«ЖЫРЫҢ БОЛЫП ТӨГІЛЕМІН, ЕЛІМ»

«ЖЫРЫҢ БОЛЫП ТӨГІЛЕМІН, ЕЛІМ»

«ЖЫРЫҢ БОЛЫП ТӨГІЛЕМІН, ЕЛІМ»
ашық дереккөзі

Бүгін Тәуелсіздік күніне арналған «Жырың болып төгілемін, елім» атты республикалық ақындар айтысы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті. 

Қазақстанның мәдени мұраларының бірі, қазақ халқының  суырып салмалық өнеріне арналған бұл айтулы іс-шара ата-бабамыздың рухани құндылықтарын қайта түлетіп, жас ұрпақты халықтың суырып салмалық өнеріне тәрбиелеуге бағытталды.

Ақындар айтысының ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек құттықтау сөз сөйледі.

«Партия әрдайым ұлттық құн­дылықтарға басымдық танытады. Айтыс пен партияның табиғаты бір. Ақындар да, партия да халық сөзін билікке жеткізуші. Ақындар халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап жатады. Қоғамда проблемалар жоқ емес, бар. Бұл ретте, өткен жолы ұйымдастырылған айтыста ақындар өткір сын-пікірлер айтты. Залда «Нұр Отан» фракциясының депутаттары қатысқан. Барлығы естіп, біліп, тиісінше шаралар жасап жатыр», – деді ол.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек  белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен «айтыстың ақсақалы» атанған Жүрсін Ерманның иығына шапан жапты.

Сөз сайысына республикамыздың танымал айтыскерлері: Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов, Нұрмат Мансұров, Дидар Қамиев, Қанат Мырзахан, Бекарыс Шойбеков қатысты.

Айтыскерлердің таланты мен шебер­лігіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі Көпен Әмірбек және белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев және басқалар қазылық етті.

Әділқазылар алқасының төрағасы Алдан Смайыл: «Бүгін сахнаны ән мен жырға бөлеген айтыскерлерге көрермендер атынан алғыс білдіргім келеді. Бүгін  ақындар өздерінің бабында екенін көрсете білді. Қайым айтыста да, жұмбақ, өтірік айтыс­тарда қиналған жоқ. Айтыс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр. Партия жақында қабылдаған саяси Доктринасында ұлттық құндылықтарды, қазақтың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауды басымдық ретінде айқындаған болатын Айтыс жыл са­йын республикалық деңгейде өткізіліп тұруы керек. Ол халықпен бірге болуы тиіс. Айтыстың арасы ұзап кетпеуі керек. Оның жаңаша мазмұнда қайта оралып келіп жатқанына ризамыз», – деп атап айтты.

Айтыстың бас жүлдесі 3 млн. теңге мен айтыстың үш дүркін жеңімпазы үшін тағайындалған «Алтын домбыра» Жандарбек Бұлғақовқа табыс етілді. 1-ші орын мен 2 млн. теңге ақшалай сыйлық Дидар Қамиевке табыс етілсе, 2-ші орын мен 1 млн. теңге Нұрмат Мансұровқа табысталды. 3-ші орын мен 750 мың теңге сыйлыққа Балғынбек Имашев ие болды. «Қазсайты» сайты тағайындаған Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы сыйлық қызылордалық ақын Мұхтар Ниязовқа табыс етілді.

«Нұр Отан» партиясы қазақ тілін, ұлттық спорт түрлерін, өнерін дамытуға бағытталған жобаларға қолдау жасайды. Олардың қатарында көкпардан ашық Азия чемпионаты мен халықаралық «Бүркітші» жарысын атап айтуға болады. 

Тұңғыш рет көкпардан Азия чемпионаты 2013 жылғы 10-15 қыркүйек аралығында өткізілді. Оған Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Қытай, Ресей, Тәжікстан  және Әзірбайжан мемлекеттерінің спортшылары қатысты.

«Бүркітші» Халықаралық жарысы  Қазақстанда 2013 жылғы 30 қарашада өтті. Оған Испания, Италия, Моңғолия, Ресей, Қытай және басқа да елдерден командалар қатысты. Байқауда барлығы 12 елден  60 бүркітші бақ сынасты. 

Ж.Баққондыұлы