Мешімбаева кінәлі ме?

Мешімбаева кінәлі ме?

Мешімбаева кінәлі ме?
ашық дереккөзі

 

 
Астана қаласында Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаеваға
қатысты іс қаралып жатыр.  Ол Қылмыстық
кодекстің екі бабы бойынша, яғни «ақша жымқырды» және «қызмет бабын асыра
пайдаланды» деген кінә тағылған. Ол мемлекетке 758 миллион теңгеден аса шығын
келтірді деп айыпталуда.

  Анар
Мешімбаеваға қатысты  қозғалған қылмыстық
іс 2010 жылдың қаңтар айында басталған болатын.  Дегенмен, Статистика агенттігінің бұрынғы
басшысы екі бап бойынша да кінәларын мойындамады. Сот басталмас бұрын оның
адвокаты Анар Мешімбаеваның «Мен Мәскеуде тұрдым. Баспана сұрамадым. Азаматтығымды
ауыстырған жоқпын. Тергеу орындары бәрін анықтайды деген үмітпен отырдым» деген
мәлімдемесін жариялады.

 
Кеше сот процесінің кезекті отырысы өтті. Енді Анар Мешімбаеваның ісі обьективтен
тыс қаралмақ. Статистика агенттігі экс-төрайымының қорғаушысы Судьядан сот
барысын телекамераларға түсіруге тиым салуды өтініп, соңында өз дегеніне
жетті. 
Адвокат Ботагөз Бейсембаева сот процесінің телекамераларға түсірілуі куәгерлердің
қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін дейді. Мұндай ашықтықтың соңында құпия ақпараттар
да жария болып кетуі мүмкін деген қорқыныш білдірді. Прокурор Дәурен Әшімов түсірілімге
ешқандай қарсылық көрсетпеді. Дегенмен,  Мешімбаеваның дегені болды. Ақырында
тілшілерге тек тыңдауға рұқсат етілді. Жәбірленуші тараптың өкілі Алмас
Темірбаев азаматтық іс бойынша жоғарыда аталған соманы өндіріп алмаққа
келген. Алайда, адвокат Ботагөз Бейсембаваның сұрақтарына жауап таба алмай, жиі
жаңылысқанына қарап, агенттік Мешімбавадан көк тиын да өндіре алмауы мүмкін бе
дедік. Бұл отырыста екінші куәгер Әлеуметтік-демографиялық статистика
Департаментінің бұрынғы басшысы Әсия Хасенова да тыңдалды. Ол 2009 жылы санақ
кезінде “Мемлекеттік сатып алу” мәселесін шешкен комиссия құрамында
болған. Әсия ханым экс-төрайым байқаудан өз сыбайласын өткізу үшін қандай да
бір қысым көрсеткен жоқ деп отыр. Ал айыпталушының әкесі  қызын “сүттен ақ, судан таза” деп
есептейтіндігін айтты.

Әсел Әнуарбек