ҰЛТ ҮШІН КҮРЕС

ҰЛТ ҮШІН КҮРЕС

ҰЛТ ҮШІН КҮРЕС
ашық дереккөзі

 

«Қазақстан» телеарнасы ұлттық сипатына лайық екенін дәлелдеп келеді.
Соңғы үш жылда таза мемлекеттік тілде хабар таратуға көшкен телеарна
енді көрермендерін төл туындылармен ғана сусындатуға көшті. Өткен айдан
бастап «Қазақстан» телеарнасының шетелдік сериалдар мен телеөнімдерден
бас тартып, өз күшімен түсірген ұлттық туындыларды көрсетуге шешім
қабылдағанын бұған дейін жазғанбыз.

Сейсенбі күні телеарна
ұжымы 2013 жылды қорытындылап, үздік ұлттық тележоба авторларын
марапаттады. Бұл шараға салалық министрліктер басшылары, Парламент
депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылар, сондай-ақ
журналистер шақырылыпты. 

«Қазақстан» телеарнасы отан­дық
телесериалдар түсіруді 2009 жылдан бастаған еді. Сол кезден бері
телеарна 30-ға жуық төл өнім түсіріп үлгерген. 2010 жылы 84 сериядан
тұратын екі телехикая, 2011 жылы 7 телехикая жарыққа шықты. Ал былтыр
телеарна ұжымы отандық телехикаялар санын 14-ке жеткізді. 

Телеарнадан
көрсетіліп үл­гер­ген «Ұлжан», «Олимп шыңы», «Сұңқар», «Достар», «Ауыл
сақ­шы­сы», «Томпақ» телехикаялары шы­нында да көрермен ықыласына
бөленді. Дәрігерлік мамандықтың қыр-сырынан хабар беретін «Жедел жәрдем»
сериалының тұсаукесері келесі жылы өткізіледі. 

14 аталым
бойынша отандық се­риалдарды марапаттау бір жарым сағатқа созылды. Оның
ішінде балаларға арналған «Томпақ» сериалының түсіруші тобы ғана емес,
жас актерлері де сахнаға шығып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Олардың
бірі: «Осындай көп кино түсіргім келеді. Мұндай кинолар көп болсын!» –
деп жиналған қауымды риза етті. 

Сонымен, озық туындыларды санамаласақ:

«Қазақ әдебиетінің классикалық ту­ындысын алғаш экранға шы­ғар­­ғаны үшін» – «Әпке» теле­хи­каясының;

«Жастар тақырыбын креативті көзқараста көрсете алғаны үшін» – «Достар» ситкомының;

«Креативті режиссерлік шешімі үшін» – «Сұңқар» телехикаясының;

«Тарихи тұлғалар тағдырын сәтті шығарғаны үшін» – «Ұлт мақтанышы» деректі фильмінің;

«Анимация саласында тәр­бие­лік тақырыпты ашқаны үшін» – «Али мен Айя» телехикаясының;

«Балаларға арналған танымдық сериал түсіргені үшін» – «Томпақ» телехикаясының;

«Әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға үлес қосқаны үшін» – «Көк тарландары» телехикаясының;

«Ұстаз мамандығының әлеуетін арттыруға үлес қосқаны үшін» – «Ұстаз» телехикаясының;

«Дәрігер мамандығын кеңінен дәріптегені үшін» – «Жедел жәрдем» телехикаясының;

«Бөлімшелік полицейлердің жұ­мысына елдің сенімін нығайтуға үлес қосқаны үшін» – «Ауыл сақшысы» телехикаясының;

«Дене тәрбиесі мен спортты наси­хаттағаны үшін» – «Олимп шыңы» телехикаясының;

«Көрнекті тарихи-деректі фильм түсірген үшін» – «Алыптар» деректі фильмінің;

«Спорттық
командалар туралы алғашқы деректі цикл түсіргені үшін» – «Менің
командам» деректі фильмінің және «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша «А + 1
Production» туындысының қоюшы режис­сер­лері мен продюсерлері
«Қазақстан» телерадиокешенінің аты­нан Алғыс хаттармен марапат­талды.

Шындығында, «Қазақстан» телеарнасы ұлттық киноиндустрияға
қомақты үлес қосуда. Белгілі жазушы Смағұл Елубай айтпақшы, олардың
«мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының аздығына қарамастан,
жанкештілікпен жұмыс істеп жатқаны» анық. Жазушы бір-ақ ауыз сөзбен:
«Қазақстан телеарнасы – ұлт үшін айқасып жүрген телеарна» деп баға
берді. 

Ұлт үшін еткен еңбек жемісті болғай!

Гүлбиғаш ОМАР

Астана