ӘУЕЗОВ ӘСПЕТТЕГЕН ДҮЛДҮЛ АҚЫН

ӘУЕЗОВ ӘСПЕТТЕГЕН ДҮЛДҮЛ АҚЫН

ӘУЕЗОВ ӘСПЕТТЕГЕН  ДҮЛДҮЛ АҚЫН
ашық дереккөзі

2006 жылдың көктемге салым мезгілінде Қарағандыға белгілі режиссер, еліміздің халық әртісі, профессор Маман Байсеркенов келіп, С.Сейфуллин атындағы драма театрда У.Шекспирдің «Отелло» драмасын қойды. Ұлттық әдебиет пен өнер ғана емес, әлемдік мәдениеттің әр саласынан мол мағлұматы бар ағамен бірер күн қатар жүріп, сұхбаттасудың мүмкіндігі туды сол жолы. Сондай бір кездесу үстінде қазіргі қазақ режиссерлерінің ақсақалы тосын бір әңгіме айтты. 

– Сексенінші жылдардың аяқ шені болуы керек, Алматыдағы «Отырар» мейманханасының тұсынан өтіп бара жатыр едім, ерекше бір парасатты қарияны көзім шалды. Жүзі сондай таныс. Жақындай бергенде есіме түсті – әйгілі абайтанушы ғалым, жазушы һәм драматург, профессор Қайым Мұхамедханов ақсақал. Сәлем беріп, хал-жағдайын сұрадым. Қолымды жібермей, жанынан орын берді. Сол маңайдағы «Көк базарға» кіріп кеткен бәйбішесін күтіп отыр екен. Сәлден кейін кеңірек отырып әңгімелесу үшін сол базардың ішіндегі шайханаға шақырды. Бардық. Аздап жеңіл шарап ішетін көрінеді. Әңгімеден әңгіме туындап, сөз арнасы Мұхаңның (М.Әуезов) мінезіне, ұлт үшін атқарған қызметіне ауыс­ты. «Семейдегі Абай мұражайының директоры болып тұрған кезім еді (Бұл 1947-1951 жылдар. Е.Б.), – деп бастады әңгімесін Қайым ақсақал. – Көктем уақыты болатын. Бір күні таңғы алакөбеден Мұхаң телефон шалды. «Аэропортта тұрмын. Қазір келем, жұмысыңа кетіп қалма», деп жеделдете сөйледі. Көп ұзамай таксимен жетіп келді. Жүрісі алқын-жұлқын. Шайға да қарамай, мен машинаға мінісімен жүріп кеттік. Жүргізушіге ескертіп қойған болуы керек, Семей ет комбинатының жанына тоқтадық. Мұхаң бөлек-салағы мол алып ғимараттың біресе ол жағына, біресе бұл жағына шығады. Үлкен адамның мұндай мінезін көрмеген басым аң-таңмын. Бір кезде комбинаттың ту сыртына шығып, малдас құрып отыра қалды да қоңыр даусымен күңіренте аят оқи жөнелді. Батасын қайырып, бет сипап болғаннан кейін күтіп тұрған таксиге отырып, обкомға тарттық. Сталиндік сыйлықты иеленіп, абыройы аспандап тұрған Мұқаңды бірінші хатшы кезексіз қабылдады. Кіре берісінде ет асым уақыт күттім. Мұқаң шықты. Түгі бетіне шығып, түтіккен жүзінен мақсатты жұмысы бітпегенін, облыс басшысымен келісе алмағанын аңдадым. Үйге келсек, қуырдақ дайын тұр екен. Дастарқанға отыра бергенде, пұшайман болған түрін жасыра алмай: «Заһарың бар ма еді? Құйшы!» деді. Буфеттен сыпайы сауыттар шығарып, сыздықтата бастап едім, саусағымен үлкендеу ыдысты көрсетті. Бір стакан коньякты жөпелдемете тартып жіберді де қуырдақтан бірер қасық асап, кесек мұрнының үстін сипап-сипап жіберді. Әңгіме айтардағы әдеті. «Менің бүгінгі әрекетімді түсіне алмай, мына кісіні жын қағып кетті ме деп ойлаған шығарсың. Ештеңе де қаққан жоқ, бұл—жан күйзелісі. Жаңағы ет комбинатының астында қазақ сөз өнерінің сүлейі Кемпірбай жатыр. Алладан үміті жоқ аруақ атқырлар, басқа жер таппағандай, доңыз сойып, нәжісін төгетін мекемені мұсылман бейітінің үстіне салыпты» деп, аса бір қиналыспен бастады сөзін. Одан соң Құспек, Алшынбай, Құнанбай заманындағы Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай ақындар, олардың тапқыр сөз, ұтқыр уәждері жайлы тартымды да тәтті әңгіме өрбіді», деді сұхбаттасым шайханадағы әңгіме үстінде. Кемпірбайдың есіміне бұрыннан-ақ құлағым қанық еді, әйткенмен, оны Мұхаңның осыншама зор бағалағанын, бесаспап өнерпаз, айтыстың ақтангерінің мүрдесі зұлым саясатқа қор болғанын сол Қайым ақсақалдан естідім, қарақтарым, – деген еді Маман ағай.

Қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, XIX ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтангері Кемпірбай Бөгембайұлы 1834 жылы қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауларының ішіндегі Айыртас деген жерде жарық дүние есігін ашыпты. Кемпірбайдың ата-тегін шежірешілер былай таратады: Қаракесек (Болатқожа) – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл, Бұлбұлдың бәйбішесі Қаракемпірден (шын аты Рабиға болса керек) – Тәңірберлі, Қожамжар, Ағым, Кенже, Кетік, Кенжесағым есімді алты ұл туады. Соның Ағымынан Қияқ, одан Қызық, одан Сұңқарбай, Бұқарбай, Қалабай, Жиенбай, Бөгенбай тараса, кейінгісінен Серкебай, Текебай, Кемпірбай туады. «Тоқсан ақынға торай бермейтін» Нар Кемпірбай 1895 жылы, пайғамбар жасына жаңа жеткен шағында ауыр науқастан Семей қаласында дүниеден қайтқан. Соңында Серкебай атты бір ұлы қалған екен, ұрпақтары бар болса, сол Семей өңірінде ғұмыр кешіп жатса керек. 

Кемпірбай заманында он екі арыс Арғын қоныстанған Арқа атырабына ғана емес, Жетісу мен Алтай аймағына да белгілі суырып салма төкпе ақын болғаны әмбеге аян. Оның: «Ішінде Арғын, Найман салдым айғай…», «Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін, Қараөткел таныс едім екі араға» деп келетін өлең жолдары осының айғағы. Бізге жеткен деректер оның ақындығына қоса әнші, композитор, жалпы, бесаспап өнерпаз болғанын білдіреді. XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіне қарағанда, ол поэзия әлеміндегі ерекше құбылыс, өлең сөздің дара өрнегін құрған талант екені дау тудырмайды. Сөз қадірін білетін, ауыздан шыққан сөздің жасығы мен асылын айыра алатын ортада туып, өскен Кемпірбай өлеңнің өрен жүйрігі болғанын мына шумақтардан білеміз:

Бөгембай әкем аты, мен – Кемпірбай,

Өзге ақын мен сөйлесем тұрар былай.

Талабым Тәңір берген таудан үлкен,

Алмаса өз бақытын қайтып Құдай.

Едірей Арқалық пен малыма жай,

Арда емген құлынынан жабағы, тай.

Ағайын, қайыр берсең өзіме бер, 

Кенже ұлы кедейліктің мен – Кемпірбай.

Бөгембай – әкем аты, Кемпір едім, 

Өлеңді кәсіп қылып тентіредім.

Даусымның келмей тұрған мәнісі сол,

Бақырдан ұрлық етін жеңкіредім… (С.Сейфуллин. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1931, 115-116 беттер). 

Жоғарыдағы, балталасаң көбесі сөгілмейтін өлең жолдарынан шешендігімен қатар шаруашылығының шағындығы, құба төбел тіршілігінің жағдайы да қылаң береді. Өлеңді өміріне өзек еткен ақын жасынан-ақ даңқты той-думандарда, дүбірлі ас-жиындарда көпшіліктің қуанышына бөленіп, әнші, жыршы, өнерпаз Кемпірбай атанады. Дүлдүл ақынның шығармашылдығынан бірнеше ақындармен айтысы және аса көрнекті композитор, әнші Әсетпен арыздасуы сақталған. Кемпірбайдың айтыстарының ішінше ең көрнектісі атақты Шөжемен сөз қағысуы. Осынау шығарманың өн бойына қарап отырсаңыз, оның бір қалыпта басталып, дамып, шарықтауы бар тұтас дүние екеніне көз жетеді. Айтыстың кіріспесінде Кемпірбайдың:

Ар жағы Айыркезең, Үлкенбөрлі,

Бабамның әруағы маған қонды.

Шілденің он бесінде сауын айтып,

Жаныста Саттыбайдың асы болды.

Тәуекел дариясына бетім жудым,

Ажалдан қашар болсам, неге тудым?

Сол асқа жұрт жиналған барайын деп,

Жаратып, жалғыз көктің белін будым.

Әрқашан салушы едім омырауға,

Құдай-ау, бергеніңе сансыз тәуба.

Сыртында қарала үйдің жиектеген,

Кез болдым Шөже деген бәле-дауға,– деуі көп жайды аңғартады. Ең алдымен, екі ақын да айтысқа белсеніп түспеген. Сол сәттегі мәжбүрлік, тұрмыс ауыртпашылығы олардан итаршылыққа баруды талап еткенін байқаймыз. Сөз қағысына алдымен құлшынған Кемпірбай. Ол өзінің ақындық қуатына, ділмарлығына иек артады. Айтысқа көп түсіп әккі болған Шөже өзінен жасы екі мүшелге жуық кіші жас перінің аяқ алысын байқаған соң онымен бәсекелесуден қашып, жалтара сөйлейді. Ең алдымен, қаралы үйде отырғандарын сылтау етсе, одан соң жасы үлкендігін алдыға тартады. Әйткенмен, Кемпірбай өзеуреп қоймайды. Шөже айтысуға мойын ұсынады. Басқа ақындарды жеңген тәсілімен Кемпірбайды ала алмайтынын білген Шөже қарсыласының жастығын, тәжірибесіздігін пайдаланып, соған орай айла-амал қарастырады. Әсіресе, албырт ақынның дін тақырыбына біліктілігі тайыздығын аңғарып, тіке айтыспай, жұмбақтар мен сұраулар беріп, соларға лайық жауап беруін күтеді. Оған лайықты жауап бере алмаған Кемпірбай:

Келіп ем бұл жиынға өктемденіп,

Жүріп ем қу соқырдан секемденіп,

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,

Жығылдым екі аяғым көктен келіп,

– деп жеңілгенін мойындауға мәжбүр болады. Сондықтан да Мұхаң (Мұхтар Әуезов) «Шөже Кемпірбайды жеңгенде «уаттури уәззейтуни» деген аяттың мағынасын айт деп қысады. Онысы, діндер аңызы бойынша, Мұсаның Син (Синай) тауына шығып, құдаймен жауаптасқанын келтіріп, сондағы айтысқан сөздерін өлеңмен шешіп бер дегені еді. Кемпірбайда бұны шешерлік білім болмай, жеңіліп қалады» (М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы, 17-том, 282-283 беттер) дейді. Әңгімеге өзек болып отырған айтысты жіліктеп талдар болсақ, Кемпірбай Шөжеден, ұлы Мұхаңның сөзімен айтқанда, өлеңі сарқылып қалғандықтан немесе ұйқас құрай алмағандықтан емес, ұтымды дәлел, логикалық дәл жауап таба алмағандықтан жеңіледі. Жеңгені ақындық қуатының артықтығымен емес, тәсілмен, жүйемен алады. Байырғы қазақ ақындары өздері өмір сүрген қоғамдағы өмір шындығын қарсыласының алдына тартып, дауласуға мойын бұрғызбай, тұқыртып тастайды. Мықты ақындар қазіргі кейбір айтқышбектер тәрізді құр ұйқас қуып, ділмәрсімейді, жеңілгенін мәрттікпен мо-йындап, сөзге тоқтайды. Бұл жағына келгенде Кемпірбай талайларға өнеге болып, қара үзіп тұр. Бұрынғы-соңғы айтыс ақындарының ішінде Найман елінің Түбек бастатқан он алты ақынын бет қаратпай жеңген әйгілі Жанақ Күнекей қыздан, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл «сыйынбай сөз сөйлемейтін» Сүйінбай Күнбала қыздан жеңілгенін алдымен өздері мойындап, жүрген жерлерінде айтып отырған.

Кемпірбайдың ақындық қуаты әсіресе жарқырай көрінетін жері науқастанып жатқанда көңілін сұрай барған Әсет Найманбайұлымен бақұлдасуы. Әсет – керемет композитор, дүлдүл ақын, дауылпаз әнші. «Інжу-маржаны» әлемнің ең үздік шығармаларының қатарын байытатын, аспандағы аққуға үнін қосқан ән ардағының ақындық арынын қыз әкесінің талабымен жадынан шығарын бір түн бойы жырлаған дастанымен сүйгеніне қолы жеткені паш етеді. Осынау Әсеттің буырқанған үнімен, бұршақтаған жырымен Қара Ертістің бойы дүр сілкініп, ауру дендеткен дімкәс кеудеге қайтадан қуат құйылып, Кемпірбайдың көмекейінен өлең саулап қоя береді. Жаратушының аманатын тапсырар алдындағы сәтінде, фәни жалғанмен қоштасуы кезінде Кемпірбайдың бүкіл ақындық қыры жарқырай ашылады. Бұл – өз бағасын білетін ірі талант иесінің өшпес өрнекпен, керім кестемен түзген жан сыры, бүкпесіз шындығы. Бұл жыр көпшіліктің біразына таныс болса да сөз реті келгенде оған тағы бір үңілудің артықтығы болмас. 


КЕМПІРБАЙДЫҢ 

ӘСЕТПЕН АРЫЗДАСУЫ


Көңілді Әсет келді көтергелі,

Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.

Артыма бір‑екі ауыз сөз тастайын,

Басымды жастықпенен көтер бері!

Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,

Қу тақтай екі ішекті әпер бері.

Аузыма айрыларда сөз салмасаң,

Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?

Ал енді шіркін көмей былпылдасын,

Сөзімді әшиесіз кім тыңдасын.

Ішінде Арғын, Найман салдым айғай,

Не қылып шіркін көмей жыртылмасын!

Мойынға әзірейіл салса құрық,

Білемін ғазиз жанның құтылмасын.

Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,

Білемін енді өзімдей ұл тумасын.

Суырған қынабынан наркескендей

Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын.

Көңлімді Әсет сұрай келгенінде,

Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын.

Боз шапса, боз озбай ма буырылдан,

Мен шапсам, жер табаны қуырылған.

Жай тастап, құлашымды алып жылдам,

Жабының күнде озушы ем тұғырынан.

Біреумен алтын жүзді дос‑жар болмақ,

Өзіңнің бойға біткен пығылыңнан.

Келсе де тоқсан ақын, торай бермей,

Мен дағы озып жүрмін ығылымнан.

Ер Дәуіт жеті жаста иектеген,

Жасынның суын іштім құдығынан.

Тереңдеп Сырдың суы қаптаса да,

Сонда да келмеуші еді жұлығымнан.

Әй, Әсет, осы дерттен мен өлемін,

Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.

Ұшса да қанат байлап аспанменен,

Өлімнің кім құтылар құрығынан?

Сұрасаң хал‑жайымды, Әсетжаным,

Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан…

Әсетжан, осы аурудан өлем білем, 

Алланың аманатын берем білем.

Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,

Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем.

Басымда отырды өксіп қимай, тоқтап,

Кете алмай бөтен жаққа, айналсоқтап.

«Серігім, қош, аман бол, Кемпірбай» деп,

Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.

Әсетжан, осы ауру қоймас білем,

Алланың әмірі екі болмас білем.

Қамығып, «қош» деп жылап, ұшып кетті,

Осы өлең Серкебайға қонбас білем.

Сәлем айт Арқадағы хан‑қараға,

Қара Ертіс, Қарқаралы жандаралға.

Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,

Қараөткел таныс едім екі араға.

Семейде топырағым болар білем,

Кемпірбай – дұға қылсын бейшараға. («Жеті ғасыр жырлайды». Екі томдық. Алматы, Жазушы, 2008, бірінші том. Құрастырған Есенбай Дүйсенбайұлы). 

Алдымыздағы жылы қазақ сөз өне­рі­нің аса көрнекті өкілі Кемпірбай Бөгенбайұлының туғанына 180 жыл толады. Өлеңде еншісі бар қазақ баласы атап өтетін‑ақ мерейтой. Бірақ, ол тағы да атаусыз қалатын сыңайы бар. Өйткені, ақынның кін­дік қаны тамған өңірдің өзінде еске алуға ешқандай даярлық шарасы қолға алынбай отыр. Өкінішті! 

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері