САЯЛЫ МЕКЕН – САРЫСУ

САЯЛЫ МЕКЕН – САРЫСУ

САЯЛЫ МЕКЕН – САРЫСУ
ашық дереккөзі
Сурет – өмір! Сурет – ғұмыр! Ол сенің өміріңнің бір сәтін беруі мүмкін. Бірақ сол бір сәт мәңгілік тарих болып қалады. Адам өмірінің әрбір кезеңі сол уақыттың бір белгісі. Ал туған жердің әрбір тасы, әрбір топырағын суретпен бейнелеу ше? Ол – мәңгілік шежіре. «Сарысу – саялы мекенім» – туған жердің шежіресінен сыр шертетін фотобаян. Мұнда Сарысудың небір кереметтерін табасың. Тасы да бар, қиыршық құмы да бар. Сарысу өңірінің тумасы, белгілі актер, КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімұлы: «Қазақта тегіне, топыраққа тартып туған деген сөз бар. Бұл сөздің мәнін табиғаттың сырына терең бойлаған жан ұғына алса керек. Сарысу – шөлейтті аймақ. Әдетте суы мол жерден гөрі шөл далаға өсімдік аз шығатыны белгілі. Дей тұрсақ та, құмды жерге өскен қауынның дәмі таңдайыңнан кетпейді. Сирек те болса солай. Бәлкім, бұл  топырақтың құнарлығынан шығар. Өзімнің осындай жерден шыққанымды әрдайым мақтан көремін», – деп жазады фотобаянның алғысөзіне. Жинақ авторы Самат Серікбайұлы бұл фотобаянды Сарысудың 85 жылдық мерейто­йына орай жинақтап отыр. Фото альбомның шығуына Сарысу ауданының әкімдігі қолдау білдіріпті. Бұл фотобаяннан Қалмақ обаларын, Қоянбауыр жотасын, Сайранбай шатқалын, Саудакенттің көркем келбетін табасыз. Тарихи жазбалармен бірге, көркем сурет те тарихи шежіренің негізгі ұстыны болып тұр. Самат Серікбайұлы: «Дүниенің  төрт бұрышын түгел аралап көрмесек те, әлемнің бірнеше мемлекетінде болғанымыз бар. Олардың жер-суын көріп, табиғатын тамашаладық. Сондағы байқағанымыз, аталмыш мемлекеттерде аспанмен таласқан тау, түпсіз терең теңіз, сыңсыған ну орман болды. Алайда, осындай керемет табиғаттың арқасында саяхат саласын дамытып отырған елдердің бірде-бірі өзімнің кіндік қаным тамған ауылыма жетпейтінін түсіндім. Әрине, бұл дәм-тұз татып барған мемлекеттердің табиғатын жоққа шығарғандық емес. Айтайын дегенім, осы елдерді көру арқылы туған жерімнің табиғатына деген сүйіспеншілігімнің бұрынғыдан да артқандығы», – дейді тебіреніп. Саматтың Сарысуын көргісі келген оқырманның «Сарысу – саялы мекенін» парақтары анық. «Туған жердің тылсым сырын ұққымыз келген» әрқайсымыз керегімізді Сарысудан табамыз.

Гүлзина БЕКТАС