Ғылым үшін туған жан еді

Ғылым үшін туған жан еді

Ғылым үшін   туған жан еді
ашық дереккөзі

74 жасқа қараған шағында белгілі математик, Моңғолия ҒА-ның академигі, профессор, Халық мұғалімі Мекей Әбішұлы дүниеден өтті. Ол 1940 жылы Моңғолияда туған. Моңғолияның мемлекеттік университетінің математика факультетін және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің механика-математика факультетінің жоғарғы Алгебра кафедрасында аспирантураны бітіріп, сонда 1995 жылы докторлық диссертация қорғады. Ол өмір бойы Моңғолияның мемлекеттік университетінде ұстаздық етті. Проректор қызметін атқарды. Мекей Әбішұлы 1970-ші жылдардан бері алгебраның алуан түрлілік саласында зерттеу жүргізіп, математика ғылымына сүбелі үлес қосты. 100-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрді. Жоғарғы алгебра курсына арналған 10-нан аса оқулық, оқу құралын шығарды. Ол еңбектерін моңғол, орыс, ағылшын тілдерінде жазды.
Профессор Мекей Әбішұлы көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Сол үшін ол «Моңғолияның халық мұғалімі» атағына ие болды. .Мекей Әбішұлы әлемнің көптеген елдерінде болып математиктердің бас қосуына қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Әлем математиктері Мекей Әбішұлының еңбектерін «көп мүшелік теңдік қатынасы орындалатын шығырықтар теориясын» өркендетуге қосылған қомақты үлес деп таниды. Ол көп жылдар бойы Халықаралық математика олимпиадасына қатысқан Моңғолия командасының жетекшісі болды. Профессор Мекей Әбішұлының құрастырған есептері бірнеше жыл дүниежүзілік олимпиадашыларға берілетін үздік есептердің тізіміне алынды. Мекей Әбішұлының кейбір еңбектері Дүниежүзі математиктерінің сұрыптама антологиясына енді. Ол әзірге Моңғолия қазақтары арасынан шыққан жалғыз академик. Ол ғылым үшін жаралған жаны жайсаң азамат еді.
Қош аяулы азамат, жаның жәннатта болсын!

Қ.Зардыхан, Т.Аятхан, С.Съез, Ә.Қабылаш, Н.Төлеубай, Н.Дәлел, Н.Марияш, З.Сағат, Б.Досан, Қ.Болатхан, У.Ботакөз, Б.Бақытбек, К.Есенгүл.