АЗАТ САНАНЫ АҢСАҒАН

АЗАТ САНАНЫ АҢСАҒАН

АЗАТ САНАНЫ АҢСАҒАН
ашық дереккөзі

Адами құндылықтар шеңберінен шықпаған тұлғаны қайтпас сапарға аттандыру үшін 200 мың адам жиналды. Ниеттестері, көңілі мен мақсат-мүдделері бір жандар. 27 жылын қапаста өткізген ол азат сананы аңсады, кемсітушілікпен күресті.  

Нельсон Мандела 96 жасқа қараған шағында дүние салды. Саяси қайраткерлігімен қатар адами болмысын жоғалтпаған кемеңгер мәңгілік сапарға аттанды. Тағдыр тәлкегіне мойымаған қара шал өмірге елеусіз келді де, отандастарын есеңгіретіп кетті. Қаранәсілділер арасында тұңғыш рет президенттікке сайланған ол Нобель сыйлығының иегері болатын. Басты мақсаты – бейбітшілікті насихаттау. Оңтүстік Африка халқына қазаны «Біздің ұлтымыз ұлықтауға лайық ұлынан айрылды», –  деп жеткізген қазіргі президент Джейко Зуманың сөзін Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун да қостады: «Біріккен Ұлттар ұйымының құндылықтары мен мақсаттары жолында Манделадан артық ешкім тер төккен емес». Соңғы жылдары денсаулығы жиі сыр беріп, төсек тартып жатып қалған Манделаны дәрігерлер айрықша күтімге алып, кезекпен қараған екен. Тіпті, оның үйіне жансақтау бөліміне қажетті барлық құрал-жабдықты орнатқан. Алайда ажалға араша түсе алмапты. Қойылған диагноз – өкпеге инфекция түскен. 

Нельсон Мандела Оңтүстік Африканы 1994-1999 жылдар аралығында басқарған. Елдегі нәсілшілдікпен жанын сала күрескен оның өмір жолы қиындық пен қасіретке, кедергі мен ауыртпалыққа толы болды. Ұстанған бағытынан таймаған Мандела 27 жыл бойы қапаста отырған. 

1918 жылдың 18 шілдесінде Умтата қаласының маңында дүниеге келген Нельсон Манделаның шын аты Ролихлаха. Мағынасы – «талдардың жапырағын жұлушы», яғни, тынымсыз, бұзық. Мектепке барған Манделаның атын айту қиынға түскендіктен ұстаздары оған ағылшын адмиралының құрметіне Нельсон деп өзгертеді. Арғы атасы Тембу тайпасының көсемі болған ол әрқашан көсемдікке ұмтылды. Өзгерістерді қалады. Әрі «бұзық» деген ұғым беретін шын аты да көп ұзамай оның туабітті табиғатын танытты. 1940 жылы студенттік көтеріліске қатысқаны үшін Манделаны колледжден шығарып жібереді. Йоханнесбургтегі шахтада жұмыс істей жүріп, заң кеңсесінде әскери міндетін өтеген болашақ күрескер саяси сахнадағы қитұрқылықтармен бетпе-бет келе бастайды. Бұл оның кейінгі өмір жолына, саяси мансабына тәжірибе жинақтауына сеп болғаны анық. Сырттай оқыған бакалавр деңгейін түрмеде жазасын өтеп жатқан соңғы айларда (1989 жылы) әупіріммен бітірген Манделаның саясаттағы жолы ауыр болды. 26 жасында Африкалық ұлттық конгрестің Жастар лигасына мүшелікке өткен ол көп ұзамай лига тізгінін қолына алды. Ал 1956  жылы мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылып, 1961 жылы ақта­лып шығады. Өкінішке қарай, бұл бостандық ұзаққа созылмады. Ара­да үш жыл өткенде Оңтүстік Африка Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлері Манделаны қайтадан тұтқынға алып, сот оны өмір бойы түрмеге қамайды. Нәсілшілдік дерті бәсеңдегеннен кейін ғана азаттыққа қолы жеткен Нельсон қапаста отырғанда тубер­кулез дертіне шалдығады. Алғаш рет 1988 жылы ауруханаға жатып емделген оны аңдыған ауру алмай қоймады. 

Ұстанған қағидасы мен алға қойған мақсаттарына деген адалдығын табандылығымен дәлелдеген Нельсон Мандела бостандыққа 1985 жылы шығуға мүмкіндік алған еді. Сол кездегі президент Питер Бота тұтқында отырған тұлғаға «егер саясатпен айналысудан үзілді-кесілді бас тартсаң, бостандыққа шығасың» деген. Мандела бас тартты. Саясаттан емес, бостандықтан. Абақтыда отырған жылдар аралығында Манделаның атағы әлемге жайылды. Оңтүстік Африкада түрмедегі саясаткерге азаттық беруді талап еткен наразылық шаралары жиіледі. 1991 жылы еркіндікке шыққан Нельсон Африкалық ұлттық конгресті басқарады. Арада екі жыл өткенде Мандела мен Оңтүстік Африканың сол кездегі президенті Фредерик де Клеркке Нобель сыйлығы табысталады. 1994 жылы жылдар бойы ел ішіне іріткі салған дерт – нәсілшілдікті жақтаған апартеид режимін құлатуға үлкен үлес қосқан Нельсон Мандела Оңтүстік Африканың президенттігіне сайланады. Елге басшылық еткен тұста ол елдің жаңа конституциясын түзеді. Бұл құжат оңтүстікафрикалық халықтың құқын теңестіруге сеп болды.

Саяси мансаптан тіпті, түрмеде жатқанда да бас тартпаған Мандела 1999 жылы өз кандидатурасын президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынуды қаламады. Бірақ саяси белсенділігі бәсеңдеген жоқ. 2011 жылы Нельсон Мандела саяси беделі кіршіксіз әлемдік көсемдердің алдыңғы қатарынан табылды. Reputation Institute компаниясы тарапынан жүргізілген бұл зерттеуге Жер шарының 25 мемлекетінен 50 мыңнан астам адам қатысыпты.

Үш рет үйленген Мандела соңғы рет 1998 жылы Мозамбиктің президенті Самора Машелдің жесірі Грасу Машелмен көңіл жарастырады. Артында 3 қыз, бірнеше немере мен шөбересі қалған кемеңгердің адамзат тарихындағы орны ерекше. Миллиондаған адамның жүрегінен мықтап орын алған тұлғаның көзден де, көңілден де кетуі екіталай. Ізгі істері мен игі бастамалары ұмыттырмайды оны. Беделі де аласармайды. Алыстаған сайын еңсесі биіктей беретін таулар секілді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ