ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ БЕРГЕН ОБАМА ТАРИХТА КІМ БОП ҚАЛАДЫ?

ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ БЕРГЕН ОБАМА ТАРИХТА КІМ БОП ҚАЛАДЫ?

ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ БЕРГЕН ОБАМА ТАРИХТА КІМ БОП ҚАЛАДЫ?
ашық дереккөзі
199

Қарасора кесапаты ешқашан таусылған емес. Қайта жұртты енді сорлата бастағандай. Бұған АҚШ-тың әрекеті дәлел. Нашаның сан көкесін жасайтын осы шөптің пайдасы да бар. Ол медицинада таптырмас дауа, ем-шара. Ал Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Шу өңірінде өсетін қарасораның пайдасын еліміз көре алмай отыр дейді.

Апта басында Ішкі істер министрі Қал­мұханбет Қасымов Парламент Мә­жі­лісінде баяндама жасады. Министрдің пай­ымдауынша, қандай шара қолданса да­ еліміздің шекара қызметі мен кеден органдары Қазақстан шекарасы ар­қы­лы өтетін есірткі ағынының жолын кесе алмай отыр. «Шу алқабындағы қа­расораның қасіреті де – ел үшін ең күрделі мәселе», – деді министр. Есесіне қарасораның қасіретін ғана көріп, қасиетін пайдаланбай отырғанымыз депутат ханымның шамына тиген тәрізді. 

– Жыл сайын есірткімен күреске 6 жарым миллиард теңге бөлінеді. Жыл сайын текке жұмсалады, нәтижесі жоқ. Тиімділігі бар ма осының? Сондықтан тегін өсетін шөптерді пайдаға асырып, ісік пен ЖҚТҚ-ге қарсы дәрі-дәрмектер шығару керек, осылайша халық шаруашылығын дамытуға болады, – деді халық қалаулысы. Расында дүние жүзінде техникалық және есірткі қарасорасынан 25 мыңнан астам дәрі-дәрмек жасалады. Осы тәжірибені пайдалана отырып, оларға шикі өнімді өткізу немесе өз дәрі жасайтын зауыттарымызды ашу оңды бастама. Мәжілісте Дариға Назарбаева бұл ойын егжей-тегжейлі баяндап берді. 

Қарасораға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз қажет. Қарасора – бұл қылмыстық мақсатта қолданылатын наша ғана емес, тиімді шаруашылық түрі. Одан жасалған дәрілер әлемде, мысалы Израиль, Чехия, Канада, Голландия елдерінде ауыр науқастардың жағдайын жеңілдетуге жәрдемдеседі, – деді. Бұдан кейін журналистерге берген қысқаша сұхбатында Дариға Назарбаева өзін нашақор деп ойлап қалды ма деп қорықса керек. «Ешқашан татып көрмеппін, мен нашақор емеспін, дәмі тұрмақ, иісін де білмеймін», – деді ағынан жарылып. 

Бұл ретте қарасора өсетін Шу даласын фар­мацевтикалық компанияларға, же­ке­леген кәсіпкерлерге берсе, игі. Депутат ханымның айтуынша, бұл кәсіпкерлер жергілікті мекеннен зауыт ашып, өнімін экспорттай алады. Шу даласы – 140 мың гектар жерді алып жатыр, жыл сайын 5 мың тонна марихуана өндіретін шамасы бар. Министр мырза есірткімен күрестің екі-ақ жолы бар екенін айтты. «140 мың гектар алаңды түгелдей қоршай алмаймыз. Сондықтан бірден жою керек немесе шаруашылыққа тиімді пайдалануды дұрыс жолға қойған абзал», – деді министр Қ.Қасымов. 

2012 жылы осы мақсатта Ауыл­ша­руашылығы министрлігі қарасора өндірісін дамыту бойынша есірткіге қарсы бағдарлама қабылдаған. Соған қарамастан министр Шуды күн тәртібіне шығарып отыр. Қарасора өсетін аймаққа американдықтар донорлық көмек ретінде инфрақұрылым салып берген. Жазда және қарасора жиналатын уақытта ол жерге 5-15 қызметкер жіберіледі. Жоғарыда айтқандай 140 мың гектарға 15 қызметкердің шамасы жете ме? 

Дүниежүзінде фармацевтикалық мақсатта 300 кг есірткі қолданылады, алайда дәрі жасауға тапсырылатын наша тапшы. Көпшілігі қара нарыққа жіберіледі екен. Оның өсірудің шығыны жоқ, өзін-өзі ақтайтын өнім, ал Қазақстанда тіпті көп өседі дейді сарапшылар. 

Еліміз есірткімен күрестің түрлі жолын қарастырып әлек. Ал АҚШ бұл күрестің жаңа айла-тәсілін ойлап тапты. АҚШ-тың екі штаты – Колорадо және Вашингтонда марихуана сатуға, сатып алуға заңды рұқсат берілді. Енді лицензия алған дүңгіршектер мен дүкендер 21 жасқа толған америкалықтарға күніне 6 грамдай наша сата алады. 

Сөйтіп америкалықтардың айы оңынан туды. Қос штат нашақорлардың санын азайтудың орнына, қатарын көбейтіп жатқан сияқты. Өйткені дүкеннен күнделікті тұрмыс тауарлары секілді сатып алу заңдастырылған. 

Бұл жаңалықты жергілікті БАҚ өкілдері барша әлемге жария етті. Тарихта бұрын-соңды болмаған оқиға әлем жұртшылығына жаға ұстатты. Өйткені марихуана – есірткі.  Ол жасөспірімдер миының дамуына зиянын тигізетіні дәлелденген. Соған қарамастан штаттар бұл сауданың табысын алға тартуда, себебі бұған дейін жасырын қара базарларда жүргізілген есірткі саудасы Құрама Штаттарға ешбір пайда әкелмеген.  Сондықтан ашық сауда мемлекеттің өз еншісін алуына үлкен көмек деген пікірде жергілікті билік өкілдері. Жаңа идея жанашырлары мұнымен тоқталмақ емес, олар өзге де штаттарды соңынан ертпек. Жаһан адамдарын шалқадан түсірген жаңалықты батыста қолдаушылар көп сияқты. 

Бүгінде жаһан халқын марихуананың рұқсат етілгені емес, одан түскен пайда көбірек қызықтырып отыр. Колорадо штатында марихуанадан түскен табыс – 5 миллион доллардан асып жығылады. Сарапшылардың болжауынша, 2014 жылы марихуанадан 2,34 миллиард доллар түсуі мүмкін. 

Жалпы, АҚШ-та федералды округ көлемінде марихуанаға рұқсат жоқ. 20 штатта медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілген. АҚШ президенті бұл мәселеге қатысты әр штаттың өз саясатын қолдануына рұқсат беремін деген болатын. Ендеше Барак Обама – АҚШ-тың қара нәсілді бірінші президенті ғана емес, есірткіге рұқсат берген тарихи президенті болмақ па?!  

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары