СЫР ӨҢІРІНДЕ ИГІ БАСТАМА КӨП

СЫР ӨҢІРІНДЕ ИГІ БАСТАМА КӨП

СЫР ӨҢІРІНДЕ  ИГІ БАСТАМА КӨП
ашық дереккөзі

Сырға толы Сыр өңірінде рухани құндылықтармен қатар экономикалық және әлеуметтік мәселелер қатар шешімін табуда. Іскер басшының құлшынысы мен қабілеті талай игі бастамаға мұрындық болды. Бұл жалғасын таба береді. 

«Инвестициялық мүмкіндігі мол»


Әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуде ішкі және сыртқы инвестицияның көмегі зор. Елбасы халыққа Жолдауында инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік және өңірлік саясаттың маңызды бағыты екенін айтқан еді. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қаражат тартуға қатысты шаралар белсенді түрде жүруде. Мәселен, жуырда Қызылорда қаласында өткен ІІ «Байқоңыр» инвестициялық форумында аймақтағы металлургия, энергетика салаларын, көлік логистикасын, кен өндіру саласындағы аутсорсингті, құрылыс индустриясы мен балық шаруашылығын өркендетудің, сондай-ақ Байқоңыр қаласын дамытудың мүмкіндіктері таныстырылды. Жұрт көп жиналған осы шарада шетелдік және отандық инвесторлар, жаңа бизнес-әріптестер іздеуге, мемлекеттік органдар өкілдерімен емін-еркін диалогқа кең жол ашылып, аймақтағы кіші және орта кәсіпкерлік саласына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, облыстың инвестициялық имиджін көтеру және туризмді дамыту мәселелері қаузалды. Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров, орталық мемлекеттік органдардың, республикалық, халықаралық ғылыми және бизнес ұйымдар өкілдері қатысты. Инвестициялық форумда облыс басшысы аймақтың ресурстық мүмкіндіктері мен транзиттік потенциалы, минералдық шикізат әлеуеті туралы әңгімелей келе, бүгінде Қазақстанның инвестициялық және бизнес ахуалдың көптеген саласы бойынша көш бастап келе жатқанына тоқталды. Кәсіпкерлердің пікірінше, елімізде бизнестің және кәсіпкерлік инициативалардың дамуына өте қолайлы жағдай жасалған. Әкімгершілік кедергілерді азайту және интеллектуалды меншікті қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Салыққа қатысты мәселелерде де қолайлы жағдай жасалған. Жалпы салықтық мөлшерлеме Қазақстанда әлемдегі 183 мемлекеттің ішінде ең төменгі деңгейде қалып отыр. Ол 29 пайызға тең. Егер Еуропа және Орталық Азияның өзге мемлекеттеріне келсек, бұл көрсеткіш оларда 40 пайыздан асып түседі. «Біздің аймаққа келетін болсақ, 2013 жылды тұтастай алғанда Қызылорда облысы аймақтық экономикаға тартылған инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлерінің алдыңғы қатарында келеді. Тиімді инвестицияның іргелік шарты – инфрақұрылым белсенді дамуда», – деп мәлімдеген Қ.Көшербаев мырза өнеркәсіптің өңдеуші саласының көлемі (үстіміздегі жылдың 9 айы) 15 пайызға өскенін, жұмыссыздық деңгейі керісінше, төмендігін ескертті. Сонымен қатар мемлекеттік қазынаға құятын қаражаттың қомақты бөлігі де Сыр өңіріне тиесілі.

Ең бастысы, Қызылода облысындағы өндіруші сектордың үлесі басым. Сондықтан аймақ экономикасын әртараптандыру – маңызды міндет. Аталған міндет облыстың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында айқын көрсетілген. Бұл туралы әкім былай деді: «2020 жылға қарай дамытылатын оның негізгі бағыттары: біріншіден, Мемлекет басшысының келісімі бойынша аймақта металлургия өндірісінің бірқатар салалары құрылатын болады. Облыс аумағындағы ванадий кеніші әлемдегі 5 ірі кеніштердің қатарына енеді. Мамандардың пікірінше, аймақ осы шикізатқа қажетті әлемдік сұраныстың 25 пайызына дейін қамтамасыз ете алады. Мырыш пен мыстың қорлары бар. Сол сияқты алтын, молибден, цирконий және титан қорлары да жеткілікті. Кадмий, германий, күміс және селен, темір, фосфарит, цирконий-титан кендері табылды. Шалқия қорғасын-мырыш кен орны еліміздегі ірі кеніштердің бірі. 2015 жылға қарай облыста Қазақстан уранының едәуір бөлігі өндірілетін болады. Осының барлығы біздің өңірді болашақта кемел келешекке жетелейтін алтын қорымыз болып табылады. Қазіргі таңда біз осы ресурстардың бірқатар бөлігін аймақ экономикасына тарту бағытындағы жұмыстарды бастадық».

Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, Қызылорда облысында ванадий өндірісі, атап айтқанда, ванадий кенін қайта өңдеу жұмыстары басталыпты. Шетелдік баламасы жоқ жаңа технология санатындағы бұл бастаманың берері мол. Сонымен бірге бірінші рет металлургия кешенінде полиметалл минералды шикізатын қалдықсыз өңдеудің күрделі өнеркәсіптік жүйесі жүзеге асырылыпты. Алдағы уақытта феррованадий, ферромолибден және басқа да электротехникалық өндіріске қажетті арнайы өндірістерді салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге ванадий аккумуляторлар өндірісін ұйымдастыру қолға алынатын болады. Шалқия кен орнында қуаты 4 млн. тонна полиметалл шикізатын өңдейтін, жоғары технологиялық концентратты мыс пен мырышты, басқа да элементтерді алатын байыту фабрикасы бой көтереді.


«Өндірістік қарқын ерекше»


Инвестициялық форум барысында облыс басшысы тау-кен секторын дамыту аралас өндірісті, атап айтқанда, жердің сорлануына қарсы ірі көлемді сорбент-сұйық калий тыңайтқышын өндіретін зауыт, қабырғалық материалдар шығаратын зауыт, сондай-ақ бетон құймалары мен кремний карбидын өндіретін зауыт құруға жол ашатынын айтты. Металлургия кластерін құру мен дамыту концепциясына сәйкес металлургиялық кластерде минералды-шикізат ресурстарын (мыс, титан, сирек жерасты металдары) өндіріп жатқан және болашақ кеніштерді геологиялық зерттеу және барлауға дейінгі және оны игеру жұмыстары қаралған. Бүгінде облыс көлемінде шыны, цемент, құбыр шығаратын зауыттар құрылысын салу және басқа бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алыныпты. «Өндіріс секторын дамыту «Жасыл экономика» принципіне сәйкес болуы керек. Бұл – экономиканың энергетикалық қолжетімділік, энергия көздерінің баламалы дамуы», – деген Көшербаев мырза сондай-ақ күн және жел энергиясын дамытуға мүмкіншілігі мол екеніне тоқталды.

Аймақ басшысы облысты дамытуға ұлттық компаниялардың көмегін пайдаланғалы отырғанымызды айтты. Мысалы, «Самұрық-Қазына» қорын «Шалқия Цинк» жобасына қатыстыру мүмкіндіктері қарастырылуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол инфрақұрылымын дамыту және теміржол құрылымдарын қажетті өнімдерімен қамтамасыз ететін бірқатар, оның ішінде қосалқы бөлшектер, түрлі детальдар шығаратын өндіріс орындарын құру жөнінде белсенді жұмыстар жүргізуде. «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы өңірді дамытуға, әсіресе, уран өндірісі мәселелеріне атсалысқалы отыр. «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі өңірдегі ең ірі индустриалды жобалардың біріне қатысуға шешім қабылдауда.

Шарада аймақ басшысы «Байқоңырға» қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмады: «Байқоңыр» ғарыш айлағы – Жер шарының миллиардтаған халқына жақсы таныс әрі киелі мекен. Мұнда ондаған жылдар бойы болашақтың міндеттері оң шешімін табуда. Осы ретте біз «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігінің басшылығына, Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қаланы дамытуға қолдауы үшін ризашылық білдіреміз. Бәріміз бірігіп қаланы индустриалды орталыққа айналдырамыз. Ол үшін барлық жағдай бар. Бос өндіріс алаңдары – қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін керемет инвестициялық алаңдар. Мұнымен бірге энергетикалық қуат көздерінің қоры транспорт инфрақұрылымын (оның ішінде әуежай) дамыту, тұрғын үйлер қоры мен оқу орындары жетерлік. «Байқоңырдың» Ресейдің жетекші ғылыми орталығын құруға, индустриалды ғана емес, инновациялық орталығы болуға мүмкіндігі мол. Онда жоғары технологиялық сектор қызметін қалыптастыру үшін барлық жағдай бар. Сондықтан біз ақпараттық-технологиялық және телекоммуникациялық жүйедегі технологиялар мен инвестицияларға ынталымыз».

Өзара ынтымақтастық мәселелеріне тоқталған Қ.Көшербаев: «Әрине, біз Ресейдің жоғары технологиялы компанияларымен ынтымақтастыққа баратындығымызға сенімдіміз. Бұған біртұтас экономикалық кеңістік құру мүмкіндік береді. Оның шеңберінде біздің еліміз кәсіпкерлікті тиімді дамыту үшін барлық жағдайды жасайды», – дей келе, Инвестициялық форумның арқасында қаржылық тұрғыда қуатты инвесторлармен іскерлік келісімдер жасауға сеп болатынын және келесі жылдың сәуір айында, Ғарышкерлер күнінде Байқоңырда Қазақстан мен Ресейдің бірлескен форумын жоспарлап, оның шеңберінде нақты жобалар бойынша әріптестік кездесулер өткізіп, нақты келісімдерге қол қоюға болатынын жеткізді.

Алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес қала бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген қонақтар мен қатысушыларының көріп, тамашалайтын нысанына айналады. Бұл қаланың даму тарихының тағдырын шешіп, уақыт өте келе әлемнің көптеген елдерінен туристер толқынын тартатын орталыққа айналуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жерде туристік инфрақұрылымдарды, яғни қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтарын және ұшырылымды бақылауға арналған көру алаңдарын салу секілді көптеген жұмыстар жүзеге асырылмақ. Ол үшін қызылордалық билік ресейлік мамандармен бірге туризм саласы жөніндегі ұсыныстарды қарауға дайын отыр. Оның үстіне Қызылорда жері мәдени мұраға өте бай екені белгілі. Мәселен, түркі елдерінің дамуындағы рухани бабасы, абыз Қорқыт атаның кесенесі осында. Қазіргі таңда Қызылода аймағы Қорқыт бабаға құрмет көрсететін орталыққа айналып, түркі мәдениеті зерттеліп жатыр. Сыр жерінде Шірік-Рабаттың бұрынғы резиденциясы, оғыздардың астанасы Жанкент, ұлы қыпшақ империясының астанасы Сығанақ бар. Ал, 1817 жылы негізі қаланған Қызылорда қаласы 1925 жылы Қазақ ССР-нің алғашқы астанасы болды. Оның барлығы өңірдің туристік мүмкіндігі зор екенін айғақтайды.

Сыр бойына тән рухани маңыздылықты осылайша бір толғап алған әкім: «Экономикалық өсімді анықтап, экономикалық тиімділікті арттыратын негіздердің бірі ол инфрақұрылымдардағы шектеулерді алып тастау. Бұл үшінші мәселе, сондықтан да мен оған ерекше тоқталып өткім келеді», – деді. Аймақтың транзиттік мүмкіндігі өте зор екенін ескерткен ол облыс аумағынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің ең ұзын бөлігі өтетінін, оның ұзындығы 800 шақырымнан астам екенін, қазір облыс аумағынан салынып жатқан автобан құрылысы бітуге жақындағанын және инвесторлармен бірге жол бойында инфрақұрылымдарды салу мәселесін анықтап алу қажеттігін мәлімдеді. Ескеретін жайт, Қызылорда облысының 85 пайыз елді мекені халықаралық көлік дәлізінің бойына орналасқан. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желісі Еуропа елдері мен Парсы бұғазы бағытына тауарларды экспорттауға мүмкіндік береді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2020 жылға дейін аймаққа 2 млрд. доллар шамасында қаржы салуды жоспарлап отыр. Аймақтың әуе кеңістігі арқылы көптеген әуе жолдары өтетіні тағы бар. Қызылорда қаласының әуежайы қазірдің өзінде ірі салмақтағы әуе кемелерін қабылдай алады. Ал келер жылдан бастап қазіргі заман талабына сай халықаралық терминал салу жоспарлануда.


«Күріш кластері дамытылуда»


Қызылордада қолға алынған ірі жобалар қатарындағы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы тек қана облысты ғана газдандырумен бірге экономиканы дамытуға сеп. Қысқа мерзім ішінде инфрақұрылымдық бағыттарға инвестиция тартуды көбейту көзделген. Әрі мемлекет жеке инвесторлардың тәуекелділігін бөлісуге дайын отырғаны белгілі. Әкімнің айтуынша, «концессия механизмі мен мемлекет пен жекенің әріптестігі үлгісіндегі басқа да жолдар қолданылуы мүмкін». Ауыл шаруашылығы секторы дамудың жақсы мүмкіндігіне ие екеніне тоқталған ол елімізде өндірілетін 90 пайыз күріш Сыр өңіріне тиесілі екенін жеткізді. Мәселен, облыстың небары үш ауданында өндірілетін күріш Қазақстандағы тұтынушылық сұранысты толық қамтамасыз етуге қабілетті. Жалпы, Қызылорда облысында жыл сайын 285 мың тонна күріш өндіріледі екен. Биыл «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институты басшыларының қатысуымен күріш кластерін құру жөніндегі жұмыстары қолға алыныпты. Бұл да құптарлық бастама екені сөзсіз.

Енді алдағы уақыт еншісіндегі міндеттердің ішінде күріш шикізатын өңдеуге жаңа технологиялар енгізу мен саланы қазіргі заманғы логистика және экспортпен қамтамасыз ету де бар. Ет бағытындағы мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамыту да маңызды міндеттер қатарында. Биыл жазда құрылған балық консорциумы өз жұмысын бастады. Еуропалық стандартты иеленген балық өңдеу зауыттары қазір өз өнімдерін экспортқа табысты шығаруда: «Экономиканы дамытуға байланысты ажырамастай тағы бір тақырып бар – ол адам капиталындағы инвестиция. Бұрынғы көне, уақыты өткен және төмен төлемдегі жұмыс орындарының орнына біздің адамдарға жоғары жалақылы және болашағы бар жұмыстар беруіміз қажет. Бұны ең алдымен қазіргі заманғы салаларда, шикізаттық емес өндірістегі орта және кіші бизнестен ұсынуымыз қажет».

Қ.Көшербаев мырза экономика мен еңбек нарығындағы алдағы құрылымдық өзгерістерге уақыт өткізбей шешім қабылдау қажеттігін айта келе, «Қазірдің өзінде техникалық мамандардың тапшылығы сезілуде. Бұл мәселеге жауап ретінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлесіп уран өнеркәсібі үшін мамандар дайындайтын колледж құруды жоспарлаудамыз. Тренингтік орталықта мұнай-газ саласы үшін білікті жұмысшы кадрларын дайындайтын болсақ, сондай-ақ колледж құру арқылы жаңадан пайда болған металлургия саласына мамандар даярлаймыз. Біз ынтымақтастыққа мүдделі барлық тараптарды бірлесіп, тиімді жұмыс істеуге шақырамыз. Біз отандық және шетелдік инвесторлардың кез келген дәйекті ұсыныстарын қолдаймыз», – деді.

Қызылордадағы Инвестициялық форумда ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров «Жасыл” экономика тұжырымдамасы, оны іске асырудағы негізгі бағыттар туралы сөз сөйледі. Ауаның ластануын азайту, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, энергия тиімділігін және энергия үнемдеуді арттыруға бағытталған іс-шараларға тоқталды. Еліміздің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа салаларының пайда болуынан, табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған жаңа технологиялардың қолданысқа енуінен үлкен игіліктер күтуге болады. «Жасыл» экономиканың негізгі ұстанымы – сарқылуға айналған ресурстарды үнемді тұтынуды және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануды көздейді. Сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев, Корея Республикасының елшісі Пэк Чу Хён, «KAZNEX ІNVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ аймақтық әріптестік жөніндегі басқарушы директоры Нұрболат Сейтмағамбетов, тағы да басқа қатысушылар Сыр өңіріндегі инвестициялық мәселелерге қатысты пікір білдірді. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ