы таңдасаңыз, оған ақша бөлінеді. Жалақы да көбейеді. Адам көбейгенмен, емхананың аумағы кеңеймейді ғой. Құрал-жабдықты қоятын кабинет керек. Үкімет барлық емхана аумағы жағынан бірдей болу керектігіне көңіл бөлуде. Сондықтан бұл мәселе біртіндеп шешіледі.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау менеджерлерiн даярлау жүзеге асырылып, дәрiлiк заттар дистрибуциясының бiрыңғай жүйесі мен денсаулық сақтау саласына ақпараттық технологиялар енгiзiлуде. Барлық өңiрлерде филиалдары бар республикалық ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтi қайта құрылымдау жүргiзiлді.
– Емхананың жаңа технологиямен жабдықталуы қалай?
– Соңғы кезде Денсаулық сақтау министрлігі жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға құлықты болуда. Себебі, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының да діттегені – өлім-жітімді азайту мен өмір жасын ұзарту. Бізде қазір цифрлық, анализаторлық талдау жасайтын құралдар бар. Бұл науқастың медициналық сараптамасын сол мезетте қолға береді. Жақында асқазанды, тоқ ішекті түсіретін құрал (ФГДС) алайын деп жатырмыз. Мұнымен қоса бүгінде көбейіп кеткен сүт безі қатерлі ісігін тексеретін құралға да қол жетпекші. Әрине, жыл сайын медициналық құралдар жаңартылуда. Бұл әсіресе, онкология, жүрек, қан тамырлары ауруларының асқынып тұрған кезінде ауадай қажет. Осы бағытта министрлік арнайы скринингтік шараларды көптеп өткізуді жоспарға қойған. Бұл дертті ерте кезде анықтауға септігін тигізбек.
– Бүгінде отбасылық дәрігердің құзыреттілігі артып келеді. Ол баланы да, қарияны да қарайды. Дегенмен, бір дәрігердің жан-жақты білгір болуы мүмкін бе?
– Емханада бас-аяғы 60 мың адам тіркелген. Оның бәрінің денсаулығын бақылауда ұстап, дәрігерлік кеңес беріп отыру міндетіміз. Осы тұрғыда отбасылық дәрігерге жүктелген жауапкершілік мол. Бір дәрігер баланы да, егде кісіні де қарайды. Бұл бір жағынан жақсы. Себебі, дәрігер сол отбасының жағдайымен де етене таныс болады. Қанша адам тұрады, қандай қызмет атқарады? Ол біріншіден, психолог. Керек жерде ақыл-кеңесін айтады. Бір отбасылық дәрігерде 350-400 отбасы бар. Бұл 2 мың адам деген сөз. Бұл – нормативтік талапқа сай. Сондықтан бір отбасының әр мүшесі әр түрлі емханаға тіркелмей, бір дәрігердің қадағалауында болғаны дұрыс. Негізі отбасылық дәрігер бұрыннан болған. Ауылдағы фельд­шер жасты да, қарт кісілерді де қарайтын. Медициналық оқу орындары осы ізбен әмбебап дәрігер дайындауға кірісіп кетті. Жалпы, дәрігерлік факультетте білім алатын студенттер баланың, жасы егде тартқан қариялардың патологиясын біліп шығады. Ал науқастың жағдайы күрт ауыр болса, оны қарайтын арнаулы ғылыми-зерттеу институттары бар.
– Медициналық мамандар да білім жетілдіру курсынан өтіп, аттестациялық сынақ тапсырады. Еңбекке жаңа араласып жатқан мамандарға көңіліңіз тола ма?
– Иә, біз де жас кезімізде келдік. Сол кезде үлкендер: «Жастардың білімі таяз» дейтін. Қазіргі орта буын да солай айтады. Неге? Кез келген адам тәжірибе жинақтау арқылы ғана маманға айналады. Біз жастарды баулып, тәрбиелеуіміз керек. Әрине, «түк білмейді» деп айта берсек, олардан дәрігер шықпайды. Бәрі өзімізге байланысты. Жастар да бес саусақ сияқты. Біреуі тез қағып алады, екіншісі, кешігіп барып қимылдайды, үшіншісінің құлағына да кірмейді. Дәрігер болмайтын адам бәрібір білініп тұрады.
Кез келген медицина қызмет­кері бес жыл сайын аттестация­дан өтеді. Одан сүрінбей өту үшін мамандығы бойынша білімін жетілдіруі қажет. Әрі мұның бәрі тегін. Оқыған адам арнайы сертификатқа ие болып, жұмысын әрі қарай жалғастырады. Ал керісінше, ештеңеге талпынбаса, мұндай маманға орын жоқ. Сондықтан басшы ретінде маманның біліктілігін мойындасақ, міндетті түрде білімін жетілдіруге жібереміз. Жалақысы да соған байланысты өсіп отырады. Бәзбіреулер жекеменшік емханада еңбекақы жоғары деп ойлайды. Олай емес. Қазір екеуі де теңесіп келеді. Мәселен, учаскелік терапевтің жалақысы – 120 мың теңге. Ал жұмысын ойдағыдай істесе, үш ай сайын ынталандырылған сыйақылық үстеме қосылып отырады. Сәтін салса, бұл үстемақы озық қызметкерлерге жаңа жылдан бастап ай сайын беріледі.
– Ақ халаттылардың атына айтылып, жазылып жатқан сындарға қалай қарайсыз?
– Шын мәнінде, адам денсаулығының он пайызы дәрігерге, 90 пайызы өзіне байланысты. Кейбіреулер қарапайым қағиданы да білмейді. Дәрігер кішкентай қателікке жол берсе, қара күйе жағуға дайын тұрады. Медицинада орын алып жатқан олқылықтар бұрын да болған. Бірақ ол кезде ақпарат қазіргідей ашық емес еді. Бүгінде министрдің, әкімнің, департаменттің арнайы сайты бар. Дереу сонда жазады. Көбі шағым түсіруге құмар. Ал ақпарат құралдары дәрігер 500 грамм нәрестені аман алып қалса, ерлік ретінде көрсетіп жазбайды, ал шетінеп кетсе шулап шығады. Көрдіңіз бе, өз ісін адал атқарып жүрген ақ халаттылардың еңбегін бағаламаймыз. Мұндай жағдайлар көңілге өкініш ұялатады.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы