Скинхедтерге тоқтау бола ма?

Скинхедтерге тоқтау бола ма?

Скинхедтерге тоқтау бола ма?
ашық дереккөзі

Мәскеу ұлты бөлек адамдарға күн көрсетер емес. Осыдан біраз жыл бұрын Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің 1 курс студенті, астаналық Ерлан Айтымов қаскүнемдердің қолынан қаза тапса, ал жақында тағы бір қазақстандық азаматша – Бирджаханум Нажапова қатыгездікпен өлтірілді. 

Жұмбақ өлім

Арам ойын жүзеге асырған басбұзарлар 32 жастағы келіншекті зорлаған соң, қаланың шетіндегі баққа апарған. Жәй ғана өлтірілмеген, денесін бөлшектеп өзенге тастаған. Кейбір болжамдарға сенсек, бұл қанды оқиға ресейлік биліктің қолшоқпарына айналған ұлтшыл топтың қолымен жасалған көрінеді.
Бір анығы Бирджаханум Нажапова тамыз айында Ресейге келіп осында тіркеуге тұрған. Осыдан соң қазір Содом мен Гоморраға айналған орыс астанасында жұмыс істесе керек. Өлтірілгенше. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі марқұмның туған-туыстарын шұғыл іздестіріп, бір-екі күндікте Мәскеуге жіберуге қолұшын берді. Бес баласы бар әйелдің нендей күйде қаза тапқаны күйеуіне де жұмбақ. 32 жастағы Бирджаханум Нажапова басының сақинасы ұстай берген соң тамыз айында Мәскеуге емделуге кетіпті. Кейін тоналып, елге қайтатын ақшасы болмаған ол жекеменшік наубайханаға жалданып жұмыс істеген екен. Соңғы рет телефонмен сөйлескенде жақын арада Қазақстанға қайтатынын да айтқан. Бірақ әйелдің зорлық-зомбылықпен өлтірілгені белгілі болды. Бұл қайғылы оқиға Сыртқы істер министрлігінің тікелей бақылауында болса да, әзірге ресейлік тарап қылмыстық іс қозғалды дегеннен әріге бармай отыр. Бұл істің анық-қанығы ашыла ма, жоқ па, ол да белгісіз. Себебі, құпия топтардың қарға баулы төбеттеріне айналған скинхедтердің қолымен жасалған қылмыстың көбі жабулы қазан күйінде қалып келгені жасырын емес. Кремль де олардың шын бетпердесін ашуға құлықты емес.
Бирджаханум Нажапованы кім өлтірді? Осыған байланысты «Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігі осы елдің СІМ-іне ресми нота жолдады. Онда «Қазақстан тарапының аталған кісі өлтіру фактісіне орай қатты алаңдаулы екендігі және бұл істі жедел және обьективті түрде тергеуге жолдауын өтінген», – делінді.
«Мәскеу – орыстікі! Ресей – орыстар үшін!» деп лаң көтеретін скинхедтердің қолынан қанша азиаттық ажал құшты екен? Кейбір ресейлік ақпарат құралдары «кешкісін көшеден көзі қысықтарды көре алмайсың. Себебі, тақырбастар алдынан шыққан азиаттықтарды өлтіруден тайынбайды» деп ашық жазғанда жаға ұстағанымыз бар.
Жыл басында Ресейде 23 жасар тағы бір қазақстандық студент көз жұмған еді. Мәскеудегі Губкин атындағы оқу орнының студенті Бердақ Алтаевтың да жұмбақ өлімі туралы да әртүрлі пікір айтылды. Алдын ала болжамға сәйкес, студент жатақхана үйінің 10-қабатынан құлап, мерт болған немесе өз-өзіне қол жұмсаған. Шын мәнінде, тергеу амалдарының нәтижесі де осындай тұжырым жасаумен шектеліп жатады. Себебі, басқасын қайдам, тап Ресейде Қазақстан азаматтарының өліміне қатысты қылмыстық істердің ашылып жатқанын естіген жоқпыз. Оларды ресейлік әсіреұлтшыл топтардың қасақана өлтіруі де ғажап емес.

Ресей өз азаматын қорғап әлек


Жақында Қазақстан шекарашылары Каспий теңізінде рұқсатсыз балық аулаған ресейлік браконьерлерді қолға түсірді. Маңайды тік ұшақпен шолып жүрген мамандар мемлекеттік шекараны бұзған 8 қайықты байқаған. Бір таңданарлығы, шекарашылардың ескертулерін құлаққа ілмеген браконьерлер еліне қарай қаша жөнелген. Осыдан кейін әскерилер қайықтың қозғалтқышына оқ атуға мәжбүр болады. Заң бұзғандарды ұстау кезінде бір ресейлік азамат жараланып қолға түсті, екіншісі оқиға орнында мерт болған.
Қазақстан Каспий теңізінде оққа ұшқан ресейлік азаматтың қазасына қатысты Ресейдің нотасына белгіленген тәртіппен жауап жібереді. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов: «Аталған оқиға Қазақстанның «Мемлекеттік шекара» туралы заңына сәйкес, Қазақстанның аумағы болып табылатын 12 мильдік теңіз аймағында болғанын атап айтамыз. Сондықтан Қазақстан шекара қызметі өкілдерінің іс-әрекеттері еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғауға бағытталған», – деді ол. Үсеновтің айтуынша, Каспий теңізіндегі Қазақстанға тиесілі «ерекше қорғалатын қорық аумағында браконьерлікпен айналысқан мемлекеттік шекараны бұзушылар құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талаптарына әдейі бағынбаған». Сонымен бірге, ол «Қазақстан өз шекарасының мызғымастығын, заңнамасының сақталуын және өз ұлттық мүдделерінің барлық заңды жолдармен қорғалуын қамтамасыз етіп отырғанын және болашақта да қамтамасыз ете беретінін» атап өткен.
Ал 26 қарашада Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанға жолдаған нотасында ресейлік балықшыларға қатысты қазақстандық шекарашылардың қару қолдануы жалғыз бұл еместігін айтып, бұл оқиғаларды түбегейлі тексеруге және «алдағы уақытта ресейлік азаматтарға қарсы атыс қаруын қолдануға жол бермеуге» шақырған еді. Қазақстан Ресей тарапынан Каспий теңізінде орын алған оқиғаға қатысты вербалды нота алғанын қуаттайды.


Динара Мыңжасарқызы