ЕУРОПА МЕН АЗИЯ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЕКАТЕРИНБУРГ

ЕУРОПА МЕН АЗИЯ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЕКАТЕРИНБУРГ

ЕУРОПА МЕН АЗИЯ  АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ЕКАТЕРИНБУРГ
ашық дереккөзі
513

Екатеринбург
қаласы Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Орал тауының Азия бөлігінде орналасқан.
Таяуда Қазақстан журналистерін Свердловск облысының тыныс-тіршілігімен
таныстыруға бағытталған баспасөз турымыз осы қаладан басталды. Тарихы тереңнен
сыр шертетін, алып империяны билеген патшалар әулетінің көзін көрген қаламен
танысудың осылай сәті түсті. 

Сібірдің түстігіндегі
қалалардың көлемі мен даму көрсеткіші қашаннан төмендеу. Свердловск облысы
туралы әуелде біз де осындай пікірде едік. Алайда біз менсінбеген Екатеринбург
– Ресейдегі үшінші өндірістік қала. Орал өңіріндегі Ресейдің тірегі, дамуы жөнінде
де үшінші орында. Қала халқының ресми саны – 1 миллион 400 мың. Осыған қарап-ақ
орталықтың ірілігін аңғаруға болады. Жақұтты Орал тауы жасарын жасаған көне
қырат десек, Екатеринбург қаласының тарихы – үш жүз жылдық шежіре. 

Екатеринбург тарихы
әріден басталады. 1723 жылы І Петрдің бұйырығымен Исеть өзенінің жағалауынан
Ресейдегі ең ірі темір зауытының құрылысы жүргізілген. Сөйтіп зауыт салынған
бекініске І Петрдің жары – І Екатерина патшайымның есімі беріледі. Кейіннен
облыс та, қала да Свердловск аталып кетті, бірақ 1994 жылы қалаға Екатеринбург
есімі қайтарылды. Ресей империясын 300 жыл билеп-төстеген, мемлекеттің дамуы
мен кеңеюіне себепші болған Романовтар әулетінің тарихы осы жердегі Ипатьево
шіркеуінде аяқталғаны – тарихи оқиға. Большевиктердің жеңісі осында түйінделіп,
ақтар мен қызылдардың қан қырғын майданы осында түйісті. Романовтар әулетінің
соңғы патшасы, алып империяның соңғы императоры ІІ Николай отбасымен атылған
жер – Екатеринбургтегі осы мекен. Жұбайы, 4 қызы мен тақ мұрагері – ұлы күтушілерімен
бірге тегіс ату жазасына кесіліп, бұйрық дәп осы Ипатьево үйінде орындалды. Бұл
үй 1975 жылы Свердловск обкомының бірінші хатшысы Б.Ельциннің шешімімен
бұзылып, орнына «Храм на Крови» шіркеуі салынды. Кезінде патшаның езгісін
көрген халық бүгінде бейкүнә патша аруағына дұға бағыштаудан жалықпайды екен.
Шіркеуден мұражай ашып, туристік орталыққа айналдырған. Бізде ішке кірдік.
Әуелде кіруге батылым бармады, алайда бізді ертіп жүрген баспасөз хатшысы
Властелинаның өтінішімен мұражайды көрдік. Мұражай ІІ Николай патшаның
қолданған заттары және суреттерімен толтырылған. «Патшаның қыздарының бірі 60
жылдарға дейін тірі болған» деген мәлімет рас болуы мүмкін бе» дегенімде,
шіркеу қызметкерлері «халық олардың көзі тірі, тұқымы қалды дегенге қатты
сенгісі келді» деп жауап берді. «Ол кезде Екатеринбор еңбекшілерінің қанжоса
қырғынынан тірі қалу мүмкін емес еді», – деді күрсініп. Жергілікті халық
жұмысшы тапты теңқұқылы еткен жаңа идеологияның басты қателігі – патша тұқымын
тұздай құртуы деп санайды. Император тұқымын жою халықты «тірі құдайдан»
айырғандай әсер береді деген пікірді де естідік. 

Сондай-ақ Свердловск
облысының мақтанышы, Ресей Федерациясының бірінші президенті Б.Ельциннің туған
жері – осы өңір. Ельциннің өзі тәлім алған, өңірдегі ең ірі Орал федералды
университетіне есімі берілген. 

Орал – өндірістік өңір


Ресей федерациясының
экспортқа шығарылатын темір кенінің қайнар көзі – осы аймақта. 1723 жылы
салынған темір зауыты бүгінде облыстың қара және түсті металлургиясын дамытып,
өңірдің жетекші орынға шығуына себепкер болуда. 

Сапарымыздың екінші
күні жер­гі­лікті кәсіпорындарды аралауға арналды. Мұндағы ірі өндіріс орындары
Ресейдің ішкі қажеттіліктерімен қоса бірқатар ТМД елдерінің нарығына да тауар
тасымалдайды. Свердловск облысы бойынша Өндіріс және ғылым министрі Владислав
Пинаевпен кездесу барысында, өндірістік аймақтың даму бағдарламасы мен
өндіріске кадр дайындау мәселесі қарастырылды. «Мұндағы металлургия 1750 жылы І
Петрдің кезінен басталған. Содан бері ескі өндіріс орындары деген ұғым қалыптасқан.
Сондықтан біз жаңа өндіріс орындарын, жаңа нанотехнологияны енгізуді алға қойып
отырмыз. Өңірде титан, мыс зауыттары қарқынды дамып келеді. Кадр дайындау басты
мәселе болса, біз бұл шаруаны бастап кеттік. Өйткені кадр алдымен инвесторларға
қажет. Металлургия және машина құрастыру бойынша Татарстан, Нижний Новгород
қалаларынан ғана қалып тұрмыз. 2020 жылға дейін Свердловск облысының даму
бағдарламасы жасалды», – деді ол. Бұдан кейін Первоуральск қаласындағы
«Первоуральск жаңа құбыр зауытына» бас сұқтық. Бұл зауыт «ақ металлургия»
сапасымен жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз компьютерленген технология арқылы жұмыс
жүргізіледі, яғни жұмысшылар тек басқару тетігінде ғана тұрады да, ауыр жұмысты
құрылғылар атқарады. Құбырлардың тұтынушысы негізінен ірі мұнай компаниялары –
«Лукойл», «Роснефть» және «Роснефтегаз», сондай-ақ Қазақстанның бірқатар
компаниялары да өнімді пайдаланады. «Біздің зауытта небәрі 400 адам бірнеше
ауысыммен жұмыс істейді. Көпшілігі жергілікті арнайы оқу орындарының
түлектері», – деді Владислав Пинаев. 

 «Пенетрон-Россия»
өндірісінің Қазақстанға тауар тасымалдап келе жатқанына – 10 жыл. Су
өткізбейтін цементті дайындайтын кәсіпорынның вице-президенті Владислав Королев
Астанадан жаңа зауыттарын ашу туралы мәлімет берді. Бұл бастама қарашаның 9-10-ы
аралығында Свердловск облысы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы
форумда жан-жақты қаралған екен. Айтқандай, дәл осы форумға Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев барғаны белгілі. 

2004 жылдан бері
Қазақстан басты тұтынушымыз. Өйткені неміс, американ технологиясы бойынша
жасалған химиялық қоспа су өткізбейді. Астана сазды жерде орналасқандықтан,
біздің өнімге сұраныс көп. Қазір Қазақстандағы зауыттың жобасын дайындау
басталды. Астанадан зауыт орын тебетін алаң іздестірілуде, зауыттың құрылысы
2014-2015 жылдары аяқталуы мүмкін, – деді Королев мырза. 

Кедендік одақтың
ашылуы тауар тасымалдауды едәуір жеңілдеткен. Әрине, бұл Ресей тауарларының
елімізде бәсеке тудырып, отандық өнімдерді ығыстыруы мүмкін. Свердловск
облысымен Қазақстанның тауар айналымы 1 миллиард доллардан астам. Павлодарда
өткен форумда облыс губернаторы Евгений Куйвашев келесі басқосуды Екатеринбург
қаласында өткізуді ұсынған еді. 

Свердловск облысының
халық­ара­лық және сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі министрі Андрей
Соболев Орталық Оралда Ресей мен Қазақстанның аймақтық ынтымақтастығы жөніндегі
Х форум экономикалық әріптестік мәселелерді қамтыды. 

Қазақстан – біздің
облысымыздың басты серіктесі. Экономикалық, өндірістік кооперация, гуманитарлық
білімнің өсуі, білім алмасу және оралдық машина құрастырушылар өнімін Қазақстан
нарығына шығару – басты мақсат. Форум барысында түрлі келісімшарттарға қол
қойылды. Соның бірі Қостанай облысының әкімдігі мен сауда-экономикалық,
ғылыми-техникалық және гуманитарлық ынтымақтастық, – деді Соболев мырза. 

Қос мемлекеттің
дәстүрлі іскерлік кеңесінде Кедендік одақтың техникалық базасын реттеу,
бірлескен өндірістік мәселелерді жүзеге асыру және тағы басқа түйткілдер
шешімін тапты. 

Сондай-ақ шағын және
орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі форумның негізгі талабы. Өйткені
экономиканың осы саласын дамытуға қос мемелкет те мүдделі. Бірақ Ресей
Федерациясындағы Қазақстан Республикасының сауда өкілі Александр Цыганков
кейбір мәселелердің кәсіптегі кедергілерін реттеудің қажеттілігін атады. 

Ресей кәсіпкерлері
Қазақстан нарығына асық. Қолдарында дайын жобасы, бизнес-жоспары да бар. Бірақ
Қазақстан нарығына тауар тасымалдау бір бөлек, бірлескен кәсіпорын ашудың жөні
мүлде бөлек. Бұл ретте ресейлік серіктестер бірқатар қиындықтарға тап болуда.
Ол – қазақстандық кәсіпкерлердің жаңа нарыққа шығуға деген құлшынысының
жоқтығы. Халықаралық нарыққа шығуға дайындық жоқ. Біз көп жағдайда серіктес
іздеуге уақыт жоғалтамыз. Кейбірін тіпті құжат рәсімдеген соң таппай қалып
жатамыз. Сондықтан осындай кедергілер әзірге тығыз қарым-қатынас орнатуға
қолбайлау, – деді Цыганков мырза. 

Десе де
Сауда-өндірістік палата кеңсесінде болған брифингте қазақ­стан­дық нарыққа аяқ
басқан өндіріс орындары да болды. Олар еліміздің солтүстік облыстарымен тығыз
байланыс орнатып, өзара сауда-саттықты ретке қойған.

ЭКСПО-2020 көрмесіне
Екате­рин­бург қаласының өтініш бергені белгілі. Бірақ қарсыластары ретінде
Сан-Паулу, Измир және Дубай қатысып, нәтижесінде жеңіс Дубайға кетті. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Алматы – Екатеринбург
– Алматы
 

Серіктес жаңалықтары