«Шаншар» шынымен өкпелетті

«Шаншар» шынымен өкпелетті

«Шаншар» шынымен өкпелетті
ашық дереккөзі
429
Біз «Шаншарды» жақсы көреміз. Уәлибек пен Жүсіпті де. Бір кездері Тұңғышбай Жаманқұлов «Қарапайым сахнадағы үлкен адамдар» деп атаған қарапайым ортадан Өнер есігін имене аттап, көрерменінің көзайымына айналған «Шаншарға» бәріміз де дәл осылай баға берген едік. «Шаншардың» әрбір қойылымын асыға күткеніміз де анық. «Шаншардың» күлкісінен рухани ләззат алғанымыз да анық. Күліп отырып жылататын, жылатып отырып күлдіретін ауыр сарказмға толы дүниелерді де «Шаншардан» көрдік. «Шаншардың» өткір әзілдері, жеңіл юморлары әрбір көрерменнің ойынан дөп түсіп жататын еді. «Шаншарды» «Шаншар» қылған әртістері десек те, артық айтқандық емес. Уәлибек пен Жүсіп бастаған топ кеңейіп, үлкен бір театр институтына айналғаны да рас. Оның қанатынан өнер майданында жүрген талай талантты ұл-қыздар өсіп шықты.  Бүгінде «Алдараспан» атты театр құрып, жеке отауға шыққан Нұржан Төлендиевтің де шынайы талантын, табиғи дарынын «Шаншардан» таныған едік. «Шаншардың» сахнасы Уәлибек, Жүсіп, Нұржан, Жұлдыз шыққан кезде түрленіп сала беретін еді. Мұның бәрін біз неге айтып отырмыз? Әнебір жылдары «Шаншардан» жік шықты, Нұржан мен Жұлдыз бөлініп кетті» деген дақпырттар ел арасында желдей есті. Бөлінгені рас екен. Көп ұзамай, сатиралық жаңа бір театрдың тұсауы кесілді. «Алдараспан» деп айдар тағып, ат қойған театр бірнеше рет қойылымдарын да көрсетті. Араға бірнеше жыл салып, өкпелесіп кеткен аға мен іні татуласып, сахнаға бірге шықты. Жуырда, жаңа жыл қарсаңында екі театр кездесіп, бірге қойылым қойды. Оны демалыс күндері «31 арна» бірнеше рет көрсетті. Республика сарайындағы қойылымына бара алмаған көрермен екі театрдың жаңа жылдық тартуларын көгілдір экраннан тамашаладық. «Шаншар» мен «Алдараспан» бірлесіп қойды деген соң, ерекше ықыласпен көргіміз келгені де жасырын емес. Көргенімізді қайтейік, «бетті бастық, қатты састық». Біріншіден, сахнада тұрып алып, аға мен іні татуласудың құрметіне бір-біріне ыңыранып, шапан жапты. Құдды тойда жүргендей. Құдасын күтіп, құдағиына сақинасын таққан құдалар мен құдағилардан аумай қалды. Одан кейін Уәлибек өзінің монологын бастады. Бұл монологты тыңдап отырып, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Тыңдағанымызға ұялдық шынымызды айтсақ. Монологтың тақырыбы – моншадағы еркек пен әйелдің басындағы хал. Бірі – әйелдердің моншасына «адасып» кіріп кеткен еркек те, енді бірі еркектердің моншасына «адасып» кіріп келген әйел. Моншада адасып кету де күлкі болып па? Сатираға тұздық болар тақырып қалмағандай. Монша ғана елдің негізгі «бас ауруына» айналып тұрғандай. Күлдіру деген бір бөлек, күлдіріп отырып жылату деген бір бөлек. «Сатира – күштілердің қаруы»  демей ме? Ендеше, күштілердің қаруын неге әлсіз дүниелерге пайдаланамыз? Сахнаның мәдениеті қайда? Сахнаны киелі тұтатын еді ғой өнер майталмандары. Сахнадан ұялмаса да, мыңдаған көрерменнің алдындағы жауапкершілік қайда?! «Шаншарға» да, «Алдараспанға» да айтарымыз сол. Жеңіл дүниемен «ұпай» жинаудың қажеті жоқ. Ағасы інісін кешірсе, інісі ағасынан кешірім сұраса, қуанамыз. Бірақ… Ол киелі сахна ғой. Ең құрыса, сахнаның киесінен қорқайық та. Келешекте сатира театрлары атүсті дайындалып, жеңіл дүниемен көрерменді алдаймын деген ойдан ада болса дейміз. Сатираның бізін қадағысы келгендер ең алдымен, сахнаны қадірлесін! Өнердің биігінен төмендемесін! Айна Хасанова

Серіктес жаңалықтары