Оқырман ойы

Оқырман ойы

Оқырман ойы
ашық дереккөзі
383

Келін – кесір, қыз – ессіз, ұл – есер..

.

Мемлекетіміздің, еліміздің керегесі кең, уығы мықты болуы үшін, сол елдің болашағы – өскелең ұрпақ тәрбиесі үнемі назардан тыс қалмауға тиіс мәселе. Кез келген отбасы, ата-ана сол ұрпағының болашағы үшін алаңдайтынын ескерсек, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер жанға батады. Ананың ақылын місе тұтпайтын қыз, әкеге айбат шеккен ұлдарымызды күн сайын болмаса да, көз көріп, құлақ естіп жүргені кім-кімнің болмасын жанын жегідей жейді.
Осыдан оншақты жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жартылай жалаңаш, кіндіктерін жел сүйген қыздарымыз әңгіме болатын-ды. Одан нәтиже шықты ма, жоқ па, жазудан да жалыққан сияқтымыз. Бүгінгі қоғамда ұл әкесін, қыз анасын сыйлаудан қалған, енелердің келін алдында титтей де қадір-қасиеті қалмағанын әркім-ақ айтып жүр. Ұят та болса айтайын, күйеулерін өздері «туып алғандай» кекірейген кесір келіндерді де көзіміз көріп жүр. Ұрпақ қамынан гөрі сыртты қалап тұратын далабезер күйеулері де, әйтеуір, үйдегі айқай-шудан қаша ма, кім білсін, ата-анасының қабағынан гөрі әйелінің көңіліне қатты алаңдайтын сықылды.
Осының бәрі үйдегі көгілдір жәшіктен көретін түрлі жантүршігерлік оқиғалардың әсері ме екен деп те ойлаймын. Бір-бірін қырып-жойып, қан төбелес жасап жатқандардың дені өзіміздің ұлт өкілдері. Бүгінде кешегі кеңес дәуіріндегіндей, көшеде мас орысты көрмейтін болдық. Ылғи қара көздер, атасы ащы судан өлгендей, алақ-жұлақ жанжал іздеп жүргені… Одан қала берсе, анаша дей ме, шөптің неше атасы да осы біздің халықтың әуес қылығына айналды. Шыны керек, өз баласынан қорқып, үреймен өмір сүріп жүргендер, өз баласынан өзі қорынып, күндіз-түні жатын бөлмесін құлыптап жататындарды да көріп, естіп жүрміз. Сонда деймін-ау, болашағымыз туралы не ойлап, қалай армандауға болады? Бір-екі баланы өмірге әкелсе де әлі желігі басылмаған, есіл-дерті түнгі клуб, караоке кештерін аңсап тұратын келіндерімізден қандай мейірім, қандай ізет күтуге болады?! Одан қала берсе, қолдарындағы қолақпандай телефонын құлағына қыстырып, агентте отыратын, әуелі асүйде тамақ жасап жатса да бір қолында пышағы, бір қолынан телефоны түспейтін (өздерін бүгінгі күннің талабынан шығатын, сауаттымыз деп ойлайтындарын қайтерсің) келіндердің қолынан шыққан ас қандай болмақ? «Кешкі тамақты кемпіріміз екеуміз сырттан ішіп келеміз» деп отыратындарға да құлақ үйренді.
Мәпелеп өсірген қыздарымызды ұзатарда барған жеріне мейірімді, инабатты-ибалы келін болса екен, ата-енесінен «қандай тәрбие көрген» дегізбей, күйеуіне адал жар, балаларына мейірімді ана болса екен деген тілекпен аттандыратын ата салтымыздан бүгінде жұрнақ та қалмай бара ма? Ата-тегіне, шыққан әулетіне қарап құда таңдайтын қайран заман-ай дейміз де. «Анасына қарап қызын ал, астауына қарап асын іш» деген заманнан бүгінде дым да қалмады. Қыздың бәрі ессіз, ұлдың бәрі есер болып шықты. Еңгезердей жалғыз ұлы арақтың кесірінен, одан қала берсе есірткінің салдарынан көз жұмған ананың «балам өлгелі ұйқым түзелді» дегенін де естіп, кезінде жағамызды ұстап едік. Ал тереңірек талдау жасасаң, сорлы анасының байдан көрмеген қорлығын жалғыз ұлынан тартып, сырт көзге білдірмей өткен талай күндері мен түндерін, әсіресе ақылынан адасқан есер ұлынан қорқып өмір сүрген жылдарын ешкімнің басына бермесін дер едіңіз. Қайбір жетіскеннен шыққан сөз дерсіз, жанын жегідей жеген талай жылғы азап-қасірет-қайғы осы бір ауыз сөзге сыйып кетіп тұр ғой. Ұзын бойлы, тепсе темір үзетін, небәрі отызға ғана келген жалғызының соңынан, әйтпесе әлгіндей сөз айтылар ма еді?..
Батаның ең үлкені – ата-ананың батасы екенін бізден бұрынғылар да тасқа таңба басқандай айтып кеткен ғой. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» дегенді бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп, өскелең ұрпақтың адал да мейірімді болуы отбасындағы сыйластыққа, қарым-қатынасқа байланыс­ты екенін ұғындырып отыруды әсте естен шығармайық, ағайын. «Санасызға сан айтсаң да сіңбейді» дегенді ата-бабалар тегін айтпаған, ең бастысы ұрпақтың саналы, түйсікті болғанын тілейік…

 Алма СЕЙІТҚЫЗЫ

Қарағанды облысы


Шоу емес, қаптаған шу… 

Бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтар көрсетіліп те, жазылып та жатады. Қазақ зиялыларынан бастап, қарапайым шаруа балаларының да арманы болған әсем қала – Алматымыз бүгінде қым-қиғаш, оқыс оқиғалардың отанына айналды. Күн сайын жалынға оранып жатқан базарлар, ұрлық-қарлық, кісі өлімі, балалар үйі толған тастанды бала, қарттар үйіне сыймай жатқан тастанды әке-шеше, күл-қоқыстан күн көріп нәпақа тауып жеп жүрген қаңғыбастар…
Неге екенін білмейміз, үнемі осындай жағымсыз дүниелер қаптаған телеарналар онысымен не ұтар екен? Бәлкім, көрермен жинаудың бір түрі болар, әйтеуір қай арнаны ашып қалсаң да, күңіренген тіршілік. Онсыз да күйбең тірлік шаршатып, жұмыстан діңкелеп келіп, кешкі асыңды апыл-құпыл жей сала, әрине, әйелдерімізге ұнамаса да, теледидар алдына телміреміз ғой. Сондағы көргеніміз әлгіндей жайттар, сойқан соғыс болмаса да, бірін-бірі қан жоса етіп сабап жатқан немесе өлтіріп жатқандар адамдар. Құдай-ау, дейсің, мұндай қатыгездік қанымызда жоқ еді ғой, қайдан-қалай сіңген әдет еді? Жантүршігерлік оқиғалардан басқа көрсететін жағымды жаңалықтар құрып қалып па?! Осы ретте, алып шаһардың басшысы Ахметжан Есімовтің бір жиында телеарна басшыларына: «Немене, Алматыда криминалдан басқа көрсететіндерің жоқ па, ішімдікке тойып алған басбұзарлар мен жезөкшелерден басқа түк көрмейсіңдер. Мына қаламызға келген шетелдіктерден ұялмайсыңдар ма, олар не ойлап кетеді, не түйіп кетеді» дегенін құлағымыз шалғаны бар-ды. Содан бері де, телеарналардың дұрыс жолға бет алғанын көрмедік.
Таяуда ғана «Хабардан» «Жансарай» атты бағдарламаны көре бастадық. Тәлім-тәрбиеге толы, сөзі де, өзі де сырбаз, қазақтың Әшағаңдай (Әшірбек Сығай) білімді, парасатты азаматы жүргізіп жүр. Хабардың қонақтары түгілі, оларды сөзге жетелеп отыратын өнер сыншысының отырысының өзі-ақ ұрпаққа үлгі-өнеге. Соңғы кездесу – қазақтың мықты ақындарының бірі де бірегейі Несіпбек Айтұлымен болды. Қандай жарасымды әңгіме, сырласу кеші дейсің. Бас-аяғы жарты сағаттан аса болар, осы хабардан өз басым бір бүтін шығарма оқығандай рухани сауатым ашылып қалды. «Ақындар неге балалар тақырыбынан алыстап кетті?» деген сұрақтың өзі, өсіріп отырған ұрпағымыздың талай мәселелерінен сөз қозғады. Әсіресе, «Бүгінде ән текстері лай емес, батпаққа айналды» деген ақын тұжырымдары көңілдегі көп нәрсені қозғап, тыңдап отырған кісінің ойын дөп басып отырды. Шындығында, бүгінде өнеріміздің де құны арзандап бара жатқаны жасырын емес қой. Аспандағы жұлдыздан жердегі жұлдыздар көп болмаса, аз емес. Екінің бірі жұлдыз, екінің бірі әнші ғана емес, сазгер, ақын… Әу демейтін қазақ жоқ десек те, сырлы сөздің қадір-қасиеті жоғалып бара жатқаны анық. Кешегі қолдарында қос-қос диплом түгілі, он кластық білім де болмаған қасиетіңнен айналайын, қазақ өнерінің саңлақтары қайта тіріліп келсе, бетімізге түкіретіндей жағдай қалыптасты. Абай атамыз айтқандай, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» болғанымен, мұндай талас-тартысқа түскен қазақ өнерінің болашағы не болмақ?!
Кейінгі толқын деп айтуға келер болса, бүгінде әжептәуір танылып қалған әншілеріміздің өзін басып-озып бәйгеден келіп жатқан «дарындылар» көбейіп кетті. Не әннің ырғағы, не сөзі есте қалмайтын у-шу өнер дегеннен гөрі, сайқымазақ спектакльге көбірек ұқсайды. Келсін-келмесін әншінің арт жағынан тайраңдаған бишісымақтар тербеліп-теңселіп тұрғаны… Ол да сырт көзге әбес көрінеді. Таңданарлығы сол, осындай шоу хабарлар көп-ақ. Қазақ жүргізушілерінің өзі тілдерін шайнап, бұрап, шалапай сөйлейтін әдет тауып алыпты. «Еларнадан» көрсетілетін «Сынақты» байқап көріңізші!? Жобаға тек қазақ эстрадасында аттары белгілі, танымал әншілер қатысады. Оған қатысушылар тарақан, құрт-құмырсқа, шикі ет сынды адамға жиіркеніш сезімін тудыратын жәндіктерді тістеп, бір ыдыстан екінші ыдысқа тасуы керек. Ал «Сынаққа» түсіп көр! Тістеп алған шикі етке жабысқан құртты қалай түсірерін білмей далбасалаған қатысушыға жүргізуші (ол да әжептәуір әнші) «үрлеп түсіріңіз» деудің орнына «үріңіз, үріңіз» деп шырылдайды. Жобаға қатыспақ түгілі, көріп отырып жүрегіңіз айниды. «Мұндағы жыланнан бастап, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, тарақандардың өз дәрігерлері бар, тіпті бағдарлама біткеннен кейін дезинфекциясы да жасалады» деп жақтайтындар да баршылық.
Ал, енді ойлап қараңызшы, бұл жобадан кім не тәлім-тәрбие алады? Батырлыққа, батылдыққа үйрете ме, жоқ әлде алда-жалда (беті аулақ) ата-бабалар зардап шеккен ашаршылық зобалаңы келіп қалса, ұрпағымызды құрт-құмырсқаның етін жеуге тәрбиелеу ме?! Не нәрсенің болса да, шегі-шеті болғаны дұрыс болар еді. Мұндай жобалардан кім не ұтады, соны білмей басымыз қатып біз жүрміз.
«Қазақстан даусы» да ой тастайтын жоба дер едік. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, әннің бір қайырмасын өздігінен әу дей алмайтын талантсыздардан «талант» жасау, қайдам ақылға сыймайтын тірлік. «Қане, жігіттер», «Түнгі студия…» сынды бағдарламалар да дәл осындай күйде дер едім. Әсіресе, «Махаббатқа бір қадам» деген жоба да сәтсіз дүние ме деп қалдым. Бір ретте таңдауға түскен бірнеше жігіттің біреуіне бойжеткеннің «Сіздің нәзік жеріңізді біліп тұрмын, айтуға қысылам» дегенін де естідік. Бұл жігіт таңдаған қыздың назы болса керек. Құдайым-ау, не қазақша, не орысша емес, бұл не қылған сөз тіркесі?.. Тағы да орыс­тан аударылған, қазақ тілінің қорына енбек түгілі, маңайынан да жүре алмайтын тіркес қой. «Слабые места» дегенін айтқан түрі, «Сіздің осал жеріңізді немесе бойыңыздағы кемшін қасиетіңізді біліп тұрмын, бетіңізге айтуға дәтім бармай тұр» десе де болар еді. Өздерін аса мәдениетті көрсетемін деп, «артық қыламын деп тыртық күй» кешкен жастарымызды бұл жолдан қалай, қайтіп алыстатуға болады? Орысшадан тікелей аударып сөйлеу, яғни орыстілді қазақтардың «ауру қалса да әдет қалмайдысы» қашанғы жол байлау болар екен?
Бүгінде онсыз да техникаға тағдыр байлаған заманда тым болмаса қазақтілді бағдарламаларды таза қазақша жүргізуге кім кедергі? Әрине, санамыз, өзіміздің түйсігіміз дер едім. Өйткені орысша араластырып сөйлеу, «ауылдан келген мамбеттердің» қатарында қалмауға тырысушылық бүгінгі ұрпақтың да көкейінде жатталып қалған. Орынсыз намыс, жалтақтық неге керек? Атам заманнан құда-жекжат іздеп, ауыл ауылды шарлап, әулетін өрбітетін тәрбиелі жерден келін іздеу әдісі бүгінде интернет желілерін былай қойғанда, телебағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Мұндай шоуларға ұлды ұяға, қызды қияға қонырған, ата сақалы аузына түскен алпысты алқымдағандардың қатысуы, шынымызды айтсақ, көрер көзге ерсі көрінді. Не сұмдық? Не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Жастарға өнеге-үлгі болар жастағы тірлігіміздің түрі бұл.
Отанымыздың, отбасымыздың мықты тәрбие құралына айналған теледидар бағдарламаларынан берілетін әрбір хабар бақылауда болса ғой дейсің… Оның мазмұндылығымен қоса, тәлім-тәрбиесіне де қадағалауды күшейту қажет дер едік. Өйткені, отбасындағы тәрбиеден гөрі бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының әсері әлдеқайда күштірек. Сондықтан да, эфирден берілетін хабарларға сақ болайық!..

Әділ Сейітқұл
Алматы қаласы

Ертеңіме  алаңдаймын  абыржып… 

Кейде маған қазіргі балалар күннен-күнге өзгеріп жатқан сияқты көрінеді. Көбі сенің білмейтініңді айтып зырылдап тұр. Әрине, бала жасынан ақылды, көркем ойлы, тапқыр, тілге шешен болса жақсы ғой. Бірақ баланың тілі шыға салысымен үлкендердің ойында жоқ дүниелерді ойлап, сөйлеуі таңырқатпай қоймайды. Әжем «бұлар ақырзаманның балалары» деп айтушы еді. Сағат санап дамыған техникамен бірге өсіп келе жатқандай.
Бірде жаңалықтардан көргенім бар еді. Жапонияның жоғары дәрежелі технологиясы бар ел екенін білеміз. Техниканың дамығаны соншалық, енді үйде отырған балаңызға алаңдамай, бала күтушісін жалдамай-ақ жұмыс атқара беруіңізге болады. Баланың үйдегі сырласы, күтушісі, ойыншығы «қуыршақ-робот». Ол баламен сөйлеседі, ән айтады, ойнайды, айтқанын орындайды. Роботпен бірге өскен бала кейін қандай азамат болып өседі? Роботпен дос болса не болмақ? Бізге, әйтеуір, ол робот келмеді. Бірақ аты дардай, дау тудырған «ғаламтор» бар. Әліппені енді ғана қолына ұстаған бала «агентте» отырады дегенді естіген де басыңызды шайқап, «бұл не болып барады?» дегеннен басқа ештеңе айта алмайсыз. Тағы бір жағдай. Туысымның үйіне соғып едім, 1 жасар қызы планшетпен қолын ары-бері жылжытып ойын ойнап отыр. «Мама» дегенді әзер айтатын баланың планшет ұстап отырғанына не дерсіз? Тіпті, ағамның 1-сынып оқитын баласы сабақтан келе салысымен компьютерге жабысады. Тамағын да ішпей уақытын экранға көз тігумен өткізеді. «Балам, сабағыңды оқы» десе, «Онда оқып болған соң, қайтадан отырамын» деп ашуланады. Бұл үйдегі жағдай. Өзім жиі барып жүретін қаладағы әпкемнің 2 жасар кішкене қызының былдырлап сөйлеген екі сөзінің басы орысша. Баласының орысша сөйлеп, еркелегеніне үйіндегілері мәз болады. Университеттегі апайымыз айтып еді. «Бірде балабақшаның жанынан өтіп бара жатып, әр түсті әткеншектер тұрған ашық алаңға қызыға қарасам, 3 жасар бала мен қыз тығылып құшақтасып тұр екен. Қастарында не тәрбиешісі, не қатарластары жоқ. Өз көзіме өзім сенбей өтіп кеттім» деп. Немесе күнде өзіміз куә болып жүрген көрініс. Көшеде алдында анасы, не әкесі баланың сөмкесін арқалап алған, артында бала телефонмен сөйлесіп келе жатыр, не болмаса «сен» деп сөйлеп, айтқанын орындатқызады. Сөйлеген сөзі орысша. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен ары онымен досыңдай сырлас» деп, баланы азамат етіп тәрбиелеудің сырын бір-екі ауыз сөзбен ата-бабаларымыз ертеден айтып кетті емес пе? Жоғарыдағы оқиғаларға біріміз қоғамды, заманды, біріміз «ғаламтор», «техника», «теледидарды» кінәлаймыз. Неге кінәні өзімізден іздемейміз? Ата-аналар таң атысымен жүмыста. Балабақшада да, үйде де екі көзі «көк сандыққа» телмірумен өтеді. Әйтеуір, бала аман-есен, киімі көк, тамағы тоқ болса мейлі. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – баласына бесік жырын айтпаған анадан, екінші – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшінші – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан» дейтініндей, қорқамын кейде.

Назерке Сәндібек,  ҚазҰУ-нің студенті


Студент жастардың  патриоттық фестивалі


29 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған, еліміздің барлық өңірлерінен жоғары оқу орындары жастарының басын қосқан «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың республикалық патриоттық фестивалі гала-форумы өтті.
Фестивальді ұйымдастырушылар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Жас Отан» жастар қанаты мен Алматы қаласы әкімшілігі.
Қазақстан қоғамының жемісті дамуындағы маңызды шарттың бірі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және қоғамдық өміріне жастардың белсенді қатысуы болып табылады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жолдауларында жастардың ел тағдырындағы шешуші күш екендігін әлденеше рет баса айтқан. Мемлекетіміздің болашақ даму бағдары олардың азаматтық ұстанымына тәуелді, дәл осы жас­тар 10-15 жылдан кейін Қазақстанның бет-бейнесін айқындайтын болады.
Гала-форумның салтанатты ашылуындағы құт­тықтау сөзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов: «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бас­тап Президент қазақстандық жастардың дамуы үшін барлық қажет жағдайларды жасауға көп көңіл бөлді. Елбасы жастар біздің реформалардың басшысы болуы тиіс екеніне үнемі көңіл аударады. «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы жаңа бағыттың қозғаушы күшінде жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті. ХХІ ғасырда Қазақстанды құратын және дамытатын сіздер. Сондықтан да әрқайсысыңыз белсенді азамат, Отанымыздың патриоты болуға тиіссіздер және республиканың дамуына өз үлестеріңізді қосуға ұмтылуларыңыз қажет»,– деді.
Фестиваль аясында бір ай бойы хабарланған байқаулар бойынша студенттік жұмыстар қабылданды. Олар: «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эссе байқауы және «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында студенттік поэзиялық азаматтық-патриоттық шығармалар байқауы болды. Әр байқау бо-йынша секциялық отырыстар өтіп, әділқазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарды таңдап, әділ шешімін шығарды. Ұйымдастырушы комитетке еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінен 1000-ға тарта жұмыстар түсіп, ең үздік 300 автор байқаудың екінші кезеңі Gala-форумға қатысуға шақырту алды.
Gala-форум аясында әр өңірлерден келген қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» жастар ресурстық орталығымен, студенттік бизнес-инкубаторы, студенттік клубтар жұмысымен және студенттік инновациялық жобалар көрмесімен танысты.
Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында номинациялар бойынша фестиваль жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі, Gala-форумның жабылуы өтті. Беделді мамандардан құралған тәуелсіз әділқазылар әрбір конкурс бойынша фестивальдің жеңімпаздарын анықтады.
«Менің ел дамуына қосқан нақты үлесім» атты студенттік инновациялық жобалар байқауында 3-ші жүлделі орынды және «Жас Отан» Жастар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықты Қазақ Ұлттық аграрлық унвиверситетінің студенті Александар Яцевич пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері Самал Исалдиева, Айдана Жүнісова жеңіп алды.
2-ші жүлделі орынды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантының сертификатын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Ахметжанов Дулат Хизатұлы иеленді.
Осы байқаудың 1-ші жүлделі орынын және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықтың иегері деп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің студенті Ерболат Үсенов танылды.
«Мен өз елімнің  гүлденуі үшін не істей аламын» атты студенттік эссе байқауында 3-ші жүлделі орынды және «Жас Отан» Жастар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Маралбек Пазылбеков пен 2-ші жүлделі орынды және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындағын арнайы сыйлықты Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенті Нұржан Кішкенебаев иеленді.
Студенттік эссе байқауында 1-ші жүлделі орынды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантының сертификатын Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Анель Тасқалиева қанжығасына байлады.
Халықаралық «Түркістан» газетінің арнайы сыйлығына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенті Қайратова Арайлым ие болды.
«Мен жастарға сенемін!» атты жас ақындар байқауында 3-ші жүлделі орынды әрі «Жас Отан» Жас­тар қанаты тағайындаған арнайы сыйлықты С.Демирел атындағы университеттің филология факультетінің студенті Темірлан Жорабай мен 2-ші жүлделі орынды және Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлықты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенті Мырзақұлов Бауыржан иеленді.
1-ші жүлделі орынға және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу грантының сертификатына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті Тіленшиев Абай Сейфуллаұлы ие болды.
Сонымен қатар барша қатысушыларға және 2, 3 орын иегерлеріне алғыс хаттар мен «Жас Отан» жас­тар қанаты, ҚР Ғылым және бiлiм қызметкерлерiнің Кәсiби одағы және басқа да әріптестерінің сыйлықтары тапсырылды. Gala-форум соңында Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева ән салып, «Жастар-Party» мерекелік кешіне ұласты.

Ж.Баққондыұлы

Оқырман хаттарын екшеген Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ



Серіктес жаңалықтары