ШОҚТЫҒЫ БИІК ДАРА ТҰЛҒА

ШОҚТЫҒЫ БИІК ДАРА ТҰЛҒА

ШОҚТЫҒЫ БИІК ДАРА ТҰЛҒА
ашық дереккөзі

Қауам ад-Дин әл-Итқанидің есімі мен еңбектері жайлы Қазақстанда айтылмай келді. Тек соңғы кезде ғана профессор Ә.Дербісәлінің мақалаларында сөз ете бастады. Одан қазақ оқырманына белгілі болғаны – әл-Итқани орта ғасырда қазақ даласынан шыққан дін ғалымдарының ішіндегі аса шоқтығы биік дара тұлға болған. Қаламынан туындаған еңбектері де ерекше көп, әрі салмақты екен. Тек қозғалмай, шаң басып жатқан.

Ғұлама хақында араб қайнарларында сақталған деректерде мол болған. Осы сенімді деректер енді-енді қазақша сөйлей бастады. Араб әлемінде әл-Итқанидің еңбектері кейінгі уақытта ғана арнайы диссертациялық зерттеу нысанасына айнала бастағанын білеміз. Сондай зерттеудің нәтижесінде оқымыстының «ат-Табиин» атты еңбегі екі том болып жарық көрді. Бірақ бұл Қауам ад-Диннің ең басты еңбегі емес, бабамыздың ең атақты жұмысы «әл-Ғаят» хақында Египеттің әз-Әзһар университетінде онға тарта диссертация қорғалғанымен, әлі толықтай зерттеліп үлгерілген жоқ. «Әш-Шамил» атты ханафилік усул фиқһ саласындағы энциклопедиялық құлаштағы аса ауқымды іргелі еңбегін Сауд Арабиясындағы ғалымдардың тиянақты түрде зерттеуге кіріскеніне әзірдің өзінде осы еңбектің қолжазбасын зерделеуге арналған оннан астам диссертацияның жазылғандығы айғақтайды, бірақ бұл бағыттағы ізденісте өз межесіне жетпеді. Әл-Итқани терең білімін, бойындағы күш-жігерін Ортаазиялық әл-Ахкаси, әл-Баздауи, әл-Марғинани сынды ғалымдардың фиһқ, усул-фиқһ бойынша жазылған шығармаларын парықтауға жұмсаған.

Біз сөз етіп отырған кітап қазіргі қазақ қоғамы үшін неге маңызды десек. Біріншіден, бұл еңбектен қазақ даласынан ислам ілімдерін дамытуға үлес қосқан көрнекті тұлғалардың болғанына нақты мәліметтермен дәлелденеді. Екіншіден, ханафи мазхабы ата жұртымызда көзсіз қабылданып қоймай, ғылыми деңгейде орныққан, оны бойға сіңіруге, қорғауға жерімізден шыққан жарқын, талантты, өткір ғалымдар болғаны дәйектеледі.Үшіншіден, еліміздің ислами ғылыми мол мирасын игерудің жаңа арналары көрсетіледі. Төртіншіден, елімізде исламтанудың шариғат, усул-фиқһ, калам іспетті ілімдерін дәстүрлі сабақтастықта дамытуға тұғыр болады. Жұмыста Итқани сынды ғұламаның өмірі, ғылыми мұрасы, еңбектері хақында жан-жақты сараланған.

Кітапты бастан-аяқ соны, бай мә­лі­меттерден құрылған жұмыс деп баға­лай­мыз. Әрине, әл-Итқани жайлы кейін де жазылатын, айқындалатын, зерттелетін жұмыс­тардың аз болмасы анық. Мәселен менің қолымда жиналған осы кітапқа енбеген деректердің өзі жаңа көлемді бірнеше кітап, диссертацияларға жүк боларлықтай деп шамалаймын. Ал Ә.Дербісәлі хазіреттің бұл кітабы Қауам ад-Дин турасында ең алғашқы, ізашар жұмыс болуымен құнды. Кітап ғылым зерттеу бола тұра жеңіл, қызғылықты оқылады.

Бұл кітап қазақ даласынан шыққан ша­риғат саласы бойынша көрнекті тұл­ғалардың бірі Қауам ад-дин әл-Ит­қанидің артында қалдырған ғылыми мұрасы үлкен болуына қарамастан ата жұртында ұзақ уақыт елеусіз қалып келген дара ғалымның атын та­нытуда профессор Ә.Дербісәлінің аянбай тер төккенін айғақтайды. Әл-Итқани туралы алғашқы көлемді жұмыс болып саналатын еңбекте оқымыстының өмірі мен шығармашылығы туралы толыққанды мәлімет келтіріліп, оның өр де өз ұстанымына беріктігі, Әбу Ханифа мазхабын жан сала қорғауы, ғы­лымға деген шексіз берілгендігі, артында қалдырған мұрасының ауқымды да, мәнді екендігі деректер негізінде баяндалған. Бұл мәліметтер өте мол әрі тың, дені тұңғыш рет айналымға қосылып отыр, олардың көпшілігі араб тілінде жазылған, шетелдік кітапханалардан жиналған. Зерттеудегі бай мағұлматтар сәтті жүйеленіп, қазақ тіліне жатық аударылған. Әсіресе, оқымыстының усул-фиһқ саласындағы «ат-Табиин» атты құнды еңбегінің бөлімдері мен тақырыптары, қияс, ижма, әл-илла, әл-истанбат, ан-наһи, әл-азима, әл-әһлия, назм, насс, әл-муғарада, әл-мумана, т.б сынды усул ұғымдар мен терминдері негізінде кеңінен ашыла көрсетілген. Әл-Итқанидің әзірге жарық көрген кітабы осы «ат-Табиин» ғана. Оқымыстының басқа еңбектері әлі қолжазба күйінде қозғаусыз жатқанын білдік. Кітап қорытындысынан Қауам ад-Дин бабамыз жайында: «әл-Итқани ислами діни мәтіндерді, әсіресе Құран мен хадис шарифті жетік білген;

Ол араб тілін терең ғылыми деңгейде игерген, әсіресе жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық ерекшеліктерін нәзік түсінген;

Қауам ад-Диннің араб тіл білімі ілімінен, мәтіндік талдау әдістерінен терең хабары болған;

Қауам ад-Дин шариғаттағы түрлі маз­һаб­тар негіздерін жан-жақты меңгерген, ал өзі әбу Ханифа мазһабын ұстанған;

Ғалым ақида мәселелерін жетік біле тұра; Матурдия ақидалық мектебінің көзқарасынан таймаған» деген түйіндер жасалған (95-бет).

Зерттеу соңында ғалымның бірнеше қолжазбаларының түпнұсқадан алынған көшірмелерімен бірге тәржімалары ұсынылған. Кітапқа қосымша ретінде ұсынылған «Намазда рукуғқа барған және қайта тұрған кезде Әбу Ханифа мазхабы бойынша қолды көтеруге болмайтыны жайлы трактат» бірінші рет қазақ тіліне аударылып берілген, бұл еңбектің жазылу себебі де қызықты. Сирия жерінде жазылған осы трактаттың тууына байланысты оқиға араб деректерінде хатталған, осы мәліметтерді, түсініктерімен қоса біз тілге тиек етіп отырған кітаптан оқи аламыз.

Кітапта қиын да күрделі діни мә­се­лелер мен ұғымдар, атаулар, та­рихи кезең мен жазылуы ауыр есім­дердің көптігіне қарамастан көр­кем тілмен әсерлі түсіндірілген. Оқымыстының араб тіліндегі өлеңдері де қазақша тәржімаланып, түрлі су­рет­­тер бабамыздың кіндік қаны там­ған Иқан ауылының, оқымысты дәріс берген Каирдегі Сарғатмаш мед­ре­сесін әр қырынан көрсететін т.б су­реттердің ұсынылуы кітапты байыта түскен. Басылымның дизайны да көз тартатындай.

Сонымен Ә.Дербісәлінің бұл жаңа еңбегі ұзақ, көп жылдардан бергі тынымсыз ізденісінің нәтижесінде жасалған сүбелі, салмақты, бағалы зерттеу болып саналады. 

Ойларымызды тұжырымдай келгенде айтарымыз мұндай ғылыми да танымдық мәні жоғары жұмысты келешекте кітапты орыс тіліне аударып та бастырса, пайдалы болмақ.

 Шамшәдин Керім, 

 филология ғылымдарының докторы,

 профессор, Нұр-Мүбарак 

 университетінің проректоры