ЕУРООДАҚТЫҢ ТІЗГІНІ ГРЕКИЯҒА ТИДІ

ЕУРООДАҚТЫҢ ТІЗГІНІ ГРЕКИЯҒА ТИДІ

ЕУРООДАҚТЫҢ ТІЗГІНІ ГРЕКИЯҒА ТИДІ
ашық дереккөзі
160

   

Еуропалық Одақтың тізгіні 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап
Литва мен Грекияға өтті. 2007 жылы басталған қаржылық дағдарыстың салқыны
гректерге ауыр соққы боп тигені белгілі. Соңғы кездері экономикалық дағдарыспен
бірге саяси тұрғыда да тығырыққа тірелген гректер елі күні кеше ғана еуроаймақтың
келешегіне қауіп төндірген еді.

Еуроодаққа алдағы жарты жылда басшылық ететін Грекия
ЕО-дағы жұмыссыздық пен заңсыз миграцияға қарсы күреске баса назар аудармақ.
Сонымен қатар Еуропалық Одаққа тиесілі Банк одағын құру және АҚШ-пен еркін
сауда-саттық жасау туралы келісімді түзу де – гректер мойнындағы міндет. Бір
кездері шатқаяқтаған экономикасын тұрақтандыру мақсатында Грекия шетелдік қарыз
берушілерден 240 миллиард еуро көлемінде көмек алған еді. Қаржылай қолдауға зәру
гректер биыл да 11 млрд. еуро қарыз алмақ ниетте. Үшінші рет берілетін борышты
Еуропалық комиссия, Еуропалық орталық банк пен Халықаралық қаржы қоры бөледі.

2013 жылдың желтоқсанында Грекия Парламенті биылғы
бюджетті бекіткенде 6 жылға созылған рецессиядан кейін жалпы ішкі өнімді 0,6
пайызға дейін өсіру қарастырылған. Есесіне, 2014 жылға қажетті шығындар 3 млрд.
еуроға қысқарыпты. Бюджетті бекіту барысында парламенттегі 30 депутаттың 153-і қолдап
дауыс берген. «Көп жылдан бері алғаш рет Грекия бюджеттік қажеттіліктерге қатысты
сырттан қарыз алмайтын болды. Бұл біздің ұлттық тәуелсіздігіміздің дәлелі», –
деп қуанған Грекия премьер-министрі Антоинс Самарас ендігі үмітті Еуропалық
комиссия, Еуропалық орталық банк пен Халықаралық қаржы қорына артты. Соңғы
жылдары наразылық шаралары мен ереуілдерден көз ашпай жүрген Грекияда қазір жұмыссыздық
деңгейі 28  пайыз. Еуропалық көрсеткіштерге
шақсақ, тым жоғары. Жалақы мен жәрдемақының қысқаруы, жұмыссыздықтың өсуі,
кіріс компанияларының қаржы тапшылығы кесірінен бірінен кейін бірі банкротқа ұшырауынан
гректердің үкіметі соңғы төрт жылда 4 рет ауысты.

Алайда, экономикалық тұрақсыздықтың салқыны саяси ахуалға
да кері әсер еткендіктен, қазіргі грек қоғамындағы белсенділік аса жоғары.
Сарапшылар қауымы мұның соңы парламенттік сайлауды кезектен тыс өткізуге ықпал
етуі мүмкін дейді.

  Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары