«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ БАРШАМЫЗДЫ МАРҚАЙТТЫ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ БАРШАМЫЗДЫ МАРҚАЙТТЫ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ БАРШАМЫЗДЫ МАРҚАЙТТЫ
ашық дереккөзі
525

Кеше ғана біз бәріміз Елбасымыздың барша Қазақстан халқына арнаған 18-ші дәстүрлі, жыл сайынғы жолдауын тыңдап, еліміздің дамуының жаңашыл бағдарламасының куәсі болдық. Еліміздің тәуелсіздіктің 22 жылында тындырған қыруар істерін бағалай, саралай келіп, бұл жолдау Президентіміздің өткен жылғы «ел дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық саяси бағдарламасын» орындаудың табысты да сенімді тәсіл, жолдарын толықтыра бағ­дар­лайтын, пысықтайтын кең ауқымды құжат бол­ды. Жолдау – «Мәңгілік Қазақстан» жо­басы ел тарихындағы жаңа дәуірдің, кемел де келісті келбетін айшықтап, өтер жолдарды саралап берді деп толық се­нім­мен айтуға болады. Жолдау «Қазақстан 2050» стратегиясы бойынша 35 жыл ішінде – дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың негізгі құжаты са­на­лып, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы деп ата­лу­­­ы да әрбір отандасымыздың жүрегіне өз елі­не деген мақтаныш сезімін ұялатып және оны орындау жолындағы сенімін нығайтты.

Елбасы жолдауды жариялай отырып, қан­дай да болмасын өзінің болашағын, даму мақсатын ең жоғары деңгейге кө­те­руді жоспарлайтын елдердің, оның азамат­та­рының сол мақсат үшін, ауқымды ұзақ мер­зімді стратегиялық бағдарламаларды жа­сақтап, экономикалық өсуді қамтамасыз етумен айналысатындығын баса ескертті (мысалы: Қытай, Сингапур, Малайзия, Түркия т.б.). Бүгіні мен ертеңін ғана ойлап, бір күнгі тіршілікті ойлаудан, оған қызығудан түсер пайда қазіргі жаһандық даму, бәсекелестік заманында түкке тұрмас тіршілік екендігін де баса айтты. 

«Мәңгілік Қазақстан» жобасы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сы­на­латын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ, оны мүлтіксіз орындап, сүрінбей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет» деп ашып көрсетті. ХХІ – ғасыр ешбір ел, оның ішінде біздің еліміз үшін де даму жолында жеңіл саяхат болмасы баршаға мәлім. Ел да­муының негізгі өзегі – экономикалық да­му­дың деңгейі бола бермек. Оған мысал, қазіргі жаһандық дамудың үлгі-көрінісі болып отырған, құрамына 34 ел кіретін «Экономикалық ынтымақтастық пен даму» ұйымы дүние жүзілік жалпы ішкі өнімнің 60 пайызынан астамын өндіріп отыр. Сондықтан да көптеген елдер жоғарыдағы елдердің санатына кіруге аса мүдделі. Олар – Бразилия, Қытай, Индия, Индонезия, Ресей, ОАР. Мінекей, біздің Елбасымыздың да алдағы қойып отырған ауқымды міндеті мен ұзақ мерзімді мақсаты сол елдердің қа­тарынан көрініп, халқының өмір сүру са­пасын барынша жоғары көтеру болып та­бы­лады.

Ол үшін деп көрсетті, Президент, Қа­зақстанда да жоғарыдағы елдердің даму прин­циптері мен стандарттарын қолдану, ен­г­ізу қажет. Ел экономикасына құйылатын инвестиция мөлшерін жыл сайын жалпы ішкі өнім көлемінен қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға көтеріп және жаңашыл ғылыми әдістемелерді кеңінен енгізе отырып сыртқа шығарылатын шикізаттық емес өнімдер көлемін 70 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге экономиканы дамытуда өзі ақтап шыққан жол – ел ішіндегі шағын және орта биз­нес­ті өркендету арқылы, оларды «елдің ұлт­тық табысының» 50 пайызын өндіруші дәре­жесіне жеткізу жолы болып табылады. 

Міне, осы және басқа да тиімді даму жолдарын толықтай енгізу арқылы – елімізде еңбек өнімділігін қазіргі – 24,5 мың доллардан – 5 есе арттырып – 126 мың долларға көтеріп, нәтижесінде, әрбір отандастарымызға жан басына шаққанда келетін жалпы ішкі өнім көлемін қазіргі таңдағы 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін жеткізу зор мақсатымыз болмақ. Сөйтіп, 2050 жылға дейінгі қалған мерзімді 7 бесжылдыққа бөле отырып, бәрімізде, әр бес жылдықты еліміздің дамыған 30 ел­дің қатарына қосудың маңызды мерзімі деп бағалап, қажырлы еңбек етіп, оларды та­быс­ты атқаруға зор белсенділікпен үлес қо­суымыз керек.

Ең бастысы Қазақстан болашағын – барша халқымыздың, оның ішінде қазіргі жас ұрпақтың, жарқын болашағын құрып, қамтамасыз ету болып табылады. 

Болашақ жастардікі – оны құратын, әрі дамытатын, сол дамыған елдің жемісін көретін де жастар. Ол үшін басты талап елімізде белсенді де білімді, денсаулықтары мықты жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру аға буынның асқақ міндеті болмақ.

Қазір барлық дамыған елдерде жоғары сапалы білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан да бізге ең бірінші кезекте ұлттық білім беру жүйесін жақсарту, жаңарту қажет. Ол үшін, 2020 жылға дейін 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды түгелдей мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтамасыз ету бірінші кезектегі талап болады.

Жалпы орта білім беру аясын жаңадан ашы­лып жатқан Назарбаев интеллектуалды мек­тептер деңгейіне жеткізу, оларды бітіріп шығушыларды қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуге үйрету керек. 

Сондай-ақ, алдымыздағы үш жыл ішінде елдегі оқу орындарының жетіспеушілігін жоя отырып, барлық мектептерде 2 ауы­сым­ды білім беру жүйесіне көшіру жұмысы толық орындалуы кажет. Осымен қатар алдағы, жақын мерзімдерде еліміздің жас­та­рына мемлекеттік тапсырыс бойынша тех­никалық білім беруді қамтамасыз ету мін­деті тұр. Жалпы жоғарыдағы аталған мә­се­лелерді жүзеге асыру шараларын жасап дайындау Қазақстан Үкіметіне осы жылдың 1 маусымына белгіленді.

Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке бұған дей­інгі жоғары және кәсіби орта білім беру жүйесіндегі жаңалық, реформаларды жал­ғас­тыра отырып еліміздегі университеттерді бірте-бірте автономды академиялық бас­қару жүйесіне көшіруді жүзеге асыруды мін­дет­теді. Яғни, осындай жолмен болашақта олар­ды жеке меншікті білім ордаларына айнал­дыру көзделуде. 

Осы жерде біздің облыс көлеміндегі өткен және үстіміздегі жылдардағы білім бе­ру жүйесіндегі жағымды жаңалықтар көп­шілікке мәлім. Қалада және аудандарда мек­тептер салынып, сол мектептерді ұс­таз мұғалімдермен қамтамасыз етуде уни­вер­си­тет ұжымы ауқымды жұмыстар атқаруда. 

Ең бастысы, 2013 жылы көктемнен бас­та­лып, қазір толығынан аяқталған Ақтөбе мем­лекеттік педагогикалық институты мен Жұбанов атындағы университетінің қо­сылып, «Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­вер­ситеті» аталымды құрылымының ұжымы да жаңаша қойылған талап, мақсаттарға сай педагогикалық ұстаз және техникалық мамандарды дайындау ісіне биылғы Президент жолдауы ауқымында жұмыстар атқаруға зор әзірлікпен кірісуде.

Біздің университеттің оқытушылар ұжымы Елбасының жолдаудағы рес­пуб­ликадағы университеттер ішінен үл­гі боларлық бірнеше жоғарғы оқу орын­да­рын таңдап алып, ұстаз кадрларды дайын­дау­ды жаңаша сатыға көтеру талабына атсалысуға әзір. Әсіресе, Елбасының мем­ле­кеттік дамуымыздың негізгі шарттары инфроқұрылымдық үштіктің: агломерация, көлік және энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз етуде, еліміздің көлемнің кеңдігін, халықтың шашыраңқы орналысқанын есептей отырып, халықты барынша шоғырландыру керектігі жөніндегі, оның ішінде, сол арқылы халықты ғана емес, ғылым мен инвестицияны кең көлемде тартатын урбанды қалалар санатына Астана мен Алматыдан кейін Шымкент пен Ақтөбе қаласының атап көрсетілуі ақтөбеліктерді ерекше жігерлендіріп, ерен еңбекке жетелейді.

Жолдауда жоғары оқу орындарында дәріс алып жатқан үлгерімі жоғары студенттерді қолдап отырудың тиімді жүйесін құру қажеттілігі баса аталып, сондай ақ 2016 жылдың 1 қаңтарынан оларға стипендия көлемін 25 пайызға өсіруге үкіметке тапсырма берілді. Бұл шараның жоғарыда аталған, оқып жатқан жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, олардың білімге деген құштарлығын арттырары сөзсіз.

Сондай ақ, жолдау барысында Президент Үкіметке елдегі азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасап, енгізуді тапсырды. «Ол тапсырыс 2015 жылдың 1 шілдесінен: денсулық сақтау қызметкерлеріне 28 пайызға, білім беру қызметкерлеріне 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне 40 пайызға дейін артуын қамтамасыз ету», – деді Мемлекет басшысы. Осындай елеулі әлеуметтік шаралардың жоғарыда аталған салалар қызметкерлерінің ыстық ықыласына, ризашылық сезіміне бөленгені баршаға аян шара болды және олардың өз істеріне деген жауапкершілігін ұлғайтады. 

Қандай да болмасын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шындық. «Ол идея – мәңгілік Ел идеясы» деп көрсетті Елбасымыз. Соның арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. «Еліміз тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды қысқа мерзімде тұрғызды. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры – Ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналды. Ендігі Ұрпақ Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық идеясы Мәңгілік Ел».

Мен жолдау туралы қысқаша ғана ой-пікірімді Елбасымыздың төмендегідей ыстық қанатты сөздерімен тәмамдағым келеді. «Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әр бір күніміз мерекелі, әр бір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!»

Самат Есқалиев,

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік 

 мемлекеттік университеті

 Тарих факультетінің деканы,

 тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары