ЗАМАНА ЛЕБІН СЕЗДІРГЕН...

ЗАМАНА ЛЕБІН СЕЗДІРГЕН...

ЗАМАНА ЛЕБІН СЕЗДІРГЕН...
ашық дереккөзі
Замананың лебін сездіретін әлемдік деңгейдегі шара – ЭКСПО көрмесін өткізбес бұрын оның бұған дейінгі тарихына шолу жасау артықтық етпес. Өйткені қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы түрлі ақпараттық-насихаттық материалдар көп болса да, оның халықаралық маңызы, жалпы мазмұны, мақсат-мүддесі жайлы мәлімет жеткіліксіз. Осы орайда, «ЭКСПО-ны өткізудің Қазақстан үшін қандай тиімділігі бар?» деп күмәнданушылар халықаралық көрмелердің соңғы 160 жылда дүниежүзілік даму бағдарына, ғаламдық экономикалық саясатқа және жаһандастыру үрдісіне қалай әсер еткенін түсіну үшін оның кешегісіне көз жүгірткен жөн болар. Жалпы алғанда, Бүкіләлемдік көрме жұмысы өнеркәсіптік төңкерістің қарқын алған тұсында басталды. Алғашқы халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі 1851 жылы Лондон қаласында Гайд-паркте өтті. Оның «Барлық халықтардың өнеркәсіптік жұмыстарының ұлы көрмесі» деп аталуы тегін емес. Тұңғыш көрменің бас көркі темір мен шыныдан жасалған Хрусталь сарайы болатын. Осы көрмелерді ұйымдастыруға жауапты мекеме – Халықаралық көрмелер бюросы 1928 жылы ғана құрылды. Құрамында 166 мемлекет кіретін халықаралық ұйымға Қазақстан 1997 жылдан бері мүше. Осы ұйымға мүше болуының 20 жылдығында Қазақ елі өз жерінде кезекті мамандандырылған көрме өткізуді мойнына алып отыр. Ресейдің өзі бұған дейін ЭКСПО көрмелерін өткізуге бірнеше мәрте талпынып, енді 2020 жылдан үмітті екенін ескерсек, мұны Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі жетістігі деп ба­ғалауға болар. Біріншіден, ЭКСПО көрмелері қашан да тыңнан түрен салған ғылыми жаңалықтардың, тосын ойлы өнертапқыштықтың ордасы бола білді. 1904 жылы Сан-Луисте өткен көрмеде қонақтар алғашқылардың бірі болып мұз қосқан шәй, ыстық бұршақ, түтікті балмұздақ жеп, шала туған нәрестелерге арналған инкубаторды тамашалады. Қазір бұл тағам түрлері мен медициналық құрылғы ешкімге таңсық болмаса да, сол кезде елді елең еткізерлік жаңалық еді. Сондай-ақ 1967 жылы Монреалда израильдік архитектор Моше Сафди құрастырған Фуллердің геодезиялық күмбезі мен «Хабитат 67» жобалары, 1970 жылы Осакадағы «Күн мұнарасы» мен 1962 жылғы Сиэтл көрмесіндегі «Ғарыш инесі» шын мәнінде аңызға айналған жобалар. Монреал көрмесінде АҚШ павильонында ғарыш кемелері таныстырылды. «Аполлон-2012» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген Ай тасы тамашалуға қойылды. 2005 жылы Жапония «Табиғат даналығы» деген ұранмен Нагоя қаласының шығыс жағында Нагакута, Тойота және Сето қалаларында ЭКСПО қонақтарын қабылдады. Жапония бұған дейін де көрмелер өткізген. Бірақ бұл – ХХІ ғасырда өткізілген алғашқы халықаралық көрме болатын. Осы көрмені дүниежүзі ақпарат құралдары 25 наурыз бен 25 қыркүйек аралығында жіті назарда ұстап, насихаттаумен болды. 125 мемлекет қатысқан, 170 гектар ауқымды алып жатқан көрменің әлем жұртшылығын тамсандырар жаңалығы көп еді. Бұл көрменің басты кейіпкерлері – роботтар болды десек, артық айтқандық емес. Вакамару деген робот көрмеге келушілерді босағадан күтіп алып, қолын қысады. Ағылшынша амандық сұрасады, нендей көмек бере алатынын сұрайды. «Роботтар станциясы» деген павильонда үй тазалайтын, күзетші, жүргізуші, екі динозавр робот және басқа да құлтемірлер болды. Олардың ішіндегі ең танымалы бала бағушы робот PaPeRo болды. Ол адамдардың түр-түсін ажыратып, ән салып, сұрақтарға жауап беріп, ата-анамен телефон немесе бейнекамера арқылы сөйлесіп, пәтер ішінде қозғала алады. Солтүстік Америкада 70 миллион жыл бұрын өмір сүрген екі динозаврды жапон роботжасаушылары қайта «тірілтті». 1,3 миллион еуро тұратын робот-динозаврлар көрменің басты көркіне айналды. Бұл көрме 185 күн бойы жал­ғасты. Көрме алаңынан барша әлемге осы жерде болып жатқан қойылымдар, спектакльдер мен фес­тивальдар тікелей эфир желісінде көрсетілді. Осы көрмеде алғашқы электронды қағазға басылған қабырға газеті шығарылды. 173 гектарды алып жатқан көрмені аралау үшін қонақтарға әрқилы көлік түрлері ұсынылды. Такси, фуникулер, батареямен жүретін трамвай, қысымдалған сутегімен жүретін автобустарды аз ғана ақымен пайдалануға болатын. 2005 жылы Аити көрмесінің қонақтар саны 15 миллион болады деп болжанса да, іс жүзінде олардың саны 22 миллионға жеткен. Ал 2008 жылы 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Испанияның Сарагос қаласында «Су және тұрақты даму» атты халықарлық көрме өтті. 25 гектар аумақты алып жатқан жерде испандықтар архитектуралық жетістіктермен талайды тамсантты. Еуропадағы ең үлкен тұщы сулы аквариум да, цунами императоры да осында еді. Екіншіден, ЭКСПО көрмелері ғылыми жетістіктер мен жаңа стандарттарды тамашалаудың мүмкіндігі ғана емес, туристер үшін сейіл құрып, көңіл көтеретін орын болатын. Мысалы, ХХ ғасырдың екінші жартысында халықаралық көрме кешендері жалпыға ортақ сауық-сайран алаңына айналды. Осакада өткен «EXPOland», Монреалда ашылған «Ла Ронд» саябағы – осының дәлелі. 1967 жылы Монреалда көрмеге қатысушылар Роман Кройтердің 4,5 миллион долларға түсірілген «Лабиринт» фильмін тамашау мүмкіндігіне ие болды. 2005 жылы 14 шілдеде «The New York Times» газеті жапон көрмесіне арналған мақаласында жапондық павильон алдында қардан жасалған төбешік орнатылғанын жазды. Нагакутэ павильонының алдындағы алаңда 100 тоннадай кәдімгі қар төгіліп, одан балаларға арналған сырғанақ жасалған. Шілденің шіліңгір ыстығында жас балалар сырғанақ теуіп, қар атысып ойнап, мәз-мейрам болды. Гифу префектурасында сақталған қарды сегіз жүк тасығыш көлікпен бір кеште әкеліп төгіп, биіктігі екі метр сырғанақ жасаудың өзі – адамзаттың табиғатты аялауға деген ынтасы мен технологиялық мүмкіндіктерді ұштастырудың мысалындай еді. Жалпы алғанда, жапондық көрме таңғажайып жаңалықтарға, оқиғаларға толы болды. Кәріс павильонында кішкене бала мен роботтың достығын баяндайтын 3D фильм көрсетілді. Ал Тойота павильоны Жапонияның бас павильонына қарағанда тартымдырақ болғандай. Оны көруге келген адамдар бірнеше сағат бойы тікесінен тік тұрып, кезек күтуге даяр болған. 800 адамдық залда роботтар шоуы ұйымдастырылды. Роботтардың бір тобы оркестр құрып, әр түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, өнер көрсетсе, екінші бір тобы би билеп, көрермендердің ықыласына бөленді. Қытай ұлттық радиосы 2010 жылы 1 шілдеде берген репортажында сол жылғы көрмеде ресейлік павильон туралы әңгімелеген. Ресейліктер 6000 шаршы метр аумақта орыс ертегілерінен алынған сюжеттер мен балалар суреттерінен алынған көріністер қойып, ерекше әсер қалдырды. Мұнда қабырғаларға балалар байқауының жеңімпаздарының шығармалары ілінген. Балалардың көзімен болашақтың қаласын көз алдыңа әкелетін көріністер келушілерді бейжай қалдырмады. Мұның дәлелі – ресейлік павильон сол жылы 2 миллион қонақты қабылдаған. Осылайша, ЭКСПО көрмелері ғажайыптар мен ертегілер әлеміне айналуға жақын. 2010 жылы «Тюнити» газетінің жазуынша, жапон астронавты Соити Ногути ғарыштан бейнетелефон арқылы 17 қыркүйекте ЭКСПО көрмесіндегі Нагакутэ кешеніне қатысып, жерлестерімен сөйлесті. Үшіншіден, ЭКСПО өткізетін қожайын ел өзінің осындай сый-құрметке лайық екенін дәлелдеуге тырысып бағады. 1970 жылы Осакада өткен көрмеде Жапония өзінің әлемдік держава ретінде насихатын жасады. Фестивальдер алаңына салынған Күн мұнарасы осы көрменің ең айшықты символына айналды. Қытай да 2010 жылы өткен Шанхай көрмесін өзінің әлемдегі ықпалының артып келе жатқанын көрсету үшін барынша пайдаланды. Оған қоса экономикалық қуатын танытуға тырысты. Шындығында, Шанхай – Қытайдың ең бай әрі бақуатты қаласы. Ресми деректерге қарағанда, Қытай үкіметі осы көрмені дайындауға 4,2 миллиард доллар жұмсаған. Бұл дегеніңіз, Пекинде 2008 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу шығынынан екі есе көп. Соңғы жылдары ЭКСПО көрмелерінің абыройы аздап түсіп кеткен болса да, Қытайдың орасан көп қаржы жұмсап, барын салуы халықаралық көрмелердің даңқын қалпына келтіріп, мерейін асырды. Ал қытайлық басылымдардың жазуынша, Шанхай қаласында көрме кешендерін салу мен оның ифрақұрылымын жасау шығындары 58 миллиард долларға жеткен. Не де болса, Қытай – ЭКСПО көрмесін өз жерінде өткізген тұңғыш дамушы мемлекет. Мұның өзі халықаралық экономикалық басымдықтың таразысы Азияға ауа бастағанының белгісі еді. Төртіншіден, ЭКСПО көрмелері қай кезде де сол дәуірдің тынысын сездіретін, халықаралық жағдайдың айна-қатесіз көрінісін дөп басатын әлемдік деңгейдегі оқиға еді. Мысалы, 1992 жылы Севильеде өткен көрме қырғи-қабақ соғыстың аяқталуынан кейін өткен бірінші көрме болатын. Сол жолы энергетикалық дағдарыс және экология мәселелері халықаралық деңгейде сөз болды. Германия осы жолы біртұтас павильон жасады, осының өзі халықаралық жағдайдың өзгергенінің белгісі еді. Ал Балтық елдері сол жылы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекеттер ретінде төл павильондарын құрды. Севилье көрмесінің басты ерекшелігі қоршаған ортаны қорғауға, табиғи қорларды сақтауға әлем жұртшылығы назарын аудару еді: осы мақсатта көрме қалашығында Андалузия аптабынан құтқарар жанға жайлы арнайы мик­роклимат жасалды. Бесіншіден, 160 жылдық тарихында ЭКСПО көрмелері адамзаттық мәселелерді шешуде ортақ шешім іздеудің, белгілі бір ортақ жол ұсынудың оңтайлы құралына айналды. 2000 жылы Ганновердегі көрме «Адамзат, табиғат және технология­лар» деп аталды. Бұл көрме Аляс­кадан Гавайға дейінгі аралықта әлемдік әріптестік жобалардың дүниеге келуіне себепкер болды. Ал 2005 жылы  Айчиде «Табиғат даналығы» тақырыбы аясында өткен көрме Жапониядағы сағыздай созылған дағдарыстан жергілікті халықтың назарын басқаға аударды. 2008 жылы Сарагоста «Су және байыпты даму» тақырыбымен өткен көрме көлемі онша үлкен болмаса да, кез келген қаланың халықаралық деңгейде назар аударуға лайық екенін көрсетті. Ал 2010 жылы 11 мамыр мен 31 қазан аралығында 184 күн бойы Қытай Халық Республикасында «Қала жақсарса – өмір де жақсарады» атты халықаралық көрме өтті. 198 мемлекет және 27 халықаралық ұйым қатысқан көрмені жалпы саны 70 миллион қонақ тамашалайды. Хуапу өзенінің екі жағалауында орналасқан көрменің басты көркі – «EXPOpark», яғни жасыл желекке орнаған кешен болатын. Көрменің жаңалығы – «Қала салудың ең озық тәжірибелері» атты аймақта қалалық өмір сүру деңгейін арттыру идеялары ұсынылды. Былтыр Оңтүстік Кореяның Есу қаласында 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында өткен халықаралық мамандандырылған көрме тақырыбына «Тірі мұхит пен оның жағалауы» атты ұраны таңдалыпты. 250 000 шаршы метрді алып жатқан аумақта ЭКСПО қалашығы, саябақтар, жасыл желектер, мейрамханалар, мұражайлар орналасты. Көрме кешенінің теңіз жағалауында орналасуы оның абыройын асырды. Алтыншыдан, ЭКСПО кейде заманауи өнер сахнасына да айналады. Оның үстіне, ЭСКПО көрмелері сол елдің мәдениетін, дәстүрі мен тарихын насихаттау үшін кеңінен пайдаланылады. Мысалы, 2005 жылы жапондық көрмеде 185 күн бойы жыр оқушы ансамбль күніне 20 рет табиғатпен етене өмір сүру жайлы өлеңдер оқыды. Бұдан бөлек, белгілі театр режиссеры Роберт Уилсон адамзат пен табиғаттың қарым-қатынасын бейнелейтін, жарық, дыбыс, түрлі түстер мен судың жарқылын пайдаланып естен кетпес шоу-бағдарлама қойды. Жарты сағаттық қойылымға арнап айналасын су қоршаған шағын арал жасаған. Әлемге әйгілі музыкант Ватанабе Садао жапон экспозиция­сына арнап барша адамдарды біріктіруге үндеген гимн жазып шықты. 2005 жылғы көрме туралы әдеби шығарма да жазылды. Жапондық «Иомиури» газетінің жазуынша, Францияның бас комиссары Бернар Тестю бүкіләлемдік көрмеге арналған хикаят жазып, сол жылы 20 шілдеде арнайы баспасөз мәслихатын өткізген. Ол 1998 жылы Лиссабондағы көрмеде, 2000 жылы Ганновердегі көрмеде Францияның бас комиссары болған екен. Жетіншіден, ЭКСПО көрме­лерінің ел экономикасына тигізер оң ықпалы бар. Бұған халықаралық көрмені лайықты деңгейде ұйымдастырған мемлекеттердің тәжірибесі дәлел. 2005 жылғы халықаралық көрме жұмысына 121 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым қатысты. Жарты жылға созылған көрмені 21 миллион адам тамашалаған екен. Көрменің жабылу салтанатын көру үшін 40 мың адам кезекке тұрған көрінеді. Әйтсе де, бұл Жапонияда бұрын өткен көрме қонақтарының санынан әлдеқайда аз еді. 1970 жылы Осакада өткен көрмеге 64,22 миллион адам келген екен. Жапония көрмесіне келу­шілердің жалпы санының 10 пайызы шетелдіктер болады деп жоспарланған екен, бірақ олардың саны 4 пайыздан аспаған. Бас павильонда Якутиядан табылған мамонттың басы қойылды. Кейбір қонақтар осы ЭКСПО павилондарын 50 рет аралаған екен. Ресми деректерге қарағанда, ЭКСПО-2005 көрмесінің жалпы пайдасы 57,5 миллиард иен немесе 550 миллион долларды құраған. Ресей ЭКСПО көрмелерін өткізуге біраз жылдан бері құлшыныс танытып жүр. Мәскеу 2010 жылы халықарлық көрмені өткізуге ынталы болған, ал Петербург әкімшілігі 2015 жылғы ЭКСПО-ны өткізу мәселелерін талқылаған болатын. Мәскеу ЭКСПО көрмесін өткізуге жалпы шамасы 2 млрд. доллар жұмсауды жоспарлаған еді. Біздің тәжірибе – Қазақстан бұған дейін ЭКСПО халықаралық көрмелеріне төрт рет қатысқан. Солардың бірі – 2008 жылғы Сарагостағы көрмеге арнайы барып қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу идеясын айтқан болатын. Сол жылы 104 мемлекет қатысқан көрмеде «С» категориясы бойынша Қазақстан ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары үшін үшінші орынға ие болып, қола медальмен марапатталды. Осыдан екі жыл бұрын Қа­зақстан Шанхай көрмесіне қатысты. «Азия» деп аталатын аймаққа орналасқан қазақ павильоны Жапония мен Оңтүстік Корея кешендерінің жанына жайғасқан еді. ЭКСПО-2010 көрмесінде Қазақсан ұлттық экспозициясы «Астана – Еуразия жүрегі» атты тақырып аясында жасалды. Ресми деректерге қарағанда, қазақ павильонын 1 миллионға жуық адам тамашалаған. Қазақстан былтыр ЭКСПО көрмесінен де тыс қалмады. Ғылым мен мәдениет, бизнес пен туризм салаларындағы инновацияларды пайдаланған қазақ павильоны суға байланысты экспозиция құрды. Бұған қоса қазақ мемлекетінің кешегісі мен келешегі, тарихы мен салт-дәстүрі де таныстырылды. Павильон қонақтары интерактивті шоуларға қатысты. Алты аймаққа бөлінген қазақ павильоны Астана тақырыбын тағы насихаттады. Бұл көрме өтіп жатқан кезде Астана әлі ЭКСПО өткізуге үміткер ғана болатын. 2017 жылғы көрмеге дейін әлі төрт жыл бар. Қазақстан бұған дейінгі өзінің де, өзгенің ЭКСПО тәжірибелерін ескеріп, халықаралық деңгейдегі көрмені лайықты деңгейде өткізуге да­йын болады. Осылайша, Астана өз мәртебесін тағы да әлемге паш етеді.

Темірбек АСАН

Астана