«ТҮРКІСТАН» – 20

«ТҮРКІСТАН» – 20

«ТҮРКІСТАН» – 20
ашық дереккөзі

Тәуелсіздік туын көтеріп, өркениет көшіне батыл бет бұрған жас республикамызда халықаралық жаңа бір басылымның жарық көруі мәдени өміріміздегі елеулі оқиғалардың бірі. Дүниежүзілік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алуға ұмтылып келе жатқан Қазақстан үшін бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше болмақ. Осы орайда халықаралық «Түркістан» газеті Тәуелсіз Достастық елдерімен, шет мемлекеттермен әлеуметтік-экономикалық, рухани байланыстарымыздың нығая түсуіне өз үлестерін қосып, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа ұйытқы бола біледі деп сенемін.

Тұсауы кесіліп отырған «Түркістан» газетінің редакция ұжымына зор шығармашылық табыс тілеймін. 

Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Президенті

(«Түркістан», №1, 1994 ж)

Біртұтас Қазақстан


…Мен осы бір қызу науқанның Парламенттегі тартысының куәсі болдым. Айтысқа да араластым. Есімде қалған ең елеулілеріне сәл тоқтала кетейін. Конституция жобасының алғашқы сөйлемі «Біз, Қазақстан халқы…» деп басталады. Мен айтамын: «Біз, қазақ халқы және Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың өкілдері (диаспора)» деп жазылуы керек деймін. Өйткені, Россия халқы дейтін халық жоқ, татар халқы бар, т.с.с. Айталық, Моңғолияда көп қазақтар тұрады. Соған бола онда «Моңғолстан халқы» демейді, моңғол халқы дейді ғой…

Бұл ұсынысым өтпеді. Қайта осы сөзімді әлі күнге дейін маған айып ретінде тағатындар табылады. Бірақ, Қазақстанның қазіргі әл-ахуалына қарай, көпшілік дауыспен өткен қисық сөйлемге төзуге де керек. Бәрі бір уақыт өз әділін айтады. 

Конституция – қасиетті ұғым. Онда қылаудай да қисынсыз сөз болмауға тиіс.

***

Конституция қабылданар шақта Пар­ла­ментте көп дауға түскен бап – сегізінші бап. Ол тіл туралы. Бұл сәтте мемлекет тілі – қос тіл болсын, қазақ тілі, орыс тілі деп қаны басына шапқандар қаншама! Ау, бұрын да қос тіл болып келген. Сондағы қазақ тілінің халін құдай басқа бермесін. От басы, ошақ қасынан аспай қалды ғой. Ұлттық тіл нағыз репрессияға ұшырады. Ол арқылы бүкіл ұлттық рухани әлем ашаршылыққа ұшырады, Қазақ ұлт ретінде тірі өлікке айнала жаздады. 

«Қазақстан Республикасының мем­ле­кеттік тілі – қазақ тілі». Сондықтан да­ Конституцияда осылай жазылды. Ал «Орыс тілі ұлт-аралық қарым-қатынас тілі болып табылады» делінді. Онымен қоймай, мем­ле­кеттік тілді, яғни қазақ тілін немесе ұлтаралық қарым-қатынас тілін, яғни орыс тілін білмегендік себептері бойынша азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге тыйым салынатын болды. Бұдан артық не керек?! Жоқ, қос тіл керек! – деп әлі күнге дейін байбаламдап жүргендер бар. Бұл арада орыс тілі титтей де зиян шегіп отырған жоқ. Бұрынғы өктемдігі қалай болса, әлі солай. Тіпті мемлекеттік тіл – қазақ тілі болсын деп Конституцияға бап ендірген Парламенттің өзі бүкіл жұмысын бастан-аяқ орыс тілінде жүргізді. Сонда орыс тілінің қуғын көргені қайсы?! 

Қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік тіл болуының мәнісі – жойылып бара жатқан тілді, сол арқылы ұлттық рухты ажалдан арашалап алып қалу ғой. Әйтпесе басқа біреулерге үстемдік құру үшін емес. Осы бір құдай алдында да, адам алдында да ақиқат, айдай шындықты түсіндіре алмай арпалысқан күндер-ай…

Шерхан Мұртаза

(«Түркістан», №1, 1994 ж.)

«Түркістан» осылай туды


Иә, еліміздің экономикалық және рухани жаңаруы, әсілі бәрімізден – еңбектеген баладан еңкейген кәрімізге дейін – күллі күш-жігерімізді, білім-қабілетімізді қажет етіп қана қоймай, сабырлы да салиқалы сана мен саналылықты, тозбас төзім мен төзімділікті талап етіп отыр. Бұл уақыт талабы, қоғам талабы, ұлт пен халық талабы. Салу – қиын, бұзу – оңай. «Жүк ауырын нар көтереді». Бағымыз ба, сорымыз ба, бір құдайға аян – бүгінгі ауырлықтың дені байырғы халық та бізге түседі. Көңіліміз бен өміріміздегі бір медеу жалғыз емеспіз, ықылас пен ынтымақ қадырын түсінетін, көп үнді, көп тілді жұртымыз бар. Арамыздан жік жүгірмесін әйтеуір. «Түркістанның» құштар көңіл, ынтызар жүрекпен жаңылмай жазар ең өзекті тақырыбы осы болмақ керек. Онда да жабуды жаба тоқымай, ащы шындықты ашып та ашық айту, анық айтуды рәсім етер-ақ!

Әбілмәжін Жұмабай

(«Түркістан», №1, 1994 жыл)

Теңгенің орны мұражай болып жүрмей ме…


Түптің түбінде бұл мәселенің Қазақстан алдына да көлденең тартылары сөзсіз. Оның үстіне соңғы кездері банкирлер мен іскер адамдар, бизнесмендердің арасында ТМД елдеріне ортақ ақша ақпанда қабылданады және сауда айналымына енеді деген лақап тарап отыр. Бұған иланушылар аз да емес. Бұл өткенге, кешегі империялық зымыстан кезеңге қайтып оралудың белгісі болмақ па, әлде ортақ ақша қабылдау тәуелсіз елдерідң бәріне тиімді болмақ па, оны жеті рет өлшеп, бір кесу керек. Бірақ мұндай жағдайда теңгемізді келешек ұрпақтар қызықтауы үшін мұражайлар мен архивтерге табыстауға мәжбүр боларымыз анық. 

Ал әзірге теңгенің соры – қысқа жіптің күрмеуге келмей жатқаны, республикамызда тауарларды тұтынудан гөрі кем өндіретіндігінде. Керісінше болуға тиіс, бұл экономикалық дамудың айнымас аксиома, бұлжымас қағидасы. 

Жаңабек Шағатай, саяси шолушы

(«Түркістан», №2, 1994 ж.)

Кәсіп пен кішкентай мансап


Үндістан, Ауғанстан, Иран сияқты мемлекеттер шеттен келгендерге азаматтық бермейтін көрінеді. Ата-бабасы осыдан 60 жылдай бұрын Ақтаудан Иранға барған бір жас жігіттің аузынан: «Бізде қазақ мектебі жоқ. Газет келмейді. Қазақстан туралы көп ештеңе білмейміз. Әйтсе де, жастардың бәрі келгісі келеді. Бірақ көбінің мамандығы жоқ. Оның үстіне кетуге үкімет рұхсат бермейді. Осы жағына Нұрсұлтан ағамыздың көмегі қажет», – дегенін өз аузынан естіген едім. Жастың тілегі бірінші құдай, екінші Елбасының құлағына шалынып, ол елдегі зарығып жүрген ағайындарымыз көш басын бері бұрды. Оларға қоныс құтты болсын дейік.

Ендігі бір ішкі ойым, Қытайға бір миллионнан артық қазақтың керегі жоқ. Осы сан «Іле қазақ автономиялы облысы» деген атты көтеріп, теке мүйізін көрсетіп тұруға жарайды. Тәжірибеге сүйенсек, әрбір 30-40 жылда кесімді саннан артығын осылай қарай жіберуге тиіс. Бірақ бұлардың да осы тізімге ілінгісі келіп ентелейтіндері – қарапайым халық. Ал әлгі астында жұмсақ орындығы барлары халықтың бұл ниетін қолдай қоймайды. 

Көрдіңіздер ме, қалай десек те,­ Қазақстанның жері мен суы ең ал­ды­мен қарапайым ғана қазақ халқына ке­рек. Ендеше, оларды ашық күнде адас­тыр­ма­ға­нымыз абзал. 

Нұрқасым Қазыбек

(«Түркістан», №2, 1994 ж.)

Бұл болжамдар осыдан жиырма жыл бұрын жасалған екен. Жапондық ғалымдар жасағанымен, бұл болжамдардың біздің де өмірімізден алыстау кетпейтіні рас. Осы жылдар ішінде, бұлардың қайсысы қаншалықты орындалды, оны оқырманның өзі бағамдай жатар. 

Болжамдар

1994 жылдан 2014 жылға дейін

Таяуда Жапониялық ғылыми-техника басқармасы мемлекет бойынша әр саладағы үш мыңдай маманмен пікірлесіп, алдағы 25 жылда жарыққа шығатын мыңнан астам жаңа техника мен өнім жөнінде болжамдарын жинады. Нәтижеде төмендегі техника адам денсаулығын қорғауға, тұрмыс қажетін өтеуге өте қолайлы деп бағаланды.

1994 жыл

Адамдар үлкендігі естелік дәптердей ғана теледидарды қайдан болса да сатып ала алады.

1995 жыл

Қағаз, қаламсыз-ақ хат орнына дыбыс таспасын қолданып, хабарласа бастайды.

1996 жыл

Стереотиптік айна. Бұл айнаға әр түрлі сетеротиптік көрсету аспабы орнатылған. Адамдар киім таңдағанда оның артқы бойының үлгісіне дейін көре алады..

Аудармашы машина. Бұл машина ағылшын тілін жапон тіліне автоматты түрде аударады.

1997 жыл

Стереотиптік теледидар! Бұл – арнайы жасалған көзілдірік салмай-ақ көруге болатын теледидар.

Кескінді телефон. Қарапайым отбасылар да бұл сияқты дыбыспен қоса кескінді бір уақытта көрсететін телефон пайдаланады.

1998 жыл

Шұғыл құтқарудың хабаршысы – өте шұғыл құтқару сигналын қабылдай алатын және оның шыққан орнын мөлшерлеп, тез табуға көмектесе алатын аспап.

Вирус жойғыш май дәрі. Бұл дәрімен вирус жұқтыратын әртүрлі науқасты емдеу­ге болады.

1999 жыл

Далаға немесе көшеге жаңбыр суын жинайтын машиналар орнатылады. 

Теңіз бетіне жасанды аралдар жасалып, адамзатты жаңа қоныспен қамтамасыз етеді.

2000 жыл

Біртүрлі сезімтал аспапты әрбір адам тастамай, өзімен бірге алып жүретін болса, ол денедегі ауру белгілерін алдын ала сездіріп, сақтануға көмектеседі.

2001 жыл

Жасанды мүше. Бұл түрдегі жартылай немесе түгелдей жасанды мүшелерді адам денесіне орналастырғаннан кейін, ол тез-ақ үйлесіп кетеді.

2002 жыл

Қазіргі баспадан басылып шығатын журналдарды электронды журналдар толықтырады немесе орнын басады.

Телефонды қол сағат шығады. Бұл бұрынғы сөйлесу аппаратына қарағанда әрі жеңіл, әрі қолайлы болады.

2003 жыл

«Электронды газет» әр күні жаңа хабарларды жасанды серік немесе жер беті радио жүйелері арқылы газетке жазылған жанұяларға таратып береді.

Жасанды теңіз асты жайылымы арқылы теңіз бен мұхит жәндіктерін молынан өсіруге болады.

Бір жағындағы адам ағылшынша, екінші жағындағы адам жапонша сөйлессе де телефонның өзі бір тілді екінші тілге аударып беріп тұратын болады.

2004 жыл

Ақылды құлтемір. Бұл құлтемірге көру, есту түйсігі, сондай-ақ сезу, мөлшерлеу аспабы орнатылған. Ол өзінің болжамы мен сезіміне сай іс жүргізе алады.

2005 жыл

Теңіз жәндіктерінің қимылын тежеу арқылы олардың өнімі арттырылады.

Егіс дақылдарын автоматты түрде бағып-күтіп, өсіріп, орып, бастырып, жинап алатын болады.

2006 жыл

Адам денесіндегі ұлпалардан (бұлшық ет тарамдарынан) жасалған мүшелер: ұйқы безі, бүйрек және бауыр.

2007 жыл

Дыбыстан бес есе жылдам жолаушылар ұшағы болады. Бұл ұшақ Тынық мұхитты небәрі екі сағатта кесіп өтеді.

2008 жыл

Ең үздік химиялық тәсіл. Бұл емдеу тәсілімен рак ауруына шалдыққандардың жүзден жиырмасын сауықтыруға болады.

Ракқа қарсы дене. Бұл – рак клеткаларының өрбуін тежейтін біртүрлі зат.

2009 жыл

Жасанды жаңбыр жер шарын қуаңшылық апатынан құтылдыра алады.

2010 жыл

Ол кезде жүзде тоқсаннан аса автомобильдер пластмассаны негізгі материал етіп алады.

2011 жыл

Қантты несеп ауруын емдеудің дәрісі табылады. Адамдар бұл науқастан ада-күде құтылады.

2012 жыл

Адамзатты есте сақтау қабілетінің дәрісі табылады. Не үшін олай екенін түсіндіруге болады.

2013 жыл

Адамзат Марсқа шығады. Ол кезде ұшқыштар әлем кемесіне отырып, Марсқа барып келіп тұратын болады.

2014 жыл

Соқырлардың көбі жасанды көз арқылы жарық дүниені көре алатын болады.

(«Түркістан», №2, 1994 ж.)


Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС