САҚ ҚОРҒАНДАРЫНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

САҚ ҚОРҒАНДАРЫНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

САҚ ҚОРҒАНДАРЫНЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ
ашық дереккөзі
1042

 

«Өз елін мақтаныш етпеу – сатқындықпен тең» деген екен батыр атамыз Бауыржан
Момышұлы. Ал ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев: 

  Ерте күнде жоқ бар еді, түн туған,

  Қап-қараңғы түн ішінде Күн туған.

Отты Күннің сәулесінен от алтын

   Отты көзді, отты жанды Гун туған.

  Ерте күнде отты күннен Гун туған,

Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам,– деп жырлаған жоқ па?!

Осы өлеңіндегі Гун деген сөзге ақын «түрік елінің арғы атасы» деп түсінік
беріпті. Ерте замандағы ержүрек сақтар, ғұндар – біздің бабаларымыз.

Ендеше, неге біз ұлттық тарихымыз, батыр бабаларымыз үшін мақтанбаймыз?
Ұлттық рухымызды да көтеретін ұлттық тарихымыз емес пе? Ел тарихымен мақтану да
– патриоттықтың бір белгісі емес пе? Мәселен, жуырда ғана Астанадағы Назарбаев
орталығында «Сақ көсемінің қорғаны» атты жаңа көрме залы ашылды. Бұл біздің
руханиятымыз, мәдениетіміз, тарихымыз үшін ең үлкен, ең айтулы оқиғалардың
бірі. Өйткені түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековше айтсақ, «кез-келген
ұрпақтың өкілі өзінің бабасының қандай болғанын көріп, байтақ тарихын сезініп,
онымен мақтануы керек».

Ұлттық тарихымызды танып-білу арқылы Отансүйгіштік сезімдерімізді
қалыптастыру туралы мемлекет басшысы әр сөйлеген сөзінде айтып жүр. Мәселен,
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел –
бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX
сессиясында: «Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы
тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезінуіміз қажет.
Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған
бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс. Осы тұрғыда қазіргі
заманғы Қазақстан ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші
мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табады»,–деді.

Төл тарихымыздың зерттелмеген қатпарлары, ашылмаған тұстары жетіп артылады.
Тіпті, Қазақ хандығын қалыптастырған тайпалардың 15-ші ғасырда осы ұлы далада
жоқ жерден пайда болмағаны анық. Бұл мәселеге тарихшылармен бас қосқан жиында
Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин де екпін түсіріп, «қазақ этносының қалыптасуы
талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке орай, ол жеткілікті деңгейде
зерттелмегенін» қадап айтты. «Біз сақ мәдениетін, әсіресе, Арал бойын
мекендеген массагеттерді, Жетісу жеріндегі тиграхауда сақтарын, Шығыс Қазақстан
мен Алтайдағы аримпастарды тереңнен зерттеуге тиіспіз. Бұл жерде классикалық
кезеңдегі еуропалық авторларды оқып, пайымдап қана қою жеткіліксіз», – деп еді
сол жолы Мемлекеттік хатшы. 

Өзіңнің ұлтыңның, халқыңның төл тарихымен мақтана білу үшін, әуелі сол
тарихты оқып-біліп, өзгеге жеткізе білу де – ардың ісі. Олай болса, «Сақ
көсемінің қорғанын» аралап, көрген-білген, көңілге түйгенімізді ойлы оқырманға
жеткізуді жөн көрдік. Ағымдағы жылдың 29 тамыз күні Назарбаев орталығында «Сақ
көсемінің қорғаны» атты зал салтанатты түрде ашылып, Берел қорғанын халыққа
танытқан қазақтың әйгілі археологы Зейнолла Самашев пен филология ғылымдарының
докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков лентасын қиды. «Біз байтақ тарихы бар
елміз. Неше түрлі қырғындарға ұшыраған замандардан қалған шашылып жатқан
тарихымызды жинап-түгендеудің уақыты келді. Кешегі Кеңес империясы заманында
тарихымыз табанға тапталып, мазаққа айналды. Бірақ, біздің тарихымыз ешкімнен
де кем емес! Біз бабаларымыз Ұлы далада ғажайып өркениет жасаған елміз! Сол
заманның өзінде патшаларымыз алтын сарайларда тұрған, алтыннан киінген. Өздері
түгілі, астына мінген аттарын да алтынмен көмкерген. Бүгінге дейін сақ
көсемдерінің 70-тен астам аттары табылды. Ендігі арманым – сол аттарды алтын
әбзелдерімен Назарбаев орталығының 2-ші қабатына қойсам деп едім. Ол арманым да
орындалатын шығар! Біздің бабаларымыз күллі өркениетпен тығыз қарым-қатынас
жасап, адамзаттың байтақ тарихын жасап кеткен халық! Біз ылғи далада малмен
бірге жөңкіліп, жел айдаған қаңбақтай, көшкен бұлттай болып жүрген халық
емеспіз! Біз отырықшы, мәдениетті болған халықпыз. Біз бұл жерге ешқайдан көшіп
келген жоқпыз және ешқайда көшіп кеткеніміз жоқ. Біз осы жердің тұрғылықты
халқымыз! Қазақ халқы сонау ежелгі заманда Сақ мемлекетін, кейіннен Ғұн
мемлекетін, Түрік қағанатын құрған ру-тайпалардан құралғанбыз. Бүгін сол
тарихымызды зерттеудің заманы туды», – деп Мырзатай Жолдасбеков салтанатты
рәсімде тебіреніп сөйледі.

Ғалымның пікірінше, сақ патшасымен бірге табылған заттарда бабаларымыз кие
тұтқан Самұрықтың белгілері бар. Яғни, бүгінге дейін біз қошқар мүйіз деп
жүрген ою-өрнектеріміздегі белгілер – Самұрықтікі. Қош делік. Ендігі кезекте
«Сақ көсемінің қорғаны» экспозициялық залына саяхат жасалық. Берел қорғанына жүргізілген
қазба жұмыстарының нәтижесінде арнайы жасақталған залға 40 экспонаттың
түпнұсқасы қойылған. Оның ішінде, ер адам мен әйелдің саркофагы, 3 аттың
қаңқасы, жылқыларға салтанатты жағдайда кигізетін әбзелдердің қалпына
келтірілген түрі, сол әбзелдердің жекелеген бөліктері бар. Бәрінен бұрын
мынадай кереметті қараңыз: осыдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген сақтар қазақтың
бүгінгі ұлттық ою-өрнегін пайдаланған! Алтай өңірін мекендеген сақтар шетінен
шебер, ұста, зергер, құрылысшы, қолөнерші және дәрігер болған көрінеді! 

Түп бабаларымыздың қайталанбас өркениет жасағанына таңдай қақтық. Мұражайдың
экскурсия бөлімінің бастығы Айгүл Нұриденқызы тарихи қазынамыз туралы былай
әңгімелеп берді: «Бұл табыттың (залдың төріндегі көсемнің табытын көрсетті)
ішінде бір ер және бір әйел адам жерленген. Ер адам – патша, жасы 35-40
шамасында. 10 жылдан кейін қасына анасы жерленген. Жалпы қорғаннан 1 мыңға жуық
заттар табылған. Оның ішінде, ағаш жастық, бірнеше қыш құмыра, ішіне су
құйылған мүйізден жасалған ыдыс, әшекейлер және т.б. бар. Себебі, адам қайтыс
болғанда ана жақта өмір сүреді деп бүкіл ыдыс-аяғы, тамағымен қоса жерлеген.
Осы жерден 13 жылқы табылған. Оның 12-сі – 12 тайпанікі, 1-уі – көсемнің өзінің
мінген аты. Ғалымдардың айтуынша, жылқыларды басынан шоқпармен ұрып өлтіріп,
әкеліп жерлеген. Мына жерде (қорғанның алдында жатқан сүйектерді көрсетті) сол
жақта – бір жылқы, оң жақта – екі жылқы бар. Бір таң қаларлығы, осы жылқылардың
қабырғалары бұзылмаған күйінде Герасимов атындағы зертханада экспозицияда тұр.
Мұның бұзылмаған себебі, мәңгілік мұздатқышта жатқан. Біріншіден, өте үлкен
тереңдікте жерленген. Сырты бөренемен қоршалып қаланған. Екіншіден, ғалымдардың
айтуынша, қорғанның астына жаңбыр суы кетіп, ол мәңгілік мұздатқыш болып қатып
қалған. Әлеуметтік мәртебеге ие көсем қайтыс болғанда оны жұпар иісті шөптермен
бальзамдап, мумиялаған. Ал біздің антропологтар көсем мен оның анасының
бет-әлпетін қалпына келтірді. Оны біздің экспозициядан көре аласыздар.
Айтпақшы, көсемнің мұрты, қос бұрымы бар. Бұрым шашы бүгінге дейін белгілі
реставратор Қырым Алтынбековтің өзінде сақтаулы… Сонымен қоса, 13 жылқының
4-уінде бетперде бар. Жылқының әбзелдеріне келсек, бүгінгі күнмен сабақтастықты
көреміз. Бабаларымыз осыдан 25 ғасыр бұрын тура біздікіндей ою-өрнектерді
пайдаланыпты. Тағы бір назар аударарлық жайт, көсемнің қорғаны – үлкен
архитектуралық құрылыс. Бұл құрылысқа самырсынды, ақ қайыңды, қарағайды
қолданған. Табыттың қақпағы қарағайдан жасалған. Өзен аңғарларынан құрылыс
материалдарын әкеліп, әдейілеп қалап тұрғызған. Бұл қорғанды салу – үлкен
еңбектің жемісі. Бұдан байқайтынымыз, Алтай жерін мекен еткен сақтар (скифтер),
сарматтар шетінен шебер, еңбекқор, аттың құлағында ойнаған жауынгер болған.
Елін қорғаған батыр болған. Таң қалатынымыз, 25 ғасыр бұрын сақтарда ұсталық,
зергерлік, қолөнершілік, құрылыс, медицина қатты дамыған. Ғалымдардың
пікірінше, көсем басына ота жасап жатқанда қайтыс болған. Себебі, басына шоқпар
тиіп, сол жерге қан ұйып қалған. Операцияны аяқтамаған». 

Қорған бағзы заманда бір тоналса, патшалық Ресейдің кезінде арнайы жасақтар
тағы тонаған. Сонда да қаншама заттар бүгінге дейін жетіп отыр. Ал, табыттан
табылған адам сүйектерін Алматыдағы орталық мұражайдың жертөлесіндегі
тоңазытқышқа салыпты. Әрине, зерттеу үшін… Берел қорымы Шығыс Қазақстан облысының
Қатонқарағай ауданындағы өзі аттас ауылдан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым
жерде орналасқан. Ол таспен қаланған 31 обадан тұрады. Қорым Бұқтырма өзенінің
оң жағалауындағы биік таулы жерде теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте тұр.
Ежелгі көшпелілер көсемдерін Алтайдағы табиғаты сұлу өңірге жерлеген. Обалар
орналасқан жазық жан-жағынан қалың орманмен көмкерілген биік таулармен
қоршалып, басқа жерлерден әлдеқайда биікте тұр. Байырғы тұрғындардың
мифологиялық түсініктері бойынша таулар ерекше мазмұнға ие болған. Оның ұшар
басын Жаратушы мекендеген, ал жоғарғы әлемге бабалар рухы аттанып отырған.
Мифологиялық санаға сәйкес, обалардың жоғарғы және төменгі әлемде, тау мен
өзеннің жағасында орналасуының символикалық мәні зор. Себебі, ол ғибадатхананың
қызметін атқарып, ғасырлар бойы киелі мекен болып саналған. Еліміздегі ең көне
қазба – осы. Берел обаларын зерттеуге 1997-99 жылдары ғылыми-реставрациялық
жұмыстар жүргізілді. Айта кетелік, қазбалардың басым бөлігі №11 обадан табылды.
Себебі, қорымдағы осы ірі обалардың біріне Ә. Марғұлан атындағы Археология
институтының халықаралық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген-ді. Ресей,
Италия, Франция елдерінен мамандар арнайы шақырылып, экспедицияға Берел
обаларын тапқан қазақ археологы Зейнолла Самашев жетекшілік етті. Аса құнды
қазбаларды қайта келтіру жұмыстарын суретші-реставратор Қырым Алтынбеков қолға
алды. Әрине, мұндай тарихи бай мұрамызды тауып, зерттеп, қалпына келтіру –
толассыз еңбектің жемісі. Ал, оны бұқара халықтың назарына ұсыну үшін қаржы
қажет. Бұл жерде Назарбаев орталығының бұрынғы басшысы Мырзатай Жолдасбеков пен
«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының экс-президенті Қайыргелді Қабылдиннің өз
ұлты, халқы, елі үшін елеулі еңбек сіңіргенін атап айтуымыз адамгершілік
іс. 

«Қазақтың тарихын көне заманнан бастаймыз, – дейді Ә. Марғұлан атындағы
Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы
Зейнолла Самашев. – Бірақ нақты бәленбай күні деуге болмайды. Себебі, тарихи
этногенез процесі мыңдаған жылдарға созылады. Мысалы, сақтарды алсақ. Олардың
да қола дәуірінде өмір сүрген ата-бабалары бар. Сондай-ақ, қола дәуірінде өмір
сүрген адамдардың тас дәуіріндегі ата-бабалары бар. Сондықтан, тарихи этногенез
процесін алып, содан тарихи сабақтастық мәселесі тұрғысынан қарау керек. Қандай
миграция процесі болса да, бүгінге дейін тарихи сабақтастық үзілген жоқ.
Бабаларымыз өзі мекендеген жерінен ешқайда кеткен жоқ. Тарихта бұл жерлермен
өткен-кеткен халықтардың ізі де бар. Бірақ, біз тек миграцияның әсерін айтсақ
қателесеміз. Біздің бабаларымыз бүкіл Еуразия кеңістігіндегі елдермен мәдени,
сауда-экономикалық, әскери тығыз қарым-қатынас жасады. Оларға берерін берді,
өзіне аларын алды. Методологиялық тұрғыдан тарихымызды қалай жазу керектігі
түсінікті. Мәселе соны жазатын тарихшыларды біріктіруде, ортақ тұжырымға
жұмылдыруда жатыр. «Тарихты жаңаша жазамыз» дегенге айтарым, негізінен бұл
әдістемелік өзгерістерді қамтитын мәселе. Әйтпесе, тарихи фактілер өзгерген
жоқ. Тек, сол фактілерді қазіргі заман талабынан, ұлттық мүддеміздің тұрғысынан
қарастырып жазуымыз керек».

Археолог-маманның пікірінше, бағзы заманда өмір сүрген бабаларымыз ешкімнен
кем түспейтін тарихи құндылықтар, озық мәдениет нұсқаларын жасаған. Ендеше,
солардың ұрпағы, сол мәдениеттің мұрагері бізбіз. Әрбір қазақстандық өзінің
ата-бабалары үшін мақтана білуі керек! Неге мақтанбасқа? – «Себебі, бүкіл
Еуразия кеңістігіндегі кез-келген өркениетпен тығыз қарым-қатынас жасай алатын
әмбебап өркениет қазақ даласында жасалған»,– дейді З. Самашев. Оның айтуынша,
біздің өркениетіміздің өзгелерден бір ерекшелігі, бізде жер шарындағы барлық
табиғи құбылыстарға бейімделген өркениет қалыптасты. Бұл пікірмен Мырзатай
Жолдасбеков те келіседі. «Сақтар – бүкіл әлемді аузына қаратқан өркениеттің
көшін бастаған бабаларымыз. Осындай бабасы бар ұрпақ – бақытты ұрпақ! Кейін бұл
жөнінде көптеген кітаптар жазылған соң жас ұрпақ өзінің бабасымен, өз халқының
тарихымен мақтанатын болады»! – дейді ол. Ғалымның пікірінше, қазақ атауы «қас
сақ» дегеннен шыққан. «Қазақ сөзі қайдан шыққан? Баяғыда Мұсатай Ақынжанов деген
профессор ағамыз қазақ қас сақтан шыққан деп жүретін. Қас – нағыз деген ұғымды
береді. Қас сақ, қас батыр, қас сұлу. Сол айтқандай біз нағыз сақпыз. Сақтың
мәдениеті, сақтың тарихы, сақтан қалған мұра – біздің тарихымыз»,– дейді
түрколог-ғалым. 

Өзінің туған елі үшін, оның тарлан тарихы үшін мақтана білу де – ерлік іс.
«Нұр Отан» партиясы өткізген бір жиында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре
Жүсіп ағамыз «Астана – әлем назарындағы қала. Қоғамдық қызмет көрсететін
кез-келген саланың қызметкері Астананың тарихын шетелдік меймандарға жатқа
айтып беретіндей жағдай қалыптастыру қажет» деген ұсыныс айтты. Оның айтуынша,
Швецияда қала тарихын кез келген таксист, шаштараз жатқа біледі. Ал, бізде ше?
Осы сауалға жауап іздеп, Астанадағы бір-екі шаштаразға бас сұқтым. С. Сейфуллин
көшесінің бойындағы үлкен бір шаштаразда Настя есімді орыс қызы қарсы алды.
«Астананың тарихын білесіз бе? Шетелдік қонақтар сұраса не дейсіз?» десем:
«Астанаға шамамен 10 шақты жыл болды» деп қарап тұр. Өзі бұрынғы Целиноградта туыпты.
Не деген немқұрайдылық? Келесі шаштаразда орыстілді қазақ әйелі Астананың
жаңарған көшелерінің атауларын өзімнен сұрап, жаны қысылды. Әрине, оқып-білемін
деген адамға Астананың тарихы жазылған кітап, журналдар, көмекші-құралдар өте
көп. Тіпті, бүгінгі ғаламтор дамыған заманда ақпарат деген ұшан-теңіз, Алайда,
біздің көпшілігімізде төл тарихымызды білуге деген құрмет, мақтаныш жоқ! 

Тарихқа құрмет туралы бір мысал. Бір жолы Қазақстан-Германия құрамаларының
арасында футбол додасын көруге «Астана-Аренаға» бардым. Жанкүйерлердің қолында
бір-бір шапалақ-қағаз. Қатты қағаздан бүктеп жасалған қол шапалақтағышта
әнұранымыздың мәтіні бар екен. Бірақ, оны әуелеткен жан болмады. Керісінше, сол
әдемі қағаздар аяқтың астында жатты. Бұл да біздің рәміздерімізге, өз
тарихымызға деген енжарлығымыздың көрінісі емес пе? Автобус билеттеріне
Бәйтеректің бейнесін салдық. Қатты қынжылғаным, бірде автобуста 5 жасар бала
жұрттың көзінше әлгі билетті аяғымен мыжғылап ойнады. Үлкендер үнсіз. Бәйтерек
дегеніміз жәй ғимарат емес, Астананың, былай тұрсын, Қазақстанның өркендеуінің
символы емес пе? 

«Бәйтерек – Астананың төріндегі, 

Өресі биіктіктің өмірдегі.

Аялы алақаны Елбасының,

Секілді өшпейтұғын сенім мөрі», – деп ақын ағамыз Несіпбек Айтұлы
жырлағандай, бұл біздің елдігіміздің еңсесін көтерген ғимарат емес пе? Ендеше,
оған неге құрметпен қарамаймыз? Бірде АҚШ-қа жолым түскенінде үлгі тұтарлық бір
жайттың куәсі болдым. Мұхиттың арғы жағындағы алып елдің қай қаласына барсаң
да, алдыңнан шығатыны – әр қаланың ғажайып ғимараттары бейнеленген кәдесыйлары.
Бірақ, бірінікі екіншісінде кездеспейді. Олар әрі әдемі, әрі арзан, әрі
қолжетімді. Мысалы, Вашингтонда – биіктігі 168 метрлік Обелиск, Нью-Иоркте –
«Эмпайр Стейт Билдинг». Менің бір сүйсінгенім, өз еліңді, туған қалаңды құрметтеу,
мақтан тұту осындай шағын кәдесыйдан басталады екен. Көшеде жолыққан кез келген
америкалық өзінің бас қаласының тарихын әңгімелеуді зор мақтаныш көретініне
қызыға да, қызғана да қарадым. Біз неге солай етпейміз? 

Жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда теледидардың алатын рөлі зор.
Себебі, жас балалар уақытының көбін теледидардың алдында өткізеді. Бұл жерде
ұлттық тарихымыздан түсірілген мультфильм­дер мен кинотуындылардың маңызы
бөлек. Мысалы, сол АҚШ-та мультфильмдердің бірнеше арналары бар. Бірақ, олар
біз ойлағандай зұлымдық, зорлық-зомбылықты насихаттап жатқан жоқ. Керісінше,
халыққа тәрбиелік мәні бар мультфильмдерді, киноларды көрсетеді. Қытай да
отаншылдық сезімді шыңдауда мультфильмдеріне арқа сүйеді. Өкінішке қарай,
біздің ұлттық мультфильмдеріміздің саны әлі аз. Әрі кеткенде 10-ға да жетпейді.
Кішкентай көрермендеріміз «Балапаннан», «Қазақстан» ұлттық арнасынан күнде
көретін «Мұңлық пен Зарлық», «Қошқар мен теке», «Ақ қаз», «Сауран батыр»,
«Аңқау қасқыр», «Ала қоңыз» ғана… Бір қуанарлығы, 2011 жылы 50 сериядан
тұратын «Қазақ елі» атты анимациялық фильм жарыққа шықты. Бұл туынды Қазақ
хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардан бастап, бүгінгі тәуелсіздік алған
кезеңге дейінгі тарихи оқиғаларды қамтиды. «Қазақфильм» киностудиясы биыл «Ер Төстік»,
«Айдаһар» атты 3D форматындағы тұңғыш толықметражды анимациялық туындылардың
тұсауын кеседі. Бәрекелді дейміз-де! Бірақ әр кішкентай қазақстандық өзінің
тарихымен мақтануы үшін «Мұңлық пен Зарлық» сияқты 100 мультфильм түсірсек те
аздық етпесі анық.

Таңатар Табынұлы

Серіктес жаңалықтары