ӨЗІМ ЖАҚСЫ КӨРГЕН ОҢТҮСТІК ЕДІ...

ӨЗІМ ЖАҚСЫ КӨРГЕН ОҢТҮСТІК ЕДІ...

ӨЗІМ ЖАҚСЫ КӨРГЕН  ОҢТҮСТІК ЕДІ...
ашық дереккөзі
Газетіміздің хат-қоржынына сан түрлі тақырыпта хаттар келіп түседі. Әрине, халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін орындау – бізге артылған үлкен сенім. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір іспеттес баспасөздің артықшылығы да осында. Редакцияға құстай ұшып келген мына хаттың ізінде де адамның тағдыры жатқаны анық. Тиісті орындар қаперіне алар деген ниетпен араша сұраған оқырманның пікірін жариялап отырмыз. Әділдік жеңіске жетсе деген арманымыз бар. Редакциядан Мен Шымкент қаласының тұрғы­ны­мын. Білесіздер ме, Шымкентті «Техас» деп бөле жара қараса намыс­ көретіннің бірі мен едім. Қазір бәрі ке­рі­сінше, Шымкентті жек көріп кеттім. Қазақстанның басқа бір облысына көшіп кеткім келеді. Әттең, туған жерім болғандықтан кете алмайды екенмін. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп қазақ тауып айтыпты ғой. Қайтейін, тауып айтыпты. Міне, төртінші жылға аяқ басты менің соттар мен ОҚО қаржы полициясының арасында шешілетін мәселені шеше алмай жүргеніме. Дұрыстап баяндайыншы басынан бастап. 2004 жылы әкемді жақын досы Дос­панбетова Хадиша есімді алаяқпен таныстырады. Хадишаның алаяқ екенін ол да басында білмепті. Хадишаның ауылдан келген аңқау қазақты алдап, алдымен өсімге ақша беріп, қақпанына түсіргесін жақсылап тонайтынын әкем байғұс бұл дүниеде білмей кетті. Біліп жатқан біз – артында қалған балалары. Әкемді торына түсірген Хадиша қаладағы пәтерімізді қолдан жалған құжаттар жасап, 2008 жылы банкротқа ұшыраған «Валют Транзит Банкіне» кепілге қойдырып, 3 миллион ақша алып, оны тек бір жыл ғана төлеп, сосын «кетсе сенің үйің кетеді» – дегенге салып, төлеуден жалтарып шыға келеді. Өсімімен ол 5 миллионды құрайды. Бұл құрыққа бізден басқа Сайрам ауданының тұрғыны түсіп қалған. Інім 2008 жылы банкті сотқа бергенде ол кісімен танысқан. Бірақ мен соттасқалы ол кісі бірде-бір рет хабарласқан жоқ. Ол да Шымкенттің соттары мен қаржы полициясының енжарлығынан шаршаған шығар. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде: «оңтүстікте отырып шай ішудің өзі қауіпті» – деп, біздегі «жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты» көреген көзімен дәл байыптап айтқан екен. Осыны енді ұғып, біле бастадым. Әкем 2006 жылы кенеттен дүние салды. Бұл шиеленіскен жағдайды мен 2010 жылы ғана білдім. Содан бері Шымкенттің құқық қорғау органдарының есігін тоздырып келемін. Шаршадым. Олардың бір-біріне итеріп, есік тоздыртып, діңкелетіп, мазақ етуі психологиялық шаршату тәсілі шығар. Бірақ мен бәрібір әділдікке жететініме сенемін. Жақында Доспанбетова Хадишамен тағы соттасқалы жатырмын. Оның орнына қазір «Лесхан» өндірістік кооперативіне Бегімхан деген ақсақал төраға болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «жетімнің ақысын жегеннің аузынан өрт шығып тұрады» деген екен. Алайда, мұны бүгінгі кейбір ақсақалдар мен ақ шашты аналарымыз білмейтін сияқты. Білсе, намаз оқып, күнәсінен тазарып жүрген Хадиша апамыз алдымен жетімнің ақысы сұралатынын неге еске алмайды? Істегенің алаяқтық болса, оқыған намазыңды Алла Тағала қабыл ете қояр ма екен?

Жанар Дурманова

Шымкент қаласы